Сиделка (әңгіме)
13.11.2024
537
0

Өткен күндер қызық түс немесе әлдебір елес секілді, сырғыған сағым легіне ілеседі де, уақыт оқпанына жұтылып, жоғалып жатады. Ал сол сынаптай сусыған тірлік көшінің арасынан зердеңе өшпес сурет­тей жазылып, көкірегіңнің бір бұлыңында сары ала күз сағыныштай болып, ұйып жататындары да болады. Әлгі оқиғалар ұмыт болудың орнына, қайта мезгіл озған сайын сұлбасы айқындалып, жаныңда жаңғыра түседі. Бұл да сол тектес бастан өткен кешегі Кеңес заманында болған тіршілік хикаясы еді.
Мезгіл қыркүйектің басы. Қой бағамыз. Отырған жеріміз Қызыл кезең деп аталады. Ауыл мен сонау алыста жатқан тау ортасындағы жылына екі айналып соғатын жайлы қонысымыз. Көктемде осы мал қораларында қой төлдесе, күзде жарықтық шопан атаның аналық басы жасанды түрде ұрықтанады. Биыл да сол науқан жалғасып жатқан.
Біз – екі үйлі малшымыз, екі үйіміз де саулық қой бағамыз. Биыл қойдың төртінші төлдеуі. Көршіміздің аты – Жақан, әрнеге ыңғайы бар, өз ісіне пысық, кішілеу шегір көз, пісте мұрын, сәл бойшаңдау, жалаңқай сары жігіт. Жасы қырықтар шамасына таяп қалған. Үнемі сақал-мұртын өсіріп жүреді. Соған қарап, оған бір көрген жан қырық емес, алпыстың айналасын қиғандай еді. Әйелінің аты – Айша, үш-төрт баланың анасы. Балаларының үлкен екеуі ауылда ата-енесінің қолында, мектепте оқиды. Қалған екеуі өздерімен бірге, маңыраған малдың арасында күй кешеді. Айша – бар берекесі бетіне шыққан, ел айт­қандай а десе көмейі көрінетін, аңқылдаған ашық жан. Ұяң қоңырқай жүзіне ұялы қой көздері бек жарасып тұрады. Сөзі сылық, дауысы жұмсақ жұғымды жан. Сол Айша биыл тағы ауыраяқ еді. Зейнет жасына ерте жетем деген үмітпен бесінші перзентін күтіп жүр. Қанша дегенмен де ішек-қарындай араласып кеткен замандасым емес пе, әрненің мәнісін алдын ала біліп, болжап отырамын. Оның үстіне екеуара айтылмаған әңгіме, шешілмеген сыр да қалмайды. Бар тірлігі, алдымда, алақанымда десем де болады.
Байқаймын, Айшаның босанар мерзімі жақындап, тіпті асып бара жатқан секілді. Оңаша қалған сәт­терде сұрап та қоямын:
– Айшеке, айың аяқталып, күнің жақындап қалды-ау деймін?
Ол мырс етіп, күле сөйлеп жауап береді:
– Алла сәтін салса, таяу секілді…
– Осы сен айдың аман, аптаның жылысында күннен жаңылып жүрген жоқсың ба?
– Жоқ, әйтеуір, тықырдың тақау екені анық. Құдай сақтасын, бұл менің бірінші босануым емес қой.
– Әумин…
Кеш болып, ел орынға отыра бастаған шақ еді. Сиырдың кешкі сауыны бітіп, тамақ жасаудың қамалқасында жүргем. Монтай жүгіріп жетіп келді. Айшаның кенже ұлы.
– Апам сізді келсін деп жатыр! – деді асығыс.
– Е, не болып қапты?
– Білмеймін, келсін деп айт­ты.
– Жарайды, сәлден соң барармын.
Жауабым осы болды. Алайда бала қалай ентігіп, тез кетсе, солай тез, ширыққан қалпы қайта келді.
– Апам жылдам келсін деп жатыр!
Мен жасап жатқан кешкі тамағымды жайына қалдырып, көрші үйге жүгірдім. Келсем, Айша үстіне көлкілдеген көк ала көйлек киіп, мазасы май ішкендей болып, үй ішінде жүр екен. Ештеңені елеп, ескерер емес, құр безектей береді. Ішін басып, зар қағады.
