Атомдар қозғалысы – таңғажайып әуенмен сыр шертеді
Төлеген ҚОЖАМҚҰЛОВ,
академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Кішкентайынан «вундеркинд» – таңғажайып қабілетті бала атанған, бүгіндері белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов туралы айтар сөз – аз емес. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары күллі қазақтың жүрек лүпіліне айналған бас қала – Алматыға оқу іздеп, КазГУ атты қарашаңыраққа ат басын тіреген Т.Қожамқұлов білім нәрімен сусындай жүріп, сол оқу ордасы аясында 50 жыл танбай, талмай қызмет атқарып келеді. Білген жанға елу жыл – ердің жасы, ел жаңаратын уақыт.
Ректорлыққа дейінгі жолдың әрбір баспалдағынан асқан ыждахаттылықпен, ерен еңбекпен өткен ғалым Төлеген Әбдісағиұлы ҚазҰУ атты оқу ордасының тізгінін қолға алар алдында Кеңсай кешеніне тәу етіп, онда тыныстап жатқан байырғы ректор, ҚазҰУ қалашығының салынуына зор еңбегі сіңген білікті басшы Ө.Жолдасбековтің басына барып, Құран бағыштатып, «Өлі разы болмай, тірі байымайдының» ұстанымды үлгісін жасапты.
Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов – біртуар физик-теоретик, өрістің кванттық теориясы саласы бойынша қазір әлемге танымал ірі ғалымдардың бірі. 1986 жылы УКСР ҒА-ның Теориялық физика институтында КСРО-да тұңғыш болып «Калибрлік өрісті керегекөзде стохастикалық кванттау» атты керегекөзді калибрлік теория тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.
Төлеген Қожамқұловтың ғылыми зерттеуіне – физиканың жаңа саласы «кванттық хромодинамика» бағытында Кеңес Одағындағы тұңғыш докторлық диссертация деген баға берілді. Диссертациялық кеңестің төрағасы – аса танымал ғалым, атом ядросының кванттық тамшы моделінің, «Кванттық механика» кітабының авторы, академик
А.Давыдов болатын.
Т.Қожамқұлов қазақ арасында тұңғыш меңгерген бұл ғылым саласының басты ерекшелігі – адамзат дүниетанымын жаңғыртып, тың бастамаларға жол ашатынын айтады: «Айналаның бәрі энергия. Адамзат көзін тапса, ғалым ғылыми жаңалығын ашса, ауадан да, судан да, неден де болса, ең қызығы, элементар бөлшектерден де энергия алуға әбден болады. Ондай іргелі зерттеулер жүргізіліп, оны қолдай білсек, біздің көмір, мұнай таусылады деген қаупіміз, биыл тезек бітті, келесі қыстан аман шығар ма екенбіз деген ауыл ақса-
қалының қаупіндей-ақ болып қалмақ», – дейді. Ғылыммен жарасты сұхбатымыз төмендегідей жалғасты…
– Төлеген Әбдісағиұлы, сіз екінші дүниежүзілік соғыстан соң өртеңге шыққан алшын ұрпақтың қатарынансыз. Балалық шағыңыз өткен өңір мен өмірді еске алсаңыз, қандай қиырларды шиырлайсыз, қандай шақтар жүрегіңізді тербейді?
– Адамзаттың жүрегіне қанжар болып қадалған, аймақтардағы боздақтарды соғыс даласына қидай сыпырып әкеткен сұрапыл соғыс жылдары, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Сарыбай би ауылынан Екінші дүниежүзілік соғысқа18 жігіт аттаныпты. Тағдыр солай жазды ма, жазым солай болды ма – боздақтардан біреуі ғана елге аман жетеді. Жүрегіне қадалған жау оғымен ауылына оралған сол бала – менің әкем еді.
Әкем сабырлы, тиянақты, байсалды адам еді. Қаршадайынан оқ пен оттың арасында жүргендіктен болар, қандай жағдай болса да, қатты қайғырып, қатты қуанбайтын.Кейін, мен есейіп, Ленинградқа аспирантураға оқуға барған жылдары жеті атасынан бері дәрігер болып келе жатқан мықты ғалым достарым болды. Әкемнің жүрегіне қадалған оқты алып тастасақ деген ұсынысымды айтқанда: «Ағзаға бейімделіп алған оқты қозғауға болмайды. Құдай қанша жас береді, сол өмірін сүреді», – деген еді. Жүрегіндегі оқпен ел-жұртына адал қызмет етіп, Құдайдың берген сексен жасын жасап, о дүниеге сол оғымен бірге кетті. Анам Қаншайым болса, әкем үшін жаратылғандай, бұл дүниеге әкемнің жағдайын жасауға келгендей көрінетін.
Анам – тіршіліктің нағыз қайнар көзі еді! Жүрегіне сенім ұялатқан, иманды, аруақтарға тәу етіп, сыйынып, түс көріп, түстерін жақсылыққа жорып жүретін, дастарқаны жаюлы, көңілі дарқан, көкірегі көл, қолы ашық адам еді. 90-ға қараған шағында дүние салды. 60 жасқа келгенімше әкем, 70-ке жеткенімше анам қасымда жүрген менен артық дүниеде бақытты жан бар ма екен! Анам Каншайым: «Ата-ананың құшағында өскен бала бақытты, баланың қызығын көрген ата ана бақытты. Мен бақытты өмір сүрдім», – деуші еді жарықтық.
Айтары бар ма, ол кезде адам да, қоғам да өзгеше еді. Ол кез соғыстан кейінгі жылдар, халықтың тұрмысы төмен, барлығы жүдеп-жадаған, жұпыны, қарапайым өмір сүретін. Бірақ адамдардың пейілі, ынта-ықыласы, бір-бірімен қарым-қатынасы, адамгершілігі жоғары еді. Адам, адам баласы ерекше қадірлі еді. Адамға деген қамқорлықта өзгеше еді. Кейде менің ең бақытты шағым – балалығым өткен ауыл, бақытты бал дауренім бе деймін? Мектепке театрға жиналғандай, ерекше сәнмен, ерекше толқыныспен баратынбыз.Мектепке рахаттанып ойнап барып, рахаттанып ойнап қайтатынбыз. Ал мұғалім, ұстаз – ауылдағы ең құрметті, ең әзіз жан болатын. Қазіргідей, ақпаратты баска жақтан, интернеттен алмайсың. Дүниенің тылсым сырларын мұғалімнің аузынан ғана еститін біздер үшін ұстаздан білгір ешкім жоқ еді. Жамбыл атамыз: «Домбырамды қолға алсам, Құйылған күй мен жыр көрем, Өміріме көз салсам, Жайнаған жарқын нұр көрем», – деп жырлаған. Менің де өмірімнің әр кезеңінің айнымас өз жарқын шақтары бар.
Бүгінде әр күнім, әр сағатым, әр минутым – мереке. Егеменді өз елімізде, бейбіт күндерде, баршылық заманда өмір сүріп жатырмыз.
– Жамбыл бабаны ауызға бекерге алмаған боларсыз. Әкеңіз Жыр алыбы Жамбылдың үйімен көрші болыпты. Сіз өскен ортаның Жамбыл бабадан жұққан мінезі қандай еді?
– Қарашаңырақ сол орнында тұр. Жамбыл атамыздың музейге айналған үйінің дәл қасында. Музейге қарап тұрып, оңға қарай мойын бұрсаңыз менің туып өскен үйімді көресіз. Жаңадан колхоз болып құрылған жылдары, Жамбыл атамыз өзі ұсынып, Тұрап Мыржиев деген ағайынын колхоз бастығына сайлатқызған екен. Тұрап ағаның шақыруымен соғыстан жаралы, бірақ тірі қайтқан әкем ауылдың бас есепшісі болады. Сол бір орында қырық жыл тапжылмай еңбек етті. Біресе колхоз, біресе совхоз болады, бірнеше бастық өзгереді.
Жәкеңмен бәріміз ағайындаспыз. Үйіміздің арасы он қадамдай ғана жер. Мектепке бармай тұрған кезімізде Сүйінбай, Жамбылдың өлең-жырларын жатқа айта беретінбіз. Рас болса, адамның мінез-құлқы туған топырағынан, ішкен суынан, жұтқан ауасынан деп жатады ғой. Кім білсін.
– Жас күніңізде баян тартып, ән салыпсыз. Спортта да айыңыз оңынан туатындай жағдайыңыз болыпты. Сөйте тұра қиындығы көп физика саласын таңдауыңызға не себепші болды?
– Ол кезде ауылда баян тарта алатын жігіттің мәртебесі жоғары. Кешке қарай қыз-жігіттер музейдің алдына жиналады. Жастар билегісі келеді. Біз оларға баян тартып беріп жүрдік. Ал спортқа келетін болсақ, біздің ауылдың спортқа деген ынтасы тіптен өзгеше, керемет болды. Ауыр атлетикадан Қазақстанның тұңғыш спорт шебері Ізбасар Оразбақов біздің ауылдан шыққан жігіт. Ізбасардың әкесі кезінде құдыққа түсіп кеткен өгізшені бір қолмен суырып алған керемет қарулы кісі болған екен. Біздің ауылда бокстан Жарас Төлегенов сияқты үрім-бұтағына дейін спорт шеберлері шыққан үлкен әулет те бар. Ақын-жазушыларын айтпай ақ қояйын.
Баян тартып, шахмат ойнап, спорттық шараларға қатыса жүріп, есеп шығаруға өте құмар болдым. Есепті ізін қуып жүріп шығардым. Ол заманда Антонов деген автордың кітабы бар-тын. Мәскеу Мемлекеттік университетіне түсетін балалар сол кітаптағы есепті шығара алуы керек дейтін. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде әлгі кітаптың есептерін түгел шығарып тауыстым.
Оқушы кезімізде бірінші рет он бір жылдық білім беру жүйесіне көштік. Мектеп бітіретін жоғарғы кластың оқушылары: «Төкен, мына есепті шығарып берші», – деп отызшақты сұрақ алып келеді. Қарасам, оның жиырма бесін анық білем. Маған ошақтау көрінген бес сұрақты біз әлі өтпеген болуымыз керек. Жоғары сыныпты оқитындардың есебін шығарып беріп жүріп, ол есептерді де оңай шығара алатын болып алдым. Сөйттім де, мен енді осылай жүре берем бе, ақыры біліп тұрсам, мектепті ертерек бітіріп, Алматыға оқуға барайын дедім. Мектепті ертерек бітірудегі мақсатым – Консерваторияға оқуға барамын деп жүргенмін. Ал консерваторияда жеті жыл оқуың керек. Ертерек барсам, оқуды қартаймай бітірем бе деп те ойлап қоямын. Сөйтіп, аудандық оқу бөліміне барып «Мектепті ертерек бітірсем…» деген өтініш білдірдім. Мектепті үздік оқығандықтан мені сегізінші класта бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жіберген еді. «Артекке» Қазақстаннан дарынды деген жиырма бала барсақ, сол жиырманың ішінде ауыл мектебінен жалғыз ғана мен екенмін. Күллі ауыл жиналып, құдды бір ғарышқа ұшқалы бара жатқандай шығарып салып, дәл солай күтіп алған. «Артектен» шахмат ойнап, жеңімпаз атанып, баян тартып, бар өнерімді көрсетіп, алтын медаль алып, лауреат болып оралғанмын. Сондықтан мені аудандағылар жақсы танитын. Мектепті ертерек бітірем дегеніме қарсы болмады. Тек алдын ала он жеті пәннен емтихан тапсыруым керек көрінеді. Ол емтиханды және өз ауылымыздың мектебінде емес, басқа ауылда тапсыратын болдық. Барсам, мектепті мен секілді уақытынан бұрын бітіретін бір топ бар екен. Олар кешкі мектепте оқитын тракторист, комбайнер, құрылысшы сияқты еңбек адамдары. Он жеті сабақтан емтихан тапсыруымыз керек. Оның ішінде дене шынықтыру сабағы да бар. Ал кәдуілгі мектепті бітіріп жатқандар негізгі жеті пәннен емтихан тапсыратын. Ол кезде мемлекеттік емтихан есептері – ауданнан жіберілетін. Сол жолғы есепті бала тұрмақ, ауыл мұғалімдері де шеше алмады. Мен оның барлық төрт нұсқасын түгел, көз алдарында отырып шығарып бере салдым. Сынағымызды бақылауға ауданнан өкіл болып келген адам – Еркеш Мамиев тарих пәнінің мұғалімі екен. Кейін ол кісі кандидаттық қорғап, ауылшаруашылығы институтында доцент болып қызмет етті. Маған разы болды да: «Сен 17 сабақтан емес, мына балалар сияқты жеті сабақтан емтихан тапсыр. Қалған бағаңды бұрынғы оқу үлгеріміңе қарап қойып берейік», – деді. Сөйтіп, мектепті ерте бітіріп, оқуға жиналдым.
Ауылдағы мектеп директоры, математика пәнінің мұғалімі Рахым Дәуітов деген өте сыйлы кісі еді. Сабақты түсіндіргенде басыңды ашып, бәрін құйып, қайтадан жауып қоятын сияқты көрінетін. Өзі домбыраның құлағында ойнаушы еді.Мені шақырып алып: «Білсем, сен Консерваторияға барғалы ойланып жүрсің!.. Табиғи талантың бар екені ақиқат. Музыкант болам десең де, спортшы болам десең де жолың ашық. Өмірдің бәрі ән мен күй, бойыңа сіңген талант кетпейді, мамандық алу керек. Есепті шемішкедей шағып жүрсің, сен математик болмағанда кім болады, сондықтан математиканың оқуына бар, ертең-ақ үлкен ғалым, профессор болып шыға келесің, ал өнерің өзіңмен ілесіп жүре береді», – деді. Біз ол кезде Құдайдың бір аты профессор екен деп ойлайтынбыз. Сөйтіп, ағамыздың жол көрсетіп, жөн сілтеуімен КазГУ-дің физика факультетіне тапсырып, оқуға қабылдандым. Ол кезде мен білем дейтін балалар ғана жаратылыстану пәндері бойынша оқуға жүрегі дауалайтын. Оқуға ілесе алмаған студентке кекесінмен: «Заң факультетіне барсаң болар еді», – дейтін. Осылайша 16 жасымда студент болып шыға келдім. Қазақ тобына жиырма бес, орыс тобына жетпіс бес бала қабылдандық. Қазақ тобындағы жиырма бес баланың он жетісі мектепті алтын, күміс медальдармен бітіріп келгендер екен. Сол жүз баладан оқуды қырқымыз ғана аяқтадық. Қалғандары оқу қиын болып, шығып қалды. Кейбіреулері кейіннен бітіріп жатты. Оқу бітірген қырық студенттің 14-і кейін ғылым кандидаты, докторы, профессор болды. Студенттік кезең ең бақытты шақтарым сияқты.
Рахым ағайым айтқандай, өнер де, спорт та шет қалмады. Астанадағы Қазақ Ұлттық музыка академиясының құрметті профессорымын. «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері» деген де атағым бар.
Қазақтың ғажап қаламгері, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың алпыс жылдық мерейтойымда жазған лебіз хатын бойтұмарымдай ұстап жүр едім. Ол хатта: «Сіздің адамгершілік, азаматтық, өнерпаздық, ұстаздық, ғалымдық қасиеттерінің гауһардың алуан түрлі қырындай жарқырап, көңілге қуаныш құяды. «Апыр-ау, тұла бойы тұнған өнер ғалымдарымыз да бар екен-ау!», «Оның әртіс немесе филолог емес, физик екенін айтсаңшы?», «Ректорлар әулетінің арасында да мұндай феномен бар екен ғой!» дегізіп, еріксіз тамсандырды.
Сіздің физика ғылымы бұрын ашпаған аса ауыр тақырыпқа докторлық диссертация қорғап, әлемдік физика корифейлерін табынтып, тәнті еткен еңбегіңіз ғажап екен! Мақаланың осы тұсын оқығанда Олжастың «АЗ и Я»-сы есіме түсті. Филология мен физикадан әлемдік жаңалық ашып, қазақ халқының атағын аспанға шығарған (Сәтбаев пен Әуезовтен кейінгі) екі ерен ұлдан садаға кетсек болмас па! Олардың бірін жоғарылатып, бірін төмендетпей, бірдей ардақтап, әспеттеу ұлттық борышымыз емес пе?!», – дегені де аға толқын тарапынан берілген ақ бата іспетті.
Әрі менің физикадан шұғылданып жасап жүргенім де музыка, үлкен симфония дер едім. Оны құлақпен естімейсің, көзбен емес, мимен көресің. Осыны айтқан кезде академик Зейнолла Қабдолов «Мимен көрем деген сөз тіркесің керемет екен» деп еді. Менің бүгінгі ғылыми жұмыстарым – мидың музыкасы, ерекше симфония дер едім.
– Ауыл баласының үлкен орталыққа келіп студент атануы, алғашқы ғылыми еңбектерінің өзі студент кезінде жариялана бастауы қатты таңданарлық құбылыс болмаса да, КСРО-ның бас қаласында жүріп, «Л.Д.Ландау мен Е.М.Лифшицтің теориялық курсын» толық тапсырған алғашқы қазақстандық тәлімгер болуы екінің бірінің қолынан келмейтіні рас. Ғылымға іңкәрлік, қиындыққа мойымау, алған беттен таймау мінезін қалай қалыптастырдыңыз?
– Ол кезде қазақ мамандар аз, тіпті жоқтың қасы еді. Физика факультетінде бір-ақ қазақ кафедра меңгерушісі болды, доцент П.Полатбекұлы. Сол кезде факультетте бірен-саран кандидаттар ғана болмаса, бірде-бір ғылым докторы болған жоқ. Сонда да, өз ісіне адал, тыңғылықты ұстаздардың алдын көрдік. Және арқайсысы бойындағы барын бізге сіңіруге тырысты…
Жас күніңде бәрін өзім жасап жүрмін, менің қолымнан бәрі келеді деген бір асқақ ой болады. Есейе келе, өміріңде жақсы адамдар жолыққанын, сол жақсылардың шарапатымен жетістіктерге жеткеніңді түйсінесің. Менің өмірімде де бағдаршам болған адамдар баршылық. Біріншісі– осы ғылым жолына түсуге ақыл қосқан мектеп директоры, жоғарыда айтылған Рахым Дәуітов ағамыз еді. Ерекше қадірлейтін тағы бір ұстазым – Қалел Ахметұлы Барлыбаев. Әлі есімде, екінші курстың қысқы емтиханын тапсырып жатқан кезім. Деканымыз Николай Семенович Страшиниковтың орынбасары, аға оқытушы Қалел Ахметұлы жауабыма риза болған болуы керек: «Мен қазір ректорды шақырамын, сен жауаптарыңды тақтаға жазып қой», – деді. Біраз уақыттан кейін ректор Асқар Закарин келді. Жауабымды тыңдап, біраз сұрақ қойды. Өзім қатты ұнататын Аналитикалық геометрия деген пән бар еді. Сол бойынша білімімді тексерді, разы болды. Өзі осы пәннің маманы, физика математика ғылымдарының кандидаты, профессор екен. Кейін білдім. Қ.А.Барлыбаев: «Көріп тұрсыз, білімді ұлан. Ауылдың қарадомалақ баласы. Күллі сабақтан бес алып жүр. Осы баланы Лениндік стипендияға ұсынсақ деп едік», – деді. Ректор қолдады. Осылайша, екінші курста Лениндік стипендиат болдым. Ол студент үшін Еңбек Ері болғанмен бірдей еді. Ол уақытта күллі университеттен екі-ақ студент Лениндік стипендиат болатын. Оның бірі – гуманитарлы, екіншісі – жаратылыстану саласы бойынша оқып жатқан студент болуы тиіс деген заңдылығы және бар. Тәуелсіздігіміздің шапағатын қараңыз, сол университетте бүгін Елбасы атындағы стипендияны жүз бірдей шәкірт иелене алады. ЖОО-ға деген мемлекеттік шынайы қамқорлықтың бір көрінісі осындай. Бұл студенттер арасында жақсы мағынасында бәсекелестік туғызады, білім деңгейін жоғары талап тұрғысынан сараптауға да жәрдемдеседі деп білем.
Біздің студент кезімізде теориялық физика кафедрасының меңгерушісі – соғыс жылдары алдында Алматыға келіп, кейін осында қалып қойған, доцент Надежда Михайловна Петрова деген кісі еді. Атақты академик, квантты механика мен салыстырмалы теорияның дамуына үлес қосқан В.А.Фоктың шәкірті. Өте қатал апайымыз кванттық механикадан дәріс берді. Емтиханда бүкіл курста 5 алған жалғыз мен болдым. Кейбіреулер қайта тапсырып, бағаларын жоғарылатып жүретін. Надежда Михайловнаның жетекшілігімен дипломдық жұмысымды үздік бағаға қорғадым. Сол дипломдық жұмысқа реценция берген профессор В.А.Сапа: «Мына жұмыстың деңгейі кандидаттыққа пара-пар екен. Маған аспирантураға кел, жарты жылда, ары кеткенде бір жылда кандидат болып шыға келсің», – деді. Бірақ сол жылы физиктердің Меккесі дейтіндей мәртебелі орын – КСРО ҒА-ның А.Ф.Иоффе атындағы Физика-техникалық институтының аспирантурасына бір жолдама келе қалғаны. Бұл институт Кеңес Одағы ҒА-ның ең бір таңдаулы ғылым ордасы еді. Мұнда кезінде И.В.Курчатов, П.Л.Капица, Н.Н.Семенов, Л.Д.Ландау, В.А.Фок, т.б. данышпан ғалымдар жұмыс істеген.Құдайдың жолымды ашып тұрғаны шығар, дәл мұндай жолдама бұрын-соңды бұл оқу орнында болмаған екен. Оқу бітірген қырық студенттердің ішінен оқу үлгерімім – балым ең жоғары болғандықтан, жолдама маған тиді. Әкеммен ақылдасып едім: «Сенің жасыңда балалар оқуға енді түсіп жатады. Бізге қарайлама, әзірше өзімізді-өзіміз қамтамсыз ете алатын жағдайдамыз. Нағыз ғалымдардың арасына бар, жолың болсын!», – деп батасын берді.
Физикадан мен білмейтін ештеңе қалмаған шығар деп жүрген асқақ кезім. Ленин-
градқа барып емтихан тапсыратын болдым. Ядролы физика бөлімінің меңгерушісі профессор Лев Аврамович Слив деген дегдар адам екен. Сағат таңғы тоғызда үш сұрақ, бір есеп бар емтихан парағын қолыма ұстатып: «Кітапханаға бар, жақсылап дайындал, сағат үште жауап берерсің», – деді. Үш сұраққа қолма-қол жауабым дайын, есепті де шығара алам. Сондықтан емтиханды осы қазір-ақ тапсыра салайын деп шыр ете қалдым. Кітапханаға барсам, көшіріп алды деп ойлайды ғой деген де күдік бар. Лев Аврамович: «Жоқ, жақсылап дайындал, сағат үште келерсің», – деді де, шығарып салды. Кітапханаға бардым, жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта жауабымды жұптап, қағаз бетіне түсіріп қойдым. Үште аудиторияға барсам, кісі қаптап отыр. Емтихан қабылдауға теориялық физика бөлімі түгел келіпті. Кейбірі жап-жас жігіттер болып көрінді. Көршілес политехникалық университеттің бітірушілері ме екен деп ойладым. Сөйтсем, жап-жас кандидаттар екен. Емтихан парағындағы үш сұрақ жайына қалды. Әрқайсысы ойына не келсе, соны сұрады. Білетін сұрағым келсе, жан жағын қамтып, түгел жауап бердім.Тіпті бұрын естімеген сұрақтарды да қойды. Сағат үштен кешкі жетіге дейін, төрт сағат жалғыз өзімнен бөрідей талап емтихан алды. Мен шығып кеткен соң, бір сағат талқы болды. Мені шақырып алып: «Сіздің біліміңіз кез келген университеттің кез келген студентінен жоғары екен.Бірақ бізге бұл жеткіліксіз. Біз сіздің осы күнге дейін алған біліміңізден бұрын, басыңыздың қалай жұмыс істетініне қараймыз», – деді де, әлдебір ғылыми журналға шыққан су жаңа мақаланы қолыма ұстатты. Осыны оқып, өзің жазғандай талдап, бір айдан кейін кел, тақырыбыңды сол кезде бекітеміз дегенді айтты. Мақаланы оқыдым. Бір сөзін түсінбеймін. Оны түсіну үшін Ландаудың көптомдығының «Кванттық механика» деген үшінші томын оқуға тура келді. Мен университетте кванттық механиканы беске тапсырғанмын. Менің білдім деп жүргенім кванттық механикаға кіріспе ғана екен. Бәрін жаңадан оқуға тура келді. Бұл жолы емтиханды 2-3 сағаттың ішінде жылдам бітірді. Біз сізді қабылдаймыз, бірақ «Л.Д.Ландау мен Е.М.Лифшицтің теориялық курсын» толық тапсырыңыз, тақырыпты сосын бекітеміз деді. Күн-түн демей Ландаудың тоғыз томын түгел оқып, сіңіріп, бірінен соң бірін толық тапсырып, тақырыпты алып, кандидаттық жұмысымды аяқтап, қазақ баласының басының жұмыс істеуі ешкімнен кем емес екенін дәлелдеп қайттым.
Университеттен Ленинградқа аттанарда ұстазым Надежда Михайловна тілдей қағазға: «Ең талантты баламыз, байқап көріңіздер» деген мазмұнда хат жазып берген еді. Ленинградтағы аспирантураға бірден түсіп кетуіме де сол хаттың шарапаты болды ғой деп ойлаймын. Кейін ректорлық қызметке келгенде, тоқсаннан асқан Надежда Михайловнаның үйіне арнайы барып, иығына орамал жауып, екеуміз де арқа-жарқа әңгімелесіп мәз-мейрам болып қайтқаным бар. Аспиранттық кездерім де ең бақытты шақтарым болып көрінеді.
…Аспирантураны тәмамдап, ҚазМҰ-ме қайта оралдым. Алғашқыда ассисент болып жұмысқа орналасып, ректорлыққа дейінгі барлық сатылардан осы университет қабырғасында қызмет ете жүріп, өттім…
Мәскеу түбіндегі Черноголовка деген қалада КСРО ҒА-ның Л.Д.Ландау атындағы теориялық физика институтында академик А.Б.Мигдалдың тобында ғылыми зерттеулер жүргізу бақытына ие болдым. Бір
халықаралық конференцияда микромир бойынша өз ойларымды, тақырыпқа қатысты тұжырымдарымды ортаға салып, А.Б.Мигдалдың назарын өзіме аудардым. Ол кісі мені өзімен бірге ғылыми жұмыс жасауға шақырды. Мен бұл элитарлық топқа түскен ең алғашқы қазақ, ең алғашқы қазақстандық едім…
Сізге физиканың бір қыр-сырын айта кетейін. Адамзат баяғы заманда дүние төрт заттан: судан, оттан, топырақтан, ауадан жаралған деп ойлады. Жерді және жалпақ деді. Кейін дүниенің кіндігі – жер, бүкіл әлем жерді айналады деп тұжырымдады. Қазір, әрине, ол күлкілі көрінеді. Соңыра жер – күнді айналатыны әрі галактидағы барлық ғаламшарлар үздіксіз қозғалыста екені белгілі болды. Күн сияқты жұлдыздар саны миллиардтаған галактикалардың өзіне де сан жетпейтіні анықталды. Бұлар бір-бірімен Ньютонның бүкіл әлемдік тартылыс заңымен әрекеттесетіні тағайындалды. Ендігі жерде адамзат барлық зат атомнан тұрады, атом бөлінбейді деді. Жиырмасыншы ғасырдың басында Э.Резерфорд деген ағылшын ғалымы атомның құрылымдық екенін дәлелдеді. Атом – оң зарядталған ядродан, оны айнала қозғалатын теріс зарядталған электрондардан тұратыны анықталды. Бұларды қандай күш ұстап тұр? Ол электромагниттік күштер екен. Адам баласы бұл күштерді игілігіне жарата бастады. Мынау электр шамы, қолыңдағы ұялы телефоның, интернет бәрі осы қүштердің негізінде жұмыс атқарады. Кейін ядро да құрылымдық болып шықты. Ол протон мен нейтрононнан тұрады екен. Ал оларды қандай күш ұстап тұр? Гравитациялық күш емес, олар тым әлсіз, электромагнитті күш дейін десең, бірі зарядталған, екіншісі бейтарап. Ол күшке ғалымдар ядролық күш деп айдар тақты. Протон, нейтрон сол секілді күшті әсерлесетін бөлшектер адрон деп аталады. Адрондардың саны бірнеше жүзге жетті. Олар кварк-глюон деген іргелі бөлшектерден тұрады екен. Ядролық күштер деп жүргеніміз кварк-глюонды күштердің екінші ретті көрінісі ғана екен. Егер адамзат бұл кварк-глюондарды байланыстыратын күштерді өз мүддесіне қоя алса, олар галактикаларды қозғалтуға жетер еді. Мен осы кварк-глюондардың әрекеттесу заңдылықтарын зерттеумен шұғылданып жүрмін.
Жалпы, өзімнің ғалым ретінде қалыптасуыма Б.П.Константинов атындағы КСРО ҒА ЯФИ-дың жыл сайынғы физикалық мектебі және Л.Д.Ландау атындағы КСРО ҒА ТФИ-дағы академик А.Б.Мигдалдың теориялық семинарлары баға жетпес роль атқарды деп есептеймін.
– ҚазМУ жанынан алғаш құрылған Тәжірибелік және теориялық физика ғылыми зерттеу институтын ұйымдастырушы әрі тұңғыш директоры болдыңыз. Ол кездегі ғылыми әлеуетіміз бен сол ғылымды Қазақстанда өсіріп-өркендетеміз деген сенім жетегі қайда апармақ?
– Жұрт ғылымды тастап, басқа салаға кетіп жатқан уақыт та болды. Ғылыми зерттеу институтын дәл осы кезде құрдым. Мұндағы мақсатым – жастарды ғылымға тарту, ғылымнан қол үздірмеу. Ғалымдар білімдерінің арқасында өздері шетелдік гранттарды жеңіп алып, қосымша табыс көздерін ашты. Педагог-ғалымдар лекция оқып, жалақыларын алады. Сонымен қатар, өздері жеңіп алған гранттарды жүргізу арқылы ғылымнан қосымша қаржы табады. Сөйтіп, білімдерін капиталға айландырады. Көшеде сауда-саттық жасамай, білімінің арқасында өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етеді. Мен құрған ғылыми зерттеу институты осындай мүмкіншілік тудырды.
Дәл осы тұста орны босап, физика факультеті деканының сайлауы болды. Оған менің кандидатурам ұсынылған. Есенжол Исабаев келе жатыр деген сыбыс шықты. Ол кісінің ауырып жатқанына жарты жыл болған. Е.Исабаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, нағыз коммунист, өз ойын ешкімнен тайсалмай, тік айтатын, еміс-еміс шатақ шығарып жүретін, бірақ жаны таза адам еді. Бұл кісіні жетелеп әкелген не мақсат екен деп, менің бойымда біраз қобалжу ұялады. Есенжол Исабаев, мінберге көтерілді де: «Факультеттің басшылығына нағыз физик келді. Мен факультет тағдырына алаңдамаймын», – деді де, мінберден түсіп, ешкіммен қауышпай, залдан шығып үйіне қайтып кетті.
Осылайша декандық қызметке кірістім де, тоғыз кафедраның басын біріктіріп, алты кафедра, ҒЗИ-да алты бөлім, жиырма жеті зертхана аштым. Кафедра меңгерушілері де, бөлім басшылары қызметтерін қоса атқарды.
Ғылыми зерттеу институтын ашқан жылдары біздің қоғам бір формациядан екінші формацияға өтіп жатты.
Су бір күйден екінші күйге өткенді көзге елестетелікші. Мысалы, су – жүз градусқа жеткенде буға айналады. Судың да, будың да қасиеттерін сипаттайтын физикалық заңдылықтар терең зерттелген, белгілі. Судың буға өтетін кезеңі «фазовый переход второго рода» деп аталады. Дәл осы кезеңде әр түрлі турболентті қозғалыстар пайда болады. Бұл кезең әзірше ғалымдар үшін құпия болып тұр. Оның механизмдерін ешкім түсініп жатқан жоқ. Сондықтан ондай қиын кезеңнің сипаттамасын жасау, ондай қоғамды түсіндіру – қиынның қиыны.
– Қалай ойлайсыз, қазақ ғалымдары әлемдік мәртебелі сыйлықтар алып, ғаламдық ғылым төріне шығып, адамзат үшін аса маңызды ғылыми жаңалықтар ашып, айтулы халықаралық сый-құрметке ие болатын күндер жақын ба?
– Әлемдік мәртебе дейсіз бе?! Адамның бойын метрмен, салмағын килограммен өлшейміз. Ойын немен өлшейміз?! Ақын-жазушылардың биіктігін туындыларымен танысып пайымдаймыз. Ғылым да сондай. Ғалымдардың қазіргі қабылданған бір өлшемі бар. Егер оның жұмысы дүниежүзілік мәртебелі ғылыми басылымдарда жарияланса, Хирш индексі деген көрсеткіш бар, сол көрсеткішің арта береді. Сенің ғылыми жұмысыңа қанша ғалым сілтеме берді? Сол есептелінеді. Еуразиялық универсиеттің ғалымы, профессор, Ратбай Мырзакулов есімді жігіт Хирш индексі бойынша Орта Азияда бірінші орын алып тұр. Сол секілді ҚазҰУ-дің профессоры Тлекқабыл Рамазанов, т.б. осы көрсеткіштері өте жоғары.
Елбасының өзі тапсырған ғылым, білім жөніндегі мемлекеттік сыйлық біз үшін Нобель сыйлығына пара-пар.Бақытты алыстан іздеп қажеті жоқ. Өзімізді-өзіміз лайықты деңгейде дәріптейтін кез келді.
– Сіз шетелдердің айтулы оқу ордаларында дәрістер оқыдыңыз. Қазақстандық ЖОО-ларда да ұстаз болдыңыз. Отандық және шетелдік жоғары білім беру жүйелерімен салыстырып қарағанда студенттер арасында қандай айырмашылықтар көзге түседі?
– Студенттер қазір дұрыс бағытта өзгеріп келеді. Бұрын біздің студенттер диплом деп келсе, шетелдің студенттері білім алуға келетін. Осыдан біраз жыл бұрын диплом сатылып жатыр десе, жүз студенттің тоқсаны соны сатып алуға тырысар еді. Қалған он пайызы ғана дипломнан бұрын білім керек дейтін. Қазір бұл көрсеткіш жоғарылап келе жатыр. Шетелде диплом сатылмақ түгіл, ақысыз таратылып жатыр десе ешкім бармайды. Оларға білім керек. Негізгі айырмашылық осында.
Мен ҚазҰУ-да ректор болып жүрген жылдары Қазақстанның халық жазушысы, академик-ұстаз Зейнолла Қабдоловтың: «Оқығаны бар, тоқығаны жоқ. Естігені бар, көргені жоқ студенттер пайда болды», – деп айтқаны бар еді. «Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» (Ыбырай) талабы қазір де маңызды.
– Ғылымға жеңіл-желпі көзқараспен қарайтын, ғылымның машақатынан бұрын даңқы мен дақпыртын көбірек ойлайтын толқын туралы не дер едіңіз?
– Ол бұрын да болған, әлі де бола беретін шығар. Адам атақпен емес, алғыспен көгереді өнеді деп ойлаймын. Атаққа емес, білімге, ғылымға іңкәрлікпен ұмтылған адам түптің түбінде озады, діттегеніне жетеді. А.Эйнштейн: «Стремись не к тому, чтобы добиться успеха, а к тому, чтобы твоя жизнь имела смысл», – дейді.
Жақсы ұстаз, ғалым болу, жалпы жақсы басшы болу, турасын айтсақ, ғылыми атақпен өлшенбейді, кісілік қасиеттермен бірге ғылыми алғырлығы бірдей көрінсе ғана ол үлгілі ұстаз бола алады.
– Кей кездері қазақ азаматтары математикадан, химиядан елеулі жаңалық ашса да оның маңыздысы аса жоқ, күні өткен деген көзқарастарды ара-тұра естіп қаламыз…
– Әр нәрсенің құндылығын өзінің маманы айтуы керек. Дұрыс әлде бұрыс екенін мамандар айтсын, талдасын, еш қарсылық жоқ. Көлденең көк аттының сөзіне сене бермеу керек. Қазір ғылымның дамығаны сондай, тіпті бір физикті бір физик түсіне бермейтін жағдайға жеттік, басқаны былай қойғанда.
– Ғалым, ұстаз, әке, азамат және қазақтың азаматы ретінде қол созған, бірақ жақындай алмаған арман-тілек бар ма?
– Адамның арманында шек жоқ ғой. Арман таусылған күні оның өзі де, өмірі де сарқылды деген сөз. Мен солай түсінемін.Мектепке жаңа барған кезімде Қожамқұл атам: «Балам, сабақты жақсы оқы. Сабақты жақсы оқысаң, мұғалім боласың», – дейтін. Мен аузыма кім салғанын: «Ата, мен мұғалімдерді оқытатын мұғалім болам», – дейді екенмін. Сол кезде мектепке арнайы мені оқытуға келгендей бізге керемет өз ісінің мамандары сабақ берді. Мысалы, физикадан Қалиев Ауғанбай деген ағай, кейін ҚазПИ-де декан болды, ғылым кандидаттығын қорғады. Химиядан сабақ берген Абдулла Мырзабаев ЖенПИ-де профессор болды. Қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген, кейіннен докторлық қорғап, ҚазҰУ-дың профессоры болған Сұлтанғали Садырбаев еді. Ол ұстаздарыма да мыңнан бір рахмет.
Бала кезімнен, ес білгелі, ішсем-жесем, кисем-жисам демей, көрсем-білсем, оқысам-тоқысам «Күн неге күлімдейді, Жұлдыз неге жымыңдайды» деп арман қудым. Әлі сол ізденістемін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ.Серікқызы.