АРЫЛУ (әңгіме)
«Ақылдыға өзі өкінетін істі жасау жат»
Марк Тулий Цицерон
Бүркіт ақсақал тіктелген жастығына арқасын сүйеп көтеріле түсіп, салалы саусақтарымен сақалын уыстай сипап, өткір шегір көздерінің көмескіленген жанарын үй жиһаздарына салғырттау аударып, аяғын сипап отырған дөңгелек жүзді ажары тайса да тартымды келбеті сақталған, жасы тоқтасқан егделеу әйеліне:
– Қамқа, балаларды шақыршы? – деді.
Ол да шалының тапсырмасын қайталатпайтын дағдысымен екі ұлын кідіртпей алдырды.
Бүркіт біраз тыныстап алып:
– Шырақтарым, ешкім әкесін жаман демейді. Сендер де солай ойлайсыңдар. Бірақ мен ондай адам емеспін. Ғұмырымда қиянат көп жасадым. Алланың алдында күнәм, адамдар алдында кінәм көп. Жақсылығым жоққа тән. Жадымда бір қайырымдылығым қалыпты. Өзім жүріңкіреп барып үйлендім. Бір сәбилі болған кезім. Мына аналарың мүшел жас кіші. Сақа жігіт болып жас қызды ойландырмай алғандаймын.
– Отағасы-ау, ондай кіші емеспін ғой.Өрескелдігі жоқ, бар болғаны он жас айырма және зорлаған жоқсың, өз еркіммен келдім емес пе?
– Қамқам-ау, алып қашқаным шындық қой.
–Қойшы, қайдағыны айтпай. «Құда түсіріп алсаңшы?» – дегенде: «Жоқ, бүгін жүрмесең, қайырылып келмеймін!..» дегесін ілесіп жүре бердім ғой.
Осыны айтқанда бетіне қызыл жүгіріп, сонау жылдардағы тәтті сәттер елес бергендей жүзі жылып, мейірін төге қараған назарынан ерекше сезім лебі ескен.
Бүркіт те шабыттанып:
– Ілескен жоқсың, алақаныма салып алып кеттім ғой. Сен де мойнымнан тастай қысып құшқанда, тынысым тарылып, тұншығып қала жаздадым емес пе?
– Қойшы! – деп наздана төмен қараған Қамқа, – Балалардан ұят болар, – дегенде жүзі алаулап кеткендей болды.
– Шындық қой, шынайы сезімнен жаралғанын балалар білсін, жүректері ақ, қолдары таза жандар екенін жадына сақтасын.
– Сонда да шындық деп бәрін айтасың ба? – деп азаматының арқасынан қаққанда, жарының қамқорлығын сезгендей болған Бүркіт те жаны рақат тапқан күйге түсті. Өзін тез қолға алып:
– Иә, сол жақсылығымды айтайын. Үйлі-балалы болсам да, үйренген әдетпен түз жорытып, нәпақаны қарақшылық, барымта, кісі тонау, зорлықпен табу дағдысынан арылмаған кезім. Түскі шайдан кейін жолдас жігіттеріме айтпай аң қағайын, нәпақаға бірдеңе ілініп қалар деп тазымды ілестіріп салт атпен қырат-тау аралап шықтым.
Бесін шамасында қарауытып көрінген дөңге шығып, кері қайтармын деген оймен жортыңқырап биікке көтеріліп, жан-жағыма қарап тұрмын, көзге ештеңе ілінбеді. Бұл шатқалдың аңы қайда кеткен деген ой мазалап, кері құлауға ниеттеніп аттың басын бұрған сәтте көз ұшынан қараңдаған бірдеңе шалынды. Тоқтап бажайлап қарадым. Иә, қылт-қылт етіп бірдеңелер қараңдайды. Не де болса барып көрейін деп атыма қамшы салып, көтеріңкі жүріспен жарты сағаттың үстінде желе жортып жақындадым. Анық көрінді, балалар. Әйтеуір адамдар екенін байқадым. Елсіз, сусыз иен даладағы не қылған кісілер? Әлде жын-перілер ме? Не де болса анығына жетейін, – деп тас түйін ширығып, иттерді сақтыққа шақырып, қатқыл жүріспен жеттім.
Үш балалы келіншек екен, аздаған жүгі шашылған. Әйелдің жүзінде мұң, ұзақ жылағаны беттегі айғыздалған ізден байқалады. Балалар әрлі-берлі жүріп, отын жинаған. Маған үрпиісіп қарайды. Жанарларында қорқыныш бар, үміт ұшқыны да байқалады. Тағдырдың салғанына көнген қалпында үш баласын қызғыштай қорып келіншек тұр. Денесінің қалшылдағанынан үлкен күйзеліс пен қорқыныш қыспағын байқап, үйдегі Қамқам мен Айдарым көз алдыма елестеп, аяныш сезімі бойымды биледі. Аттан түсе асықпай бір бөстекке отырып:
– Шырағым, қайдан жүрсің, мына күйге қалай түстің? Маңайда, аяқ жетер жерде ел де, құдық та жоқ. Асықпай жайыңды айтшы? – дедім.
Дауысы діріл қағып, бойын билеген үрейді әзер жеңіп:
– Ағай, бейшара жанбыз. Азаматымның жапанда мерт болғанына екі жылдың жүзі болды. Емшекте қалған балам үшке келді. Күйеуім елге қадірлі жан болатын. Барын баршамен бөлісетін. Қыста аң қуалап жүріп аты омақаса құлап, омыртқасына зақым келді. Күн айналып далада қалып бойын суық алған, жарақаты қосылып оңалып кете алмай, дүниеден озды. Жесір әйел, жетім бала атанып отыруға шыдай алмадым. Қорғансызға қол жүгірткісі келетіндер де мазаны алды. Әмеңгерлерге көңіл толмады. Балаларым атажұртын ұмытпайды. Паналауға нағашы жұртына апаруға ниет еттім. Ата-енем алдымен ренжігенімен, соңында ақ батасын берді. Екі інгенге заттарымызды артып, сәтті сапар тілеп шығарып салған. Мана сәске әлетінде екі кісі кездескен. Тілге келмей түйеден аударып түсіріп, бас көтертпей қамшының астына алды. Заттарымызды лақтырып шашып, түйемізді алып кетті. Кішкентайымды бауырыма басып, үлкен екеуін қармалап құшағыма алып, аман қалғанымызға шүкіршілік жасадым. Барар жерім – төркінім, бұл жайдан бейхабар. Келген жұртым шығарып салды, олар да хабарсыз. Өзімнің бағытты бағдарлар шамам жоқ. Аллаға сыйынып отырмын.
Діттегені мал болған адамның көңілінде аяушылық, не басқа сезімге орын табылмайды. Бүгінгі тонаушылар қолдарына екі інген түскен соң жандары рахат тауып, алаңсыз жөндеріне кеткен.
– Қай бағытқа кетті? – деп сұрадым.
Келіншек қолын сәскелікке сермеді. Ол көрсеткен тұсқа шығып, іздерін таптым.
– Сендер заттарыңды буып-түйіп, әзір отырыңдар, – дедім де, жеделдетіп атыма қамшы басып, іздеріне түстім. Тонаушылардың кім екенін де шамаладым. Сырт хабардан Самның құмында ағайынды екі жігіттің қорқаудай жорық жасайтынын естігем. Маңдайалды ауылдарына беттеген солар деп шамаладым. Кездеспесе де сырттай олардан хабарым бар-ды. Бар ниетім – қарақшыларды қуып жетіп, түйелерді қайтару, келіссе де, керіссе де тайсалмай ұстасу. Екіндіден түсе күн іргеге қызыл иектеніп еңкейген сәтте, алушылардың қарасы да көрінді. Қуғыншы жоғына сенімді екеуі түйені майда бүлкілдетіп, көтеріңкі көңілде кетіп барады.
Анық көрінер шамаға жеткенде қаруымды қамдап, итті қосарлай айтақтап аттың бар ағынымен қиқу салып дүбірлете, дуылдатып:
– Мен – Бүркітпін, жан керек болса, тастаңдар түйені, – деп тұра ұмтылдым. Тосыннан иттің арсылы, айқай мен қиқу ұласып, бейғам келе жатқан жігіттер сасқалақтап, түйелерін тастай жөнелді.
– Шаңдарыңды қағып, жандарыңды шығарайын, – деп өкшелей қуа түстім де, кілт бұрылып түйелерді жетектей кері оралдым. Алладан медет сұрап отырған жандарға көлігін беріп, заттарын түйеге теңдеп, өздерін жүк үстіне мінгізе, жетекке алып ұзын сүрлеу жолға жеткіздім.
– Осы жолмен жеделдетіп жүріңдер. Таң қылаң бере елді мекеннің қарасын көрерсіңдер. Сіздерге жасаған жақсылығыма, бар көмегіме риза болыңдар. Қамқоршыларың бір Алла болсын! – дедім.
Ол адамдардың тағдырынан хабарым жоқ. Бірақ осы оқиғадан кейін керуенге шабуыл жасауға, адамдарды тонауға өзгеше қарадым. Сауап, қиянат деген ойыма орала берді. Әйелім мен баламның амандығы, дүниеден тарықпай жүруіне жауапты екенім алғаш көңіліме түскен сәт болатын.
Өмірде жан тыныштығын, көнілімнің хош болуын қалайтыным айқындалғандай. Ұрлық- қарлық жасадым, бірақ адам қанын мойныма жүктеген жоқпын. Осы ұстанымнан өзімнің еркімнен тыс ауытқыған кезім болды. Көрші ауылда дәулетті, өсімқор әрі жемқор үлкен кісі болған. Біздің ауылдағы бір жігіттің анасы жазғытұрым дүние салды. Қырқына, қадесіне ірі қара қажет. Малдың жыл шығып тұрған кезі, жүдеу. Союға жарамды бір тайыншаны сол кісіден: «Орнына сондай мал берем», – деп алады. 5 — 6 ай өткесін, күзде малын сұрайды. Күйі тәуір өгізшеге риза болмай: «Қиналғанда бердім», – деп түйе талап етеді. Бойдақ малға қанағаттанбай, қайымалы інген алады. Әңгімеге қанықпын, түйесін жетегіне алып жолға шыққанда мен де ілесе шықтым.
Жол ортасында жыңғылды сай болатын. Ел кейде «Шайтан сай» деп атайды. Сол сайға түсе берісте тыр жалаңаш шешініп, қара балшықпен майланып, бетіме ақ матаны шұбыртып байладым. Түйенің жетек жібін кесіп қалдырдым да, орнына өзім ілесіп жүре бердім. Сайдың қара көлеңкелеу тұсына келгенде тістеген бұйданы кері тартып тұрдым. Кісі шошырлық түрім шайтаннан аумайды. Әлгі артына жалт қарады да: «А-а» деуден артыққа бармай құлады. Мен де алды-артыма қарамай түйені алып қаша жөнелдім.
Өсімқор жан сол жерде жүрегі тоқтап, марқұм болыпты. Оның қазасы көп мазалады. Кінәм бар деп сезіндім. Содан бастап ойланып-толғанып, қарақшылықты қоюға бел байладым.
Уақыт таяғанда бақиласқандай шындығымды өзіңе ашуымның тағы бір мәні: анау Жыңғылды сай ауылындағы Киқымның жағдайын естіп, жүрегім тіксінді. Оның әділетті ісі болмайтын, ауылдастарына өте жайсыз тиетін. Жоқ-жітікке, әлсіздерге көп қиянат жасады. Кәрі қара құстай жақынынан тышқаншылады, әлдіден ығыстады. Марқұм ағасы да ит жемеде қалып, сүйегі даладан табылған. Өзі жылдан асты төсектен тұра алмай, айналасына жиіркенішті келбетте жатыр деп есіттім. Соның кебі келе ме, қайдам…
Жұмақтан дәмем жоқ. Ата сақалым аузыма шыққан қырықтар шамасында ұрлықты қойдым. Тәубама келіп, тек өз шаруаммен айналыстым.. Алладан кешірім сұрадым. Қайдан білейін, Жаратқан ием тілегімді қабыл алса, кемпірімнің алдында жанымды қинамай алады. Егер күнәм мойнымда кетсе, ұзақ жатып ит қорлық көріп жан тапсырамын. Онда мені қауымға қоспай, бөлек жерлеңдер, – дегенде, кемпірі, зәресі ұшып, өзін-өзі ұстай алмай солқылдай жылап:
– Қайдағыны айтпашы, әлі де ұзақ өмір сүресің. Сенен айырылып қалам деген ойыма келмеген. Ондай сөзді аузыңа неге аласын…
Сөзін аяқтатпай:
– Тәйт әрі, өлмейтін шайтан деймісің? Неге жылайсың, сенің қабағыңа кірбің түспесін деп өмір сүрдім, ренжіткен кезім болмаған шығар. Өзің ондай мінез, қылық көрсеткен жоқсың. Үйден шықсам, кері айналып келгенше көңілімде жүресің. Риясыз жақсы көрдім.
– Бәрін білем ғой. Өмірімнің сәні сенімен ғана. Сенсіз білмеймін, – деп сөзін жалғай алмай, көз жасын төге кемсеңдеп, жылағанын көрсетпейін деп орамалымен бетін сүртті.
– Жарайды, балаларға айтарым сол. Ешқандай бұрмалау болмасын, басқа шаруаны тындыратындарыңа сенімдімін.
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ
ПІКІРЛЕР1