– Не болды, Айша? – деймін мен де жөпелдемеде. – Сырқат­танып қалдың ба, жоқ әлде…
– Сол, толғақтың өзі секілді.
Жағдай айтпаса да белгілі еді. Енді кідіруге болмайды. Шұғыл жолға дайын­далдым. Үй иелері көрші ауылға әлдебір шаруа­мен кетіп еді. Солардың еш уа­йымсыз, бейқам жүргеніне өкіндім. Жағал есекті ерт­теп, жайдақ арбаға қабат­тап көрпе салып, Айшаны отырғызып, жолға шықтым. Мақсатым, тезінен ауылға жетіп, босанатын әйелді емханаға тапсыру еді.
Күз айының май тоңғысыз, мәуетек түні. Ауадан аздап дымқыл білінгені болмаса, түн жылы, жайлы еді. Ауылды бетке алып, есектің майда бүлкілімен жүріп келеміз.
– Тез, Монтай, жүрісті тездет! – деп қаршадай балаға әмір беріп қоямын. Жасы алтыдан енді асқан балаң-неме емес пе. Мен бол деген сайын жағал есекті шыбықпен шықпыртып-шықпыртып қояды. Жағал есек байқұс та барын салған сыңайлы. Ал үйден шыққаннан бері бебеулеп келе жатқан Айшаның жағдайы тіптен қиындай түскен. Есек арба бірде ойпаң жерге келіп тұмсық тірегенде, Айшаның жан дауысы шығып кет­ті.
– Тоқта! – деп айғайлады, – Тоқтаңдар.
Дауысы үздігіп, жарықшақтанып шықты. Арба тоқтады.
– Кел, көмектес, – деді сол шарасы шайқалған күйі, – көмектес, не істейтініңді өзің білесің…
Мен жағдайды шұғыл түсіне қойдым. Аздан соң жас нәрестенің әлденеге шашалып шыққан нәзік үні естілді. Ұл бала екен. Кіндігін кесіп, өзін менің іш көйлегіме орап алдық. Ақыры Айша емханаға да жет­ті. Баланың атын Жолдыбай болсын дедік…
* * *
Арада жыл өткенде Айша сырқат­танып, аудандық емханаға жатып қалды. Қай жері екенін білмеймін, әйтеуір сырқаты соқталы секілді. Ота жасады дегенді де естідім. Мұндайда қайтып шыдайсың, арнайы іздеп бардым. Мені көріп, көп жылғы көне серіктесім қуанып қалды.
– Жақсымын! – деді амандықтан соң жайылып түсіп. – Бір білетінім, түбінде жақсы болатын секілдімін. Қаның аз дейді…
– Осы екеуміздің қанымыздың тобы бір-ау, сірә?
Ол бұған қуанып қалды да, артынша, қабақ шыт­ты.
– Өзіңе де керек қой сол қан дегенің – деді, – ақкөңілдікке салынып маған беріп, артынша өзің тұралап қалып жүрме.
Жағдайды бас дәрігерге айт­тым. Арықтау келген, қасқабас маман менің сөзімді тыңдады да, жадырай күлді. Мен қан тапсырдым…

* * *
Оймен барлап қарасам, бұл фәни қас пен көздің арасындай өтпелі екен ғой. Қызылкезеңде мал баққан жылдар, Жолдыбайдың айлы түнде, арба үстінде туған сәт­тері кешегі Кеңес кезі болатын. Одан бері де талай дүниелер бастан өт­ті. Қызыл қоғам құлады. Колхоз тарады. Ел бет-бетіне кет­ті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» заман басталды. Оны айтасыз, арада ат­тай шауып Тәуелсіздіктің отыз жылы да өте шықты. Кешегі жолда туған Жолдыбайлар зіңгіт­тей жігіт болды. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қалаға көшіп кет­ті. Айша жастайынан менімен бірге өскен қимас құрбым еді. Қалаға көшіп кеткелі көз жазып қалдым. Сәті келіп іздеп бара да алмадым. Барам деп қанша құлшынсам да қисыны келмеді. Көрдім, білем деген адамнан сұрап қоямын. Былайша, жағдайы жақсы көрінеді.
