«АСПАН» – жаратылыс сырына үңіледі
Адам қиялынан туған өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықпен мәңгі жасайды. Бапановтар отбасы осы өнерді өз ұрпақтарына аманат етіп, атадан балаға мирас етіп жалғастырып, дәріптеп жүр. Қазақ өнерінің өркендеп дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Әлібай мен Сәуле Бапановтар ана сүтімен дарыған киелі өнер арқылы қазақ халқының болмысын өзге елдерге танытып келеді. Ал олардың ұлы Ағын ата-анасының өнердегі ізін басып, оған заманауи серпін беріп, бүгінгі өнердің дамуына өзінше үлес қосуда.
Суретшілерді бір-бірімен табыстырған киелі өнер олардың тағдыры іспеттес. Өнердегі қос жұптың шығармалары ерекше қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленеді.
Әлібай Бапанов шығармашылығы әлем, жаратылыс, миф туралы ойға жетелейді. Суретші өз ойын көркем қиялмен суреттейді. Оны жеткізу жолында мазмұны біртұтас пішіндер іздестіреді.
ӘлібайБапанов шығармалары табиғаттың, адамның жәй ғана көшірмесі емес. Оның қаламынан туған дүниелерді көрермен суретші қиялындағы образ арқылы түсіне алады. Немесе суретті көрген адам оған қарап өзгеше ой түюі мүмкін.
«Өнер айналамыздағы қоршаған табиғатқа еліктеу, ал оны сол қалпында көшіру өнер емес», – деп Аристотель айтқандай, Әлібай Бапанов та табиғаттың көркем сұлулық заңдылығын пайдалана отырып, өмірде қайталанбайтын нағыз өнер туындысын жасайды.
Жалпы, Әлібай Бапановтың кескіндемелері мен гобелендерінің идеясы дәстүрлі және заманауи өнердің синтезіне құрылған.
Сауле Бапанова да ғаламдағы бүкіл дүниелерді көркем қиял арқылы біртұтас етіп асқан шеберлікпен бейнелейді. Суретші кәдімгі жүнді түрлі материалдармен ерекше технология арқылы кіріктіріп құрақ құрайды.
Сәуленің гобелендерінің мазмұны сонау бағзы заманнан бертін келе жатқан дәстүрлі өнеріміздің тамырына қайтадан қан жүгірткендей. Оның табиғи тепе-теңдік заңдылығына бағынған композициялары да әсерлі.
Бапанованың «Ғалам», «Жарық дүние» атты шығармаларының басқа жұмыстардан орны өзгеше. Ондағы бір бөлік екінші бөлікті қайталамайды. Біртұтас.
Әлібай мен Сәуле Бапановтар шығармалары тамыры тереңде жатқан ұлттық өнерден бастау алады. Олардың шығармаларында ою-өрнектер жаңаша пішінге ие болып, жаңаша интерпретацияланған.
Әлібай Бапановтың «Немере» атты кескіндемесіндегі ашық түстер адам жанына жағымды, көңілге жұмсақ. Басына кестелі қалпақ киіп, қолына немересін алған қарттың бейнесі ай іспетті иілген сары түсті фонда жазылған. Сары түс қазақ дүниетанымында даналықтың белгісі. Өмірге келген тұңғыш немересін әлемге қуана жар сала отырып, оның болашағына алаңдаған адам бейнесі. Бапанов туындыларының бәріне ортақ композициялық ерекшелік – монументалдылығы. Суретші майлы бояуымен бірге кенеп бетіне басқа да материалдарды жапсыру әдісін жиі қолданады. Кескіндемешінің қолына түскен кез келген материал өнер туындысына айналады. Ол әрбір материалдан тіпті, қиындыдан әдемілік тудыра біледі. Қиындыдан жасалған жұмыстарына «Тағдыр», «Дастархан», «Тағы бір күн» деген ат беріпті. Суретші дәстүрлі кескіндеме мен қазақ өнерін нәзік үйлестіреді. Оның осы әдіспен жасалған жұмыстары көп.
Бапановтың материалдарды батыл қолдана отырып, қанық қою қара түстен ашық сары түстерге бірден ойысуы туындының мазмұнын айрықша ерекшелейді. Кескіндемешінің туындыларында суретшілер көп қолдана бермейтін қара түс пен басқа да таза түстер ерекше орын алады. Оның кескіндемелік және гобелен техникасында көркем тоқылған өнер туындылары өте монументалды. Монументалды бейнелеу өнері ескірмейді және қажетсіз қалмайды, ол адамзаттың мәңгі құндылықтары болып қала бермек.
Жаңа заманның талабы мен сұранысы жаңа көркем тілді қажет етеді. Өнердің инновациялық көркемдік тілін іздеу жолындағы Ағын Бапанов өз шығармашылығын компьютердің мүмкіншіліктерімен тығыз байланыстырады. Креативтілік, шапшаңдық, жаңаша ой-өріс бүгінгі жастардың негізгі ерекшелігі. Адамзат баласы жаратылғалы көптеген тарихи, мәдени кезеңдерді бастан өткізді. Осы тарихи кезеңдерде адам баласының сана-сезімі дамып, ой-өрісі кеңейді. Осының негізінде көркем өнердің айқындаушы құралы да өзгеріп, заманға сай даму үдерісіне көшті. Көркемдік айқындаушы құрал өзгеріп жатқанымен, өнердің мақсаты – өзгерген жоқ. Өнер – адамның рухани болмысының материалдануы және ол «рухани ақпаратты» немесе «тектілік қорды» тасымалдаушы әдіс. Өнерлі отбасында тәрбиеленген Ағынның жұмыстарынан осыны аңғарамыз. Жас суретші өз шығармаларында заманауи материалдарды ұтымды пайдаланады. «Жасауымен келген келін», «Теңге алу», «Соғым» және тағы басқа да жұмыстарынан отбасылық құндылық пен ұлттық дәстүрдің маңыздылығын байқаймыз. Ағын бейнелердің мазмұнын ашудажаңа технологиялардың көмегін пайдалана отырып, өзінің ойларын қосады. Оның картиналары адамның болашаққа деген сенімін арттырады. Ағын Бапановтың «Асу», «Оралу», «Мақсат» атты туындылары жаңа дәуірдің тынысын байқатады.
Әлібай мен Сәуле Бапановтар бұдан бұрын да «Almaty art» галереясындағы «Күн-Түн» атты көрмеде кескіндемелік шығармаларымен көрермендерін тәнті еткені есімізде. Бұл жолы да көрермен ерекше әсерге бөленді. Көрмеге қойылған «Күн» атты туынды кескіндемешінің шығармашылығын жарқырата түскендей. Бұнда үлкен кенеп бетін толтыра орын алған алтын Күн, мәңгі жасайтын мифтелген бейнеде суреттелген. Күнді көтеріп тұрған жылқы шексіз аспанда оны қозғалысқа ендіріп, қалықтап бара жатқандай әсер береді. Әлібай Бапановтың күн бейнесі қазақтың түпсанасында ғасырлар бойы сақталған және үнемі қайталанып тұратын архетиптік бейне.
Бапановтың постмодернистік иронияда салынған шығармасы ретінде «Ойпырмай» жұмысын айтуға болады. Бұнда алуан сызықтар мен түрлі түстердің араласуынан туындайтын бейнелер мен көріністер адамды еріксіз шытырман ойларға жетелейді.
Ал Сауле Бапанованың жүннен өте жұқа етіп басылған киім үлгілерінің «Сейхун толқындары» атты топтамасы өзінің табиғилығымен, әсемдігімен көрмеге көрік бергендей.
Қалдыгүл Оразқұлова,
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
философия ғылымының кандидаты, өнертанушы.