Ұлт руханиятының жауһарына – 95 жыл!

2025 жылдың 20 мамыр күні Ұлттық кітапханада республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің 95 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті.
1930 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Ұлан» газеті – жас оқырманның сырласы, ақылшысына айналып, талай жасөспірімнің ой-өрісі мен шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосып, сенімді серігі болған рухани ұстаз. Газет тарихында Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен сынды қазақ руханиятының көрнекті өкілдері бас редактор болған. Ал Асқар Жұмаділдаев, Смағұл Елубай, Көпен Әмірбек, Өркен Кенжебек, Руслан Меделбек, Данияр Жігітбек, Мирас Кесебай, Асхат Еркімбай, Думан Смақов, Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай, Алпамыс Файзолла, Ысқақ Егемберді, Мадина Омар, Қанат Махамбет, Мейрамбек Беспаев, Еркін Нұржанов сынды жұрт арасында әйгілі тұлғалар жастық шағында «Ұланның» белсенді жас тілшісі атанып, алғашқы материалдарын осы басылымда жариялаған. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Мен алғашқы мақаламды қолым қалтырай отырып, осы газетке арнап жаздым. Артынан осы газет қызметкері болдым. Осы газеттен қанаттанып ұштым. Кейін біраз республикалық газеттерде бас редактор болдым. Осы үшін кешегі «Пионер», бүгінгі «Ұланға» қарыздармын» деген еді.

Рухани шара Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаттың оқушыларынан құралған «Ақжелең» ансамблінің өнері мен «құлақтан кіріп, бойды алатын» ән мен жырдан басталды. Салтанатты жиынға әр жылдары «Ұлан» газетіне мақала жазған, шығармашылық жолын аталмыш басылымнан бастаған журналистер мен ақын-жазушылар қатысты. Мерейтой аясындағы маңызды сәттердің бірі биыл екінші рет ұйымдастырылған «Тастүлек» шығармашылық байқауының қорытындысы болды. Айта кетейік, бұл байқау «Ұлан» газеті мен Зейнолла Сәнік қорының қолдауымен мектеп оқушылары арасында өткізілді. Жеңімпаз атанған оқушылар арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталды. Шығармашылыққа толы шара соңында жиналған қауым ықыласқа толы құттықтау сөздер мен жалынды тілек жолдап, арнайы марапаттар мен естелік сәттерден хабар беретін көрме ұйымдастырылды.

«Ұлан» газеті қазақ балаларының жан-жақты болып өсуіне ықпал етіп келеді. Мәселен, газетте әртүрлі айдарлар жарыққа шығып тұрады. Әсіресе «Өнертапқыш», «IT және инновация» айдарларында еліміздің технология саласына үлес қосқысы келетін талантты жасөспірімдермен сұхбаттар жарық көреді. Ұлттық кітапханадан жас өнертапқыш балалардың өнерін де тамашаладық. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған Cristabol командасы өз өнертабыстарын әкелді. Айта кетейік, Cristabol командасы жуырда ғана АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен, 110 елден 50 мыңнан аса оқушы қатысқан халықаралық First Championship 2025 инженерлік турнирінде 3-орын иеленген болатын. Осындай талантты жастарды оқырманға үлгі етуден шаршамаған ата басылымның мерейтойы аясында робототехникадан халықаралық додалардың жүлдегері Альфия Байжақып пен Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Нұрәли Саятұлы өз өнерлерін көрерменге паш етті.

95 жылдық тарихта «Ұланда» қызмет етіп, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан жандардың санынан жаңыламыз. Олардың қатарындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Нұрлан Оразалин, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, публицист, ғалым, «Ұлан» газетінің 1977-1980 жылдардағы бас редакторы болған Бейбіт Қойшыбаев, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ұлан» газетінің 1986-1989 жылдардағы бас редактор қызметін атқарған Бейсенбай Сүлейменов, әдебиетші, қаламгер, 1989-1991 жылдардағы бас редактор Ғалым Доскен секілді тұлғаларды ерекше атап өту қажет.

«Ұлан» – ұлы жолдың бастауы, қазақ баласына рух берген руханият көзі. Талай талант осы басылым арқылы алғашқы асуын бағындырып, қазақ руханиятының шыңына көтерілді. Ұлт руханиятының жауһарына айналған «Ұлан» газетінің ғұмыры мәңгі болғай!
Дана САДЫРҚАН
ПІКІРЛЕР1