Жолдыбай іскер жігіт болыпты. Өз алдына жеке шаруа­сы бар көрінеді. Әкесі дүниеден өткен. Оны да құлағым шалды. Осындай алакөбең өзгерістер бізде де болды. Менің де ерім мотоциклден құлап, опат болды. Зейнетке шыққаннан ке­йін екеуміз қол ұстасып, тып-тыныш демалмақшы едік. Құдай оны бұйырмады. Ол зейнетке шықпай жатып бақилық болған. Зейнет шайы­ның дастарқанында мен жетім қозыдай болып, жалғызсырап отырдым. Айналып келгенде ауылдан кетуді жөн санадық. Мұны балам да, келінім де дұрыс көрді. Сонымен, не керек, қалаға келдік.
Алып шаһардың алыс бұрышынан екі-үш бөлмесі бар үй де сатып алдық. Келін қағаз фабрикасына жұмысқа орналасты. Ұлым Дәулет те сол мекемеге жұмысқа кірді. Жүк тасымалдаушы болып еңбек ет­ті. Екі ұл, бір қыз мектепте арнайы сыныпта оқиды. Мектеп жақын еді, өздері барып, өздері келеді. Бұл да бізге үлкен пайда болды. Жағдайымыз жаман деп айта алмаймын. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда дегендей, түйетоқ тірлік етіп жат­тық. Жаратушы осы күн көрісімізді көп санады ма білмеймін. Арада жылға жуық уақыт өткенде, Дәулет жол апатына ұшырап, емханаға түсіп, соңынан мүгедек болып қалды. Беломыртқаға дәз кетіпті. Жұлын қабынан тайып, сыртқы үлпершек орамасына сызат түсіпті. Үлкен ағза мұндайда көп қимылдағанды, жұмыс істегенді, ауыр шаруа­мен айналысқанды көтермейді екен. Дәрігерлердің айтуынша, өзін-өзі күтіп, сақтық шараларын іске асырса, шамалы уақыт­та сауығып, қатарға қосылып кететін көрінеді. Ол уақытша зейнетке шықты. Оның жұмыссыз қалуы отбасы тірлігіне кәдімгідей әсер ет­ті. Жан-жақтан сылдырап ағып құйылып жатқан мөлдір бұлақтардың біреуі тартылғандай еді. Пәлендей болмаса да, себездеп жоқтық нышаны байқалады. Бірде анау жетпейді, бірде мынасы кенжелеп қалады, әйтеуір, бір тапшылықтың жағалай бастағаны анық еді. Оны бәріміз де сезіндік. «Ауру кірсе, әлек кіреді» деген рас. Осы жоқтықтың себепшісі де, салдары да – Дәулет­тің денсаулығының дімкәстігі. Неге дейсіз ғой. Негесі сол, отбасына сырт­тан кіретін ақшалай табыстың тең жартысы науқас жанның түрлі дәрілеріне кетеді. Дәрі біткеннің бәрі шетінен қымбат, әрі ай сайын бағасы жаңарып, өсіп отыратынын қайтерсіз…
Келінім жаратылысынан жібектей жұмсақ, жаны нәзік жан ғой. Алдымнан қия өтпейді. «Апашым» деп жәудірей қарап, әлдене дегенде іші-бауырым елжіреп, жылағым келеді. Келін болып түскен күннен бастап тал шыбықтай бұралған ибалы еді, сол қалпынан тегі айнымады. Не айтпақ болса да қасы-көзіңе қарап, айтар сәт­ті күтіп, иіліп тұрады. Артық сөзі де жоқ, дегенмен іске мығым.
– Апа, – деді бір күні қасыма келіп, қатар отырып, – сізге бірдеңе айтсам ба деп едім…
Дауысы әдет­тегідей сызылып шықты. Құлағымның түбінен әлдебір нәзік қоңыраудың үні сылдыр еткендей еді. Мен риза пейілмен бас изедім.
– Айтайын дегенім мынау, – деді, – осыны айтсам ба екен, әлде айтпасам ба деп көп ойландым. Ақыры айтуға тура келді.
Сізге жұмыс табылса, істер ме едіңіз?
– Ол не дегенің, қарағым, өзім де соны ойлап жүрмін. Ал сонда не істеуім керек?
– Апа, бұл қала ғой, – деді енді жүзі жадырап, жайнаң қағып, – үйде отырған жан отыра береді. Ал көшеге шықсаңыз, жұмыстың көптігі сонша, сүрініп жығыласыз.
– Бәрекелді, жақсы екен!
– Ойлана-ойлана келе сізге лайықты жұмысты да тапқандаймын.
– Ол нендей жұмыс?
– «Сиделка» деген жұмыс бар. Жеке бір адамның ғана тірлігімен айналысасыз. Мысалы, дәрменсіз, кейде сырқат немесе мүгедек жандар болады. Солардың біреуіне барасыз да, көмекшісі боласыз. Айт­қанын істейсіз. Не деп тапсырма берсе, соны орындайсыз, тамақтандырасыз, жуындырасыз, киіндіресіз, кейде көше аралататын шақтарыңыз да болады. Уақыты келісімді. Айт­қан сағатында барасыз да, белгілі уақыт­та қайтасыз. Күндік ақшаңызды аласыз да, тайып тұрасыз.
– Осындай да жұмыс барын құлағым шалғаны бар.
– Ендеше, сол құлағыңыз шалғанды көзіңізбен көретін боласыз.
– Бұл қала ғой, тіл жағы қалай болар екен?
– Өзге емес, тура қазақтардың өзін тауып беремін. Үйде болғаныңыз да жақсы еді. Жылы орнымнан қозғады деп ренжімеңіз.
– Реніш жоқ, қарағым! Қайта үйден шығарып, басқа тірлікке араластырғаныңа қуанып отырмын.
– Ісіңізге сәт­тілік тілеймін, апа! Жолыңыз болсын.
– Рақмет!
Ғаламтор мен жарнамада не жоқ дейсің. Жаннан өзгенің бәрі табылады. Сиделканы іздеп көп шабылмадық. Ә дегеннен кезіге кет­ті. Сиделка дегеннің өзі ойлап қарасам, жан-жағы кең, ауқымды дүние екен. Тек адамдарды ғана емес, ит­тер мен күшіктерді, керек десең доңызды бағатын бақташыға де­йін қажет­тілік туындапты. Соның бәріне ақша төлеп, күтуші жалдайды екен.
Біз баратын ғаріп орталықта тұрады екен. Тегі қазақ, жер ортасынан асқан адам көрінді. Не істеу керегін барғанда өзім айтамын депті. Барымызды киіп, бақанымызды қолымызға алып дегендей жолға шықтым. Айтылған автобусқа отырып, белгіленген аялдамадан түсіп қалып, әлгі адресті ізі бойынша оп-оңай тауып алдым. Үшінші қабатқа жеделсатымен көтерілдім де, керекті нөмер басылған есіктің дыбыс таратқыш нүктесін бастым. Екі реткі басқаннан ке­йін барып, сыңси келе есік ашылды.
– Сәлеметсіз бе! Сиделка… – дедім.
– Да, да, заходи, – деді ол.
Божбандай болып семірген, шой желке, келісті сары қызыл әйел екен. «Кескен кеспектей» деген сөзді бір жерден құлағым шалғаны бар еді. Үй иесі – тап соның өзі. Иық пен май бөксеге де­йін тұтасып, бітісіп кетіпті. Өңі шапыраштанып, түтігіп кеткен бе, әлде бірдемеге ренжіді ме, ол жағын біле алмадым. Алайда көңілі құйындап отырғаны анық. Көрсеткен жеріне отырдым. Иығынан бірдеңе басып тұрғандай, өз-өзінен ысылдап, керенау қимылмен ас үстелін сүртіп отырды да, әлдене деп күңк ет­ті. Мен де қайбір жетісіп отыр дейсің. Ойым ойран болып, іштей іріп отырғам. Қожайын сол күйбеңдеген қалпы бірдеңе деп қалды. Сөйтсем, есімімді сұрапты. Мен ойымда ештеңе жоқ:
– Сиделка, – деппін.
Қожайын екі қолын бірдей үстелге қойып, істеп жатқан жұмысын доғарып, күлкіге басты. Жын қаққандай тұла бойы селкілдеп, ұзақ күлді. Көзінің жасын сүрті өз тілінде:
– Демек, сен тума сиделкасың ба? – деді.
