ЭТНОФОР ҚАЗАҚТАР
15.04.2016
2325
0

13529_siluet_konya_na_zakate(«Әл-Фараби және қазіргі заман» ІІІ Халықаралық Фараби Форумы аясында өткен «Қазіргі Қазақстандағы адам капиталын дамытудың психологиялық факторы» атты дөңгелек-үстелден туған ой)

 

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне жиырма бес жыл, әйгілі Желтоқсан оқиғасына отыз жыл, патша үкіметіне қарсы қазақтардың Ұлт-азаттық көтерілісіне жүз жыл толады екен. Қазақтардың үміті мен сенімі ақталды ма? Халықпен арадағы байланыстың нашарлығы билікке қаншалықты қауіпті? Жалпы, халықтың басым бөлігін құрап отырған байырғы халық қазақтардың  арман-мүддесін ескермей қалай мәңгілік ел құрмақпыз? Осы жағы түсініксіз болып тұр.

Кез келген мемлекет қызметінің бас­ты өлшемі – елдегі адамдардың са­ны мен сапасы. «Мемлекет өз хал­қын сақтай алса ғана, Құдай сол мем­­лекетті сақтай­ды» деген қанатты сөз бар екен.

Ең әуелі ғылыми әдебиеттерде кез­­де­сетін «этнофор» терминінің ма­ғы­на­сын ашып алайық. Этнофор (грек­ше. ethnos – тайпа, халық + ита­льян тілінде fora – сыртқа, тыс­қары, алдыңғы) бел­гілі бір этни­ка­лық мәдениет пен ұлттық психи­ка­ның жеке иеленушісі. Қара­па­йым тілде нағыз қазақ деп айтып жүрміз. Индивид нақты бір мәдениеттің салт-дәстүрі мен мінез-құлық нор­ма­ларын, құндылықтарын меңгеріп мәдени құзыреттілікке ие болса этнофорға айналады. Мәдениет­тану­шылар әлеумет­тену (социализация) мен төлмәдениет­тену (инкуль­турация) процестерін ажы­­ратады. Бірінші жағдайда адам әлеу­меттік жағдайға бейімделсе, екін­­ші­сінде мәдени жағдайға бейім­деледі. Инкультурация нәтижесінде өз мә­де­ниеті мен ана тілін меңгерген адам қа­лыптасады. Жазушыларымыз бұған ан­ти­под мағынада «мәң­гүрт» деген сөзді қолданып жүр. Мәң­гүрттік феномені адам бойында ұлттық мәдениет пен құн­ды­лық­тардың жойылуы, өз ұлтының та­рихын білмеу, оның мәдени-рухани мұ­расынан бейхабар болу, шыққан те­гін, төл мәдениетін мансұқ етуді біл­­ді­ре­тін ұғым. Өзінің ұлттық мә­дени та­мырын білмейтін адам еш­қа­шан өзге мә­дениетке де құрметпен қарай алмайды.

Халық үшін, әсіресе, билеуші элита­ның мәңгүрттікке ұшырауы үлкен қа­сірет. Біз дүниежүзінде өз тарихын, рухани мұраларын, құндылықтарын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап оты­рып та заман көшінен қалмай келе жат­­қан мемлекеттер бар екенін білеміз. Кейде реформаны жүзеге асыруды қолға алған адамдардың технократтық ойлауы салдарынан ұлттың мәдени қайта түлеу қызметінің бұзылуы орын алады.

Бүгінде адам капиталы мәселесімен шұғылданып жүрген сарапшылар мен ғалымдарды «Қайтсек адам капиталын арттырамыз? Қалай оны мақсатты түрде қалыптастыра аламыз? Оны жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті би­лік тарапынан не жасалынуы тиіс?» деген сауалдар ойландырып жүр. Ре­сейлік зерттеушілер өз елдерінде адам капиталын қалыптастыру теориясы мен технологиясы жойылды деп санайды. Өйткені, биліктегілер өз жауапкер­шілі­гінің деңгейін адамдарды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етудің ең төменгі материалдық қолдау деңгейіне дейін жеңілдетіп, халықтың адами дамуына мән бермейді екен. Мысалға, дамыған АҚШ, Еуропа елдерінде мем­лекеттік капиталдың 70-80 пайызын адам капиталы құраса, қалған бөлігі табиғи ресурстар мен жылжымайтын мүлік, өнеркәсіптік қорлардың (зауыт, фабрика, ғимараттар) үлесіне тиесілі. Біздің зерттеушілеріміздің айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік капиталдың 68 пайызын табиғи ресурс құраса, 21 пайызы – өндірістік қорлардың енші­сін­де. Ал адам капиталы – тек 11 пайыз екен. Яғни бұл – еліміздің әзірге дамып жатқаны тек табиғи ресурстардың арқа­сында деген сөз. Ал қай салада да дамытушы күш боп саналатын адам капи­талы­ның жағдайы жетілдіруді талап етеді. Бұл мәселеде өзге елдермен иық теңестіру үшін Қазақстанға адам капиталын кем дегенде 5–6 есе өсіру қажет.

Жұ­мыс күшінің көрсеткіші бойынша елдердің тізімінде Қазақстан 9 млн. 22 мың адаммен 50 орынды алады. Көр­ші Өзбекстан 15 млн. 650 мың көрсет­кішімен 37 орында екен. Еңбек нарығын зерттеушілер, сондай- ақ, елдегі халық санына назар аударады. Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық экономика минис­тр­лігі Статистика комитеті мәліметі бойынша, 2016 жылдың басында еліміз­дегі халықтың жалпы саны 17 млн. 693 мың 526 адам. Дүниежүзінде халық саны бойынша 64 орынды алады екенбіз. Қазақстандағы халықтың саны мен ұлт­тық құрамына қарайтын болсақ: байыр­ғы этнос қазақтар –11 млн. 497 мың 349 (66,01%), орыстар – 3 млн. 666 мың 81 (21,05%), өзбектер – 534 мың 968, украин­дықтар – 295 мың 436, ұйғырлар – 251 мың 525 адам. Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуы еліміздегі этнодемо-г­ра­фиялық жағдайдың жаппай өзгеруіне алып келді. Қазақтар елдегі халықтың басым бөлігін құрап отыр. Мәселен, Қазақстандағы халық саны ең көп облыс Оңтүстік Қазақстан болып табылады, мұнда 2016 жылдың басында халық саны 2 млн. 840 мың 557 адамды құрайды. Біз үшін маңыздысы осы жұмыс күшінің адам капиталына айналу процесін қада­ғалау.

Адам капиталы оң және теріс болуы мүмкін. Теріс адам капиталының артуына коррупционерлер, қылмыскерлер, нашақорлар, маскүнемдер, қаңғыбастар, лаңкестер және т.б. елеулі үлес қосады. Адам капиталы теориясы бойынша қай елде адам капиталының саны мен сапасы жоғары болса, сол жерде қаржылық және физикалық капитал шоғырланады екен. Ал қай жерде адам капиталы төмен сапада болса, оның саны қанша көп болса да өрлеуге көмектесе алмайды.

Адам капиталы әр елдің ірі жетістігі, игілігі болып табылады, ол білім мен тәрбие технологиялары бойынша өсі­ріледі. Әрбір ел өз азаматтарын ұшақ, кеме конструкциялары, электр станциялары мен зауыт жобалары тәрізді «жобалайды». Ол мүмкін болмаса немесе өз шамалары жетпесе, онда «Адам жобасын» дамыған елдерден идеология, білім беру мен тәрбие жүйесі түрінде са­тып алуға мәжбүр болады. Мәселен, Ұлы Петр заманында Ресей империясы Еуропадан көп үлгі алды. Тарихшылар Ғылым академиясы мен университеттер жобасын І Петр неміс философы және ғалымы Вильгельм Лейбництен алған дейді. Өз ұлттық үлгің жоқ болса, сырттан импорттауға мәжбүр боласың. Демек, адам капиталы ең алдымен мектеп пен жоғары оқу орындарында қалыпта­сады. Офсеттік саясат тек экономикаға ғана емес, білім мен ғылым саласында да басым бағдар мен ұстаным болуы тиіс. Ол мемлекеттік идеологияға айналуы қажет. Ал түптің түбінде кез келген бағ­дар­лама мемлекеттің өнеркәсібін, отан­дық жұмыс күшін дамытуға бағытталуы керек. Тек өз еліміздегі адам капиталын дамыту технологиялық серпіліске негіз бола алады.

Ғылыми әдебиеттерде адам капиталы жеке даралық, фирмалық және ұлттық адам капиталы деп топтастырады. Кейбір зерттеушілер ұлттық капи­тал­ға халықтың барлық бөлігін емес, тек сапалы әрі таңдаулы бөлігі боп табылатын элитаны ғана жатқызады. Элитар­лық ұстанымды жақтайтындар тек эли­та ғана елдің даму бағытын анық­тай­ды деп санайды. Сонда халықтың қал­ған бө­лігі ұлттық капиталға жатпай ма? Мәселен, этнофор қазақтар, ауыл­дық жердегілер және оралман монотілді қазақтар елдің адам капиталын құрамай ма?

2009 жылғы Қазақстан Республи-касы халқының Ұлттық санағының қоры­тын­дыларына сүйенетін болсақ, қа­зақ тілін меңгерген 15 және одан жоға­ры жастағы халықтың саны 8 млн. 992,2 мың адамды (74,0%) құрайды. Соның ішінде, 15 және одан жоғары жас кате­гориясындағы қазақтар (7 млн. 320 мың 418 адам) қазақ тілін меңгеру дәрежесін былайша көрсетті: ауызша түсінетіндер – 7 млн. 198 мың 880 адам (98,3%), еркін оқитындар – 6 млн. 986 634 адам (95,4%) және еркін жазатындар – 6 млн. 819 мың 898 адам (93,2%). Сонымен қатар, түркі халықтарының бірқатары ауызша қазақ тілін түсінуде жоғары пайыздық көрсеткіштер көрсетті : өзбектердің
95,5%, ұйғырлардың 93,7%, қыр­ғыз­дардың 92,7% қазақша біледі екен. Славян этни­калық топтардың арасында ауызша қазақша түсінетіндер саны төмендегідей: орыстардың 25,3%, украиндықтардың 21,5%, беларусь­тардың 19% және поляк­тардың 20,9 пайызы. Ал неміс­тердің 24,7 % қазақша ауызша сөзді түсінетіндік­терін айтты.

Ал ағылшын тілін меңгерудің дәре­же­сі мына деректермен сипатталады: ауызша сөзді түсінетіндер – 1 млн. 874,6 мың адам (15,4%), еркін оқитындар – 1 млн. 242,9 мың адам (10,2%) және еркін жазатындар – 931,4 мың адам (7,7%). Корейлердің, қазақтардың, ұйғырлар­дың, татарлардың, орыстардың және қырғыздардың арасында ағылшын тілін білетіндер үлесі біршама жоғары (12,6–24,2%). Ағылшын тілін меңгеру деңгейі ауылдық жермен салыстырғанда қала­лық жерде айтарлықтай жоғары.

Еліміздегі жалпы білім беретін мектеп­тердегі оқушылар саны: 2 млн. 799,6 (2015–16  ж.ж.), ал бұл мектептердегі мұғалімдер саны 325 мың 184 адамды құрайды. Қазақ тілінде оқытатын мектептер саны – 3817, оқыту тілі орыс тіліндегі мектептер саны – 1321, аралас тілде оқытатын мектептер саны – 2138 мектеп. Жалпы, қазақ тілді оқушы­лардың саны басым болып отыр.

Соңғы мәліметтер бойынша, елі­міздегі жоғары оқу орындарының саны – 127, ал жоғары оқу орындарында студенттер саны: 459 мың 369, оның ішінде – Алматы қаласында 128 мың 707 студент, ОҚО: 70 мың 827, Астана қаласында 51 мың 235 студент оқиды екен. Мұнда да қазақтар сандық тұрғыда басым.

Еліміздегі жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы­ның саны – 38 мың 87 адам екен, оның ішінде: Алматы қаласы бойынша – 12 мың 759 адам, Астана қаласында 4 мың 745, ал Оңтүстік Қазақстан облы­сында 4 мың 615 оқытушы бар. Сөй­тіп, этно­демографиялық тұрғыдан алсақ, қазақ тілінің Қазақстанда адам капиталын дамытуға толық мүмкіндігі бар.

Алайда, бүгінгі биліктің саясаты қазақтілді қазақтарды адам капиталына жатқызбай отырғандай әсер қалдырады. Қазақстандық басқарушы топ өз елін­дегі автохтон халыққа өгей балаға қара­ғандай қарайды. Жергілікті қазақтардың жастары тілдік кемсітушілікке (дискри­минацияға) ұшырап отырған жағдайлар бар. Мәселен, университетте психолог мамандарға тереңдетілген кәсіптік білім беруге тиіс магистратурада қазақтілді студенттерді еркінен тыс орыс, не ағыл­шын тобына қосу практикасы орын алып отыр. Жағдай осылай кете беретін болса, келешекте жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын (магистратура мен докторантураны) мемлекеттік тілде оқыту тоқтатылатын түрі бар. Жаппай ағылшын тіліне көше бастасақ, қазақ тілін қалай дамытамыз? Ең бастысы: мамандарды кімдер үшін даярлап жатырмыз? Халықаралық еңбек нарығында кейбір қазақстандық азамат­тардың жұмыс істегеніне ешкім қарсы емес, алайда, кәсіби мамандарымыз ең әуелі өз елімізде қызмет етуі тиіс. Жер­гілікті қазақтарға қатысты «Жуас түйе жүндеуге жақсы» саясаты қашанғы жал­ғасады? Қазақтар қашанғы эксперимент жасайтын объект бола бермек?

Автохтон қазақтардың теріс және пассивті адам капиталына айналмауы үшін мемлекет не істеуі керек? Жастарымыз деструктивті діни топтарға, экстремизм мен терроризм бағытына кетпеу үшін олардың өз елінде өз ойын іске асыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Мем­лекет ең алдымен қазақ ұлтының тілі мен мәдениетін адам капиталы көрсеткіші қатарына қосуы тиіс. Ол үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын мемлекеттік тілде оқытуға мүмкіндік беру. Универси­теттің ғылым докторлары мен магистр мамандарын даярлайтын бөлімдерінде қазақ топтарын сақтау. Индикативтік көрсеткішке ағылшын тіліндегі мықты оқулықтарды, ғылыми әдебиеттерді тікелей қазақ тіліне аударған оқытушы­ларға ең жоғары балл беру. Біздің үздік оқытушыларымыз кезіндегі алаш қай­рат­керлері сияқты өз халқына жұмыс жасаса керемет болар еді. Ағылшын тіліндегі ең жақсы дүниелерді қазақ тіліне аударуды қолға алсақ, қазақтілді жастардың ой-өрісін кеңейтер едік. Ана тілінде сөйлейтін қазақтар үш тұғырлы тіл саясатының салдарынан «үшінші сортты» адамдарға айналмасын делік. Әл-Фарабидің «қайырымды қала» идеясын бүгінде «қайырымды мемлекет» дәрежесіне көтермей, басшыларымыз шапағатты элитаға айналмай қазақтар­дың бақытқа жетуі екіталай. Біздің орыс тілді шенеуніктерімізге психология ғылымына «адам капиталы» үғымын енгізген, ресейлік психолог-ғалым Алек­­сандр Юрьевтің мына сөзін арна­ғым келеді: «Я хотел бы уточнить, что такое патриотизм. Быть патриотом, это значит любить свой народ. Это значит вложить в каждого своего соотечественника все, что ты можешь. В каждого: от олимпийского чемпиона до последнего заключенного». Әйтпесе, жергілікті қазақ­тардың жүкші мен құрылысшы, күзетші пен такси жүргізушісі болудан басқа кәсібі қалмайды.

Жарас СЕЙІТНҰРҰЛЫ,
психология ғылымдарының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір