БАС БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ЖАҢА БАСШЫЛАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
7 қазан күні Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының кезекті отырысы өтті. Қаламгерлер мен Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасарлары, хатшылар мен кеңесшілер бас қосқан жиында Одақ құрылтайшылығына қарасты басылымдардың бас редакторлары ауысып, газет пен журналдардың таралымын арттыруға ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды.
Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы лауазымына осыған дейін Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары қызметін атқарған белгілі ақын, академик Бауыржан Жақыпты тағайындады. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің осыған дейінгі бас редакторы, белгілі жазушы Дәурен Қуат «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып тағайындалса, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарған жазушы Дархан Бейсенбек «Жұлдыз» журналының бас редакторының орынбасары болды. Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «Жұлдыз» журналының бұрынғы бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұрысбек Сәукетаевқа алғыс білдіре келіп, құрметпен шапан жауып, Одақ төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалғанын жеткізді.
«Еліміздің бас әдеби, мәдени апталығы – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалдым. Бұрындары Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Әбділда Тәжібаев, Ісләм Жарылғапов, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Саин, Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Ысмағұлов, Нығмет Ғабдуллин, Әнуар Әлімжанов, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Оралхан Бөкей, Ахат Жақсыбаев, Ұлықбек Есдәулет, Жүсіпбек Қорғасбек, Жұмабек Кенжалин, Жұмабай Шаштайұлы сияқты тұлғалар атқарған қызметке келу үлкен жауапкершілік жүктейді. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов – өзімнің асыл ұстазым, ал кейінгі жылдары бас редактор болған Жанарбек Әшімжан мен Дәурен Қуат – өзімнің төл шәкірттерім. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының шығармашылық жөніндегі орынбасары болып жеті жылға жуық тер төктім. Енді, міне, төраға Мереке Әбдешұлы Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындап отыр. Үлкен жауапкершілік пен сенімді ақтауға тырысамын», – деді ақын Бауыржан Жақып қуанышымен бөлісіп.