Мен бас шұлғыппын. Қожайын екі қолын шапақтап, мәз болған сыңай таныт­ты.
– Ой, қандай жақсы болды десеңші, маған тума сиделка тап болды…
Осыны айтып, тағы күлгенсіді. Күлкі – ми гимнастикасы деген рас қой. Қожайын күліп еді, кәдімгідей жадырап, масайрап қалды. Әлденемен айналысып жатып, тағы бірдеме деп қалды.
–Тебе сколько лет? – деді.
Мен бұл сөзді де шала түсініп, албаты жауап бердім. Тоңазытқыштан ет алып, тамақ жаса деп айт­ты екен деп жобаладым.
– Ет берсеңіз мен тамақтың неше түрін жасаймын. Жас етке картоп қосып сірне жасасам, жеп тауыса алмайсыз, – дедім.
Қожайын бұл не деді дегендей аз аңтарылып тұрды да, тура сұрақ қойды.
– Ты по русски знаешь? – деді.
– Нет, я по-русски не знаю. Я сиделка, казақ , – дедім де, – Ты қазақ? – деп өзіне қайыра сұрақ қойдым.
– Да, я казақ, – деді ол.
– Если ты қазақша не одно слов не знаешь, как докажеш себя?
– Тоқтат! – деп қожайын сілкіп тастады, – прекрати разговор!
Сөз осымен біт­ті де, күйбең тірлік жетегіне ілестік. Қойшы, әйтеуір, алғашқы күндер осылайша алакөбең күйде өтіп жат­ты. Бәрінен де орысшаға олақтығым қолбайлау болды. Қожайынның айт­қан сөздерін шет жағалап түсінбесем, көбін ұға бермеймін. Соның салдарынан ауық-ауық сөз естіп те жүрдім. Бір таңғалғаным, қожайын түкке тұрғысыз бірдемеге ашуланғанда, өңі әлемтапырақтанып бұзылып кетеді екен. Тарпа бас салып, сойылға жығатындай болып көрінеді. Алайда қайтуы тез. Шырпы жаққандай уақыт­та сабасына түсіп, мүләйімси қалады. Одан ке­йін өзіңді іш тартып, аялай қалады. Сол ұрыстан өзі рақат табатын сықылды. Келесі күні кіршіге жылы су құйып, сабынды шүберекпен еден жуамын деп тағы бір пәлеге қалдым. Сөйтсем, бұл тірліктің арнайы аспаптары бар екен. Ол аспабының бар екенін мен қайдан біле­йін, ауылдағы әдетке салыппын.
Күтпеген оқиға жұма күні болды. Мұның өзі денесі жардай болғанымен дімкәс секілді. Ауық-ауық дәрі қабылдап жатады. Ара-тұра ақ халат­ты мейірбикелер келіп кетеді. Аптасына екі рет массаж жасайды екен. Мұндай ем қабылдауын алғаш рет көріп отырмын. А дегенде денесіне бірдеме жағып, сүлгімен ұзақ ысқылады. Бұдан ке­йін осы массаждың қалай басталып, қалай аяқталатынын, бір сөзбен айт­қанда, не істеу керегін бейнелейтін қат­тама қағазға салынған сурет­терді көрсет­ті. Сол сурет­тер негізінде жат­тығу жасап жатырмыз. Бәрі де сәт­ті өтіп жатқан. Қожайын бірде шалқасынан жатады, бірде дөңбектей болып, етпетінен жер бауырлап жатады. Қолының іші-сырты, аяғының басынан бастап балтыр, жуан санға де­йін уқалайтынын уқалап, сипалағанын сипап, дене жат­тығуын жасап жат­тық. Ендігі орындалатын жат­тығу аса қиын еді. Өйткені жат­тығудың шарты бойынша массаж қабылдап жатқан адамның арқасына шығып, қажет­ті жерді өкшемен басуым керек. Солай істедім де. Екі жамбастың сыртын басып, ара-арасында өкшеммен түйіп қоямын. Бірде жамбастың жазаң басынан сырт беріп, өрлеген едім. Тура жауырын тұсына келгенде екі аяғым екі жаққа кетіп, артыммен жалп етіп құлап түстім. Қожайынның тура шой желкесіне құлаған едім. Бағанадан бері әр қимылға рақат­танып жатқан сорлыға мына соққының тым ауыр тигені анық еді. Баж ете түсті. Баж ете түсті де, бірдемелерді айтып, күңкілдеп кет­ті. Маңдайын еденге ұрып-ұрып қояды. Сол қалпы өз-өзінен әлденеге шабаланып жат­ты да қойды. Құрығаны осы шығар, әлде бірдемесі үзіліп кет­ті ме екен деп, іштей үрей билеп, қорқып тұрғаным да рас еді. «Бүйткен массажы да, сиделкасы да құрысын. Енді соқыр көрінсе, жоламаспын қасына деген суық ой да жан дүниемді шарпып өт­ті. Мен осы көрініске сырт адам секілді тек қана қарап тұрмын. Ешбір көмегім болмады. Қожайын сөзімді тыңдамады. Денесіне қолым тиді біт­ті қағып жібереді. Жатып-жатып бір уақыт­та тұрды-ау. Талтаңдай басып, қорбаңдай қозғалып, түпкі үйге өтіп, артынша қайта шықты. Күндік еңбекақымды беріп, есік ашты да, қолын сілтеп, жоғал деген ишара жасады. Мен тездете басып, бөлмеден шығып кет­тім…

Сол шықаннан бұрылмай үйге келдім. Апта бойы ешқайда шықпадым. Басы-көзімді жуып, киім алмастырып дегендей өзімді-өзім ықтият­тадым. Менің күнделікті өмірде көргенім, бастан өткеннің бәрі бір түрлі қызық әңгіме секілді. Кешкі ас үстінде мен айтамын, өзгелері елеуреп, рақат­тана тыңдайды. Кей тұстарына келгенде, жаппай күлісіп те аламыз, әт­тегені-ай деп бас шайқап, қабақ шытқан сәт­терімізде жоқ емес.
Келесі келгенім орта бойлыдан сәл биіктеу, жіпсік көз, дөң қабақ, пісте мұрын, қарны қампиған қасқа бас адам еді. Қауға басында қылпық жоқ. Шаш біткеннен жұрдай екен. Сонысына қарамай айтақыр басын сипалай береді. Шолақ дамбал бүрісіңкі бөксесіне далда болса, жеңсіз жейдеше кеуде тұсын ғана қалқалауға жетіпті. Май қарынның етегі әрбір қозғалысынан ке­йін ірк-ірк етеді. Сырт бітімі тура қытайдың кейпінен аумай қалған. Дене репеті сабырлы, маңғаз жанды еске салады. Алайда мүлде олай емес екен. Сыртқы маңғал кейпіне жүріс-тұрысы, сөзі тіпті сай келмейді. Былайша айт­қанда, жеңілтек адам екен. Бекер обалы не, а дегеннен жылы қарсы алды. Жоғары шығыңыз, отырыңыз, шөлдеп қалған жоқсыз ба, су әкеле­йін бе деп бәйек болды. Сыртқа сездірмесем де мұнысына кәдімгідей ішім жылып қалды.
– Қазақ баласымыз ғой, жөн сұраса отыралық, – деді. Сөйт­ті де алыстан ырғап тартып, бәрін де сұрап алды. Ең аяғы менің жасыма де­йін ежіктеп, туған күніме де­йін жіпке тізгендей етіп біліп алды. Әсіресе күйеуімнің мотоциклден құлап мерт болғанын естігенде, кәдімгідей қапалыс білдірді.
– Обал болыпты, – деді айтақыр басын шайқап, – және тіпті қиын болған екен. Содан бері жесірмін деңіз?
– Солай, енді қайтеміз, басқа салғанды көрдік.
– Еріңіз қайтыс болғаннан бүгінге де­йін талай жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде сіз тегі тал шыбықтай бұралып, бойжеткен қыз болып кеткен шығарсыз.
– Бәлкім…
– Мені қуантатын жаңалығыңыздың бірі осы болар.
– Оған несіне қуанасыз? Көп жесір қатынның бірімін.
– Бір жағынан солай екені де рас. Дегенмен сол бойжеткенді Құдайдың өзі айдап, қолыма, құшағыма әкелгенін қарашы. Шынымды айтсам, қуанып отырмын.
– Босқа тыраштанбаңыз, жүйесіз сөзді айтпаңыз! Оданда негізгі мәселеге көшелік. Бүгін мен не істеуім керек? Соны айтыңыз.
Ол мырс етіп, күлді де қойды. Әйткенмен ештеңе айтпады. Анығында, бұлар кісі жалдап, жұмыс істетіп үйренген жандар ғой. Не жұмыс істетуін біледі. Сол үшін де менің келгеннен бастап, қайт­қанға де­йін қолым әсте босамайтын. Бір байқағаным, қожайынның маған деген жат пиғылы сәт сайын артып келе жатқандай еді. Үнемі қалай жағынудың жолын іздеп, әрнені бір сылтау етіп, мені жетегіне алып кетудің жолын қарастыратын сықылды. Музыка қосып қойып, билейік дейтінін қайтерсің.
– Неге мені биге шақырасыз? Бұл бидің қандай мәні бар, – деп те қоямын.
– Арасында өстіп, өз көңіліңді өзің көтеріп тұрмасаң болмайды, – дейді қожайын көсемси сөйлеп, – адам деген жан-жақты болу керек.Үнемі бір қалыпта жүре берсең қияли, жынды болып кетуің де мүмкін.
– Демек, нерв жаңғыртады екенбіз ғой.
– Дәл солай. Бүгін «Ламбада» күні. Бүгінгі уақытымыз тек қана бимен өтуі керек.
Сөз осы болды. Артынша құс ұясындай шағын бөлме ішін даңғыраған музыка үні биледі де кет­ті. «Билесең өзің билей бер. Сенің биіңе ешкім таңсық емес, әрмен жүр» деп қағып тастауға да болатын еді. Алайда оған дәтім бармады. Қанша дегенмен де ер адам ғой, жоқ жерден сағын сындырмайын дедім. Оның үстіне өзімнің де биден қара жаяу емес екенімді сездіргім келді. Жұптаса келе үш-төрт рет кәп-кәдімгідей биледік. Қимылымыз да, қозғалысымыз да жарасып кеткендей еді. Алайда ауық-ауық шарап ішіп, масайып алған қожайын шектен шығып бара жат­ты. Жалған білмегенсіп, қасақана ауытқыған болып, ана жер, мына жерімді ұстап, қисынсыз қол тигізе бастады.
– Қожайын, мен сіздің лебізіңіз жерде қалмасын деген оймен ғана билеп жүрмін. Сыйлағанды біліңіз. Артық қимыл жасамаңыз. Би ережесін бұзбаңыз! – деп ескерту жасап та қойдым. Ол сәл тыншығандай болады да, артынша әлгі жат әрекетін қайта жалғастырады. Осындай қимылдардың арасында оны екі-үш мәрте итеріп те тастадым. Бұл әрекетінен ештеме өнбесін сезді білем, қасқа бас қожайын енді өзге тәсілге көшті. Қалтасынан уыс толы ақша шығарды да, маған тосын тапсырма береді.
– Мына ақшаға қос шөлмек пиво әкеліңіз? – деді.
Негізі, үстелдің үстінде арақтың неше түрімен қатар, сыра да сығылысып толып тұрған. Ендігі бөтелкенің керегі де жоқ еді. Алайда қарсы келмедім. Ізінше қос бөтелке сыра әкеліп беріп, артық ақшасын үстелдің үстіне қойдым.
– Артылған ақшысы мынау, алыңыз.
Ол менің сөзіме көңіл бөлмеді.Үстелдің басында әлденені құнжыңдап жеп, бейғам отыра берді. Артынша қолын қалтасына салып, мені тағы дүкенге жұмсады.
– Екі бөтелке сусын әкелуіңізді өтінемін!
Мен мақұл дедім де, демнің арасында сусынын әкеліп бердім.
– Міне, сусыныңыз, міне, артық ақшаңыз.
Осыдан ке­йін үшінші мәрте тағы дүкенге барып қайт­тым. Бұл жолы да артық ақшасын үстелдің үстіне қойдым.
– Қайт­қан тиындарыңыз мінеки, санап алыңыз.
Ол орнынан тұрды да, маған қарай туралап жүрді. Үстелдің үстіндегі ақшаларды жинастырды да, лып еткізіп, менің сырт қалтама сүңгітіп жіберді.
– Мұныңыз не? – дедім шошып кетіп.
– Мұның ақысын төсекте қайтарасыз! – дегені және осыны айтып, мені сүймек болып, өңмеңдеп келеді. Ке­йін шегіне бере, жақтан оңдырмай осып жібердім. Соққының күшті болғаны сонша, ол қалпақтай ұшып, құлап түсті. Бұл сиделка жұмысының аяқталғанының белгісі еді…
…Есікті әйел адам ашты. Кіреберісте сәлемдесу ишарасын жасадым. Ар жақтан менің сәлемімді қабалдаған риза пейілді дауыс естілді. Әйтсе де есендес­кен адамның дидарын көре алмадым. Сыртқа шығар бөлме тым кішкене әрі алакөлеңке екен. Қаптал бөлмеге озып, қол сөмкемді алдыма ұстап, иба сақтап отыр едім. Әлгі әйел кіріп келді де, оқыс селт етіп, тұрып қалды. Соның арасынша іштен ышқынып шыққан, булыққан үн естілді. Әйелдің бірдемені айта алмай бөгеліп қалғаны рас еді. Жалт беріп, мен де қарай қалдым. Қарадым да үнім өшіп, сілейіп қалдым. «Құдай-ау сол ма? Шынымен сол ма?» деген ой жан дүниемде құйындап өт­ті. Жанарым жыпылықтап, қайта қарадым. Жазған-ау, сол сықылды. Иә, иә, сол, соның нақ өзі. Қарсы алдымда не дерін білмей, мелшиіп тұрған Айша еді.
– Айша! – деп дауыстап жіберіп, орнымнан ұшып тұрып, тұра ұмтылып, құшақтай алдым. Ол да менің атымды атап, қапсыра құшақтап, беті-көзімнен сүйіп, шыр-пыр болып жатыр. Ойда жоқта екеуміз осылайша қайта табыстық. Ол да ағыл да тегіл болып жылады, мен де көз жасыма ерік бердім. Жылаған күйі құшақтаса келе түпкі бөлмеге кірдік. Әлі де өзімізге-өзіміз келе алмай жатырмыз.
– Айша, бұл сенбісің?– дедім аздан соң, – шыныменен сол Айшасың ба?
– Айшамын ғой, – деді ол баяғысынша ұяң үн қатып, – сол ескі құрбы, көне көршіңмің. Айтпақшы, бізді қалай таптың?
– «Сиделка керек» – деп хабарлама беріпсіңдер ғой. Сол жарнама бойынша таптым.
– Сонда, сен сиделка болып жүрмісің.
– Иә, солай, соңғы кез­ден бері сиделка болып жүрмін. Жалғыз ұл машина апатына ұшырап, мүгедек болып, төсек жағалап қалды. Келіннің тапқаны кімге талшық болады дейсің. Менің зейнетақым да мәз емес. Сонымен қарап отырғанша деп, осы тірлікпен айналысып жүрмін…
– Енді бүгіннен бастап, ол тіршілікпен қоштасасың! Мен сенің кім көрінгеннің есігін қағып, күңі болуға жол бермеймін.
Айша дегенінде тұрды. Сол күні Айша үйінің құрмет­ті қонағы болдым. Жолдыбай да келді. Көп-көп әңгімелер айтылды. Жолдыбай кәп-кәдімгідей беделді бизнесмен екен. Бізді қанатының астына алды. Менің жалғыз ұлымды үлкен емханаға апарып, сауықтырып шығарды. Сонымен қатар өзінің қол астына қызметкер етіп алды. Айшаның отбасымен тез араласып, үйренісіп кет­тік. Біз үшін бір байлық пен берекенің мөлдір бұлағының көзі ашылып, сылдырап ағып жатқандай еді. Біз сол бұлақтың суы сарқылмай сылдырап ағып жатуын, нәзік үні тынбай құлаққа естіліп тұруын тіледік…

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір