ХОР ҚЫЗДАРЫНЫҢ БИІ (әңгіме)
Аяқ астынан сыра ішкім келді.
Автобуста отырғанмын. Сағатқа қарасам, тоғыз жарым. Шаһар шамдары жан-жақтан жарқыл қағып, жұртшылық күндізгідей жосып жүргенімен, алып Алматы қою қараңғылық құшағына енген сәт-ті.
Іштегі он-он бес адамның арасынан жеделдете өтіп, аялдамада түсіп қалдым. Одан қалың шашым дудырап, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ арқылы кең даңғылдың арғы бетіндегі бір қабатты шағын азық-түлік дүкеніне қарай аяңдаймын. Қос қапталдан сорайған зәулім ғимараттар аясындағы айрықша жай. Сонадайдан ағараңдап, көз тартады. Бұрын да бір-екі мәрте соққаным бар. Таныс орын. Қаланың шеткерілеу жағы. Осы маңайда өзімнен оншақты жас үлкен ауылдас ағайымыз тұрған. Сәулетші.
Доңғалағы сырылдап ерсілі-қарсылы жүйтки ағылған көлік нөпірінің менің жетуімді күткендей кілт тежеліп, жол бергеніне ризалықпен қол бұлғаймын.
Ауа ызғарлы екен. Қарыған аяз демін сезініп, етегі келте сұр плащтың жағасын көтердім. Түнеріп, сыз бүріккен күзгі аспанның әр тұсынан көрінер-көрінбес жұлдыз сығыраяды. Есесіне күміс табақтай ай жарқырап тұр. Дөп-дөңгелек.
Әкетіп бара жатқан шөл жоқ-тын. Кейде көңіл күй жетегіне ересің. Ақылды сезімге билетесің. Мұндайда арагідік «Ой, ерікпеші!» деп, өз-өзіңді тыятын да кездер болады. Расында, сол бір шөлмек сусынды үйге жеткен соң да татпас па едім. Бірақ бұ сапар аяғым орта жолда далаға тартты. Кабак, барлардың жөні бөлек, өйткені. Тынысы тосын, ауаны өзге. Көпшілік ішінде сыраның сіңуі де ерекше сияқты-ау. Соның сыңар саптаяғын ермек қып азырақ отырсаң, көкейдегі көп ойың қорытылып, арқаң жазылып, қанаттанып қалғандай күй кешерсің.
Негізі, бұ жерді «кабак» деп аса күпитетін де емес. Иесі магазинінің сыртындағы тізілген терек пен бітік бозқарағанның бос, ойық қуысын жағалата аласалау темір қоршау қойыпты. Алты қанат киіз үй көлеміндей осы ықтасынға қатарластырып ұзынша үш үстел орнатқан. Іргедегі кішкене радиоладан құйқылжып саксофон әуені сыңсиды да тұрады. Әйтеуір, керемет салтанаты болмаса да, қосымша табыс көзі ретінде ыңғайластырған алақандай жұпыны дәмхананың өзіндік жылылығын, жайлылығын бажайлайсың. Сырамен бірге кепкен балық, қышқыл пісте ұсынылады. Бұған қоса стақандап шарап сатылатын жерге, көбінесе, төңіректегі ішкілікке жақын ағайын жиналатынын байқағанмын.
Биіктен төнетін күңгірттеу лампа жарығынан қабырғада арбаңдап, жеңіл көлеңкесі жүгірген үйме-жүйме топқа, міне, мен де келіп қосыла кеттім. Іштегі тұтынушымен бірге артқы терезе арқылы тыстағылардың да бабын тауып, жаны қалмайтын қырықтардағы сатушы азамат лыпылдай қимылдайды.
– Сыраңнан құй, бауырым. Ащы құрт табыла ма?
– Бар, бар, ағасы…
– Е, жақсы болды. Екі талын бере ғой.
Бұрылып, айнала бергенімде, бүйірден тақалып келген талдырмаш бітімді әйел:
– Маған да бір бокалын алшы, – деді.
Мән-жайды түсініңкіремей, жан-жағымды таңдана шолып барып өтініштің өзіме арналғанын аңғарамын. Танысам, бұйырмасын. Қасында селтиіп, өзі құралпылас құрбысы да жүр екен. «Мәселені» пайымдап үлгердім:
– Жігітім, мына кісілерге де сыраның екі кружкасын құйып жібер!
Шарбақпен түйіскен емен түбіне жайғасқанымда әлгі бикештер сусынын ұстап, иықтаса отырды.
Қурай бастаса да жапырағы түсіп бітпеген жыныстың ту сыртымнан сыбдырлай жөнелген дыбысы елеңдетеді. Түкпірдегі бақа шұрылына қарағанда, шоқ тоғай маңы батпақты секілденді. Су сылдыры жетеді құлаққа…
Қаракеуімге көз үйренгенде, көршілерімнің жүзі де айқындала түсті. Төбесіне қызғылт орамал тартқан аққұба ханым сары күрткесінің өңірін қос қолдап тарта қымтанып, именшіктей үн қатады:
– Мен сені бұрыннан білемін.
– А-а…
– Иә, мұнда ертеректе екі рет келгенсің. Онда да жалғыз едің. Екі жолы да бір саптыаяқ сыраны ойланып ұзақ іштің. Дәл осы жерге, қазіргідей мына жуан ағашқа сүйеніп отырдың…
Қараңғыда жалт еткен мойылдай жанары әйелдің сұлулығын аңдатты. Тек жүзін кіреукелеген қайғы табы мен көз астындағы көкшіл дақ мұның да маскүнемдікке бейімдігін әйгілейтіндей.
Аңырып қалсам керек, құрбысынан сәл алшақтау тізе бүгіп темекі тұтатқан екінші бикеш бұл неге сонша шошынды дегендей, мен жаққа мойын созып ошарыла қарайды. Өзінің сіріңке шиін шайнайтын дағдысы бар сияқты, тістелеп, демде бір тал шырпыдан түк қалдырмады.
– А женщина у тебя есть? – деп сұрады әлден мезгілде алғаш сөз бастаған әйел.
– Оны қайтейін деп едің?! – деппін түршіккендей. Әмбе елуге таяған өзім құралпылас адам екенін байқап, «сіз» деп сызылуға да құмартпадым. – При чем тут женщина?
– Көп нәрсе жаныңдағы қосағыңа байланысты ғой. Жаман қатын сорыңды қайнатпай ма…
Қатқылдау жауабыма кейбіреуше шап етіп ашу шақырмағаны ұнады. Әдетте, жүйкесі әлсіз келетін ішкіш адамның сабырлылығы таңырқатады. Және орыс тіліне бейімдігімен қатар қазақшасы да мірдің оғындай-ау. Езуімдегі құрт сілекей шұбыртып, ашырқана тыжырынғанымды жақтырмағаны деп қабылдады білем:
– Ренжіме. – дейді, – «Жақсы әйелдің өрге сүйрейтінін» естіген шығарсың. Серігің сәтімен кездеспесе, қиын ғой…
– Нет у меня никакой женщины, – дедім әлгі сұрағына сай тағы да шалттау мәнермен. Жүзіме біраз сүзіле қарап отырды. Одан сөз сабақтайды:
– Тогда я буду женщиной твоей!
Саусақтарының ұшымен үстелді тықылдата шертіп, кезекті шиді «жеп» тастаған құрбысы мырс еткендей болды. Мен де: «Мәссаған! Жетіскен екенмін. Маған енді қайдағы бір арақкеш әйелмен әуейілену қалып еді!» – деп іштей күлемін.
– Желкенді қайығымды ұзақ күттім мен. Юрий Рытхэудің «Ең әдемі кемелер» романындағыша. Сен сол зарыға тосқан адамымдай көріндің. Десе де екі рет оқталсам да, тақалып баруға бата алмадым…
Баппен шыққан майда қоңыр үн, бейнелі ой есімді тез жиғызды. Мынау қым-қуыт, аласапыран тірлікте әрқайсымыздың өз кемемізді тосқан жолаушы екеніміз рас қой. Өмір айдынында әркімнің елегзи күткен бір әсем кемесі бар. Кейбіреудің көлігі опынтып, мұнарға сіңіп, соқпай да кетеді.
Ақырын күрсінемін. Торғын түнде жаутаңдап, сыр ағытқан әйелдің мақпал даусы еліктіреді:
– Неге екенін білмеймін, маған көбіне кісікиік, саяқ адамдар ұнайды екен. Шынында да, жалғыз жүретіндер, оңашалықты қалайтындар сертке берік, сенімді келеді дейді. Ештеңеден қаймықпайды. Қиындықтан қашпайды. Тұрақты келеді дейді. Қысқасы, өзіңнен әлдебір жан туыстығын сезіндім…
Серейген терек төбесіндегі «күміс табақ» жалындап, жайнай түскендей көрінді. Жұлдыздар да жарқырай бастағандай ма, қалай? Алакөлеңкеде еппен барлап, қасымдағы жанның кейпінен хас арудың көркін іздеймін. Иә, нағыз ай маңдай, пісте мұрын, лағыл иектің өзі еді бұл. Әрине, кезіндегі… Қазіргі түрі оңған шүберектей. Қатыгез уақыт илеп-илеп, ызғырық жел өтіне, қорғансыздық, жалғыздық мехнатына лақтыра салған. «Өзінің ішкі әлемі бай-ау. Жаны жұтаң әйел сұлу бола алмайды» деп ойлап отырдым. Осы сәтте қызып алған әлдекім үшеумізге қарбыз тілігі мен жарты бәліш ұсынады. Ластау нәрсе ме деп күдіктенсең де, ізет үшін бас изеп, рақмет айтып, қабыл аласың. Бұл көрініске жиренқоңыр көпек ит, анадайдағы бұта арасынан шекесін қисайтып шаншыла қарайды. Манағы тысырдың «күнәһары» осы екенін пайымдадым. Талмай кезіп, тал-дарақ ішін тіміскілеп, қарсы қабақтан шыққан беті. Жұтынып, жылтылдаған көзі ойнақшып, жұрттың мінез-құлқын да бағып қояды. Қумайтындай болса іліккен нан-пан, шұжық, анау-мынау бірдеңені ала қашпақшы. Жалтаңдаған байғұстың кеспірі күлкілі еді. Итшілеткен қу тірлік…
– Осылардың мұңы туралы толғанып көрдің бе? – деп сұрады әйел әлпетімдегі құбылысты аңдай қалып тоңазыған жүзі томсырая. – Мысалы, Гоктің тәлейі ойлантпай қоймайды, ә…
Қайран қаламын. Тағы да сол Рытхэудің «Сезім аңсары» деген хикаятына жүгінді.
– Иә, оқығанмын оны, – дедім аталған шығармадан хабарсыз емесімді байқатып. – Автор итте де тағдыр бар екенін, хайуанның да өз пәлсапасы, махаббатты болатынын, бұлардың да сарғайып сағынатынын әдемі кестелеген.
Гок туралы пікіріміздің үйлескеніне қатты қуанғанын түйсіндім. Тіпті өңіне нұр жүгіріп, гүлдей жайнап, құлпырып сала бергені аңдалды. Әйтпесе бәлен жыл отасқандардың да біреуі бас десе, екіншісі құлақ деп сөзі жараспайтыны көп қой. Сырасын жұтып қойып, ара-тұра әңгімеге құлақ түрген құрбысы не жұмбақтап кеткенімізді ұға алмай дал.
Басымды көтерсем, қарсы алдымнан әлгі сәулеткер ағайым ыржияды. Бойы ортадан жоғары, сыптығырлау, қарасұр адам. Қапелімде қайдан сап еткенін аңғармаппын. Жанында кейінгі жеңгеміз жүр. Бәденді. Әйтсе де аса әдемі деу қиын.
– Уай, орта толсын, бауырым! Отырыстарыңа береке берсін.
Үні кекесінді. Ыңғайсыздандым. Оқты көзімен атуына қарағанда, мені масалаң қатындарға қосылып «шайқап» жүр деп шешкені анық. Одан ұзай бере:
– Смотри, парень! Когда-нибудь доиграешься! – деді сұқ саусағын безеп. «Байқа, бала! Ойының осылады бір күні» дегені ғой. Келіншегі де маған өз-өзінен өшіге қарайды. Жынды ма…
Тәрізі, ағам шаруамен бұрынғы үйіне соғып, қайтарында таңдай жібіте кетуді діттегендей. Тек бізді көргенде тәбеті бұзылған секілді.
«Дастарқандасым» бас шайқап жымиды:
– Кобо Абэнің «Құмдағы әйел» романын білесің ғой. Ағайың сондағы топтың алдында ылығуға әрекеттенген әйел мен еркектің үстінен түскендей тіксінді-ау сен екеуімізден! Ха-а… Қызық адам. Есіңде ме сол көрініс?
– Иә, иә.
Аталған кітаптағы кейіпкердің көп әбігерленіп, түк шығара алмаған сәті елестеп, мен де күлген болдым.
– Бұ кісі кім саған?
– Жерлес ағам ғой. Көрмегелі біраз өтіп еді.
– Ендеше, бізге көрші ол…
– Е-е. Білмеппін.
– Жас жұбайын да танитын шығарсың?
– Сырттай ғана. Бертінде бір-екі тойда өздерімен табақтас болған едім.
– Мен ағаңды бұрын да онша ұнатпайтынмын, соңғы ісінен кейін жек көріп кеттім.
Сәулетшінің алпысқа келгенде бәйбішесін тастап, өзінен жиырма-жиырма бес жастай кіші әйелмен кеткені ағайын ортасында неше қилы қауесетке түрткі болғаны рас. Шағында ұлды да, қызды да тауып беріп, қаншама ыстық-суығын бөліскен қосағынан безуін жегжат-жұрат аса құптамаған-ды. Енді айдаладағы мына бикеш сөгіп отыр. Әйелдің мұнысын мақұлдай қоймаймын. Бүкпесіздігі, байламының тосындығы көңілге қонса да, жүрегі қарайғандай, жағалай елге кектене қарайтын жан ба деп күдіктендім. Әмбе, біреудің өмірінде неміз бар осы. Ішпе, жеме, өзге ешкімге жуыма деп ғақлия айтуға, жөн-жосық үйретуге неге құмартамыз. Алдымен, өзімізді жөндеп алайық та. Кімнің бауыры бүтін?! Жаңылысып, басқа кемеге мініп кеткен кісідей ешкім әдейі қателеспейтін шығар…
Үргін-сүргін әсермен әуреленіп, шолақтау байламы үшін ағама да ренжимін. Мән-жайға қанықпастан түңіле салғанына жол болсын. Ол да алды-артқа қармайды екен. Сонау бозбала шақта Алматыға алғаш келгенімде оқуды жаңа бітірген мұның студент жатақханасы балконының астында күнара бір қызбен сүйісіп тұратынын байқайтынмын. Хе-е-е… Жастайынан нағыз әйелқұмардың өзі еді ғой. Солайша жырғап, талайға шейін бойдақ жүргені де есімде. Бір кезең қоңыр гитараны күңгірлетіп: «Өмірге келгеніңе өкінбе сен, өкінбе сен» деп ән салатын әуестігі болды. Альпинизммен айналысқан. Біртіндеп тәуір шыңгерлер санатына ілікті. Теледидардан көсіліп сөйлейтінін тамашаладық. Архитектура жайындағы, шыңға өрлеу жөніндегі хабарлардан…
Ауылдағы үлкендер: «Әй, осы бала қалайша таушыл болып кетіп жүр?! Спорттан алыстау, орашолақтау еді», – деп ерін жымыратын. Әсілі, дақпырты көптеу-ді. Нәтижелі ісі шамалы. Алайда өстіп жүріп-ақ әжептәуір бедел, дәулет жиып алды. Бертіндегі тірлігі – анау. Нақсүйеріне кең сарайдай үш бөлмелі үйді орталықтан әперген. Қазір өзі де сонда ірге теуіпті. Кейде жеңіл автокөлігінің рулін келіншегіне беріп қояды…
Әп сәтте әңкі-тәңкім шығып, мазам қашты.
– Қандай ұстара ұстайсың? – дейді қасымдағы әйел тақырыпты басқа арнаға бұрғысы келгендей. Таңертең қырынбай шыққан едім, соны байқап тұспалдағаны ма деп қуыстанамын. Одан мен естімеген қымбат сақалқырғыш түрін айтады. – Сол дұрыс. Өзіңнен ештеңе аяма. Люби себя!
Қозғалақтап, орнымнан тұрып, үш саптыаяқ сыраны қайталаттым. Әпселең күйден шығаруға ұмтылған бикешім ыңғайыма бейімделіп, көңіл аулайды:
– Ағайдың зілін елемей-ақ қойсайшы! Түк етпейді. Көзі тесірейген жұбайының да безбүйректеу екені көрініп қалды…
– Е, мейлі. «Жастар» бақытты болсын. «Әркімдікі өзіне – ай көрінер көзіне!» – деп қыжырттым.
– Әрине. Мен де тілектеспін. Тек біреуді сүю – ынтызарлық қана емес, зор жауапкершілік шығар. Қосағыңның жолына жан салу. Ал өз ойымша, жаңа жеңгейді қызықтыратын ағайдың дәрежесі мен әмияны ғана. Азаматқа берік тыл керек… Сенімді серік керек. Тіпті барлық шаруасына ширақ үйлестіруші бола біл… Керісінше шығып жүрмесе бопты. «Аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, ағаң жас зайыбының қасында діңкелеп, шалдығып тынбаса бопты. Жеңгең күні-түні мойнынан түспей, зорықтырып, түбіне жетіп жүрмесе бопты.
– Өздері біледі де. Әркімнің жарқын өмірге қақы бар емес пе.
– Бәйбішесінің көз жасының өтеуі кімге? Есейген балаларының абыройы мен наласы, немерелерінің обалы кімге? Жараланған жан дауасын кімнен сұрайсың? Сол ма жарқын өмірдің бағасы?!.
– Біліксіз емес қой, әйтеуір! – деп қаламын ағамды қалайда ақтағым келіп.
– Білімділік естіліктің, дарындылықтың белгісі ме? Ел қамын жейтін дегдар, асқан қабілетті адамдардың жөні басқа. Мысалы, академик Әлкей Марғұланның «Ерте дәуірдің архитектурасы» деген мақаласы бар. Қазақтың қола замандағы сәулет өнері туралы небір құнды деректі содан табасыз. Құдай ақы, ондай еңбектерден хабарсыз бұ кісі. Өзінің жұмысқа орналасып, Алматыда қалуына менің әкем көп жәрдемдесті. Студенті ретінде… Кейін біздің тоғыз қабат жайдан пәтер бұйырды да, үймен жиі араласқан. Көкем: «Арзан даңғазаға құмартпа, әр жеңіске қалайда таза арыңмен, әділ ісіңмен жет!» деп ренжіп, ескерту жасап отыратын-ды.
– Әйтсе де өз саласы бойынша бірсыпыра шаруа атқарды-ау.
– Қайдам. Елеулі бір жобасын естімеппіз. Бірақ алмаған атағы аз. Соған қарағанда, «пысық». Ал адалдығың болмаса, қалған қасиетіңнің құны көк тиын емес пе. Талапты жастардың жұмысын жымқырады. Бертінде дайын шетелдік жобалар жиі қолданыла бастады. Өзіміздің жаңалығымыз сирек. Жалпы, қай бағытты алсаң да, бәріне жанкештілік, орасан ерік-жігер… жүрек күші, қажыр-қайрат, табандылық керек. Атақты альпинист Райнхольд Месснердің «Хрусталь көкжиек» деген кітабын оқып па едің?
– Жо-оқ, бірінші рет естіп отырмын.
Ондайдың бәрін қайдан біле берейін, шынында.
– Танысып шықса, артық емес. Ағамыз мұндай тұлғалардың ширегінен келмейді. Сөйтіп жүріп көпіріп, өзін жұртқа шебер шыңгер ретінде де көрсетеді. Желбуаз…
Бір мезет әлемет ызғардан шіміркенгендей қалтыл қаққан ай-жұлдызға қарап, өзімнің де тоңғанымды аңдаймын. Біреу-міреу сонау көктен түн түнегінде бозарған мына оймақтай алаңға көз тастаса, үстел шетіндегі құйтымдай ноқат іспеттес ер мен әйел неге бітісе алмай отыр деп тамсанар ма екен?
Көршім тым қазымырланып кеттім-ау деді ме, тыншып, жүзіме жәутеңдей бұрылады. Осы сәт өзім де сыңарезулей бермей, пікірімен санасайын деп түйемін. Сөзі қисынды. Ағайдың өзі де бірде мұзарт қияда жығылып, ғайыптың құдіретімен ғана аман қалғанын ақырындап айтқан еді. «Содан былай тыйылдым. Тау қолайыма келмеді. Тек жұртқа мазақ болмау үшін тиіп-қашып көз алдамасқа амал жоқ», – деп ағынан жарылған-ды.
Кенет қатты жел биік ағаштың жауын-шашын қарайтқан ұсақ бүршігін жапыра сілке, үстімізден кеурек жапырақ жаудырып өтті. Көше бойында жарыса жөңкілген автокөлік қатарының өзара бажылдата белгі берісіп жолға таласуы жалғасып жатқандай. Айналамды шолсам, ел қатары сирепті. Қиралаңдап бір-біріне жармасқан екі інішек итініп, құшақ ажырасар емес. Әйелдің құрбысы дастарқандағы дәмнің қалдығын целлофан қалтаға салып алды. Қызғылт жаулықты бикештің ұтқыр әзілі де бар ма деп қаламын. Қоштасып, жылжыған сәтімде:
– Хабарсыз кетпе. Я тебе обещаю райские сны, – деп күлді.
– Хе-е… Рас па?
– Рас.
– Ж-ө-ө-н онда…
Арада бір жарым айдай өткенде, шынында, түс көріппін. Жұмақтың бұлбұлдары сайрап, кәусар бұлақтары сылқылдаған гүлзар бағында жүрмін. Себелеген ұсақ жаңбырдың иісі неткен керім! Анығы, аспаннан жауын емес, су тозаңы тәрізденіп мың бояулы нұр сіркіреп тұрғандай еді. Осынау арайлы сәулеге алақан тосып, сонадайдан баяғы саксофон сазымен бұрала билеген оншақты перизатты көремін. Қаншама естіген мына ырғақтың сиқырын бұрын қалай аңдамағам, сүйек балқытатын ғажайып әуен екен деймін. Пейіштің алып тоуба ағаштары саясында толықсып, бөксесі бұлтыңдаған хор қыздарының арасынан дәмханада жолыққан әйелді таныдым. Тек бұл оның он алтыдағы ақ періште шағы еді. Бойжеткен де мені байқады. Өзі мықынын дірілдеткен басқа сұлулардай емес, балет киімімен жүр. Алдыма қауырсыны желбірей қалқыған аққуша, аяқтағы жеңіл шәркесінің ұшымен ойнақтай басып жетіп келді. Маңдайындағы жақұт шаш қысқышы мен жалаңаш иығы қатар жарқыраған аруды құшақтай алуға шақ қалдым. Ақша қардай тамағы лүпілдеп, демінен жалын атқан қыз бірдеңе айтуға оқталады. Одан кірпігін төмен түсіре:
– Доигрался твой брат! – деді кінәлі кісідей кібіртіктеп.
«Ескертіп едім ғой, айтқаным қайда!» деп табаламағаны қуантты. Алайда әлдебір жаманатты ұққандай, шошып ояныппын. Осы сәтте қасымда жатқан қол телефоным да шиқ етті. Ауылдас бауырым: «Сәулетші ағамыздан айырылып қалдық. Жүректен кетіпті» деп хабарлама жіберіпті.
Азалы жиын алдында қамығып отырған бәйбіше мен ұл-қызына көңіл айттық. Қара құрым қауым ішінен жас жеңгеміз көрінбеді. Жерлеуден қайтар жолда ойға берілемін: ағатайымыз сол әйелмен алғаш жолыққанда өмірінің ең қатерлі межесіне таяғанын сезбеді ме екен. Әлбетте, қалай дегенмен, өнер адамы жасаруға ұмтылуы, тірлігіне ерекше сән мен мән, айрықша ажар іздеуі түсінікті. Бірақ бұл, екінші қырынан, өте үрейлі көрік, қауіпті мағына еді ғой. Әй, дегенмен, білетіндердің айтуынша, адам елу-алпыста да кәдімгіше ақыл-есін жоғалтып ғашық болатын көрінеді. Ендеше, бұл «дертке» дауа табыла бермейді…
Одан соң тәттінің дәмін татсам, дүниенің рақатына шомылсам деген пендешілік әркімге тән шығар. «Жас иіске» кім құмартпасын. Қу нәпсі, қу құлқын арбамай қоймас. Кейде бағың мен сорың қол созым жерде ғана жүретін секілді. Мұндайда аражікті ажырату да оңайға соға ма. Шекті білмей қаласың. Қарап отырсаң, салыстырмалы түрде, бәріміз де шыңгерміз. Үнемі қорқынышты жиекті жағалайсың. Қаншалықты анық басқанмен, жазатайым мүлт кетіп, аяғың аспаннан келуі ғажап емес.
Әлгі әйелдің таусыла сөйлеу сырын енді ғана ұғынғандай едім. Оның көксеуі – жан үйлесімі екен. Егер тапсам, мен үшін жердегі жәннәт сол депті. Ақ кемемен мына монтаны дүниеден
ан-о-оу алысқа, сұрқия біреулерден жырақ, көлгірлік, опасыздықтан ада, мейлінше кіршіксіз жағалауға құлаш ұрсам депті. Жанына жылу іздейді. Сүйгісі келеді. Сүйікті болғысы келеді.
Ретіне қарай сол жерге қайта соғуға ниеттенемін. Сонда ұшырасқан ханымдармен жүздесіп қайтуға көңіл құлайды.
Троллейбусқа мінсем, іште әлгі бикештің құрбысы отыр! Ежелгі таныстай тез қауыштық. Жалпылдай амандасып, жанындағы бос орынға жайғасамын. Өзі, сұрамасам да, лездің арасында досы туралы талай жәйтке қанықтырып тастады.
Бикешіміз белгілі профессордың қызы көрінеді. Университеттегі оқудың соңында курстас жігітке тұрмысқа шығады. Әйткенмен үш-төрт жылдан кейін ажырасыпты. Айырылудың себебі – сәбилі бола алмаған. Осы ахуал ауыр тиген тәрізді. Біртіндеп ішкілікке үйірленеді. Бетіне қараған жалғыз перзенттің күйігі әке-шешені де оңдырмағандай. Екеуі де дүниеден ертерек озыпты.
– Бертінде білдік, кінәрат күйеуінен секілді. Кейінгі зайыбынан да бала жоқ. Бірақ бірбеткей құрбым тірлігін қайта түзеуге онша құлшынбады. Ессіз сенген адамының сатқындығы сындырып жіберді…
Кейде өмір қызық қой, мына әйел құрбысымен бақталастығын да байқатып алады:
– Ғұмыры тұрмыс тауқыметін тартпаған қыз. Біз секілді қиындық көрген емес. Менмен. Дағарадай пәтерде жеке тұрады. Өзі би, өзі қожа. Әлі күнге дейін немерелес сіңлілері күтеді. Барлық жағдайы жасаулы. Сізбен кездесетін күні диспансерден ұзақ емделіп шыққан беті-тін.
Таңданғанымды байқап, қазіргі жайын білмек ойымды оқығандай:
– Она сорвалась! – деді жайбарақат.
Мұны: «Құздан құлады. Бітті. Енді үміт жоқ» деген үкімдей тітіркене қабылдадым. Яғни араққа қайтадан салынған. Ұзаққа созылатын «тарих».
Анада қайдан бара қалдым деп өкіндім. Көрмей-ақ қоюым керек еді. Алайда ойда жоқта соқтым емес пе. Кездейсоқтық та – Алланың әмірі, жазмыштың бұйрығы деп жатады. Расында да, сондайды әлдебір тылсым күш ыңғайластыра ма, кім білсін…
Жол бойында солбырайып, ығы-жығы жүргінші арасымен көп сенделдім. Тротуар шетінде бір-бір сібірткі ұстаған екі-үш көше сыпырушы күйбеңдейді. Бұларды қинайтын күздің осы мезгілі-ау. Әсіресе қалың нөсерден кейін тау-тау қоқысты тазалау жеңіл соқпас.
Бір кезде өз көзіме өзім сенбей состидым. Дәл тұсымнан сәулетші ағайдың қара машинасын ызғытып жас жеңгеміз өткен-ді. Күйеуінің жамбасы жерге тигенше-ақ өзі шамалас бір еркекті тауып үлгергендей. Неге жетіскені белгісіз – екеуі де мәз.
Шекемнің шыңылына әудем жерде қонақтаған топ қарғаның үні астасып, төбе құйқам шымырлады. Еңселі кафенің жарқ еткен әйнек қабырғасынан екі бишінің бұлдыр сұлбасын шалып қаламын. Түкпірден үзіп-талып баяғы таныс әуен естілетіндей. Көзге жәннәттің еріні бал, тілі секер сұлулары елестейді. Қарап тұрып қу даладай құлазисың. Сүйектен өтердей сыздауыт ауа еңсе езеді. Одан екі қолды қалтаға салып, аяңдай баса маңайдан ұзап кетуге тырысамын. Негізі, оқта-текте осылай торығып алу да теріс емес. Ертең-ақ күн көзі ашылмай ма, суық та сынар, күйініш те басылар деп көңіл жұбатамын.
Құлтөлеу Мұқаш