Жаңа директор тағайындалды
Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері және бірқатар қаламгерлердің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Іс-шара барысында Астанадағы Жазушылар одағының филиалы қайта құрылып, оның жаңа директоры болып белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы тағайындалды.
Жазушылар одағы ұлтты алға сүйреген ақыл-ойдың ядросы іспетті. Одақ төрағасы мен басқарма хатшылығы
баянды бастамалардың куәсі әрі ұйытқысы болған азаматты Астанаға басшылық қызметке әкелуі бекер емес. Бауыржан Бабажанұлы – бұған дейін ұжым басқарып, мол тәжірибе жинаған адам. Ақтөбе облысында Жазушылар одағы филиалының директоры болып өзінің ұйымдастырушылығы мен жауапкершілігін таныта білген еді.
Бауыржан Бабажанұлы 1969 жылы, 21 ақпанда Қарақалпақстан Республикасы, Мойнақ ауданында туған. Ақын, журналист. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген, «Жалын» журналында, «Ана тілі» – «Жалын» бірлескен басылымдарында бөлім редакторы, «Алтын Орда» газетінде бас редактордың орынбасары, Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасында бөлім меңгерушісі, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. «Экспресс К» газетінің бас редакторлар арасында өткізілетін байқауда Геннадий Толмачев атындағы жүлдені иеленген; Төлеген Айбергеновке арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов кездесу барысында ұйымның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасап, тың идеялар мен болашақ жоспарларды ортаға салды. Төраға орынбасары Ғалым Қалибекұлы Жазушылар одағының қазіргі жағдайы мен даму бағыты жөнінде мәлімет берді.
Жиында филиалдың жаңа директорына Сенім хат табыстаған Мереке Әбдешұлы оған табыс тілеп, Астана қаласындағы Жазушылар одағының бұрынғы өкілі Дәулеткерей Кәпұлына алғыс білдірді. Солтүстік өңірдің хатшылығына Бауыржан Бабажанұлын таныстырды. Бұл қызметке тағайындауды Одақ төрағасы өзі ұсынып, Басқарма хатшылығы бекіткенін айтты.
Жиналыстан кейін Мереке Құлкенов «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлымен кездесіп, Бауыржан Бабажанұлын таныстырды. «Аманат» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы жақын арада меморандум жасауға уағдаласты.
Өз тілшіміз