Айтылған тарихтың ақиқаты
22.04.2016
1934
0

Îáëîæêà Àëäàáåðãåíîâ 777.cdrСахара тұрғын­дарының, далалық­тардың ауызекі тарихы туралы ескі заманның тарихшылары да, жатжұрттықтар да, түркінің ғұламалары да айтқан. Қазақтың әйгілі тарихшылары Қадырғали Жалайыр, оның мұрасын талдап зерттеген Шоқан Уәлиханов та дала дәстүрінде айтылған тарих ерекше орын алатынын ескертіп кеткен. Академик Әлкей Марғұлан қазақтың тарихи жыр-дастандары ең маңызды рухани мұра, өткен тарих ескі қала орындарын, дәстүрлі мәдениет үлгілерін, ғұрыптық ескерткіштерді, көшпелілік салт-дәстүр, дәстүрлі қолөнер мен шаруашылық, қазаққа тән тұрмыс салтын зерттеумен іске асатынын ғылыми еңбектерінде айқын көрсетті. «Қазақ халқының тарихи санасында, тарихи жад-зердесінде ұмытылған бірде-бір маңызды оқиға, аты ұмытылған бірде-бір әйгілі тарихи тұлға жоқ», – деп Ш.Уәлиханов жазған еді.


«Қоғамның тарихи жады: ХХ ғасыр – Алматы облысы, Ескелді ауданы тұрғындарының өмірбаяндық әңгімелерінде» атты жаңа кітап «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығында, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор М.Қ.Қойгелдиевтің жалпы ғылыми редакциясымен жарыққа шыққан. «Қоғамның тарихи жады» кітабында келтірілген тарихи естелік әңгімелер осыдан небәрі елу-алпыс жыл бұрынғы қоғамның бір аудан төңірегіндегі бастан кешкен оқиғаларын баяндағандықтан, мұндағы ақпараттар анық, толымды, адам аттары, жылдар мен айлар, күні, елді-мекен, жер аттары айқын сипатталады.
Қылышынан қан тамған әміршіл-әкімшіл зорлықшы совет өкіметінің колхоз құрастыруда асыра сілтеушілікке ұрынып, халыққа қиянат жасағаны мұрағат құжаттарында айтыла бермейді, сол деректерді «Қоғамның тарихи жады» кітабында айтушылар еске алып отыр. Кітаптың 14-ші бетінде 1930 жылдың 20 наурызда, Қаратал ауданының Шұбар селосындағы колхоз құрылысына қарсы 900 адамның басын біріктірген көтеріліске қатысты маңызды дерек айтылады. Қ.Махметов ақсақалдың естелігінде халықты қинаған өкімет белсендісі Балабековтың зорлығы, үлкенді сақалынан сүйреп, халықты зар қақсатқан қатыгездігі сөз болған. Сонда Хамза есімді ауыл тұрғыны: «Елдің бәрін қырып бітті ғой, бізде бас көтеретін адам бар ма?», – деп қасына жігіттерді жинап, қарсылық көрсетуге даярланады. Балабеков ауылға келіп: «Астықты таптыңдар ма?», – дегенде, «Иә, таптық, құмда, сексеуілдің ішінде көміп тастағанбыз» деп, сезік тудырмау үшін құрал-саймандар алып, Ақтөбе-Шұрыққа ертіп апарып, бас салып ұрады екен, бесатар қаруын қағып жіберіп, сексеуілге байлап қойып: «Әй, иттің баласы, мына құмда қандай астық болады, сен – өкіметсің, біз – халықпыз, саған – жаза» деп үкім шығарып, тірідей өртеп жіберген. Сонда Головков басқарған қарулы отряд келіп, Хамза бастаған 35 адамды бір күнде ұстап, атып тастаған. Бұл совет өкіметінің бастапқы кезінде ұстанған саясатын суреттейтін бір көрініс.
«Қоғамның тарихи жады» кітабында ХХ ғасырдың 1925 жылдан бергі уақытта болған тарихи оқиғалар, совет өкіметінің колхоздастыру саясаты, соғыс жылдары, соғыстан кейінгі уақытта совет адамдарының социализм кезеңіндегі күнделікті тұрмыс салты, әлеуметтік-шаруашылық, білім беру, мәдениет салаларындағы жағдай мен өзгерістер, сол кездегі бір аудан төңірегінде болған тұлғалар мен олар туралы айтылған естеліктер түрінде баяндалған. Дерек берушілер, негізінен 1925–55 жылдар аралығында туған адамдар. Биыл, 2016 жылы – Қазақ елінің саяси Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр, советтік дәуірмен қоштасқанымызға да сонша уақыт болды. Бірақ совет одағы мемлекеті жетпіс жылға жуық мерзім ішінде адамдардың ойы менен санасында советтік ойлау, менталитет үлгілерін де белгілі дәрежеде қалыптастырды. Олардың өзгеруі енді жоспарлы экономикадан нарықтық экономикалық қарым-қатынасқа, қоғамдық ортақ меншікті жекешелендіру арқылы қайтадан жеке меншік түріне келтірумен байланысты, тоталитарлы қоғам құрылысынан либералды, демократиялы қоғам құрылысына өтуменен жалғасты болды.
Тарихи күрделі өзгерістер әрқашан тарихи сананың өзгеруіне ұласады, құндылық жүйесі де өзгереді, совет дәуірін еске алушылар сол кездегі қоғамның ерекшеліктерін, жақсы да, жаман қырларын, адамға пайда әкелген, зиянын тигізген тұсын да айтады. «Қоғамның тарихи жады» кітабы – өз заманындағы еңбекші адамның өмірін айтып отыр дер едік. Ізгі амалдар қатарында – жасампаздық, еңбексүйгіштік аталса, совет кезеңіндегі тұрмыс жұпыны болғанымен, адамдардың пейілі мен ниеттері жақсы болғанын айтуға болар еді. Айтылған тарихтың ақпараттық ауқымы кең, оның аясында әрқилы дерек топтары болуы мүмкін. Кітапта Бикен Жазықбаеваның сұхбатында мынадай тарихи-фольклорлық материал берілген, ол – Бикеннің ұзатылғандағы айтқан сыңсуы:
Адырдан жылқы қумадым,
әкеден ұл болып тумадым,
Айналайын жан әкем, өзіңе серік болмадым.
Былғарының қиқымы пұл бола ма дедің бе?
Еркелетіп өсіріп ұл бола ма дедің бе?
Қапсырма белді қапсырдым,
дәнекерлеп жасырдым,
Әкем менен шешемді бір Аллаға тапсырдым.
Қусақтың бойын қыстаған,
шәйіден бөрік тыстаған,
Айналайын жан әкем, есіне ойлай ұстаған.
Есіктің алды ақ балшық,
бісміллә деп аттап шық,
Аттап бір шыққан босағаң,
көрер ме Аллам жасаған?
Есіктің алды ми еді, көктемде жылқы жияды,
Көтеріп атқа салғанда,
ел-жұртың қайтіп қияды?
Әуеде торғай өріп жүр, балапанын көріп жүр,
Атқа тақтым құйысқан,
тарамай шашын ұйысқан.
Атқа да тағар таға жоқ,
арттан да келер аға жоқ,
Үйден де шығып кеткен соң,
қыз сорлыда баға жоқ.
Сары атқа міндім қамшылай,
көзімнің жасы тамшылай,
Бөтен елге барамын, күңге біткен жалшыдай.
Шыңырау деген құдықтың, суы ащы,
Әкем менен шешемнің мейірі қатты.

Мейірінің қаттылығы осы емес пе,
Әлпештеп өсірген жалғызын бөтен елге сатты –
деген осы сыңсу өлеңінің жолдары өзінің мазмұны, мағынасы, тұрмыс, тәрбиелік, тарихи-құндылық, ұлттық сипат жағынан мол мағлұмат береді. Міне, айтылған тарихтың бұл ақпараттары да ғылым үшін, халықтың рухани өмір тарихын жазуға қажет.
«Қоғамның тарихи жады» кітабында айтылған әңгіме, сұхбаттармен қатар, тарихи деректің тағы бір түрі – фотоматериалдар берілген. Социалистік Еңбек Ері Н.Алдабергенов, Республиканың сол кездегі басшысы Д.Қонаев, колхозшылардың еңбегі, ауылдың мәдени өмірі бейнеленген, т.б. суреттер арқылы да сол ауданның, ауылдың тарихын байқайсыз. Осы фотолар сол кездегі өмір, тұрмыс жайын да, адамдардың киген киімдері, баспанасы, көлік, құрал-саймандары және т.б. мәселелерден хабар береді.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақтар соғыстың ауыртпалығын бастан кешті. Кітапта шежіре айтқандардың енді бірі ашаршылық, саяси қуғын-сүргін жылдары дүниеге келген буын. Соғыс жылдарынан кейінгі, демографиялық дүмпу байқалған кезде туғандар да кітап кейіпкерлері. Соғыс жылдары мектеп жасында болған, бала күнінен тылда қара жұмыс істеп, соғыс жылдары ауылда қалған кемпір-шалдардың майшам басында айтылған әңгімелерін естіген, құлағында бұрынғы қазақ аталарының өмірінен алынған әңгімелер сіңісті болған буын өкілдері әңгімешіл келеді. Ал партия-совет қызметтерінде болған, коммунистік идеология қанына көбірек сіңгендер, ұлттық сипатта айтылатын әңгімеден алшақ болғаннан ба, жадыға тарих тоқығандары көп емес екен. Тәжірибе жүзінде байқағанымыз осы.
Қызметте жүріп те, күллі ауылды байырғының ақсақалдарынша бір сөзге ұйыта білгендер де болған. Мәселен, Н.Алдабергенов сияқты тарихи тұлғаның бойында бір жағынан, қазаққа тән дәстүрлі тәрбие көрініс берсе, екінші жағынан алғашқы буын бәлшебектердің әділдік, теңдік, еңбекшілерді қолдау сияқты пролетарлық идеология қалыптастырған қоғамдық сана түрі байқалады. Кітапта келтірілген естеліктерде айтылғандағыдай
(111-бетте), халық Н.Алдабергеновты еңбегі үшін сыйлаған, талапшыл, тәртіпке шақырушы, сонымен қатар, әділ, еңбекті бағалайтын, дауысы радио сияқты зор, бүкіл ауылды «жақсы болыңдар, арақ ішпеңдер, жақсы болыңдар» деп тәрбиелеген кісі екен. Бұл жерде қазақ ақсақалына тән мінез суреттеледі.
Бүгінгі күні біздер тарихшы ретінде батыстық ғылыми жетістіктерді де, шығыстың дәстүрлі тарихи өнегені де, қазақ халқына тән ой-сана даму тәжірибесін де қолдана аламыз. Соның бірі, осы айтылған тарих, ауызша тарих дәстүрі аясында дамыған тарихи ақпараттарды теру, бір жүйеге келтіру ісі болып табылады. «Қоғамның тарихи жады» кітабы біздерге бір ауданның бір ауыл төңірегінде хатталған, айтылған тарих сұхбаты қалай жүргізілетінінің бір мысалын көрсетіп отыр. Оның өзі тарихи өлкетану пәні міндетіне де, тарихи деректану саласының қажетіне де жататын мәселе. Жер-жерлерде тарихшылар, ғалымдары мен ұстаздары, мектеп ұстаздары, жергілікті өлкетанушылары болып, айтылған тарих құжаттар қорын қалыптастыратын болса, соның нәтижесінде, естелік айтар буын өкілдері кетпей тұрған уақытта үлгеріп, ғылым еншісіне қызмет етуі тиіс.

Мақсат Алпысбесұлы,
тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір