ҚҰМҚЫЗ (әңгіме)
Өмірде қатар келе жатқан қаламгер дос, аға Жұмабай Құлиевке
Күпсегі тапталған қарлы жолды сыдырта келіп, «Газ-52» машинасы Буракөл қыстауына тоқтады. Көнтек қойдың қабырғасындай әгі қотырланған, көне шиферлы малшының жапырайған шағын үйі «кімдерсіңдер?» дегендей тымпия қарайды. Ішінен ешкім шыға қоймады. Қапталында «П» әрпіне ұқсас далиған бітеу баз, ортасын қамыспен қоршаған атсерке. Атсеркені жағалата үш-төрт түйе байланыпты. Екеуін тіздеп тастаса керек, құлақтарын едірейтіп, оқшырая қарағанымен атып тұрмады. Арасында айыры да бар. Қоршаудың ар жағынан қысқа-қысқа қайырған әжік-күжік үн естіледі.
Аузы сөйлеуге икемі қашқан, өңі күреңіте көгерген борттағы бозбала осыны аңғарып үлгерді. Астыларына көпсітіп салған шөп, машинаның екпінімен одан сайын күшейе түскен боран мен аязға қамсаулыққа жарамады. Желге жон арқасын беріп, ықтай түскен үшеуінің төбесінен үскірік ұйытқып, ортадағы мұрттының шалғысына сүңгі қатқан. Қаңтардың қақаған аязы жақтарының боздағын шығарып, бүрістіріп жіберген.
Кабинаның есігін серпе ашып, сол табанын тепкішекке қойып, оң шынтағын есіктің ернеуіне тіреген шопыр кеңірдегін шодырайта кузовтағыларға қарады:
– Қалайсыңдар, боқтарыңмен қатып қалған жоқсыңдар ма? – Әскери көк тұмағын шекесіне қисайтып, талпақ танауы делие ыржиды. – Құматай, сен, осы Қанайдың үйінде қал, біз Теріскенге барып келеміз. Қайтар жолда ала кетем, текке тоңасың.
Құба түзде малға ілесіп, суық пен ыстыққа бірдей піскен балаң жігіт «жүре берейін» деп бір ойлады да, шопырдың айтқанына көнді. Үстіндегі тоны сөлеңдеп орнынан тұрғанда қора жақтан бұларға беттеген үй иесінің төбесі көрінді. Мысықтың құйрығындай иірілген мұрты майлап қойғандай жылтырайды. Дөңгелек жүзі аптап пен ызғарға тотығып алған.
– Ассалаумағалейкүм, көке! – Шопыр Мәліктің даусы созыла шықты.
– Уағалейкүм…
– Теріскенге тығыз шаруамен жүріп барамыз, Ізбайдың ұлы сіздікінде бола тұрсын, қайтарда алып кетем.
Бұл кезде Құматай да кузовтың жақтауынан сүйретіле түсіп, үй иесінің маңына таянды.
– Ассалау…
Сәлемшінің қолын алып, жігіт ағасы басынан аяғына сүзе қарады. Құматай жанарының ұшымен іліп өткенде малшының ағы талаураған көздерін байқады. «Үйге жүр!» – деді. Сөйткенінше көлік те қозғалды. Жалаңдаған аяздан бүкшие бұғынған борттағы екеу жанып біткен сіріңке шиіндей бүгіле түскен.
Жігі ырсиған есікті ашып әрі өткенде, іші күңгірттеу үйден бірден жылылық байқалмады. Пеште гуілдей от жанып жатыр. Плита үстіндегі күйелеш шәугім ызылдай әндетеді. Жер үстелдің қасында бір жаулықты аяғын көсіп сап, нан илеп отыр.
– Амансыз ба?
– Шүкір. – Қызу шаруа үстіндегі әйел сыбыр етті. Арғы бөлмеде үйелмелі-сүйелмелі екі-үш баланың қаралдысы байқалды.
– Шешін, жылынып ал. – Үй иесі ишарат білдірді. Қауқиып қалған көне тонын иінінен сыпырып, тұмағымен қоса босағадағы шегеге ілді. Аяғындағы керзі етігін сыпырып, босағаға тастады.
– Төрлете ғой. – Қамырын тұқшыңдай басқан әйел қонақжайлық танытты. Бұл уақта отағасы шаруа қамымен қайта тысқа кеткен.
– Сағира, дастарқан жаса!
Шамамен ұзындығы алты, ені төрт қадам аядай бөлмеде басы артық ештеме жоқ. Жер үстел, кішкентай шкаф, ошақ аузында көмір салынған шелек. Болды. Кәдімгі қарабайыр малшының тұрмысы.
– Мына қырдың ар жағынан жатаған ауыл байқалды…
– Ақшілік қой. – Әйел сөзінің соңын жұтып, ернін сылп еткізді. Әлден уақытта «бәрі осында» деді. Бозбала одан әрі тықақтап, сөз сабақтамады.
Бұрындары Ақшілік басқаша қоныстанғандай көрінген еді, бүгінгі сықпытынан танымады. Бұдан әрі Қоңыраулы, содан кейін бұлардың ауылы Мұқұр. «Мұқұрға осы тұстан төте де тартуға болады, бірақ жолы қалай екен?»
Мына зәйімкені өздері отырған Қарақоға қыстауымен салғастыра қарады. Шатырлы үйі де малшыларға бір қалыппен тұрғызылған баспана екенін аңғарды. Базы ертеректе түскен тәрізді, әйтпесе қазір бұлай салынбайды. Ал Құмқыз мүлде басқаша…
Ыстық шай ішіп, суықсұраған денесі жылынғанда тысқа беттеді. Әлгіндегі түйелер сол қалпы байлаулы. Қораға қарай аяңдады. «Шөк, шөк» деген қатқылдау үн шығады. Барғанда көргені тасбақа табандарын тарбитып, төстабанын жерге төсеп қызыл мая жатыр. Тарақ құйрығын оқ жыланның басындай қайқайтып алыпты. Ауық-ауық бұлғап қояды. Мойыл көздері боталап, имек мойнын ту сыртына қарай бұра бу-бу деп, жалбарына боздайды. Жалбарына тілейтіні қайырымды қолдың көмегі ме, әлде «тезірек келші» деген құштар көңілдің ынтығы ма, ұқпады. Бірақ түйенің үні жалбарынышты…
Қақпаға таянып, ішке үңілгенінде, оң жақ қалтарыстан бойы сырықтай қағынған кез өркешті үлекке көзі түсті. Інгеннің ту сыртында төрт-бес қадам тұста езуінен ақкөбігі бұрқырап, шайырланған мойнын шалқалата иіп әкеп шүйдесін иығына соғады. Соқтасы ақтарылғандай желкесінен ірің тектес бәле ағып, айналасын саталдаған. Арты шөмиіп, тірсегін бүге шөге алмай тұрғандай селк-селк етеді. Аузын арандай ашып, баяпарлана бақырады. Соңында көмекейі арыстанның ырылдағанындай қырылдай, шиқылдай үзіліп, қайта баж етіп жалғасады. Қос қара санының арасын қылыш құйрығымен ерсілі-қарсылы сабалап, демде оқыралаған сиырдай қайқайтып сәл тұрады да, қайыра осқылай жөнеледі. Сол тұста үні одан сайын ашына шығып, қалш-қалш етеді.
Жаурынан басталып, тізесіне дейін жеткен зұлпысы қақ-соқтан ұйысып, сіме-сіме. Көздері қанталап алған. Бұйдасынан ұстаған Қанай «келе-келе, келе-келе!» деп, үнін майдалата айқайлайды. Оның да көзі қызылшегірленіп алыпты. Үлегін жетелеп түйеге әкеп шөгермек ниетте. Бірақ нар үлек зар күйіне жетіп алмай інгенге жуығысы жоқтай. Сондықтан ол адам баласы біле қоймайтын ғадетпен алдыңғы аяғын сірестіріп, артқы екі аяғын талтайта тұрып, шабының арасын ерсілі-қарсылы осқылай ұрып, әлденеге айбат қылады. Аузы көпіре, құшырын төге, тісін егей қайрап, азуларын сықырлата шақыр-шұқыр еткізеді. Бөкселерін шөмите, тірсектерін бүгіңкіреп, белден кеткен малдай қалшылдай изеңдейді. Дүлей мақұлық ұзын өңешімен буылтық бәлесін ары-бері жүгіртіп, басын шайқай күркірейді.
Сәлден соң барып тұла бойын буған жыны босатқандай изеңдей бір-екі аттап кеп, інгеннің артынан таянды. Керіктей сорайған мойнын көсіп жіберіп, қылмықтың нәтті жеріне танауын көме бөгеліп, құшырлана иіскеді. Сосын, басын зәу биікке оқшырайта көтеріп, сүйір ерінін шүйіре көкке қарады. Талығып жеткен құмарлық жұпарға еліте түскісі келетіндей, әлденеден тын тарта қабысқан қос бүйірін солықтай соға дем алды. Желбіреген танауы пыр етті. Содан кейін бақ деп бақырып жіберіп, мінер жақ тізесін бүге берді. Бақыруын үдетіп, омырауымен інгенді кимелей, ұзын мойнын соза аққудың қылдырығындай иіле басы қақшаңдаған інгеннің жағымен жағын түйістірді. Сол кезде ғана барып, арты созалақтай жерге қонды. Төстабанын інгеннің өркешіне тіреп ап, уытты шақтың уызыған тұсына еміне кіріспекке бет қойды. Осы кезде көзіктіруші қос хайуанның қапталына отыра қалып, үлектің қылмайқанынан алып, сорайып шыққан тұрмығын інгеннің күлмәніне салып жіберді. Көзіктіру…
– Қолапайсыз жануарым-ай, ал енді қапысыз шаруаңды тындыршы! – Мәпелей алақанымен сауырынан қақты. Сол-ақ екен қайымалы алдыңғы қос бірдей күрек тісі – жұлқарын көрсете боздай жөнелді. Үлек «буг-буг» деп, езуінен ғана үнін шығарып, ақ көбігін бұрқырата бір сарынды ырғақты қимылға көшкен. Тарамыстанған қара саны тоқтаусыз алдыға тырмыса итеріледі. Ұзын өңешін ұмсына басын түйенің басымен жандастырды. Ол да мойны қылқың-қылқың етіп итінген үлектің езуінен көбігін жалап, емініп барады. Шырысты сәттің масаң буына еліткен ұрғашының әрекеті хайуандық сықылды көрінгенімен, нәтіндегі табиғи дүниені жасап жатыр еді…
– Ал кетейік, жанның шығуы оңай болып па дегендей, жан салу да оңай емес. – Қанай шалғысы делие жанындағы түлкі тұмақтыға жымиды. Бурасының бұйдасын шұбата қоя беріп, бері жүрді. Құматай сол жағына мойнын бұрғанда қапталындағы баздың есігінен төрт-бес адамның қарап тұрғанын сонда ғана байқады. Қаралдысынан араларында төменетектілердің бары байқалды. Қанайдың әйелінің «бәрі осында» дегенін енді ұқты. «Ақшіліктегі жұрт күйіті келген інгендерін жетелеп, Буракөлге шұбыратын болып тұр ғой» деп тұспалдады.
Қақпаны ашып, тұсынан өтіп бара жатқан Қанайдың соңынан жабық қораға қарай беттеді. Топ кісімен ернінің ұшымен амандасып, бірер ер адамдарға қолын берді. Бәрі кезегін күтіп, бір жағы інгендерін бағып, қорадан қарыс сүйем ұзамай тұрған малсақ жандар екенін ұқты. Бітеу баз аяз бен желден қамсау әрі тайланған шөп жиналған мына тұсы малдың қиынан ада – термоспен әкелген шайларын ішіп, құрсақ жұбатуға да қолайлы. Әйткенмен, мұнда ұзағырақ байланғылары да жоқ. Ал қуықтай малшының үйіне бәрі сыймайтыны белгілі. Қасқа тісі қосаяқ тышқанның орсағындай ырсиған, қаудыртонды, әбден оңып біткен тері тұмақты біреу:
– Зауығы басылғаннан соң бір жарым, екі сағат күтпей 15-20 минутта шөгерсе қайтеді? – деді күн ұзаққа сарылғанына шыдамай.
– Сені де мал жайын білетін қыр баласы дейді ғой, ә-ә?.. – Көзіктіруші жақатпай қарады.
– Не бопты?
– Әй, үлек деген жаны бар хайуан емес пе? Оның шамасы түске дейін екі, түстен кейін екі інгенге жетеді. Ертең қылағайың қайымаса Ақшілікте жатып, құлағымның құрыш етін жерсің, жетпіс жеті әкемді түгендеп.
– Ойбай, жаңылдық, Қанеке, жаздым… жаздым… – Сөзін тісін ырсита, ыржия аяқтады.
– Түзде еркімен жүрген үлек қыстай жиырма бес, отыз ұрғашыға шөгеді. Бураныкі одан да аз. Ал біз күніне төртеуіне қосып, хайуанға әлінен асыра қысастық көрсетудеміз…
– Әй, жарайды, дауласпаңдар. – Түйесі келеге түсіп жатқан түлкі тұмақты жігіт сабырға шақырып, төтеннен киіп кетті. – Ал кәне, Қанекеңнің кез өркешінің бауыры құтты болуы үшін бір елу грамнан алыңдар, оның үстіне тоңып кеттіңдер. – Жартылықтың аузын тісімен ашып, стақандарға шүпілдете құйды. Тонының қалтасынан екі түйір құрт шығарып, бірін жампоз нардың иесіне ұсынды. Әйелдер де қарап қалмай, біреуі – нанын, біреуі – кілегейін тосты. – Келіңдер, тартып алыңдар.
Үш еркек қағыстырды да тікесінен тік тұрған қалпы, шалқалай өңештеріне
құйып жіберді. Әлгіндегі үлектің басын кері қайырып, өз желкесін өз иығына ұрғандай көрініс болды.
– Ал келіңіздер, тоңып кеттіңіздер, – деп, енді босаған стақандарға жүздері көгілжімдене сұрланған төменетектілерге құя бастады. «Жылынсақ жылынып алайық» дегендей, ешкім «жо-оқ, қой» демеді.
Екі әйелдің бірі басына қалың ақ түбіттен шәлі ораған Райхан есімді бәденді келіншек еді. Ұшына қызыл жүгіріп, шырайын кіргізіп тұрар ақсары өңі сәл суық сорып, бозарғаны болмаса, сол әдемілігін жоғалтпаған. Мойылдай жанары төңкеріліп, атжақты өңі, қыр мұрыны еріксіз елітеді.
Қайыра үш еркек өздеріне жүз грамдық стақанның белортасына жеткізе құйды да, босаған бөтелкені іргеге сүйей салды.
Қанай тысқа беттеді. Осы тұста үлектің талмаусыраған бойын жинауға әлі келмей, ұзын сирақтары серейген қалпы оң жамбасына қарай қисая сырғып бара жатыр еді. Бу-бу дегені әуелгідегідей буырқанбай солықтай естіледі. Иесі қасына барып, басын сүйеді. Қайымалы інген бақыра-шақыра орнынан ошарыла түрегелді. Екі көзі шырадай жанып, күйіттің беті қайтпаса да, уы басылғандай бойын тояттық жайлаған сыңайда. Бар әлін сарқа жұмсаған кез өркеш буынын жоғалтып, масайған қалпында жата тұрғысы келетіндей төрт аяғын көсіп жіберіп, ұзын мойнын сұлата тастады.
– Әй, жануарым-ай, сілең қатқан екен-ау. – Қанайдың үні жаны ашығандықтан жабырқау естілді. – Мына тірліктен рақат кешу де азаппен тең ғой. Әттең, тұқымы түзік, тегі мінсіз екі-үш нардың лөгі болғанда ғой, дәл мұндай титықтап жатпас едің-ау. Соңыңа зүрият тастау да қиынның-қиыны…
Қауашағын ақ уызға толтырып алған қылмығын жетелеп, түлкі тымақ қақпаға қарай беттеді.
– Қанай, Алла разы болсын. Шашыратқысын үйге кіргізіп кеттім. – Қолын көтеріп жүре айқайлады.
– Әй, Тәңір жарылқасын! Боталы бол!
Бір ауықтан соң қанталаған көзін шақшырайта ашып, атып түрегелді. Құйрығымен қамшыланып, бірде ұшын әбжыландай қайқайтып алады.
– Ә-ә, енді аужалыңа ендің бе? – Қанай қырау үйірсектеген мұртының шалғысын сүртіп қойып, ырқ-ырқ күлді. Қылбұйдасынан жетелеп әкеп, көзден жасыра биік қамыс жақтаудың қалқасына байлады. Сыртқа беттеді. Құматай да соңынан ілесті.
Дастарқан жасалып, тамақ әзір тұр екен. Әуелгідей емес, іштегі жылылықты бірден сезді. Тоны мен тұмағын шегеге іліп, пештің аузынан сәл төмен легенге қолын шайды. Сосын, үйреншікті орнына малдасын құра жайғасты. Қанай Етігін шешті, түйе жүнінен тоқылған қонышы ұзын байтабасын сыпырып тастады. Қолын жуып, қарсы бетке озды.
– Ал кел, жақында, бұйырған астан дәм тат.
Жаңа ғана піскен таба нан суып үлгермепті, сары майды жағып, оптыға шайнады. Сөйткенінше үлкен ет табақпен қара қуырдақ келді. Қасықпен көсіп алып, аузына тастап жіберді. Дәмі тіл үйіреді.
– Жартылықты әкел, бір бас пияз бере сал, – деді тасжастықты жастанып, шынтақтай көлбей жатқан қалпы Қанай. Басталған бір шыны арақ пен стақанды әйелі үн-түнсіз үстелге қойды. Кіре беріске шығып, жұдырықтай пияз әкелді. Ортасынан төртке қақ бөліп, алдарына тастады. Өзіне бір жүз грамм құйып алған отағасы қылқ еткізе жұтып жіберіп, бетін тыржита тірі пиязды танауына апарды.
– Түйе – ұлық мал. – Ашырқана ерінін былпита сөйледі. – Қазаққа қадірі өткен. Оның ішінде, кез өркештің арғы аталары бізді кө-ө-п қиындықтан арашалап қалды, әлі алға сүйреп келеді. Тамақ же. – Иегін қағып, мейманын ас алып отыруға шақырды. Үйелмелі-сүйелмелі үш бала да үстелге айнала жайғасқан. – Иә, сонау атам заман ақиректен ойсылқараның қажырына арқа сүйеп келеміз. Ол кезде қазақ құба түздің қойнауында бытырай шашылып жатыр еді ғой. Атам Обай қылшылдаған жас жігіт екен. – Қанай ұзын-сонар әңгімесін баппен бастады.
… Сағым сабылған сары далада түртіншектеп жүретін бөгде біреулер пайда болды. Бет-пішіні де, сөйлеген сөздері де ешкімге ұқсай қоймайды. Аузы-бастары жүн-жүн. Олар сонадайдан төбе көрсетсе, момақан қазақ ауылы үрпие қалатын. Өйткені асынған мылтықтары бар, сұстары суық. Арбаларының өзі бөлек – ырдуаны биік, төбесі жабық. Бұрын-соңды бұл маңда жоқ үрдісте жасалған. Әлгілердің көкшірейген көздеріне қарап, «орыс» деген де қойған. Сөйтсе, бұл пайымдары жаңсақ екен. Кейіннен ғана ағылшындар екенін ұғына бастады. Күндердің күнінде өздеріне қарай қотарыла ауған бір қауым шоғырды аңдап, үрейлене тіксінді. Өңкей саусылдаған салт атты ер үстінде қопаң-қопаң етеді. Асынған мылтықтарының ұңғысы иықтарынан сорая көрінеді. Сөзді беймәлім кісілерді ілестіріп келген жылпос татардың жігіті бастады. Ұққандары, жұмыс күші керек екен. Әрі, еңбектерін қанамайды, ақы төлейтін көрінеді. Егер түйесі мен арбасы болса, осы ауылдың бәріне жұмыс табылатын сыңайлы.
…Қолқа-жүректі соғатын арбаның үстінде отырған Обайдың еріні дүрдиіп әлдеқашан көн теріге айналған. Жіпсік жанарына сор байланып, аясы былшықтанған. Зіл зәліттес нарының да көзі былшық-былшық. Қапталынан сорға шылана саулаған ащы тері тарамыстанған борбайын қуалай салтақ-салтақ жасаған.
Сөйтіп, неше күнгі әліне тиген ұзақ жол арбакештің қара тұяғынан хал кетіріп келеді. Өзінің шамалауы бойынша боз атанның мына изең-изең жүрісімен қызыл іңірде Қарашүңгілге ілінуі тиіс. Қайта жануар – нәтінде берік, сүйегі асыл мал. Өйткені қысы-жазы ұрты толып шөп жемейді, осы салпаңдағаны – салпаңдаған. Әрі, қанша қабырғасына ер батса да, түйе боп бір «бақ» деген емес. Тәңірдің маңдайына салғанын көріп, иір мойнын кегжиткен қалпы үн-түнсіз тарта береді. Бұл да бір Обайдың елден ерекше пешенесіне жазылған бағы еді.
Құдай бұйырса бүгін Қарашүңгілдің басында «Жонмен» жолығып еңбекақысын алады. Сосын бір «у-уһ» дейді. Мұнысы санасы сансыраған бәтірдің сағымның арасында бұлдырай адаса лаққан ойы-тын.
Бәрі жапа-тармағай «Жон» деп жүргендері Джон екенін қаймана қазақ қайдан білсін. Оны түйеші, жылқышы деген сияқты кәсіп иесі ретінде қабылдайтын. Өйткені Құдай атқанда мұнайды қабылдап алатын теңіздің жағасында да бір «Жон» тұратын еді.
Обайдың ауылындағы бес-алты кедей ағылшындардың жалында жүріп, реттілікке үйреніп қалды. Қарашүңгілден тиеп алған төрт бөшке қара майды көң домалатқан қоңыздай тырбаңдап, Жылақосадағы айлаққа апарады. Ол жерде бір шегір көз қоймалжыңды қотартқызып, бұлардың қолындағы алақандай қағазға мөрін басады. Бүкіл несібесі жапырақтай ғана тілше қағазда тұрғандықтан бір қарпін танымаса да қасиеттеп, ең сенімді жерге әспеттеп тығады. Ал Қарашүңгілге қайта айналып соққанда, «Жон» бұдан қал-жай сұрамайды, әлгі тілдей бәлені сұрайды. Сол қағазды қолына алып, тауардың көздеген жерге жеткенін білгенде ғана барып, жан қалтасынан бір сөлкебайды мырзасына шығарады. Сосын әлдекімнің шікірәсіндей мырзасынған «Жон» түйені жетелеп, бір шақырымдай жерде тұрған бұрғы салынған кен көзіне кетеді. Өйтетіні, «мұнай қалай өндірілетінін ағылшындардан өзге ешкім көрмеуі де, білмеуі керек» деген астыртын бұйрық бар еді.
Уақыт өткен сайын өнімді тасымалдау шилі мәселеге айналып бара жатты. Қазақ даласына құбыр салу мәселесі қозғала бастады. Бұл 1925-жылдардың тұсы еді. Бір кезде теңізге қарай қара май тартқан желмаялар аузы үңірейген, ұзындығы он метр шойын турбаларды теңлеп, тілерсектері майыса кері сүйреді. Сөйтіп, ауыр индустрия қазақ даласына кез өркешті үлектің сүйретпесімен келді. Енді ес жиып қалғанда, соғыс басталды. Қазақтың қасіретін тағы да қара жер мен қара нар көтерді.
Қанай ой кешіп, бір уақ үнсіз отырып қалды. Сәлден соң және бір стақан құйды да, тартып жіберді.
– Біздің әулеттің отын өшірмей әкеле жатқан асыл тұқымды кез өркеш – нардың арғы тұяғы. Мен олардың ата-бабаларына қарыздармын. Сондықтан тұқымын үзгім, асыл тегін бұзғым келмейді. Жарықтық түйенің тілеуі жақсы. Ұзақ жолдан титықтап кеп жатса да, «қашан қазына артып, ұлы жіңгір керуенмен Меккеге кіре тартып аттанады екенмін?» деп армандайды екен. Түйені ұлық санайтыны сондықтан шығар. Өйткені тектілердің бәрі Тәңірдің ықыласы ауған киелі жерге әуес.
– Аға, керемет әңгіме айтып бердіңіз.
– Түйенің түс көретіні де ғаламат. Інгендердің арасында түсіне енген үлектерді іздеп кеп шөгетіндері бар. Былтыр бір асыл тұқымды науша осында келіп, менің үлегіме шөкті. Жануар аянның сүресімен жосып бергенге ұқсайды. Шалқардан бері тартыпты. Тығыршынның соңынан иелері сары ізінен қалмай, сұрай-сұрай олар да жетті. Кетеген түйе келедегі үлектердің ешқайсысын місе тұтпай, ит арқасы қиядағы Буракөлден бір-ақ шыққан. Иә, киелі жануар үнемі қайран қалдырады да жүреді. – Рақаттана жіпсіген маңдайын орамалмен сүртті. – Осы айналадағы жұрт дәулетін түйемен өлшейтінін білесің, – Ойлы қойкөздерін аудара Құматайға қарады, – Оның ішінде де асылтұқымын әулие көрген. Сондықтан, нардың бәрін өз қолымызбен көпе-көрінеу көйінге айналдырып, түйе деген аты бар мақұлық ұстағаннан оңбаймыз. Адамның азғанын қойшы, өзінің көрдемшелігінен көріп жүр. Ал алаштың шаңырақ нарына айналған ойсылқараның қанын бұзғандар қарғысқа қалады.
Бір сыпырадан соң жігіт ағасы мен бозбала екеуі бет сипап, орындарынан тұрды.
Қора маңында қос інген қалуы тиіс еді, үшінші болып өркеші жапырақтана біткен оқпақ тұр. «Бұ кім болды екен?» дегендей Қанай өңін құбылта қарады. Сөйткенінше, тонының белін кендір жіппен шарта буынған, басына үлкен қоңыр бөкебай ораған, аяғына галошы бар пима киген сарыкебір тартқан апай қора жақтан қарсы ұшырасты. Қолына сабы сорайған бишік ұстаған.
– Ал қарағым, өзіңе қол бере келдік.
– Амансыз ба, тәте!
– Шүкір. – Сығыр көзі бағжаң еткендей көрінді. – Мынау шелегі түскір күйлеп, көрінгенге шөгіп, айналасын қиратып барады. Хайуан болса да обалы бар ғой деп…
Қанай көзінің қиығын түйеге тастады. Екі бұтын талтайта, құйрығын қайқайта зәр шақырды.
– Бала-шағаға бой бермейді, бөтенге көнбейді. Сосын, сүйегімді сүйретіп, өзім келдім, інгенімді көзіктіруге.
– Қылағайдан көйін тудырайын деп жүрсіз бе?
– Құрсағы құтты қайымалы түйе ғой, бала-шағаға ақтық болса, жарар.
– Ақтыққа бола тұқымды аздыра беру қаншалықты қажет? Түйенің ең басты міндеті жүк арту мен жүк тасу еді ғой. Сол қасиетінен айрылса, малдығынан не қайыр?
– Ол баяғының түйесі, бүгінде, Құдайға шүкір, көліктің неше түрлісі бар. Қазіргі ойсылқара ішіп-жемге…
Қырыс кемпірдің сөзіне Қанай қиястана қалды. Жүзін қырын салған қалпы жан қалтасынан темекісін алып, ерніне қыстырды. Сосын сіріңкесін шағып, быж еткен оттықты уысына қалқалап, бүкжеңдей «Астрасын» тұтатты. Рақаттана көк түтінді бір сорып, ерінін шүйіре будақтата шығарды. Кемпір әлі аузына қараған қалпы состиып тұр еді.
– Бүгін кезегі жетпейді, ертең келіңіз.
– Күйіті қайтып кетеді жануардың… бүгін екінші күн арпалысқалы… – Бір уыс жүзі күнәлі жандай жапақтай қарады.
– Ақшилінің өзінде Сәбитке апармайсыз ба?
– Оның үлегі көрт қой. – Кемпірдің үні қаттырақ естіліп, шелденген көзі бағжаң еткендей көрінді. Айтып тұрғаны түйенің азған ұрпағы, нашар тұқым еді.
– Қолдағы тұқым ішіп-жемге демедіңіз бе?
– Ақыр мал баққан соң бір жапырақ еті болса да артығырақ, бір ұрттам сүті болса да молырақ болғаны жөн ғой. Бала-шағаның несібесіне қарай…
– Үлекті күніне төрт мәрте ғана шөгеремін, одан әрі оның көзігуіне шамасы жоқ…
– Әй, Қанай, кекірттенбе… ауылдың құтекейі өзің болып тұрсың, үлектің бір сарығанын бұлдама. Құр қол емес, шашыратқым бар. Қайымалы түйе… обал-сауабын ойла… бір шөгергеннен тоқтап қалады…
– Бомайды…
– Әй, тәуір тұқымның сідігіне зар ғып қойған Құдай-ай… – Кемпір енді шарасының жоқтығынан кейи күңкілдеп, мұңын ақтара шағынды. – Лөк ұстайтын азаматтардың бүгінде сіңбіруге мұршасы жоқ, басқа кәсіппен кетті. Кез өркештің көзін шатынатып, алты ай қыс алысатын біз сияқты қақсалдарда қайбір қауқар бар. Жастау болсам, ешкімге кіріптарланбай, бір бураны қалшылдатып ұстар едім…
Баяпар әйелдің соңынан таңертеңнен бері кезекте тұрған жарғақ тонды орсақ тіс пен Райхан шықты. Алда-жалда кемпір алдарына түсіп кететіндей іштей қобалжулы.
– Райхан! – Қора иесінің қоңырқай үні өзімсіне естілді. – Қазір сен інгеніңді әкел. – Келіншектің жүзі бал-бұл жанғандай көрінді. Мына сөзді естігеннен кейін кемпір мен орсақ тісті екеуі «текке тоңбайық» дегендей бітеу базға беттеді.
– Інгеніңнің мүйізкөгі жоқ па? – Әйелдің жаңағы алдындағы уәжден жүзінен білінген жылылығы демде семіп, өңін жиып ала қойды. Өйткені Қанай інгендерде ұшырасатын жұқпалы кеселдің бар-жоғын сұрап тұр еді.
– Жаныма балаған асыл тұқымның сарқыны жөнсіз дімкәстен қор болып қалмасын… – Қора иесі әйелдің жүзіне қой көзінің қиығын жүгіртті.
– Мен қайымалы құлабаның бірін әкеп тұрған жоқпын, жетегімдегі бураны білмеген – бурлыш! – Үні қатты шықты. – Әлі төстабанның астына түсіп, шөгіп көрмеген.
– Онда буырлышың бақытты екен, бағын асыл нармен жанасудан ашатын. – Жігіт ағасы нығыздай сөйледі, әрі мақамында уытты мысқыл бар еді. Келіншектің жұқалтаң жүзі талаурап, қызылкүреңдене булықты. – Маған бұйдаңды ұстатпай кеткеніңде шыққан ұшпағың осы ма, қақаған қыста қалтырап кепсің. Жаман күйеуің жарбай түйесін жетелеп әкелуге жарамады.
– Мен сені үлектің үрпіне бола осынша сөз айтады деп ойламап едім… – Әйел суықтан әлде ашудан қалшылдап кеткендей көрінді.
– Қайтейін, қызалақ кезіңнен назарымнан таса етпегеніммен, ештеме өнбеді. Екеуміз сияқты сүмбілден есті ұрпақ өрбір ме еді? Тым болмаса, енді, шаңырағыңды артар түйеңнің тұқымы дұрыс болсын. – Қанай кілт бұрылды да кез өркешке қарай беттеді. Үлек өз жотасына өз желкесін ұрғылап, мойнын жыланша иіреді. Көзі қып-қызыл болып тұтанып, аузынан ақ көбік шаша зар күйіне түсіпті. Келіншек қызыл түлкідей жасанған буырлышын әкелгенде мұрынын жырып кете жаздап, бұйдасын жұлқылады. Ашулы иесі:
– Көс-көс! – деп ақырып жіберді. Күрмеп байланған қыл шылбырдың ұшын тартып қалғанда, жіп сауылдай ағытылды. Қос жанары от болып жанған кез өркеш оқша атылып, балғын інгенді омыраулата алқымына басып, салмағын сала түсті. Тезірек шөгіп, май өркешінің төстабанында жатқанын қалайтынын мақұлық айуандық әрекетімен білдірді. Боздап қоя берген жас мал тұла бойы қалтырай, тізесін бүге берді.
Хайуанның алдында состиып тұрып қалған келіншекке қора иесі:
– Кет былай! Кет! – деп айқай салды. Себебі лөктің атырылған екпіні жазатайым оқыс етер немесе мақұлықтың ішіне кім кіріп шыққан, мынадай ынтызарлықта басы артық дүние қораш көрініп, қапыда қағып жіберер деп қаймықты. Райхан қолындағы бұйданы тастай сала қашты.
Зіл салмақтан бурлыш буынын жоғалтып, екпеттей шөкті. Айдаһарша ақырған иір мойын үлек бар қаһарын төге, заһарын шаша балғын денеге қорғасындай балқыған болаттай ауыр салмағын сала берді. Әдеткі әбжіл әрекетімен көзіктіруші жүрелей отыра қалған қалпы үлектің үпегінен алып, түбегіне сүңгітіп жіберді. Сосын атып түрегеліп, кейін шегініп, өзі де білмейтін ризашылықпен жымиды. Шағылысқан мақұлықтарға көзтүрткі болмайын деп кілт бұрылып, бітеу базға қарай кетті. Енді бір ауық дүниені ұмытқан қос дүнгенді оңаша қалдыруы тиіс.
Түске дейінгідей емес, мына топ әр сәтті көңілді өткізуге соншалықты құмбылдық көрсетпеді. Орсақ тісті қаудыр тон ендігі кезек өзінікі екеніне көңілі тоқ. Заһарын шашқан зәнталақ үлек буынын тезірек бекітіп, мәпелеп ұстап отырған алашасына бір артылса, ештемеге қарайламай түйесін жетелеп, Ақшиліге тартпақ. Бірақ оған әлі кемі бір жарым сағат керек.
Қанай «Астрасын» тұтатып, тайланған шөптің үстінде түтінін ширата үрлеп отыр. Райхан мен кемпір екеуі әрірек қатар жайғасқан. Тек жарғақ тон ғана біресе отырып, біресе түрегеліп, бойын уыт кернеген бурадай байызсызданып барады.
Құматай қора иесінің қасына тізе бүккен. Әлдеқайдан тағы да есіне Құмқыз оралды. Ондағы аққудың көгілдіріндей бейкүнә, қос жанары боталай кекілі үлбіреген, бойжетіп келе жатқан ақ маңдайлы қызалақ көз алдына елестеді. Сосын, әлгіндегі Қанайдың Райханға айтқан сөзі ақылын парша-парша етті. Ол да ертең мұның уысынан сусып шығып, қайдағы бір жаттың бүйіржылытарына айналса қайтпек?..
Осы кезде атсеркені бойлай байланған түйелердің оқыстан бақырған-шақырған үні шығып, опай-топай бір бәле басталды. Көлдегі шарқ ұрған шағаланың толассыз қиқуындай жан ұшыра боздаған інгендердің бу-буы, сосын соның арасынан әлдебір қышқырған зәнталақ дыбыс естілді. Бәрі жүгіре қақпадан мойындарын созғанда, әлдебір қаңғыған кіндігінен жараған інгенбұзар кезнар кемпірдің түйесіне жанасыпты. Ол да бақыра шөгіп, қамшы құйрығын иіріп, иіні босап бара жатты. Құба түзден күйітті ұрғашының иісін сезіп келді ме, көзі қанталаған жабайы үлек қылағайдың үстіне сояу сирағын артып, емеурінін анық танытады. Дүлей екпінге қасарысып баққысы жоқ, жаны сусаған қайымалы бақыра ығына жығылды. Төстабанын жерге төсеп, екі жағына изеңдей орныға жатты. Тостақ көзі шырадай жанғанмен арғы жағы түнек түлей қылағайдың жаясын баса артына шоңқия шөгіп, бұлағай тірлікке олағай әрекетпен бу-булай кірісті. Соқтанның езуінен салбырап кеткен қып-қызыл өңеші түйенің өркешінің тұсында салақтайды. Бір сарығын басуды Құдайдан сұрап тұрған кемпірдің тілеуін беріп, айдаладан құшыры қана, жаны сүйінді.
– Бала-шағам несібесіз емес екен, – деді үні дірілдей әлде ырзашылықтан күлгені, әлде шарасыздықтан кемсеңдегені белгісіз қалпы.
Бұл ғайыптан тайып келіп қалған айыр інген мен нардан туған күртан – қоспақ бура болатын. Кемпірдің айызы қанғанмен өзгелері мына қаңғыбас інген бұзар буыршыннан үркесоқтай:
– Енді қайттік? Бір әрекетін қыл, – деп, бәрі түйеші болмаса да, бураның жайына қанық Қанайға қарады. Өз ырғынына батқан мына жақтағы кез өркеш сырттағы малағамды байқамады. Әукесі салбырай буырлыштың булығына шулығын салып, барып қайтып-барып қайтып, екі дүниенің ортасында әркі-тәркі халде еді.
Бір сәт Қанай оң қолымен мұртын саумалай бөгелді де, бітеу қораға бұрылып, түйеге бас білдіріп үйретерде пайдаланылатын, бір басы ашалы ұзын істік итепесін алып шықты. Қолында арқаны бар. Арқанның ұшын шалмалап байлап жіберді де, құрық салатындай итепеге тұзағын әзірледі. Мына дүниенің қызығынан басқа ештемені білмей мауыққан мақұлықтың басына шалманы кигізіп, бір ілмекті кеңсіріктің үстінен тастады да бауын кері тартқанда ноқталанып қалды. Сосын, арқанның құлашқа жетер-жетпес тұсынан қазықбау шалып, тарбиып жатқан мінер жақ артқы аяғының білезігіне өткізе қойды. Оны тартып, шықпайтындай етіп бекітті де, қамшылар аяғын дәл солай байлап алды. Енді арқанды қайта басындағы ноқталықтың жақтауынан өткізіп, шірене тартты. Ұшын әкеп, борбайының ортасында жатқан шандымаға іліп, дәл тұсындағы электр столбысына мейлінше қысқа етіп байлады. Шоңқия отырып, уытқа улыққан мақұлық тұзаққа әбден маталғанын білмеді.
– Инақ етіп, сытып жіберсе де обалсыз. Мұндай тексіздердің еркектік қуын кесіп алып, итке тастаған жөн. – Кезбе жабыға шамырқана қарады. – Енді шаруасын тындырып болсын, содан кейінгі әуселесін көрейік.
Бәрі иіндерінен салмақ түсіп, бір қатерден құтылғандай сезінді. Қайыра негізгі шаруаларына көңіл қойды.
Кез өркеш түрегеп тұр екен. Бурлыш оның бауырына тығыла, жаны сүйе жанаса түседі. Дел-сал бойын, тызылдаған алпыс екі тамырын иіткен шақтың уытынан ажырағысы жоқ. Райхан жас түйесін бұйдасынан алып, жетектей жөнелуге шамкес бурадан қаймықты.
– Жампоз нарым-ай, буазыған дүниеде ләззатқа еліткен хал кешіп тұрсың ба? Кеш, кеше түс. Мен кезінде сен сияқты бақытқа шомып, шаттығымның епіршігін шығара алмай қалғам…
Мына сөзді Райхан «қызым саған айтам, келінім сен тыңданың» кері екенін ұқты. Бірақ жақ ашпады. Келіп, буырлыштың бұйдасынын ұстады.
– Ал қайыл бол, риза-хош бол. – Келіншек Қанайдың бұ ләміне де жауап қатпады. Үлектің қасынан ұзағысы келмей тұрған түйесі ме, әлде өзі ме білмей, іштей булықты.
Осы кезде тымық ауада машинаның гүрілі естілді. Құматай Теріскеннен Мәліктің келе жатқанын білді. Айтқанындай-ақ, қоңыр «Газ-52» есіктің алдына көлденеңдей тоқтады. Ендігі бөгелуінің реті жоқ екенін ұққан бозбала:
– Қанай аға, рақмет! Мен жүрдім, – деді атсеркенің аузынан дауыстай.
– Жақсы, жолың болсын! – деген үн құмығыңқы естілді. Есі-дерті үлегіне ауған көзіктіруші ту сыртымен тұрған қалпы тіл қатты. Дәл сол сәт оның көкейінде Райхан мен кез өркеш ғана болатын.
Құматай жүгіре баса көлікке таянды. «Кел, жүр, қас қарайып қалар, – деген Мәліктің үні қузай түсті. – Кабинаға отыр».
Машина асығыс қозғалды. Қыстың қысқа күні кіші бесінге таянып, шатынай құлақтанып апты. Екі жағында ортасы қызарған екі шеңбер. Кенет Құмқыз қыстауы есіне түсті. Жанына аяулы бүлдіршін қыздың жүрегінде ешқашан қос сұлбаның болғанын қаламады.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ
ПІКІРЛЕР1