Шығармашылық және ғылыми таным
22.04.2016
2243
0

898989Қазақ әдебиетінің тарихына XX ғасырдың 70 жылдары келіп қосылған талантты ақын, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Теңізбай Нәбиұлы Рахымжанов. Ғалымның алғашқы зерттеулері қазақтың ауызша ақындық поэзиясындағы дәстүрлі импровизаторлық (суырып- салмалық) өнердің поэтикасына арналды. Қазақтың дәстүрлі ақындық-жыраулық поэзиясындағы суырыпсалмалық өнеріне тән, психологиялық ерекшеліктердің көркем бейнелеулер арқылы айқындалатын болмысын өзіндік талдауларымен жүйеледі. Зерттеушінің импровизация поэтикасына арналған жаңашыл тұжырымдары ақындық поэзияның жалпы әдебиет тарихындағы эстетикалық тұғырнамасын анықтауға елеулі үлес болып қосылды.

Зерттеушінің қазақ әдебиеттануы ғы­лымындағы сүбелі еңбегі – роман жан­рын­дағы шығармалардың поэтикасы. Зерт­теу нысанына алынған романдардағы мазмұн мен пішін жүйесіндегі негізгі поэ­ти­калық тұтастықты құрайтын басты кейіп­керлердің жан дүниесіндегі ішкі мо­нологтардың сыртқы әлеуметтік ортамен сабақтастырылатын суреткерлік шеберлік сырлары анықталған. Аталған жазу­шы­лардың романдарындағы ішкі монологтарды, диалогтарды, портреттік, пейза­ж­дық бейнелеулерді саралау арқылы кейіп­керлердің қазақ халқына тән ұлттық және жалпы адамзатқа ортақ мінез-құлық психологиясы, ұлттық-этнографиялық болмысы айқындалған. Қазақ роман­да­ры­ның эпикалық баяндау құрылысындағы пейзаж-символдардың, анфастық (адам­ның алдынан қарағандағы бет әлпеті), профильдік (адамның қырынан қараған­дағы кескіні), полилогтік, характероло­гия­лық, психологиялық суреттеу, ортақ төл сөз, публицистикалық шегініс, жиын­тық баяндау тәсілдерінің поэтикалық қызметі теориялық тұрғыда түйінделген.
Теңізбайдың өлеңдері де «Күн тамшысы» (1973), «Алтын керуен» (1980) атты жеке кітаптары, «Жыр маржаны» (2014) анто­ло­гиялық жинақтағы, газет-журналдар­дағы топтамалары жарияланды. Ақынның өлеңдерінде адамдардың жан жүйесіндегі тебіреністер тереңдіктері романтикалық-реалистік сыршыл сарындармен жыр­лан­ған. Өлеңдеріндегі лирикалық кейіп­кер­лердің толғаныстары аясында туған жерге, атамекенге, ата-бабалар дәстүріне бас иген шынайы азаматтық-перзенттік махаббат сезімі төгіледі. Өлеңдерден қазақ ұлтына тән кеңпейілді, арманшыл жанның өршіл ойларын танимыз. Лирикалық сыршыл көңіл-күй әуендерінен жалпы адамзатқа да ортақ гуманистік, эстетикалық көзқа­рас­тарға үндес дүниетаным болмысы бай­қалады. Теңізбай поэзиясындағы ең басты та­қырыбы – азаматтық, отаншылдық, ұлттық, этнографиялық сарынды ойлары.
Өлеңдерінде қобыздың, домбыраның сазды әуендеріне, күйлеріне, қазақ әнінің шалқыған, мың құбылған әуездеріне ға­сыр­лар белестерінде қуанышы мен қайғы­сын да, жеңістері мен жеңілістерін де сый­ғызған Ұлы Дала Елінің байырғы тұр­ғындары – қазақ халқының рухани жан ділі болмысын поэтикалық жинақтаумен жырлаған. Еуразияның кең байтақ гео-
г­ра­фиялық кеңістігін ғасырлар бойы қо­ныс­танған, әлем өркениеттері тоғысуын­дағы материалдық және рухани мәдениет жаңалықтарына негіз – тірек болған көш­пелілер мәдениетінің құдіретті көрсет­кіш­тері – күйдің, әннің, мақам-саздың эсте­ти­калық ықпалды әсерлерін тебірене тол­ғайды.Қазақтың қара домбырасынан ға­сырлар бойы төгіліп, ұрпақтардың көр­кем ойлау жан ділін байытумен бағаланған адамдардың сан алуан тағдырлы тұрмыс белестеріндегі тебіреністерін, толғаныс­та­рын әуез-саз аясына сыйғызған күй құ­діретінің ботасы өлген нардың да, со­ны тыңдаған адамның жанын да идірген қ­ұдіретін, психологиялық әсерін өлең кестелерімен жырлаған.
Ақынның табиғат лирикасы қатарын­дағы өлеңдерінде («Тау көрінісі», «Бұқ­тыр­ма», «Каналмен кездесу», «Табиғат ая­сында» топтамасындағы өлеңдер: «Боз­торғай», «Ашу», «Шынар», «Алматинка – тентек өзен», «Арша», «Жайлау түні», «Жез киік», «Ақ нұр», «Ымыртта», «Хан Тәңірі», «Нөсер», «Көрінсе таудан қиық күн» жаратылыстың күндізінде де, түнінде де, жыл мезгілдерінде (көктем, жаз, күз, қыс) адам көңіл-күйінің қоршаған тіршілік әлемімен тұтастықтағы психологиялық хал-ахуалы пейзаждық суреттеулермен де, кейіптеулік бейнелеулермен де, психоло­гиялық егіздеулермен де – жанды өмір әлемін романтикалық-реалистік сарындар тоғысуы жағдайында жырлануымен ерекшеленеді. Өлеңдердің шумақтық құрылымындағы бейнелі өрілімдер кес­те­­лерінен ақынның халық тілінің көр­кем­дік-поэтикалық мағыналық үйлесімдерін өзін­дік эстетикалық көзқарастарын жет­кізу үшін қолданатын шеберлігі бай­қалады.
Ақын поэзиясындағы көшпелілердің мыңжылдықтар бойы сақталып келген ха­­лықтық-этнографиялық ерекшеліктері, салт-дәстүрлері туралы өлеңдері («Бәйге», «Бұрым», «Арғымақ көріп түсінде», «Ат дүбірі», «Қараша үй», «Бәсіре», «Қолға үй­ренбеген бүркіт», «Алтыбақан» да оқыр­ман­дарын ұлттық рух қуатымен тәрбиелеу ықпалын танытатын тағылымымен ерек­ше­ленеді. Кең далада арғымақтарға, сәй­гүліктерге мінген шабандоздардың жүйт­кіген шабысы («Түбіттей шаң төгіліп тұяқ­тардан», «Құлдырап артта талай қырат қалған», «Желменен оқ жыландай ыс­қырады, Тұлпардың түркі жалы жел сы­пырған»), тұлпардың сүрінуінен туын­даған психологиялық жағдай («Жер етіп жігеріңді, намысыңды, ең алдымен жі­гіт­тің Алатаудай сағы сынды») реалистік та­ғылыммен жырланған. Ақынның поэзиясында көңіл-күй лирикасын құрай­тын көптеген өлеңдері бар. Лирикалық қаһар­манның қоршаған өмір ортасына деген көзқарастары көркемдік дүниетаным тереңдіктерімен бейнелене жырланған.
Ақындық және ғылыми-зерттеушілік шабыт тоғыса келе, оның қаламынан прозалық туындылар да туа бастады. Қазақтың көркем прозасындағы елеулі туындылар қатарында жазушының әңгі­мелері, со­нымен бірге «Жұлдыз», «Жалын» жур­нал­дарындағы жарияланымдары арқылы оқырмандарға мәлім. Жазушының поэзия­лық, прозалық шығармалары XX ғасырдың 70-90 жылдары мен қазіргі әде­би үдерістегі көркемдік-эстетикалық та­ғы­лымымен ерекшеленеді. Жазушының прозалық туындыларында қазақ ауы­лының көпғасырлық тіршілік кезең­деріндегі халықтық-этнографиялық сипатты тұрмысы, тіршілік қозғалыстары жүйесіндегі өзара қарым-қатынастары мәдениетінің ұлттық болмысы, тағдыр тауқыметтерімен бетпе-бет келген жеке адамдардың, олармен бірге әлеуметтік орта мүшелерінің — бәрінің амалдары-әрекеттері, материалдық жағдайлары әралуан адамдар араларындағы өзара келісімдер мен қақтығыстар, мінез-құлық психологиясының әралуандығы аясын­да­ғы үндестіктер мен қайшылықтар, т.б. сан алуан қасиеттер, құбылыстар, оқиғалар романтикалық және реалистік сарындар тұтастығына негізделген поэтикалық-стиль­дік өрнектермен жазылған. Жазу­шы­ның көркем шығармаларындағы кейіпкерлер дүниетанымының, портрет­терінің әралуандығы, оларға қатысатын оқиғалардағы сан алуан қақтығыстар, туындылардағы табиғат құбылыстары мен адамдар көңіл-күйлері сабақтасқан психологиялық егіздеулер, т.б. поэти­калық ерекшеліктердің қазіргі заманғы өмір сүру философиясы аясындағы шы­ғар­машылық стиль жүйесінде баға­лан­ғанын дәйектейді. «Күй аты – Дайрабай» повесінің тақырыбы – қазақ халқының Ресейдің отарлық бұғауындағы тарихи кезең шындығы, идеясы – адамдар орта­сын­дағы құқықтың, әділдіктің озбыр, па­сық пиғылды байлық, билік иелері сал­да­рынан мәңгілік бағаланбайтынын, әлеуметтік-құқықтық әділеттіліктің аяқ­қа тапталатынын әшкерелеу.
Повестің көркемдік арқауында – дара дарынды, киелі өнер иесі, ақын, күйші Дайрабай мен оның әкесі Ағабек, анасы Мәпеш және оларға қарама-қарсы мінез-құлық иелерінің (Күпілдек қара шал Көбен, оның жандайшабы – жағымпаз атшабары Құлғара, болыс Есбол, т.б.) қақтығысты-қайшылықты іс-әрекеттері көркем шындықпен суреттелген. Повестің сюжеттік-композициялық желісіндегі оқиғалар жүйесі эпикалық туындының көркемдік-эстетикалық сипатын ай­қындайды. Сюжеттің басталуы – дәулетті, ел арасында Күпілдек Көбен атанған шалдың жалғыз ұлы Нарқоспаққа кедей Еңсегеннің сұлу қызы Ақбілекті айттырып, енді келін түсіру қамында отырғаны, ағайыны, аталас туысы Ағабектің ұлы Дайрабайға бұрын өзі «Жалпақ қоян» жұтында тартып алған Шұбарағаш қыс­тауына олардың қайта орналасуына рұқ­сат бергені, Көбен шал үйінде Дайрабай­дың ән шырқаған, күй төгілткені баян­­далған.
Сюжеттің дамуында Ақбілек қалың­дықтың әкесі Еңсеген аулына күйеу бала мен құдалар тобының келгені, осы топпен келген Дайрабайдың ән («Қарғаш») шыр­қағаны, күй («Қорқыт ата күйлері», «Ала­байрақ», «Аққу айрылған», т.б.) төгілткені, Дайрабай мен Ақбілектің оңашада қа­уы­шуы, оны Көбеннің көріп қалғаны, қор­лан­ған Көбеннің Есбол болысқа барып Дайрабайды жазалауды, Шұбарағаш қыс­тауын, Ағабекке берген өзі­нің баласы Нарқоспаққа мен­шіктеп беруін сұрауы айтылған. Сюжетте эпика­лық автор­лық баяндаулар, кейіп­керлердің монологтары, диалогтары өмір шын­дығын реа­лис­тікпен сурет­теуі­мен ерек­ше­лене­ді. Кейіп­­кер­лердің даралана мінезделуі де осы сюжеттік даму бөлі­гінде саралана бай­қа­лады. Күпіл­дек Көбеннің зорлық­шыл­дығы, екі­жүзділігі «Жалпақ қоян» жұтында ағайын-туысы Ағабек әулетінен қонысы Шұ­бара­ғашты тартып алғаны, енді баласын үйлендіру кезінде уақытша алдаусыратып сол қыстауға қай­та қоныстануға уәде еткені, нәтижесінде туысы Дайра­бай­ға өтірік күліп жүріп, оның болашақ келініне ғашықтығын білгесін уәдесінен тайқып, Шұбарағашты өзінің баласының атына жаздырып алғысы келген, бірақ Есбол болыстың қыстауды орыстың қо­ныс аударушы мұжықтарына бергені – осындай адамдар болмысына тән қас­иет­тердің көркем жинақталуы тұр­ғысында бейнеленген. Сюжеттің шие­леністі танытатын оқиғалар (Шұбарағаш қыстауының берілгеніне нанып көшіп келген Ағабек әулетінің дағдарысы, күй­зелісі, Күпілдек Көбеннің, оның жандайшабы Құлғараның ұйымдастырған ұрлық-барымта сапарынан Ағабектің кіші ұлы Шақантайдың ауыр жараланып, мәңгі мүгедек болғаны, Көбенді, оның жандайшабы атшабар Құлғараны жазалауға келген Дайрабайдың тең емес шайқаста жеңіліп, тұтқындалып түрмеге түскені, Ақбілек арудың боранда адасып өлгені жүйелене суреттелген. Шы­ғар­ма сюжетінің шиеленісті оқиғалары адамзат ұрпақ­та­рының мыңдаған жылдар бойы осындай қақтығыстар-қайшы­лықтар шырмауын­дағы тағдырын күрделі пси­хо­ло­гиялық сипатын айқын елес­тетеді. Демек, жазушы Теңізбайдың пове­сіндегі Ағабек аңшы мен оның баласы Дайрабай мен Күпілдек Көбен, жандайшап атшабар Құлғара араларындағы қақтығыс (конфликт) – замандық-ха­лықтық күрес бол­мы­сының көрсеткіші. Шығарманың ком­позиция­сындағы шағын тартыстар (коллизиялық), ірі қақтығыстар (конфликт) жүйесінің ең орталық желісін­де көркемөнер тұлғалары мен оларды еш­қа­шан бағаламайтын қарама-қайшы дүние­таным иелері ара­ларындағы бітіспес көзқарастардың пси­хологиялық-фило­софиялық мағына­лы қақтығысы шие­ле­ністі жағдайда көрінеді. Шығарманың сюжеттік басталуындағы аңшы Ағабектің зорлықпен ажыраған атақыстауы Шұба­р­а­ға­шын сағынғанда ескі домбырасын бе­беулете, безілдете жырлайтынын («Құй­қалы, көкқтұмалы Шұбарағаш, Сенімен әнім жалғас, жаным жалғас») Дайрабай­дың еске алуы, халыққа кең тараған ән­дерді («Ақан серінің «Әудемжері», халық әні «Қарғаш», т.б.), күйлерді («Қорқыт Атаның күйлерін, «Алабайрақ», «Аққу айрылған», «Дайрабай», т.б.) орындаған сәттеріндегі өнерден эстетикалық қуат алатын, жігер­ле­нетін, өмір сүруге құштар­ланатын, ақыл-ойы кемел өнер иелерінің тыңдаушы халықтық парасат биіктігіндегі болмыс-бітімі дараланған.
«Күй аты – Дайрабай» повесіндегі портреттік бейнелеулер де кейіпкерлерінің авторлық көркемдік-идеялық желі аясын­дағы қақтығыстармен, кейіпкерлер іс-әрекеттерімен сабақтастырыла, үн­дес­тіріле берілуімен ерекшеленеді. Шығарма арқауында алынған тағдыры таразыға түскен тарихи кезеңдердегі дәулеті, мансабы бар пенделердің сүлесоқ, мәңгүрт қалпының салдарынан ата-қоныстарынан айрылып, әр жаққа ауа көшкен қазақтың азып-тозуына, жат жұрттар құлдығына душар болуы да идеялық желілі ойлармен өрнектелген. Әлеуметтік психология мен өмір сүру философиясы бағалаулары сабақтасқан осындай ойлар кейіпкер­ле­рінің даралаудағы коллизиялық байыптаулардан байқалады. Мұндай монологтарда портреттік-мінездемелік бейнелеулер жасалған. Мысалы, кейіпкер Күпілдек Көбеннің қарапайым жылқышысының атақоныс Шұбарағаштың босқын мұжық­тарға берілгеніне күйзелгенін естіп тұрып ойлану сәті де психологиялық коллизия ерекшелігімен берілген: Шығарманың құрылысындағы пейзаждық суреттеулер де сюжеттік бөліктеріндегі кейіпкерлердің көңіл-күйлерімен және оқиғалармен үндес психологиялық егіздеу поэтикасы сипатымен байқалады.
Жазушының «Жел өтіндегі ұя» пове­сінің тақырыбы – «Көкше теңіз» атанған кең айдынды көлдің жағалауындағы балықшылардың тұрмысы, идеясы – табиғат пен адамдар тағдырына ортақ эко­ло­гиялық зардап қасіретін бағалау. Повестегі қақтығыстар, тартыстар басты айыпкерлердің мінез-құлық психологиясынан, бір-біріне қарама-қарсы, қай­шы­лықты сипатынан, іс-әрекеттерінен туындайды. Жеке өңірлерден басталып, ұлғая келе бүкіләлемдік, халықаралық, әлеуметтік-қоғамдық өзекті мәселеге айналып кететін сөз арқауындағы экология­лық апатты зардаптардың басты айыпкері – мемлекеттік басқару билік жүйесі. Әсі­ресе, өзендер, теңіздер, көлдер суларының ғылыми-тәжірибелік шынайылығы ескерілмей, пайдалануынан олардың тартылуы, суалуы, ластануы орны толмас апаттарға соқтыруда. Повестің сюжеттік бөліктеріндегі жоғарыдан төменгі буындарына дейін жалғасқан бюрократтық-тоталитарлық басқару жүйесінің өкіл­де­рінің ( Аупарткомның бірінші хатшысы Арыстанов, ауаткомның председателі Мыңбаев және директор Мұса Жылғабаев, орынбасары Пернебек, кассир Жангөбек, т.б.) – балық аулап қана күн көріп отырған балықшылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын емес, тек қана жоспардың орындалуына ғана негізделген көзқарастары сыншылдықпен бейнеленген. Сюжеттің басталуы, дамуы, шиеленісі, шарықтау кезеңдерінде де кеңестік кезеңдегі басқару жүйесінің ғылыми негізсіз жасаған шала­ғай, зиянды іс-шараларының (өзен, көл суларының теріс істерге рәсуа ету, халық­тың пайдалы ұсыныстар айтушы адал еңбекшілерді қудалау, т.б.) көріністері бұл повесте де көрінеді. Шығарма сю­же­тінің шарықтау шегінде шаруашылықты басқара алмаған дүмбілез басшысымақтар мен оларды қаумалаған жағымпаздардың-жандайшаптардың ақырында әділдіктің ақ семсерімен жазаланатыны тарих бет­терінде қараланған келбеттерімен мәңгі әшкереленген сұмпайы сықпыт­та­рымен бағаланатыны да повестің сыншыл реализм рухындағы көркемдік тағылымын айқындай түскен. Бұл – кеңестік кезеңде де, қазірде де, болашақта да басқару – әкімшілік бөлімдерінде мансапты қыз­метке сыбайластықпен, тамыр-таныстық­пен, парамен тұрған білімсіз, біліксіз, топас, сыртынан мықтымсынған, оқымыс­ты­ның образына еніп алған айлакер, алаяқ­тарға ортақ тағдырдың шынайы бағалану ақыры.
Сюжеттің бөліктеріндегі әралуан оқи­ғалық эпизодтардағы кейіпкерлері (бригадир Сейітқұл Омаров, қарт балық­шылар Метрей – Дмитрий Иванов, Бөдеш, жалақ ерін Жақайым, Асамұрат, Әбілпейіс) адал еңбекпен ғана өмір сүрудің өнегесін танытқан мінез-құлық мәселелерімен кө­рінеді. Шығарма арқауына алынған әлеуметтік-тұрмыстық қақтығыс аясында ба­лықшылар бригадирі Сейітқұл мен Жа­қайымның бейнесі негізделе дараланған. Жа­қайым – туған топырағын сүйген және отбасын аман сақтау қамындағы қара­пайым еңбек адамы. Экологиялық апатты өңірлердегі (Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары), Арал теңізі, Балқаш көлі жағалаулары, Семейдегі Абыралы, Шұбартау аудандары, Қарақалпақстанның Арал теңізіне жақын өңірлері адамдар тағдырлары – повесть кейіпкерінің түптұлғалық негізі. Аламойнақ тұрғындарының тағдыры – ХХ ғасырдың 70-80-жылдарындағы қазақ халқына ортақ экологиялық дағдарыс­тардың шынайы көрінісі. Туындының басты кейіпкері балықшылардың бри­га­дирі Сейітқұл бейнесі айрықша даралана сомдалуымен ерекшеленеді. Оның от­басындағы жары Алма, үлкен ұлы Алмат, қызы Жанат экологиялық зардаптың әсерінен жарымжан мүгедек боп туылған баласы Ығлым – оның осы тірліктегі бар байлығы. Көкше теңіз-көліне құйылатын Ақсу өзеніне тоған салынуы кесірінен арнасы ортайып, балық аулау жоспарын орындау үшін алыстағы Каспий теңізіне, Жайық өзеніне, одан кейін Бозшакөлге, Алакөлге баруға мәжбүр болған ол ақырында осы Көкше теңізді қалпына келтіру үшін тоған салдырған басшыларға тікелей қарсылық сөзін айтады, ақырында нақты шешімді әрекет жасайды, тоғанды жарып, өзен суын қайта ағызады. Сейітқұл – халықтың қамы жолындағы адал еңбегімен, азаматтық-қайраткерлік ұста­ны­мынан айнымайтын адамдар қасиет­терінің көркем жинақтаумен сомдалған тұлғасы. Туындының көркемдік-стильдік сипатынан қаламгердің халық тілінің бейнелеу мүмкіндіктерін мол пайдалану стилі байқалады. Теңіздің, даланың пей­заж­дық көріністерін, кейіпкерлердің пор­треттерін, халық даналығының қорыт­­па­лары мақал-мәтелдерді эпикалық баян­дауларында, кейіпкерлердің диалогтарында үйлесімді пайдаланғаны, соған сәйкес өзінің де төл кестелі өрнектерін жазғаны, т.б. ерекшеліктер жазушының көркем ойлау дүниетанымын, шығар­машылық шеберлігін байқатады. Жазу­шының ха­лық мақал-мәтелдерімен үндес өзіндік афо­ризмдері де байқалады.
Қаламгердің шығармашылығында аталған салалардың әрқайсысының өзін­дік ерекшеліктері даралана байқалады. Яғни сөз өнері арнасындағы шығарма­шы­лы­ғын ақын, прозашы, ғалым-әдебиет­танушы салаларын тұтастандырған Теңіз­бай Нәбиұлы – қазақ мәдениеті та­­ри­­­хын­­дағы өзіндік орны бар тұлға. Қа­ламгер Теңізбай Нәбиұлы көркем аударма саласына да қалам тартып жүр. Әлем әдебиетіндегі көрнекті қаламгерлердің (Дж. Голсуорси, т.б.) туындыларын қазақ­ша сөйлетуі арқылы оның өзіндік шы­ғар­машылық мүмкіндігінің бұл салада да мол екендігін аңғарамыз.
Қорыта айтқанда, белгілі қаламгер-жазушы, ұстаз-ғалым, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Теңізбай Нә­биұлы Рахымжановтың қазақтың ұлт­тық мәдениетіндегі өзіндік орны айқын танылады.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір