Көкпар (әңгіме)
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, сатирик Айтбай Тәсілов 75 жасқа толып отыр. Мерейтой иесін құттықтай отырып, әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакция
«Қазақтың қандай екенін білгіңіз келсе, ат үстіндегі кезін байқаңыз. Ғасырлап жеріне көз алартып, алаңсыз жатқан, бейбіт елін тұтқиылдан сан рет шапқанда, батысынан, шығысынан, солтүстік-оңтүстігінен ат үстінде жиылып келіп, «жауын жер қылып жеңген». «Нағыз қазақ – домбыра» деген афоризм иесі, сөз сардары, қазақ өлеңінің Қадырына еліктей айтсақ: «Нағыз қазақ – ат мінген қазақ». Бұл – Шәймерден қарттың тұжырымы. Орта мектепті бітіріп қалаға кетіп, бар ғұмырын сәнді сарайлар салуға арнаған архитектордың өткен өмірінде орындалмаған бір арманы, енді қартайғандағы бір өкініші – көкпаршы, шабандоз бола алмағаны еді. Онысын қозғай түсетін балалық, бозбалалық шағынан жеткен көкпарға байланысты елестер соңғы кезде жиі есіне түсетін болып жүр. Ондайда немерелеріне: «Көкпар шапқан кезім болған», – деп күпілдеңкіреп қойып, көзі жасаурай өткенді көз алдынан жүгірте әңгімелегенді ұнатады.
«Үштөбе» мен «Мәслихат» жотасының аралығындағы ойпаңдау жазыққа алты жүзден астам аттылы көкпарға жиылған. Алты жүздің ішінде көп болса оншақтысы – өңірге белгілі шабандоздар. Қалғандарын да тарата айтсақ, екі жүздейі – шабандоздар іле жөнелген көкпардың шамасы жетсе де, жетпесе де жабыла жабыса тартыса жөнелетін «көкпаршылар». Тағы бір жүзі – көкпар десе ішкен асын жерге қоятын, желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын. Екі жүздейі – дода кезінде атын қамшылай алға ұмтылғанымен шеттеп қала беретін, бір мықты доданы жара көкпарды алып шығып, өзін қоршаған топты ығыстыра мәреге бет алған шағында, қиқулай жанамалай шабудан еш жалықпайтындар. Төрешіні төңіректеген тағы бір жүзі – көкпар қызықтауға келген қариялар, даулы жағдайда төрелігін, шатақтасуға бет алғанда басу айтатын аузы дуалы ақсақалдар. Бұл соғыс салған қайғы-қасіреттің ізі әлі өше қоймаған, өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасы ауған тұс. Соңғы жүздіктің арасынан қолына не аяғына протез қойылғандары да көрінеді. Екі аяғы тізеден жоғары кесілген, Шәймерденнің әкесіне іні болып келетін Құдірет атаны ұлы Рүстем үш аяқты мотоциклімен көкпарды қызықтауға алып келді. Қызуы мен эмоциясы мол, алапат тартыста, жақын маңда жаяуларға, әсіресе балаларға жүру қауіпті. Таптап кетуі әбден мүмкін. Соны ескерген ұйымдастырушылар, екі мәренің орта шенінен жарты шақырымдай қашықтау төбешікке, төрт-бес жүк көлігін қатарластыра қойып, «көрініс алаңын» жасапты. Көкпарға он екі жастағы Шәймерденді мінгестіре келген ағасы Қалмахан, әлгінде оны осы машина үстіне шығарып кеткен. Мотоциклде қалуға да болмайды. Төрешілердің көмекшілері қадағалайды. Құдірет атаны да баласы мотоцикл люлкесінен көтеріп алып келіп, машина үстіндегі орындыққа жайғастырып, Шәймерденге: «Атаңа қарап тұр. Қажет болсам шақырарсың!», – деп, қайтадан түсіп кетті. Машина үстінде – атқа мінуге қауқарсыз, қалт-құлт етіп қалжыраған сегіз шал мен Шаймерден қарайлас оншақты бала. Атасы Шаймерденді қасына шақырып:
– Кеше Қалмахан үйде болғанында сені де көкпарға ала келем деп еді. Соны естіген біздің үйдегі апаң беріп жіберді, – деп қалтасынан орамалға түйілген бір уыс кәмпитті шығарып, Шаймерденге ұстатты. Құдірет ата әлі елуге толмаған. Соғысқа кавелерист болып қатысыпты. Жау бекінісіне атты әскер құрамында шабуылдап келе жатқанында, атының аяғының астынан мина жарылған. Содан аяқтары быт-шыты шыға опырылып түскен. Дер кезінде көмек болып, әскери дәрігерлер екі аяғын тізеден қарыс жоғары тұсынан ампутация жасап, өмірін сақтап қалыпты.
Атасының жанында отырған жұқалтаң сары шал бұларға назар аударып:
– Құдірет, бұл қай бала? – деді.
– Қалмаханның інісі Шаймерден, Сұлтеке.
– Ә-ә-ә… Болашақ шабандоз десейші. Балақай бері келші! – деп Шаймерденді өзіне қарай шақырды. Жақындап барған оған оң қолын ұсынып:
– Қане, жақсылап қыс, – деді. Қолы қысылған қария, риза кейіпте:
– Дұрыс, – деді де, қол-басына зер салып, одан білек бұлшықеттерін саусақтарымен киім сыртынан түрткілей өтті. Ары қарай шынтақтан жоғарылап, тоқпан жілікті алды-артынан жауып тұрған қардың екі басты және үш басты бұлшықеттерін басып тұрып:
– Қолыңды шынтақ тұсынан бүкші, – деді. Бүкті. Екі басты бұлшықет тастай болып бұлтиып шыға келгенде, Шаймерденнің арқасынан қағып:
– Жасың нешеде? – деді.
– Он екіде.
– Тіфай…Тіфай. Тіл-көзім тасқа… Құдірет, мен бірнәрсе білсем, енді бір жеті жылдан кейін атақты Шаймерден шабандоздың салым салғанының шет жағасын мен де көріп қалатын шығармын. Ол кезде тоқсан бірге келеді екенмін. Кім білсін, Құдай рақым етсе… – деп, балаға көңілі толғанын білдірді. Күздің суық желінен көздері жасаураса да алысты жақсы көретін шалдар, көкпарға келген шабандоздарды түгендеп, кімдердің сәйгүліктері бабында екенін әңгімелеп, қауқылдасып жатты.
– Құралбай қаракерін бұл көкпарға қатыстырмайды деп еді. Әне келе жатыр ғой, – деді, көзін оң қолының саусақтарымен көлегейлей қараған шегір көз, селдір сақал қарт.
– Қай жақта?.. – деді Сұлтан қария елеңдеп.
– Анау топ аттылының сол жағында келе жатқан қос аттылының бірі – Құралбай да, жанындағы қаракеріге мінгені – шабандоз Бақыт емес пе?!
–Иә, дұрыс айттың. Солар… – деп, дүрбілі шал қостады. Одан әрі шалдар біраз дауласа отырып, Күденнің күреңін, Еркебектің бурыл жүйрігін, Тұрдықұлдың торысын, Шабданның шұбарын түгендеп, тағы бірсыпыра арғымақ мінген шабандоздардың бүгінгі көкпардағы салым салу мүмкіндіктерін талдап, арагідік ерегіске өтіп, «болғанынан, боладысы қызықтың» алдында, көңілдене желпінген сыңайлары бар. Бұ кезде көкпардың басталып кеткенін даурыққан шалдар байқамай қалды. Тек дүрбілі шал:
– Қараңдар! Дода! – деп, дүрбісіне үңіле, жіңішке үнмен ескерткенде ғана шалдар да, балалар да мойындарын соза, тым-тырыс күйде, көкпарлы жаққа қарай қалысты. Абыр-сабырлы жағдайда, жүздеген аттылы үйіріле қалып, оқта-текте ащы дауыстар шығара, ортада жатқан көкпарға тебіне ұмтылып, «беріспейтін» сыңайға көшкен кез. Бүгінгі күнге шауып өтіп айтсақ, бұл дода бәріміз телеэкраннан қызықтап жүрген, төрешінің қатаң бақылауындағы, ережеге бағынған, белгіленген сызықтың ішіндегі, санаулы шабандоздың додасына мүлдем ұқсамайды. Еркіндік деп осыны айт. Қарақұрым көкпаршылар қатысқан додада, ережені елеу қиынға соғып, төреші де шеткерілеп қала береді. Ессіз батылдық дейсіз бе, көзсіз батырлық дейсіз бе, ептілік, ерлік дейсіз бе – бәрі, бәрі осы доданың ішінен табылады. Ат құлағында ойнауды да, ат сауырында тартысуды да осы додадан көресіз. Қауіп-қатерден жасқану деген атымен жоқ. Көкпарға ие болып, доданы жарып шығу үшін өзін ұмыту бар. Міне, бұл бұрынғылар шапқан, ережеге бағына бермейтін көкпар болса керек, сірә. Бір сәт: «Бабалар көкпарды осылай шапқан-ау шамасы…» – деп, кеудеңде мақтаныш сезімін жылт еткізер көрініс көз алдыңда көлбеңдейді. Дөңгеленген додашылар көкпарды іле жөнелгеннің бағытына қарай он бес-жиырма қадамдай жылжып барып, ол көкпарды түсіріп алды ма, тоқтай қалып, қайтадан жүздеген аттың тұяғы таптап тұрған жерден, көкпарды еңкейе алып шығуға ұмтылады. Осылайша, Шәймерденнің шамалауында он минуттай уақыт өткенде, додашылар солтүстік-шығысқа ығыса сырғи жөнеліп, доданың қаумалай қоршаған берік қамалы сетіней ашылып, көкпарды тақымына басып үлгерген шабандоздың анық болмаса да, біршама сүлбесі байқалды. Ол қуалай жармасқандарды елең етпей, тегеуірінді кейіп таныта алға тартып барады. Жармасып бара жатқандар жоғарыда айтқан оншақты шабандоз емес, көкпаршылар. Қиынның қиыны көкпарды іліп, доданы жарып шығудың «бағасын» білетін мәрт шабандоз, «дайын асқа, тік қасық» болып, киліге кетуге арланады. Шалдар көкпарлы топтың арасындағы жағдайды бағамдауға көздері жетпей: «Көкпар кімнің тақымында?..» – деп, бір-бірінен сұрап, дегбірсіздене, орындарынан ұшып кетердей, елпеңдей бастады. Дүрбілі шал:
– Құралбайдың қаракеріне мінген Бақытта! – деп нық жауап қатты. Ұзынсонар көкпар соңынан қуалай шапқандарды бастап бара жатқан жиырмашақты көкпаршы, қаракерідегі Бақыттың «Мәслихат» жотасындағы мәреге бет алысын қақпайлап, алыса-жұлыса тартысып, мейлінше, кедергі келтіруге тырысып барады. Жота беткейіне көтеріліп бара жатқан қаракерінің шабысын мәреден аулақтата, оңға бұруға қарсыластардың шамалары жетті. Біреу қаракердің алдына шығып кетіп, жүгенге жармасты ма, көкпарлы топ айнала шауып барып, кері қайтты. Бұл көрініс Шаймерденнің есіне жазда жайлауда, малды ауылда болғанында, Айжарқын жеңгесінің ерте тұрып, ас пісіру үшін киіз үй алдындағы ошаққа қойдың қиын жағатыны түсті. Қидың қою көк бұйра түтінін таң самалы желпи жетелеп, үй іргесіндегі төбенің беткейіне қарай шұбатылған күйінде ала жөнеліп, беткейде біраз аялдап, ол жақтан басқа лептің әсеріне ұшырай ма, көк бұйра қалпын бұзбай, созыла киіз үй артына қайта оралып, одан шығыс жақтағы жазыққа қарай мамыражай тіршілік белгісіндей жалқаулана созылып кете баратын.
Кері қайтқан көкпарға, соңдарынан шұбатылғандар жетіп, жабыла жармасып, аз-кем қаракердің шабысы шоқытуға өткендей болды.
– Ат шаршап қалған жоқ па?.. – деді шалдардың бірі тағатсыздана.
– Жоқ, шаршамауы тиіс, – деп байсалды үн қатты Сұлтан. – Бұл екі-үш шақырымға болдыратыннан емес, алысқа шабатын тұлпар ғой. Жеңістің он жылдығына орай Жызақта өткен өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен жүйріктері қатысқан аламан бәйгеде екінші орын алған. Естеріңде шығар, баяғыда, соғыстан бұрын «Мәжінбектің қара төбелі» деген жүйрік болған. Мына қаракері соның тұқымы.
– Көкпар кімде өзі? – деп, әлгі шыдамсыз шал ширыға үн қатты.
– Әлі Бақыттың тақымында, – деді дүрбілі қария.
– Тақымына бір басқасын Бақыт ешкімге бере қоймайды. Мықтылардың бәрі мына жақта, анау бас төрешінің, қариялардың төңірегінде тұр. Ол жақта Бақытқа басымдық көрсететін ешкім жоқ, – деп, Сұлтан қарт сөзін түйіндей сөйледі. Осы кезде Бақыттың жақтастары қарсыласты жүгеннен айырып, қаракерге ешкімді жуытпай иелік ете, қоршай жол ашып, ол «Мәслихат» жотасының сол жағын орай арқан бойы оза шауып бара жатты. Әне-міне дегенше мәреге де жетіп, көкпарды дөп тастаса керек, артынша ол жақтағы төреші қолындағы қызыл жалауын көтеріп, мына жақтағы бас төрешіге белгі берді. Бақыт «іс бітті» дегендей, қос қолын көтере, ойқастай шауып, жақтастарының жарыса қолпаштауында, тізгінді бос жіберіп, бері қарай арындатып келеді. Сол күйінше бас төреші тұрған тұсқа келіп тоқтады. Бас төреші маңына жақындай жиылған топ «Үштөбеліктер» жағының салымын бірауыздан мақұлдаса керек, дау-дамайсыз тыныштық орнады. Осы кезде мәредегі көкпарды алдына өңгерген аттылы шапқылай келіп, онысын бас төрешінің алдына тастады. Тағы дода. Бұ жолғысы алдыңғысындай көпке бармады. Дөңгеленген топтың оңтүстік бүйірі созыла бұлтиып барып, жарыла ашылды. Оншақты көкпаршы қоршай шапқан шабандоз суырылып алға шығып, бірден «Үштөбе» мәресіне қарай тартып бара жатты.
– Еркебектің бурылы, – деді дүрбілі.
–Үстіндегі кім? – деп сұрады шыдамсыз.
– Ілес шабандоз, – деді тағы да сол дүрбілі.
«Мәслихаттардың» додадан сәтті шығуы Ілес шабандоздың жиі қолданатын «әдісі» еді. Ілестің «әдісі» – көкпарды іле салысымен жоғары көтермей, жақтастарының қоршауында, қарсыластардан ешкімнің қолы жетпестей етіп, жермен сырғыта отырып, дода алаңы ашылғанда барып, жоғары көтере тақымға басу болатын. Бұ жолы да сөйтті. Бурыл қуғыншылардан ә дегеннен-ақ оқ бой озып, мәреге ағып барады.
– Ендігісі белгілі. Бурыл жүйрікті қуып жететін арғымақты бұл көкпардағылардың ішінен көріп отырған жоқпын. Салым – «мәслихаттыкі», – деді Сұлтан қарт тағы да түйіндей сөйлеп. Біледі. Білгесін, түйіндеп айтады. Айтқаны келіп, есеп бірде-бір болды. Үшінші додада еттері қызып қалған көкпаршылар жылдам әрекетке көшіп, көп күттірмей, тақымында көкпар бұлғақтаған Шабданның шұбарындағы Рақым шабандоз, қаумалай жақындаған қарсыластардан қара үзіп кетуге тырысып, қия тартып, көкпардан айырылып қалмау әлегінде барады. Қарсыластар жүгенге жармасып, тағы бірі ат құйрығын тартқылай шұбардың шабу бағытын өзгертіп жіберіп, үш жүздей аттылы дүркірей шауып, «көрініс алаңына» қарай қиқулай төніп келеді. «Жан алып, жан берісердей» кейіптегі қалың топтың қылышы жоқ демесе, соғыстағыдай өңдері суық. Қарсы қарап тұрғанның есін шығарып, жанын түршіктірердей-ақ жағдай… Шалдар сыр бермегенсігенімен, демдерін іштеріне тарта тым-тырыс бола қалды. Балалар да үнсіз. «Көрініс алаңына» таяп қалғанда, Рақым көкпар сирағына жармасып келе жатқаннан жантая тартып, көкпарды жұлып алғасын, шұбарды оңға қарай шалт бұра шапты. Жанай шапқан қырықшақты аттылы жүк көлігіне жетпей бұрылып үлгергенімен, көкпаршылар жақта тұрған Рүстемнің «үш аяқтысы» ат тұяғының астында қалып, жанына жантая құлап, люлкесі аспанға қарап қалды. Шалдардың бірі мініп келген есекте сұлай құлаған жерінен тұруға әрекет жасап жатты. Бір тәуірі адамдар дін аман. Рақым сол шапқаннан «Үштөбе» мәресіне жақындай түсті. Қарсыластар қамауында алысып-жұлысқан арпалыста, тағы бірер айналым жасап, ақырында ебін тауып, көкпарды мәреге салды. Бұған дейін тым-тырыс қалған шалдар қозғалақтай бастады. Жастары қарайлас құрдастар бір-бірін қажай-қағытып:
– Көзің де, өңің де бозарып кетіпті… Жаңа көкпаршылар осылай қарай анталап келе жатқанда, жіберіп қойғаннан саумысың?.. – деп әзілдесіп, көңілденгендері байқалды. Құдірет ата жайсыздық сезінді ме:
– Шаймерден, Рүстемді шақыршы, қайтайық, – деді, Рүстем келгесін, Шаймерденге:
– Күн салқындап барады. Жеңіл киініпсің, Жолай үйіңе апарамыз. Бізбен бірге жүре ғой, – деді. Шалдармен қайырласып жатып:
– Сұлтеке, Қалмаханға айта салыңыз, Шәймерденнің бізбен кеткенін, – деп өтініш білдірді.
Шәймерденнің кеудесіндегі көкпарға деген құмарлық «шырағы», сол жолы жанған еді. Кітап оқығанды дұрыс көретін ол, ұзақ ғұмырында тарихи көркем шығармалар оқи қалғанында, қазақ атты әскерінің шабуылдаған тұстарын бейнелеген жерлерінде, көз алдына «көрініс алаңына» қарай шапқылап келе жатқан үш жүз аттылы елестеп, автордың айтпақ ойын жеңіл ұғына қоятын. Жазғы демалыста малды ауылға барғанында, кеңшардың сиыр бағуға берген шобыр торы атынан түспеді. Ол мәстек қартайып қалған, қанша тебініп, қамшы салсаң да шоқытудан арыға бармайтын, жем жеу жағынан қорең, қарны қампайып кеткен жуан, жуас, жалқау ат еді. Соның үстінде күн сайын көкпар шабудың «имитациясын» жасап, жаттықты. Қалмаханның әскерден киіп келген сары фуфайкасын қазық басына іліп қойып, торымен шоқытып келіп іліп өтуге машықтанды. Жерде жатқанын ілуді он беске толған жылғы жазда ғана қол жеткізді. Қазыққа арқан байлап, айнала шоқытып жүріп, оны егерден ауа тартумен айналысты. Ал өміріндегі жалқы рет көқпар шабу орайы, мектеп бітіретін жылғы қысқы каникулда келді. Енді сол «жалқысын» немерлеріне өзі қалай әңгімелегеніне құлақ түрейік: «Қалмахан ағам әкемнен «қара тыз етпесін» сұрап алып, мені мінгізіп, көкпарға еріте келді. Ат сыншысы жұп-жұмыр, бұлдырықтай шағын денелі, жылтыр қара сол атты аз қашықтыққа тез жетіп, ұзақтауында болдырып қалуына орай, «Қара тыз етпе» атаған екен. Ол кезде Қалмахан аталарың өңірге аты шыққан шабандоз. Содан «Жеті саладағы» қатысушылары екі жүзден аспайтын көкпардамыз. Алдын ала айтып қойған: «…мен қөкпарды алып шыққанда, маған жанай шап. Саған көкпарды асырып жібергесін, оң тақымға бас та, қамшыны сал… Мәреге зымыра… «Тыз етпе» ешкімге жеткізе қоймас», – деп. Дода болып жатыр. Мен айналып жүрмін. Бір сәтте ағам қамшысын құлағынан тістеп, көкпарды қос қолдай шалқая, ерден ауа, шірене тартып, жата жабыса түскен оншақты көкпаршыны сүйрелеген бойы, додадан суырылып шыға берді. Тебініп қалып едім, «Тыз етпе» де қабаттаса ызғый жөнелді. Ағамның өзі де, аты да мықты болатын. Көкпарға жабыла жабысқандарды елең етер түрі білінбей, екпіндей тартып барады. Ұзаңқырай бере, бойын тіктеп алды да, жан-жағын жылдам бажайлап алғасын, атының басын бір шақырымдай жердегі мәреге қарай бұра, тізгінді еркіне жіберді де, әлі тартысып келе жатқан өңірдің белгілі шабандозынан аттың сол бүйіріне бар денесімен ауа тартып, жұлып алғасын, қайта тіктеліп, текені сол тақымына қысты. Астындағы «көк биеден» туған көк дөнені, алдындағы төбешіктегі ақ байлаған мәреге бет түзеп, сытылып шығып, оқ бойы жалғыз келеді. Ағам сол жағында, сәл артта шауып келе жатқан мені байқап, жақында дегендей белгі берді. Тақымындағы көкпарды босатып, қос қолдай көтеріп, жақындап үлгерген менің алдыма тастай салды да, «тарт!» деп саңқ ете қалды. Бәрі қас-қағым сәтте өтіп жатыр. Жерде қырбақ қар бар. Аспан ашық. Тал түс. Жер тайғақ. «Тыз етпе» қамшы салдырмай-ақ ағып келеді. Аяғы тайып кетіп, мұрттай ұшуымыз да ғажап емес. Ат үстіндегі тепе-теңдікті сақтау бұрын көкпар шаппаған, тәжірибесі жоқ маған қиын тигендіктен, лыпып келе жатқан аттан ауып кету қаупін сезініп, көкпарды тақымға баса алмадым. Арт жаққа жалт қарап үлгеріп едім, жүз метрдей жерде бес-алты қуғыншылар… Екі арада мені қорғаштап ағам келеді екен шапқылап. Көкпарды өңгерген күйімше мәреден өтіңкіреп барып, тастап кеттім. Төреші: «Мәреге дөп тастамады», – деп қисайды. Даулы жағдайда төрешіге жәрдемшілік көрсететін, сөздері өтімді үш қарияның бірі Шәріпхан: «Баланың бетін қайтарма!» – деп, әріректен топ көкпаршының арасынан айқайлай ескертіп еді, төреші райынан қайтты. Бұл менің соңғы рет атқа мінуім екен. Бес айдан кейін Алматыға оқуға кеттім де, өмір атқа емес, үстелге отырумен жалғасып кетті. Бәрі кеше ғана сияқты көрінгенімен, одан бері де елу үш жыл зымырап, қас қағымда өте шығыпты».
* * *
Ұлы сәскеде креслода теледидарға көз тастап отырған Шәймерденге тыстан кірген зайыбы Рәпия апа:
– Жеті немерең жеті жүз мың теңгеге саған арғымақ сатып алыпты. Мерейлі жасқа келуіңмен құттықтап, «соған қазір мінгіземіз» деп есік алдына әке-шешелерімен қосыла жиылып келіп тұр. Бол, балаларың күтіп қалды. Киініп шыға ғой, – деп асықтырды. Шықты. Балалары мен келіндері, немерелері, бірен-саран есейіңкіреп қалған шөберелері шуылдай қоршап, әкесіне, атасына деген ықыластарын білдіріп жатыр. Жүгені күміспен күптелген ерттеулі ақбоз атты, үлкен немересі Жанат жетелеп келіп, көлденеңінен тоқтатқасын, тартпасының тартылуын тағы бір рет тексеріп, атасының қолына сегіз өрім қамшы ұстатып, шылбырға иелік еткен қалпында:
–Ал, ата, мініңіз! – деді. Аяқты үзеңгіге салып, ердің басына жармасып көрді. Денесі ауырлап қалған сыңайлы. Көтеріле алмады. Екі ұлы екі жақтан қолтықтай демеп, әрең дегенде атқа қондырды. Тақымы қажетсіздіктен, тастай қатып қалу қызметінен әлдеқашан айырылғанын ұғынды. Жанат атты жетелей, аула ішінде ары-бері жүрді. Бәйбішесі бас болып, ұрпақтары қаздай тізіле қызықтай қарап тұр. Ауып кетем бе деп, өзін сенімсіздеу сезініп, ер басын қос қолымен сығымдай ұстаған, қопал кейіптегі Шәймерденнің: «Қайран жастық! Қайран жастық!» – деп күбірлей күрсінгенін ешкім естімеді.
Айтбай Тәсілов