АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісі Жезқазған қаласында өтті.
Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісіне облыстық ҚХА Хатшылығының басшысы – Е.Құсайын, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары – З.Ақылбекова, Қарағанды облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы – С.Нұрмағанбетова, Жезқазған қаласы Аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан және Ресей Жазушылар одағының мүшесі, ҚХА мүшесі, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының директоры – З.Чумакова, «Қазақстан-Қарағанды» облыстық телеарнасының бас редакторы – С.Батырханқызы, «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы – М.Абдрахманова, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы Аналар кеңестерінің мүшелері, сондай-ақ, мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктер мүшелері қатысты.
Мәжілістің жоғары мәртебелі қонағы – белгілі жазушы, этнограф, Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы – Зейнеп Ахметова болды.
Іс-шара мұражайдың конференц-залында «Аналар кеңесі» отырысымен жалғасты. Іс-шара шеңберінде мұражай директоры, Жезқазған қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Зинаида Чумакова атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселе қазіргі қоғамда балаларды тәрбиелеу, отбасының сақталуы сынды мәселелерді шешуде Аналар кеңесі ролінің қаншалықты маңыз атқаратындығы, негізгі ролі болды. Қатысушылар – жастар арасындағы суицид, оның пайда болу себептері, нашақорлық және балаларға қатысты зорлық-зомбылық, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастардағы агрессивті мінез-құлық, т.б. мәселелер жайындағы сұрақтарға жауап іздеп көрді. Тастанды балалар және еріксіз орын алған жүктілік тақырыптары да қозғалды. Аналар кеңесінің болашақтағы жоспарлары, бірлесе іс-шаралар өткізу жайы талқыланды.
Зейнеп Ахметованың ұшқыр ойы, байқампаздығы мәжіліс қатысушыларына да ерекше жігер дарытты.
Жастарды тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып, өскелең ұрпақты дәстүрлі отбасылық құндылықтарға тартуда белсенділік танытып жүрген «Ақ әжелер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мүшелеріне облыс әкімінің алғыс хатын облыстық ҚХА хатшылығының басшысы Е.Құсайын табыстады.
Жезқазған қаласы «Аналар кеңесінің» төрайымы Зинаида Чумакова – Зейнеп Ахметоваға мұражайдың атынан «Жанданған тарих іздері» кітабын, арнайы дайындалған кәдесый ұсынды.
Жезқазған қаласы Аналар кеңесі өңірдегі ауқымды шараларды атқарып келеді. Олардың ішіндегі тәрбиелік мәні зор «Қызы мен анасы», «Әке жолы – бала бағдары» жобалары. Бұл жобалар әулет дәстүрін жалғастыруға бағыттайды. Өскелең ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беруде толыққанды отбасы айрықша әсер ететіні шындық. Сол себепті алдағы уақытта «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері – батыр аналарға құрмет көрсету жобасы бастау алмақ. Сондай-ақ, көпұлтты Қазақстанның жетістіктерін көрсететін тағы бір жоба әзірленіп жатыр. Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің қызметі әрі қарай жарасымды жалғасын таба бермек.