ҚАЖЫТАЙДЫҢ қағытпалары
02.08.2023
244
0

Қажытай ІЛИЯСҰЛЫ

ҚАЖЫТАЙДЫҢ қағытпалары
Қаскүнемді көргенде
Маскүнемді мәпелегің келеді.
***
Орынсыз сөз
Ожардан шығады.
***
Жікшіл жиналса,
Сұңғыланың тұғыры
Сұмпайыға бұйырады.
***
Озбырдың ізінен
Ойбай шығады.
***
Озбыр орға жығылса да
Жөнге жығылмайды.
***
Өзімшілдің ығында
Оңған адам жүрмейді.
***
Аярдың сырты – сыпайы,
Іші – тұрпайы.
***
Дәлдір көбейсе,
Данышпан далада қалады.
***
Алпыс жұлдыз біріксе ,
Ай болмайды.
Алпыс кедей біріксе,
Май болмайды.
Алпыс суайт біріксе,
Наным болмайды.
Алпыс ұры біріксе,
Малың болмайды.
***
Аяр арбаса –
Бүркітке де
Боқ шоқытады.
***
Бір мылжыңға билік тисе,
Отыз қыртқа орын бар.
***
Үйлеспейтін атақтан
Үкілі бөркім артық.

ИТТІҢ СЫНЫ 

(Абайша)
Шот маңдай, кетігі бар, шойын құлақ,
Ешкі бас, есек мойын, бөтен қабақ.
Аузы обыққан жымысқы, пайда жанды,
Ой – келте, сумаңдаған болса, шолақ.
Теке тіл, бұқа мұрын, темір тісті
Опасыз, өңі салқын, кебін түсті.
Оның дерті – сүйекті бөксесіне
Өлшеп жұтпай, шошынды «өкінішті!»
Атақты ұры ит екен түбін білсек,
Үйрендік иттігіне бұрын күлсек.
Екі көзі ішіп-жеп қарағанда
Жан түгіл, мал жуымас, айдап көрсек.
Бозбала әуліктіріп үргізгендей,
Терісін «ұнты» жасап кигізгендей.
Шаптығып, шапқан аттың құйрығына
Ауызын қалмайды әсте бір тигізбей!..

ЕЗДЕРДІҢ ІСІ БІТЕР МЕ?!

(Махамбетше)
Есегіне жем салмай, 
Ештеңеге зер салмай, 
Өрістегі біреудің 
Ешкісіне ен салмай, 
Сүйеуші мығым болған соң, 
Сүйкенгеннен «енші» алмай, 
Шын асылды жасытпай, 
Озғанның миын ашытпай, 
Жүрген жерін сасытпай, 
Ездердің ісі бітер ме?! 
Жалпақ елден жасқанбай, 
Жымқырмаса, ас болмай, 
Екі күннің бірінде 
Тілін шайнап, мас болмай, 
Ұлт рухын ұқпайтын, 
Хас Албасты басқандай 
Жұрттың қамын ойлаған 
Жүйріктерге қас болмай, 
Жүректері тас болмай, 
Ездердің ісі бітер ме?! 
Обалына қарамай, 
Өшігіп көпке қарадай, 
Кәдесіне жарамай, 
Жөні келсе, жұлқынып, 
Жақсыға жала жамамай, 
Іштен туған озбырдай, 
Төңірегін тоздырмай, 
Ым қағып, итақайына 
Есегін аттан оздырмай, 
Ездердің ісі бітер ме?!
Мойынға мінген масылдай
Мешкейлігі басылмай, 
Зиянды зымияндықтың
Тереңге кеткен тасындай… 
Қай бұрышқа барса да, 
Өнердің өңін қашырмай, 
Айналасын шулатып, 
Арамдығын асырмай
Ездердің ісі бітер ме ?!
ЕШКІНІҢ «ЭСТЕТИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫ»

Мүмкін ақ, мүмкін көк шыбыш,
Әйтеуір, сіздің ауылда жоқ шыбыш.
Жусанды жұлып, жуаға оттағанда,
Сонан соң түрегеп тұрып,
құмалақтағанда
Көтере алмағаны ма тоқтықты?
Қой байғұсқа
бекерден-бекер соқтықты:

– Сен әйтеуір қайдағыны тауып жүресің!
Ми қайнаған ыстықта да
Құйрығыңды жауып жүресің.
Біз сияқты самалға тосып,
Күнге қақтамайсың.
Расын айтқанда,
Тазалық сақтамайсың.

– Шыбыш, шырағым,
Өйтіп, бет алды ширықпа!
Сенікі менікінің қасында, құйрық па?!
Тұтамға толмайтын бірдеңеңді
Тұштаңдатып, қызық көреді екенсің
Басқаның жанын кірлегенді…

– Мен, сені кемсітіп тұрғаным жоқ.
Айыбыңды айтып
Тершітіп тұрмын.
Сәл-пәл желдетсең,
Жау ала ма!
Тыржалаңаш жүрген ғой,
Біз түгіл,
Адам-ата, Хауа-ана да.

– Ол кезде киім болды ма?
Тым құрыса, баспанасы жоқ,
Жағдайы қиын болды да,
Киетін ештеңе таба алмаған шығар?
Әйтеуір сенше абыройын ашпай,
Тері-терсек жамылып,
амалдаған шығар,
Менің құйрықты жауып жүруім –
жайына емес…
Осы күйі қалармын.
Ал сен жыл он екі ай
Ашып жүрсең де айып емес,
Өйткені солай жаралдың.
Әр нәрсенің реті бар,
Дұрыс-бұрысын айырасың…
Жұрттың ішек-сілесі қатпай ма,
Саған ұқсап, құйрықты көкке қайырсам?! –
деп қой жарықтық шыбышты
Біраз сілкіп алды.
Содан, міне,
Осындай күлкі қалды.

***
Меніңше, ештеңе
Қалыбынан ары аспайды.
Ендеше, қой бекер таласпайды.
Өйткені шыбышқа еліктеп,
Жеңіл-желпі киіну –
Кейбір бикештерге де жараспайды.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір