ҚАДЫРДЫҢ ОЙ ОРМАНЫ
11.06.2025
169
0

«Қадыр дәуірі» деген дәуір өтті. Оның жырларымен сусындап өскен біздің буын ғана емес, кейінгі буын үшін де Қадыр – тәрбие, Қадыр – тәлім. Қадыр – ұлт ұстазы дәрежесіне көтерілген дара, данышпан ақын. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, «Ой марқайтар парасаттың ақыны».

Қадырдың 16 томдық шығармалары – менің ішер тамақтан кейінгі азығым, байлығым. Үнемі парақтап, іздегенімді тауып, шөлімді қандырып тұратын кәусарым. Ақынның философиялық терең оймен өрілген жырлары – өмірімнің өзегі, жырларындағы қағидаттар мен түйіндер – ұстанымым, ұл-қыздарымды тәрбиелегендегі өсиетімнің тіні, көпшілік алдында ой айтқандағы, лебіз білдіргендегі сөздік қорым.
Қадыр жырламаған тақырып қалмағандай. Небір ойшылдар мен ғұламалардың ойына келмеген, шешімі, жауабы табылмаған сұрақтарды зерделейді. Қадыр: «Өмір өзі қызық. Бір нәрсені іздеп, ұшына жете алмайсың. Адамзаттың мүлде сауатсыз кезінде, бір сауатсыз данышпан әріпті ойлап тапқан. Біз соның есімін де білмейміз», – дейді. Қазір «ң» әрпін айта алмайтын ұрпақ көбейді. Әріп жоғала бастады, әрі қарай тұтас сөзді жоғалтуымыз мүмкін. Сөз – құдірет. Сөз – кие. Сөз – қасиет.
Қадыр – адам жанының суреткері. Оны оқып отырып, сөзбен салған суреттермен көзіңді суарасың! Көңілің де тояттайды! «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңіне ән жазылып, қазақ аспанында шырқалып қалықтап жүр. Қадыр мен Қазақ екеуі бір ұғым екенін жалпақ жұрт болып мойындадық. «Сөз сиқыры» деп аталатын екі том кітабын оқыған адам қазақ ақындарының шығармаларына, Қадырдың талдаулары мен зерттеулеріне қанығады. Көркемдік, әдеби өрімге толы, поэзияның сан түрлі қырларына бойлай түсесің. Ақындардың өлеңдерін оқығаннан да артық сезімде боласың. Ғажап талдаулар оқырманды байытады. Тақырыптарының өзі Қадекеңнің тапқырлығын, тәлімін, тәрбиесін, шығарманы зерделеу мүмкіндігінің зор екенін паш етіп тұр. Әдеби білім-біліктілігімен, потенциалымен таңғалдырады. Ешбір әдебиет сыншысына ұқсамайтын энциклопедиялық біліктілігіне тәнті боласың, Қадыр Мырза Әлі сөздерінің сиқырына арбаласың. Қадыр талантының сан қырына тамсанасың. «Қадыр ақын – түбі терең мұхит» деген тұжырымға тоқтайсың. Талант демекші, Қадекең «Сөз сиқырында» «талант» сөзінің түп-төркінін былайша түсіндіреді: «Талант – ескі грек атауы. Ол дарын деген мағынамен қоса, қымбат деген де үстеме мағына береді. Өйткені Көне Греция, Вавилон, Кіші Азияда ең ірі, ең салмақты айрықша ақшаны талант деп атаған. Аттикалық талант 25 келі 200 грамм тартатын таза күмістен құйылады екен». Осы тұжырымға қарап, Қадыр талантының салмағын безбендей берсек болады.
Сөз өнеріне қойылатын ең жоғары талап деңгейімен, миының ішінде қайнатып, пісіріп, әр өлең сайын ғана емес, әр тіркес сайын, әрбір сөз сайын таусыла, сарқыла жырлағаннан болар Қадыр жырлары – менің сусынымды қандырар, шөлімді басар туындылар. Жүрек түкпірімдегі өзім айтып жеткізе алмайтын сезімдерімді қозғайтын ләззат алар, керек болса көзіме жас алғызар рухани азығым.
Қадыр Мырза Әлінің Бекболатов Мырзахмет деген өзінен жасы үлкен ауылдасы болған. Бекболат Қадекеңді өнердің бірнеше (домбыра, сырнай, сурет салу) түріне баулыған. Кеңестік қана емес, әлем әдебиетімен сусындатқан аса білгір ерекше жан болған. Қадекеңнің айтуынша: «Абай үшін Евгений Михаэлис қандай болса, Мырзахмет мен үшін сондай болды», – деп тәлімгеріне «Менің пірім» деген өлең арнаған. Сол өлеңін: «Көкірегімдегі жыр қазанын қайнатқан пеш – менікі, от – сенікі» деп түйіндейді. Осы мақаламдағы келтірілген Қадырдың өлеңдерінде түпнұсқадан аз-кем ауытқулар болуы мүмкін, себебі көбісін жадымнан жаздым. «Кеудемдегі жырқұмарлық пеш менікі, от Қадырдың жырларынан» деп, мен де жазбамды аяқтайын. Менің бұл жазбам, Қадыр шығармаларын талдау да, зерттеу де емес. Өз шама-шарқымша Қадыр Мырза Әлі шығармаларын әр тақырыпқа бөліп, оқырман ретінде пікірімді жаздым.

Қазақ поэзиясының еңбекторысы

Әлемнің әміршісі – еңбек. Ақын Қадырдың да әміршісі – еңбек. Телегей теңіз жыр нөсерін селдеткен, жыр сауыты болған ақын үшін уақыт алтыннан да қымбат. Уақыттың алтын екенін бәріміз де айтамыз. Бірақ оны тиімді пайдалануға мән бермейміз. Уақытты ең қымбатына балаған, қастерлеген Қадекеңдей жан кемде-кем шығар. «Орыстың «убить время» деген сөзі бар. Сұмдық қой!» – деп отыратын. Жәндіктердің арасындағы жанкешті еңбекқоры – құмырсқа! «Көп отырам үстелде қарсы алдыма, іліп қойып суретін құмырсқаның» дегеніне иланасың. Қадырдың еңбекке, еңбек адамына арнаған жырларынан намыс дегеннің, тер дегеннің, ойға алған жұмысты атқарғаннан кейінгі рақаттану дегеннің не екенін сезінесің. Өзім аса құрмет сезіммен жатқа айтатын Қадырдың өлеңі:
Теріңді намыс сыдырсын,
Тіліп бір түскен қамшыдай.
Жотаңнан моншақ шұбырсын,
Әйнектен аққан тамшыдай.
Кеудеңді қуат кернесін,
Кернесін қуат ұдай кеп,
Уһ, деуге шамаң келмесін,
Жұмыстан шаршап құлай кет…
Осы өлеңнің алғашқы екі жолын оқығанда, расында да, арқамнан қамшымен тартып жібергендей сезімде болып, қайқаң ете қалам! Иә, жұмыссыз, іссіз уақытын босқа өткізіп, он екі мүшесінің қай жерде екенін айыра алмай мең-зең боп жүргендер қаншама!
Қадекеңнің таланты – тұнып тұрған тәлім, тұнып тұрған тәрбие. «Әй, балақай, әрнәрсенің теңі бар, Сен, алдымен жалқаулықты жеңіп ал!» деп талапсыздық, жігерсіздік, кедейлік те жалқаулықтан екенін бала кезіңнен ұқтырады.
Осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы кеңестік дәуірде өндіріс, құрылыс орындары жаппай жұмысқа шақырып, жұмыссыздық дегеннің не екенін түсінбейтін, сезінбейтін кезеңде, «Жалқаулыққа жамбасың қалай шыдар, Миың шіріп кетпей ме, ойдан шұбар. Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, Нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дегенді айтқан Қадекең қандай көреген. Еңбектің бел баласы болған Қадыр Мырза Әлі ғана осылай жырлай алды. Адамдықты, адалдықты жырларының арқауы етті. «Алдымен, адам болып алмай тұрып, Еңбек Ері болуың мүмкін емес»-ті айтқан да Қадекең болатын.
Түрлі үй ішілік басқосуларда имамдар уағыз ретінде жұмақты насихаттай бастағанда, оларға: «Жұмақта гүл егумен, оған су құюмен айналысам ба?» деген сауал қоямын. Олар: «Жоқ, ол жақта жұмыс істемейсің, хор қыздарының ортасында рақат өмір кешесің», – дейді. Осыны пайдаланып, оларға Қадекеңнің:
«Жұмыс бер, маған жұмыс бер!
Жұмысы жоқ жұмақта не істемекпін» деген өлең тіркесін алға тартамын.
Бір іс тындыра алмаған күні батқан күннен ұялған, әр таңын еңбекпен қарсы алған Қадекең «еңбегім еленбей жатыр, марапатым қайда?» демейді, керісінше «наградаға жұмыс бер» дейді.
Жұмыс! Жұмыс!
Тисе оның шарапаты,
Жазылады жаныңның жарақаты.
Ләззаты болады қалжыраудың,
Шаршаудың да болады рақаты, – деп жаныңды жадыратады, көңіліңді жайықтырады.
Сөзіміздің басында Қадекеңнің де әміршісі еңбек деп айтқанымыздай:
Жай ғана сөз, Бай деген, князь деген.
Еңбеккер ме, онда одан кінә іздемен.
Мөр басылып, қол қойған қағаз емес,
Алақан мен әжімім – МІНЕЗДЕМЕМ, –деп еңбек еткеннен пайда болатын алақандағы сүйел мен бет дидарындағы әжімі арқылы еңбеккер бейнесін алдыңа әкеледі. Бердібек Соқпақбаев: «Қадыр Мырзалиевті сүйсініп оқимын. Ол өлеңді тас қашағандай алақанын тас талқан етіп жазады», – депті. Тас-талқан етіп жазғасын алақан терісінің қалыңдайтыны, миының ішінде мың қайнатып, жүздеген балама сөздердің ең қажеттісін тауып орнына қойып маржандай тізілген жыр шумақтарын ақ қағаз бетіне қаламсаппен түсіріп, құмырс­қаша еңбек еткен ақынның ортаңғы саусағында сүйел пайда болатынын, қазіргі компьютермен жазып жүрген жандар біле бермес, әрине. «Сүйікті сүйел» деген өлеңіндегі:
Қаламсаптан пайда болған сүйел бар,
Менің мынау саусағымда ортаңғы.
…Біреу мені даттағанда жырыма,
Мақтағанда сүйеліме қараймын, – деген түйін сөзімен «Әдебиет ардың ісі» қағидатын Қадекең ант ретінде қабылдағанын түсінесің. Елу томға жуық шығармалар жазған талант иесінің ортаңғы саусағында мейіз боп қатып қалған сүйел барына таңғалмайсың.
2006 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Алдабергенұлының шақыруымен Қадекең Қызылордаға келді. Университеттің студенттер сарайында, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде шығармашылық кештері өтті. Кешкілік Қадекеңе жайылған арнайы дастарқан үстінде «Сүйікті сүйел» өлеңін меңзеп: «Қадеке, ортаңғы саусақтағы сүйеліңіз қалыңдай түссін»,– деген тілек айттым.
Өзімнің 60,70 жас мерейтойларымда немесе үйге қонақтар келгенде немерелеріме Қадекеңнің «Бір үзім нан» деген жырын айтқызып марқаям, рақаттанам. «Осы тоқшылық заманда Сәкең немересіне «Бір үзім нанды» айтқызады», – деп маған құрдастарым мысқылдайды. Болмаған балалық шағында балшық илемесе, шөп шаппаса, еңбекке жегілмесе, маңдайы терлемесе, тоқшылықтан гөрі жоқшылықтың зардабын артығырақ тартпаса бір үзім қара нанның салмағын осыншалық қадірлей алар ма еді?! Ашаршылық кезең тудырған: «Бір күндік үнемі артықтың бір ауыз сөзі артық», «Түстік жер жүріп барып қарын тойдыратын мүмкіндігі бар адамға аштық жоқ» деген нақыл сөздер бар. Жүрек жалғайтын бір үзім нан болмағандығынан 2,5 миллион қазақтың аштан қырылғаны – адамзат тарихындағы кеңестік биліктің қазаққа жасаған мемлекеттік терроры. «Қолда кетпен ойнатқан, Шымға соқа бойлатқан, Нулы көлде шөп шауып, Қу далада қой баққан, Жүк көтерген бір батпан, Би билеткен, жырлатқан, Кірпігіңді сулаған, Омырауды құрғатқан, Бір үзім нан – бас иемін ізетпен, Бір үзім нан бір басыңды жүз еткен…»
Осы жырдағы мені еріксіз таңғалдыратын, айрықша әсер ететін «Бір үзім нан майдандағы жігіттің, ауылдағы абыройын күзеткен» деген тіркес. Соғыс кезінде ер-азаматтардың іске жарамдылары майданда. Ауылда ертеңнен кешке дейінгі мехнатты жұмысқа жегілген кемпір мен шалдар, майданға жарамсыз мүгедектер. Ауыл адамдары қорлықты ауылдағы бригадирлерден көрген. Сол бригадирлер мен өзге де бастықсымақтар өздерінің біркүндік үнемдерінің артықтығын пайдаланып майдандағы жігіттің ауылдағы абыройы жас келіншектердің тағдырымен ойнаған. «Бір үзім нан» жырының әрбір шумағы бір дастанның жүгін арқалап тұр. Әр тіркесі – сурет. Әрбір жолы – ой. Қаныңды тасытып, төбе-құйқаңды шымырлатады.
Қадыр жырларындағы еңбек тақырыбы жайлы осы жазбамды «Еңбекті жырлау дегеніміз – адамнан тыс жалаң жұмыс процесін ғана жазу емес. Қай тақырыпты алсаңыз да сол объектінің сыртында, сыртында деппін-ау, өзегінде адам атты ұлы ұғым тұрады» деген тұжырымымен аяқтайын.

«Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы»

Ақындықты тағдыр деп түсінген Қадекең: «Ғажайыптар бара жатса аза­йып, Жасайық бір, азамат­тар, ғажайып! Ешбір әнші сала алмайтын ән салып, Ешбір ақын жазбайтын жыр жазайық! Бүкіл таудан бір-ақ мүсін қашайық, Бүкіл көлді бір-ақ шөлге шашайық. Жан салмаған бір-ақ сурет салайық, Жан ашпаған бір жаңалық ашайық!» – деп, елін-жерін сүйіп жазған жырларының әрбір шумағы, әрбір тіркесі халқының аузында. Халқының аузында демекші, 2015 жылы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына орай, ақын атындағы өнер орталығы ашылды. Сол мерекеде Әбіш Кекілбаев:
– Ел алдында сөйлеп жүрген шешендер, қоғам қайраткерлері өз сөздерінде бірінші халық даналығына, екінші Абай даналығына, үшінші Қадыр даналығына сілтеме жасайды, – деп ешбір ақын жазбаған ғажайып жырларының өміршеңдігін алға тарт­ты.
Орал қаласынан Сырым ауданының орталығы, Қадырдың туған ауылы Жымпитыға барар жолда «Сырым шыққан төбе» ескерткіш-белгісіне аялдасаңыз, Сырым Датұлының мәңгілік мекен тапқан қабірі басынан топырақ алынып осы жерге рәсімделген ескерткіш-белгіге және көрнекті етіп: «Осында ел ұрандасқан, айқайласқан, Бұл жерге жау аяғын байқай басқан. Ерліктің етегінен ұстап алып, Еркіндік осы арада тәй-тәй басқан!» деген Қадырдың «Дүбірлі дала» деген жырынан бір шумаққа көзіңіз түседі. Осы қуат­ты, өршіл, ерлікке, азат­тыққа бастайтын бір шумақ өлеңді қанша рет оқысам, сонша рет көзіме жас іркіледі. Өткен ғасырларға ойша сапар шегіп, бабалар басынан өткен тарих қатпары һәм бабалар болмысын бір шолып өткендей боламын.
Қадыр – жыр мінберіндегі алып ақын. Оның алыптығы сол, бүкіл адамзат­тың мекені болған жер шарын алдына алып, алақанымен аялайды: «Жердің көрген қорлығы көп, жетеді! Ол жыласа жасқа толар етегі. Аяғаннан алдыма алып сәбидей, Айдарынан сипағым кеп кетеді» деп жырлай алу – теңдесі жоқ ақындық қуат, алып жүрек иесі екенінің дәлелі. Жер-ананы сүюдің бұдан артық қандай нұсқасы болуы мүмкін!
Қара тастың өзінен жыр тапқан Қадыр – қазақтың тау-тасын да, өзендері мен көлдерін де, қала мен даласын да емірене, егіле, таусыла, асқақтата және соларды ұлтының болмысымен, тыныс-тіршілігімен байланыстыра отырып үлкен махаббатпен жырлаған данышпан ақын. Қадыр Мырза Әлінің ақындық шеберлігінде шек жоқ. Дегенмен, менің ойымша, «Боз дала» деген өлеңі шеберліктің шыңы. Жерін, елін шексіз сүйген ақыннан, елге, жерге деген ұлы махаббат­тан ғана осындай жыр туады.
Адамзат тарихына зер салсаңыз, утопиялық шығармалар авторларының (Томмазо Кампанелла мен Томас Мор) қиялындағы қала мен аралдан өзге ешбір дәуірде, ешбір кезеңде зұлымдық үстемдік етпеген қоғам болған емес. Өктемдігі бар қоғамда – зұлымдық бар, зұлымдыққа наразылық бар. Наразылық иелері – бұқара халықты бастаушы батырлар мен ақындар. Батыры мен ақынының тартқан азаптарын жанымен сезінген, жүрегімен қабылдаған ақын Қадыр былай жырлайды:
Осы өмірдің азсынғандай азабын,
Ойлап тапқан зұлымдар неше түрін
жазаның:
Ойлап тапқан сауырға қызған
темір басуды,
Ойлап тапқан арқанмен
буындырып асуды.
Бірақ соның бірі де
жасытпаған батырды,
Бірақ соның бірі де
жасытпаған ақынды!
Сосын, патша олардың қанатын
қайырып,
Жер аудара бастаған Туған
жерден айырып.
О, зұлым-ай, зұлым-ай!
О, ант атқан, ант атқан!
Осал жерін ерлердің қалай ғана
дәл тапқан!
Тарих жүгін арқалап тұрған осы жырда Қадекең батырлары мен ақындарын ескі грек мифологиясындағы жерден қуат алатын Антейге теңейді. Елімен, жерімен бірге болған, туған топыраққа тамыр байлаған батыры мен ақыны – туған жерден айырылғанда шарасыз, батырлық қуатынан, ақындық шабытынан айырылатынынан, ұлтымен бір болған, оның қасіретін ұққан Қадыр ақын да дәл тапқан.
Тақырып қоюдың да шебері Қадекең, «Кеңістік» деп Түркістан, Орал өңірі, Торғай – Қостанай, Сарысу – Талас өңірлерін, «Биіктік» деп Қаратау, Ұлытау, Алатау, Алтай, Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы өңірлерін, «Тереңдік» деп Атырау, Арал, Балқаш, Зайсан өңірлеріне жауһар жырларын арнады.
«Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көрмейтін қарияға де­йінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе жырын біледі» Әбіш Кекілбаевтың осы тұжырымының дәлеліне көзім жеткен бір жайт­ты айтқым келіп отыр. Өткен ғасырдың 80-жылдары сауықтыру үйінде өзіммен бірге дем алып, ем алып жатқан төрт-бес қарияны үйіме шайға шақырдым. Қонақтарымның көңілін аулау мақсатымен жырау жырлатқым кеп, терме-толғау айтып, есімі елге танылып жүрген бір-екі таныстарымды іздестіріп едім, ешбірінің реті келмеді. Қонақтарымның үлкені – елге есімі белгілі Сыр сүлейлерінің жалғасы және күріш егудің озаты Шегебаев Шәймерден ақсақал. Шәкең – зердесі толған жыр, кеудесі толған кемеңгерлік, өзін сыйлата білетін текті, айтатынын божыратпай, күмілжімей анық айтып, кесіп сөйлейтін кісі. Жырау болмағасын шай мен үлкен тамақтың ортасында қонақтарға Қадыр Мырза Әлінің «Жерұйық» ат­ты кітабынан өлеңдер оқитынымды айтып, бастап кет­тім, яғни өзім жыршы болдым. Ол кісілермен жас айырмашылығым 30 жастай шамасы.
О, Түркістан, шежіренің бітпес
сенде басы бар,
Кешегіңді айтып берсем, келешегің
ашынар.
Жарақат­ты жауынгердің тамған
сенде қаны бар
Қарақат­ты қара көздің тамған
сенде жасы бар, –
деп оқи бастадым. Әрі қарай шаһардың өткен тарихы шаһарға келуші дәруіштер, қайыршылар, асыл артқан керуендер, зорлық көрген де, қорлық көрген де, бақыт іздеген, бақ іздеген, құсалылар, тұсаулылар, бүгілгендер, түңілгендер, иман іздеген, құдай іздеп, дін іздеген – бәрі-бәрі тізіліп өтіп жатыр.
Қартайғандар келді саған тағы бірер
жыл сұрап,
Ортайғандар келді саған шекпен
тілеп, пұл сұрап,
Ұятсыздар келді саған шекпен тілеп,
шен сұрап,
Тұяқсыздар келді саған перзент тілеп,
ұл сұрап,–
деген шумақ аяқталған тұста домбырамен нақышына келтіріп, гөй-гөйге басып отырған жырауды тыңдағандай Шәкең: «Пай-пай! Қалай-қалай сілтейді!» – деп, жантайып жатқан орнынан тұрып отырды. Әрі қарай өлең жалғаса берді. «Қара нар», «Ат жарыс», «Боз дала»… Кілең қазақ поэзиясының антологиясына енетін өлеңдер қонақтарымның құлақ құрышын қандырды, делебесін қоздырды, буындарына түсті.
Шәймерден аға: «Осы заманның ақындары дәл мынадай өлең жазады, ол сенің шеріңді қозғайды, жүрегіңнің түкпіріндегі сезім қылын шертеді деп ойламаппын. Мынау кітабыңды дүкеннен табуға бола ма?» – деп сұрады. Кітап дүкенінде жоқ екенін, бұл кітаптың мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылғанын, оған өз пікірімді жазып жібергенімді айт­тым.
«Құйылып, төгіліп тұрған жыр жолдарынан тұратын, шеріңді қозғайтын осы кітаптың иесі Қадыр мемлекет­тік сыйлық алмағанда, өзге кім алушы еді?» – деп өз бағасын берді Шаймерден ақсақал.
Қонақтар үйден шығарда Шәкең: «Сәпен балам, қалауым бар. Қалайтыным – сенің мына бізге оқып берген «Жерұйық» кітабың. Меселімді қайтарма. Сен қызметкерсің, Алматыға жиі барып тұрасың, тағы қолыңа түсер», – деп қолқа салды. Шынымды айтсам, қат­ты қиналдым. Бере­йін десем – бар асылым. Берме­йін десем – Шәкең сияқты сөз қадірін білетін қазыналы қарияның, шайыр ақсақалдың көңілін қалдырғым келмейді. «Бердім, аға», – дедім.
Қадыр ақынның сурет­теуінде сексеуіл де – тірі организм. «Сексеуіл бұл Аралда, Самал сәуле сімірген. Бұтақтары жаралған, Бұлшық етсіз сіңірден. Жарар болсаң жағуға, Жалындаған от дейді. Бірақ оны шабуға, Балтаңыз да өтпейді. Ырза болып қарадым, Иір-иір түріне, Жарғанда оны жарады, Бірін ұрып, біріне!» деп түйін жасап, дұшпандары қазақты әлсірету, батыры мен батылын мұқату мақсатында бірін-біріне айдап салғанын «Сексеуілді» жырлау арқылы береді. «Құландар» деген өлеңге ең алғаш көзім түскенде, «Не жазуы мүмкін?» деп ойланғанмын. Сөйтсем «.. Көнбейтін заман салтына, Жылқы ішіндегі сығандар», «Барсакелместік құландар!» – дейді. «О, ғажап!» – дегенімді білмей қалыппын. Құландарды адамның сығанына теңейді деп кім ойлаған. Өзі айт­қандай: «..мыңдаған мағыналас туыс сөздердің ішінен, оны да өз орнына жаңылмай қою, жарты ауыз артық, жарты ауыз кем айтпау – нағыз суреткерге ғана тән қасиет».
Елімізде ұйымдастырылып жүрген әрбір мерекелік шараның шымылдығы жабыларда Қадырдың авторлығымен шыққан Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні барлық қатысушылар қосылып айтар екінші әнұранындай болғанына куә боп жүрміз. Қайда жүрсең де, атамекеніміздің көкейімізде жататыны ақиқат!
Ел дегенде емешегі үзіліп, жер дегенде жүрегі сыздаған, анасының омырауын емгендей Жер-анасының бағымен де, сорымен де бітеқайнасқан болмысты ойшыл ақын Қадырдың жырлары – тұтастық!
«Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы» дегені әсіре сөз, жалаң ұран емес!
Қадыр өлеңдеріндегі ұлт­тық болмыс
Ұлт­тық болмысты жырлаған Қадырдың өлеңдерінің санына жете алмайсыз. Олардың кез келгенін оқысаңыз сусыныңызды қандырар, шөліңізді басар туындылар екеніне көзіңіз жетеді. Жүрек түкпіріндегі айтып жеткізе алмайтын сезімдеріңді қозғайтын ләззат алар, көзіңе жас іркілтер рухани байлығыңыз.
Сөз зергері атанған жазушы Ғабит Мүсірепов сүйсініп қайта-қайта тыңдаудан жалықпаған Қадырдың «Бабамыздың шоқ басқан табанымен» деген өлеңі. Маңдайының соры бес елі қазақтың өткенін алғашқы тіркеске сыйғызып, «Бірдей екен жақсысы жаманымен» деп оқырманын өзіне баурап, жетелей жөнеледі. Одан әрі қазақтың бітім-болмысын айшықтап:
«Тату-тәт­ті көршілер шыр бұзбаған,
Бірге тоңып суықта бір мұздаған.
Бір жаманы сонда да үй салмаған,
Бір жақсысы абақты тұрғызбаған!» – деген жолдар кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Санаңда ұзақ жылдар сақталатын ғибрат­ты жолдарда қазақтың өмірлік ұстанымы да, салт-дәстүрлері де, әдет-ғұрыптары да, ірілік пен тектілік те, азамат­тық пен парасат-пайым да осында!
Қадыр Мырза Әлінің «Қазақы қулық» деген өлеңі менің жас кезімдегі бір аулада көрші тұрған Тазагүл апаның тақсырет­ті тағдырын есіме түсіріп «Тазагүл» деген эссе жаздым. Қысқаша баяны мынадай:
Тазагүл апа Бекет ағадан он төрт құрсақ көтергенімен, он төртi де бiр жасқа жетпей өле берген. Екi-үш баласы шетiнегеннен кейiн балам тұрсыншы деген ниетпен есiмiн Тұрсынбек қойған, тұрмаған. Алдаберген қойған, оны да Алла өзi қайтып алған. Алладан рақым күтiп, Рахима деп те ат қойған. Рахима да Аллаға сүйкiмдi болып, Құдайдың құзырына ат­танған. Тазагүл апа: «Алла, Алла, мен шаршадым ғой, ендi аясаң ет­тi», – деп келесі ұлының есімін – Аяған, «ендi қойсаң ет­тi» деп шамырқанып, қыздарының есiмдерiн – Шаршаған, Ендiқой деп атап та көрген. Тазагүл апаның және көптеген аналардың басында болған осындай тағдырды Қадекең екі шумаққа сыйғызған, оқыңыз:
«…Қалған бiр жандай қапыда, Қазекең iштей тыныпты. Құдайың сәби атына, Қызығады деп ұғыпты. Келесi туған баланың, Тойына бие сойыпты. Шулатып байтақ даланы, «Шуаш» деп атын қойыпты. Одан соң туған баланың, Тойына түйе сойыпты. Шулатып байтақ даланы, «Шоқпыт» деп атын қойыпты».
Бекет аға мен Тазагүл апаның биесi де, түйесi де болған жоқ. Бала тұрмағанын бесiктен көрiп, бесiк те жаңартқан. «Қайың есiк қайғылы» деп есiктен көрiп, есiк те ауыстырған. Әулиелерге де түнеген, қоныс та өзгертіп жаңа қоныста дүниеге келген қызының есімін Қоныскүл, барақ тамда тұрып перзентін Барақбай атағанымен де амалы табылмай, iштен тынған. Бiр емес, екi емес… он төрт перзент­тiң өлiмi өзегiн өртеп, қан жылаған жүрегі тiлiм-тiлiм болып, көзінен жас аға-аға терiсі қуарып, етi суалып, құлағы мүкiстеу, тіпті сәл-пәл есалаңдау күйге душар болған жағдайы екен ғой, сол Тазагүл апаны алғаш көретін кез.
Осыншама қайғы-қасiрет­тен жарылғалы тұрған Тазагүл апаның iшіндегi жалынды сорылған темекiнiң түтiнiмен басып, оны сыртқа үрлеп шығарып, өзiнше жеңiлденiп қалатынының байыбына кім бойлаған дейсіз. Бiз мұның бәрiн кейiн, тiптi көп кейiн түсiндiк. Бiрақ Тазагүл апаның уайымы жеңiлденген емес-тi. Ол кiсiнiң ең басты уайымы – Құдай қосқан қосағы, өзiнiң пiрi – Бекет­тiң бұл дүниеден мұрагерсiз, ұрпақсыз өтетiнi едi. Өзi ендi перзент көтермейтiнiн, барының сарқылғанын сезiнiп iздеп жүрiп, өз қолымен Қанымкүл апаны Бекет ағаға алып берген.
Алып берген деп айта саламыз-ау, әйел үстiне әйел алу, бұрынғы атамыз қазақтың екiншi, үшiншi әйелдерiндей әрқайсысы бiр үй боп бөлек отырған емес, үйлесуi қалай болады, оған қоса Кеңес үкiметiнiң көп әйелдi болуға салған тыйымы, жауапқа тартылатыны тағы бар. Осының бәрiн Тазагүл апа білмеді, ойламады деу қиын. Қырық жастан енді асқан әйелдiң табиғи қажет­тiлiгi де тежеле қоймаған шағы. Осы қиындықтардың бәрiн жеңiп, өзiнiң үстiне әйел алып беруге байлам жасауы, нағыз қазақ әйелiне тән биiк мақсат­тан, шаңырақ шайқалмауының қажет­тiгiнен туған асыл қасиет едi. Тазагүл апам Кеңестер Одағының Батырлары Әлия да, Мәншүк те емес, бiрақ олардан бiр де кем емес-тi. Қанымкүл апа төрт ұл әкелдi дүниеге. Есiмдерiн ырым етiп, темiрден жасалған құрал-сайман, қару-жарақтардың атымен Балтабай, Балғабай, Қылышбек, Найзабек деп атады.
Қадыр өлеңдерінің мәні мен мазмұнын елдің аузында жүрер, жадыңда сақталар түйінмен аяқтайды. Олардың көпшілігі афоризмдерге айналған. Осы өлең де: – «Қазақтың қырда желдеген, Қылығы со бір ұнайды. Алданып жүріп пендеден, Алдамақ болған Құдайды!» деп тамамдалады.
Қадыр ақын
адам өмірінің белестері жайлы
– Сонау кез­дегі сыңғырлаған құлаққа жағымды «Күміс қоңырауынан» бастап, «Ой орманын» аралап, «Алаштың арманын» арқалап, «Жерұйығын» іздеп, тауып, жыр «Көкпарында» жүлде алып, «Қорамсаққа» қол салып, бір салғанда мол салып, адамды сүйіп, адам өмірінің барлық белестерін құдірет­ті сөзбен, қасиет­ті сөзбен жырға қосқан ғажайып ақын – Қадыр. Қадырдың ғажайыптығы сол, баланың ойлау қабілетіне лайық, көкірегіне қонатын, бала тілімен жазылған «Күміс қоңырау» деп аталатын екітомдық кітабындағы өлеңдердің біразы балалар әдебиетінің антологиясына енген. Ол басқа әңгіме.
Балаусалы балғын шағың – өміріңнің көктемі мектепте өтеді. Мектеп – ұя, ұстаз – ана. Мектептегі оқу өмірі бітпейтіндей көріп, жалыққандай сезімде болғанымыз шындық. Жоғары оқуға түссек, жұмыс істесек рақат өмір кешеміз деп ойладық. Қадыр «Мектеп» деген өлеңінде былай дейді:
…Төлдей боп қыстан шыққан
арық-тұрық,
Оқыдық жер түбінен барып тұрып.
Сүймейтін сабағыңда
Қоңырау да,
Қағылмай қоятын-ды зарықтырып.
…Үзіліс көрген емес байыпты өтіп,
Кінәсіз құрбыларды айыпты етіп.
Кішкене торпедолар сияқты едік,
Жататын бір-біріне қойып кетіп,– дейді.
«Ширек ғасыр тарқамайтын мастығың» (өз сөзі) арманшыл, қиялшыл алабұртқан, күшің жетіп, ақылың жетпей тұратын жастық шағымызда Қадекеңнің өлеңдері буынымызға түсті. Ойымызды тереңдет­ті, қиялымызды қиянға шарықтат­ты. Биік болуға, мықты болуға, озып шығуға ұмтылдық.
Қадырдың:
«Арманын жыр ғып жүріп
жолықтырар,
Жастардың бойында бір желік тұрар.
Мейлі ғой, көркіңмен ба, бөркіңмен ба,
Әйтеуір, көзге түскің келіп тұрар» – деген жолдар делебемізді қоздырып Қадыр шумақтарына қызығушылығымыз арта түсетін. Әрі қарай:
Көру керек дария боп тасып та,
Көру керек қызыл шоқты басып та,
Алаулаған жігіт болмай жасыңда,
Айналайын, қарт болуға асықпа! – деген шумақ намысыңды қамшылап жігеріңді жаниды. Жани түссе жайнай түсетін асылдай ерекше күйге енгіңіз келсе, келесі шумақтарға зер салыңыз:
Шырпы тиіп қанына,
Жағар отын шырақтың.
Жармасатын жалына,
Жер тарпыған пырақтың.
Тұрамын деп сертіне
Көрмесіңді көретін,
Қызыл алау өртіңе,
Қойып кете беретін.
Аққудайын ақ қанат,
Арман іздеп табатын.
У берсе де махаббат
Бір-ақ жұта салатын,– ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған кез­деріңді тамыршыдай дөп басып тынысыңды ашып, көкжиегіңді кеңейтеді. Қадырдың осылай қайрауы жігеріңді, күш-қуатыңды тасытады.
Өмір ұзаған сайын, сәл нәрсеге қуанатын, шат­танатын уыз сезімдердің еті өле бастайды. Аппақ-аппақ армандардың қанаты қырқыла, түтіле береді. Осыны Қадекең:
Бір кез­дері бұрқырап бұзып аққан арнаны,
Бірте-бірте адамның азаяды арманы.
Қажыта ма өмірдің игрегі, иксі,
Бірте-бірте адамның азаяды күлкісі, – деп әрі қарай «Неге солай?» деп сауал қойып, өзі «Балалықтан алыстай бергеннен соң осылай», деп түйіндейді. Е, кәрілік жақындаған екен ғой, деп мойындай бастайсың.
Ай менен тең өмірдің жыл дегені,
Алдайды уақыт осылай күнде мені.
Қарт­тық емес ақ шаштар самайдағы,
Ол ақылды бастардың гүлдегені,– деп бір алдарқатып қояды да – кәрілік ақсақал боп, ата боп келмейді. Кәрілік келін боп, немере боп үйге енеді деп сендіреді. О, Жарықтық Қадекең!
...Адам біткен Жамбыл-жасқа бет­тейді,
Бірақ көбі сол жасыңа жетпейді.
Ел ағасы болу үшін қария,
Жетпіс жасау, сексен жасау жетпейді.
… Ел ағасы болу үшін қария,
Жүз жасап та өлмей қою жетпейді, – деп үлкендіктің сын, жауапкершілік екенін ескертеді. «Құлын біткен бола ма ертең майталман», «Жабыла кеп ойланғанмен әлемің», «Бір қартың бар талмайтын», «Жеткендей бір күткен күнің сарылып» тағы басқа топтама өлеңдері – «Ақылың жетіп, күшің жетпей тұратын қариялық кезіңде демеу болар, сүйеу болар, қуат­тандырар туындылар. Оқи отырып Қадырдың адам жанының суреткері екенін мойындайсың.
Қадыр кәрілік жайлы жазылған бір өлеңін: «Жабыла кеп ойланғанмен әлемің, Жан тапқан жоқ қартаймаудың әлі емін…» – деп бастайды. Осы қос тіркесті «Кәріліктің дәрісі жоқ» деп түйіндеп, оған «Көбелектің кәрісі жоқ» деген әзіл боп көрінетін ақиқат­ты қосарлап алмастай афоризм қалдырды. «Көбелектің ғұмырындай қысқа» дегенді айтатынымыз бар. Көбелектің ғұмыры неше сағат, әлде неше минут? Кім ойланыпты. Не тауыпты?.. Тағы да, Қадекең: Латын деген әріп және латын әліпбиі бар, латын тілі – өлі тілдер қатарында, латын деген ұлт жоқ. Сұмдық емес пе?» – дейді. Дегендері көп қой, қайсы бірін айтып тауысарсың! Қадыр ақын таусылмайтын кеніш, таудай талант иесі ғой.
Қадыр, шамасы қырық жасында «Сексен» деген керемет өлең жазды. Бұл өлеңді жат­тағаныма да елушақты жыл болған шығар. Сексен жасын тойлаушыларға осы өлеңді үнемі айтам. Тыңдаңыз:
Сәлем беріп сексенге қартайдың ба, несі бар,
Ерте-кеш пе, әйтеуір, кәрілік бір басынар.
Ақыл деген теңіз де осы кез­де толады,
Жетпей келген уытың осы кез­де болады.
Жатам десең, жатасың, тұрам десең тұрасың,
Тықыршымай ішесің,
тыныштықтың сырасын.
Көп нәрседен босайсың, келмесе де босағың,
Бұрынғыдай өртене қызғанбайды қосағың.
Талай сері түндерді, құтқарған тек өтірік,
Бүгінде өзің айтасың, күліп қана отырып!
Қалай-қалай десек те бұл бір керек жас екен,
Бұл күндері кемиді күндесің мен бәсекең.
Іштей күтіп жүресің, серпер тұсты тұяқты,
Түнделетіп кеп қалар қонағың бір сияқты!
Не деген данышпандық. Не деген абыздық!
Қадекеңе Алла сексен жасына жетуді бұйыртпады. Жетпіс бес жасқа толғанында Қадекеңе «Елге барайық. Аралайық» деген ұсыныс жасалған. Қадекең: «Жетпіс бес жасты атап өтуге, тойлауға онша ықыласты емеспін. Тойлағандар көп ұзамай бақилыққа ат­танып жатыр», – депті. Неге олай дегенін? Өзінің «Жазмыш» ат­ты шығармасында алдын ала тағдырын болжайтындар жайлы айтылады ғой. Бір тәжірибесі болды ма, кім білген?! Жетпіс бес жасында туған топырағына барып, ел-жұртпен кездесіп қайт­ты. Иә, көп ұзамай Қадекең де Алланың құзырына ат­танды. Тура жетпіс алты жасында 2011 жылдың 5 қаңтар туған күнінде Қадекеңе телефон шалдым. «Айналайын, естілмейді. Жедел жәрдем көлігімен ауруханаға әкеле жатыр. Ке­йін хабарласшы», – деді. Үш күннен кейі хабарластым. «Басымды көтердім, тәуірмін», – деді. Өткен туған күнімен қысқа ғана құт­тықтап, айығып кетуін тіледім. Араға күндер салып әлденеше рет звондап байланыса алмаған соң үйіне хабарласып, комаға түскенін білдім. 22 қаңтар күні 2011 жылы дүние салды. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов Қызылорда облысынан арнайы алты адам делегация жасақтады. Алматыға ат­танып Қадекеңді мәңгілік мекеніне тапсырып қайт­тық.

 

 

Сәби Аңсат

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір