ШЕКСІЗДІКТІҢ КӨРМЕСІ
Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асемқұл Бейбіттің «Шексіздік» атты жеке көрмесі ашылды. Суретшінің отыздан аса графикалық туындысы қойылған көрме бесінші мамырға дейін көрерменін күтеді.
Көрменің «SHEKSIZDIK»/ «ШЕКСІЗДІК» атауы суретшінің 2014 жылы орындалған жұмысымен сәйкес. Бұл – өмір мен өнердің, анаға деген махаббаттың шексіздігін ұғынуға жетелейді. Анасының өмірімен байланысты көріністер арқау болған бұл жұмыстарында автор жанына жақын ана және отбасы тақырыбын қамтиды. Автордың «Шексіздік», «Үш көзді ана» және «Батыр ана» туындыларында әйел-ана бейнесі оның күнделікті өмірі, қоршаған әлемі мен табиғи болмысы арқылы суреттеледі. Автордың айтуынша, суретшінің «Торығу», «Қаяу», «Прожектор», «Қара тон» және «Сағыныш сезімі» атты композицияларының дүниеге келуіне туған анасына деген сағыныш сезімі себепкер болған. «Әжемнің әңгімесі», «Бұлақ басында», «Немере», «Сағымбаланың құшағында» туындыларында суретшінің балалық шақ кезеңіндегі көріністер, әже мен немере арасындағы тығыз байланысты көрсеткен.
Аталмыш көрме Асемқұл Бейбітке ақ сүтін беріп, азамат болып қалыптасуына аналық жүрегімен, тәлім-тәрбиесімен әсер еткен аяулы анасы, марқұм Бейсебалаға арналған. Көрмені ұйымдастыруға ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға грант іздестіру конкурсы аясында грант бөлінген.