ҚАДЫРДЫҢ ҚАҒЫТПАЛАРЫ
14.01.2025
764
2

Қадыр Мырза Әли ақындығы, көп қырлы қаламгерлігі өз алдына, энциклопедиялық білім жиған, аса жоғары интеллект иесі, зияткер, дегдар адам еді. Бұл кісімен небәрі 1-2 сағат сұхбат құрғанның өзінде көзің ашылып, рухани биіктеп қалатынбыз.
Талант­ты адам сан қырлы, тағдырлы келеді ғой. Қадағаңның сол көп қырының бірі – қағытпалары, айт­қыштығы. Былай айт­қанда, афоризмдерінің кеңейтілген түрі.Сірә, алдағы күнде ақынның осы бір алабөтен қыры да өзінің зерт­теушісін табуы мүмкін.
Қысқасы, Қадырдың күлкісі жай күлкі емес, астарлы, айшықты, парасат пайымға толы кемеңгер күлкі.

– Жоғары әдеби курсқа биыл кімдер барады екен?
– Менің естігенім дұрыс болса, Сәкен Жүнісов пен Адам Мекебаев баратын сияқты.
– Оларға бүл оқудың не керегі бар?
– Неге керек болмасын,– дейді осы тұста әңгімеге Қадағаң араласып.
– Адам Сәкен болсам, ал Сәкен Адам болсам деп барады да!

* * *
Қадекең құлжаның асығындай шағын адам.Сырағаң болса алпысыншы размерлі костюм-шалбар киетін ірі кісі. Бір күні Қадағаң киімілгіштің алдында:
– Пальтом жоқ, шамасы, Сырағаң киіп кеткен болар?– деп тұр дейді.

* * *

– Пәленшекең соңғы кез­де айтпасты айтатын болыпты. Сірә, алжыған-ау деймін! – дейді бір тойда Әбділда ақсақал ескі бір досы, құрдасы қақында.
– Әбеке, сіз қателесесіз! – дейді ақын ағасын мұқият тыңдап отырған Қадыр.– Ол кісінің алжуы тіптен мүмкін емес!
– Неге мүмкін емес?
– Алжу үшін адамда, алдымен, ақыл болу керек қой. Сол таусылған кез­де ғана адам алжи бастайды. Ал сіздің құрдасыңызда, көңіліңізге келмесін, сол ақыл о баста болып жарытпаған-ау, сірә!..

* * *
Бұдан бірнеше жыл бұрын мерзімді баспасөзде екі жас қаламгер тістесіп қалады. Оның біреуі – Мұхтар Мағауин, екіншісі – Сәбит Досанов. Алдымен жармасқан Досанов тәрізді.Авторлардың ат­тарына бірден мән берген Қадыр Мырзалиев:
– Біздің қазақ әдебиетінде әуелден солай: Әр Мұхтардың бір Сәбиті болуға тиіс, әйтеуір,– дейді.

* * *

Үнемі ағайыншылық, жершілдікпен шұғылданып келе жатқан бір әкім Қадыр Мырзалиевтен:
– Сіз осы қай жерде туғансыз?– деп сұрайды.
Ол жағы ресми құжат­тарда дұрыс көрсетілген, – дейді ақын. – Одан да Сіз менің қайда туғанымды емес, қайда туа алмағанымды сұрасаңызшы.
Бастық сөздің астарын түсініп, қып-қызыл болып кетеді.

* * *

– Әзіл-қалжыңға ұста, әріптестерін үнемі мұзға отырғызып жүретін Садықбек Адамбеков бір отырыста алдында тұрған арақ -шараптан татып алмай, зіңгітіп су іше береді. Іше береді. Сөйтіп отырып жүрегін ұстап:
– Мен кетсем осы жүректен кететін шығармын! – дейді. Осы сөзін отырыс бойына бірнеше айтады.Соны байқап отырған Қадекең:
– Сәке, саспаңыз. Сіз кетсеңіз, жүректен емес, қуықтан кетесіз-ау, – дейді.

* * *

Бірнеше кісі жиналып қалады. Қазақтың әсіресе үлкен кісінің ру сұрайтын әдеті қалмаған ғой. Бір белгілі кісі біреуге «осы сен арғын емес пе едің? – дейді. «Иә», – дейді ана кісі. Сонда осы бір сәт­ті аса жақтырмаған Қадекең: «Ол кісі арғын емес, ол кісінің әйелінің туған қайнысының туған ағасы, күйеуі арғын» депті.
Мына жаңылтпашты әлгі кісі ақыры түсінбепті.

* * *

– Мен осы көтерілуден қорықпаймын, төмендеуден қорқамын, – дейді Шота Уәлиханов биік төбеден түсіп келе жатып.
– Оған таңқалуға болмайды, – дейді Қадекең. – Бұл жалғыз Сізге ғана емес, бүкіл төрелерге тән ауру.

* * *

Автобус аялдамасында бір бозбала Қадыр Мырзалиевке келіп:
– Шылымыңыз жоқ па? – деп сұрайды.
– Шылым шегуге әлі жасым жеткен жоқ, айналайын,– дейді елу мен алпыстың аралығында алшаңдап жүрген ақын.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 15.01.2025 | 11:31

1982 жылдың маусым айы. Алматы. Күн ыстық. Әуезов көшесіндегі сыраханаға кірдім. Кезек көп екен. Сыра алуға кезекте тұрғандардың ең соңғысына қарадым. «Түрі таныс, мұны қайдан көрдім?» деп ойладым. Ол да маған қарады. Бойы аласа. Ұзын шашы желкесін жауып тұр. Ақыры бұл кісіні теледидардан көргенім есіме түсті. Бұл кісі Қадыр Мырзалиев еді.

Аноним 17.01.2025 | 07:26

Қадір Мырзалы Құлсарыда Сатыбалдиев мектебінің ашылуы салтанатына келді. Біраз адам сөйледі. Қадекең жан жағына қарап «Лақтырған таяғың ақындардың басына түсетін жер екен» деді. Қасында бойы өзіндей оқушыға «Жүз грам жоқ па» депті. Сол кездегі «классиктер» осындай болған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір