БАУЫРМАЛДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ресми іс-сапармен Анадолыға барып қайтты. Алғашқы сапары Түркияның Ерзурум қаласынан басталды. Түркілікті ту етіп, ежелгі дәстүрмен өмір сүріп отырған ерзурумдықтардың тыныс-тіршілігімен, өңірдің көне тарихымен танысты. Селжұқтардан қалған ескерткіштерді көріп, көне жазбаларды бүгінгі күнге дейін сақтап келген Ататүрік университетінің шәкірттерімен кездесіп, ежелгі түркі мәдениеті мен өркениеті тақырыбында дәріс оқыды.
Ақынның 80 жылдығына орай өткен салтанатты шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Ерзурум қаласының губернаторы Ахмет Алтыпармак, Түркияның зиялы қауым өкілдері мен журналистер, Ататүрік университетінің ұстаздары мен шәкірттері қатысты.
Ататүрік университетінің ректоры Х.Кочак өз сөзінде ақын О.Сүлейменовтің түркі мәдениеті мен өнеріне, ғылым мен әдебиетіне сіңірген еңбегін, түркі жұртшылығының бірлігі мен ынтымағын сақтау жолындағы қайраткерлігін егжей-тегжей баяндап берді. Ерзурум қаласының губернаторы А.Алтыпармак: «Ерзурум қаласына орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин келіп, «Арзрумға саяхат» атты кітап жазды. Бүгін түркі дүниесінің мақтанышы, аты аңызға айналған ақын Олжас Сүлейменов Ерзурумға келіп, мерейімізді өсірді. Ақынның Әзербайжанда көрсеткен ерлігін біздер еш уақытта ұмытпаймыз. Түркі мәдениеті мен әдебиетінің мерейі үнемі үстем болсын!» – деп ерзурумдықтардың атынан құттықтады.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев қоғам қайраткері О.Сүлейменовтің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің орнығуына, әрі күшеюіне қосқан үлесін, сондай-ақ, дипломатия саласында атқарған ерен еңбегін атап өтіп, Қазақ елінің атынан Ерзурум қаласы мен университет басшыларына алғыс сөзін жеткізді. Салтанатты жиынның аяғында алғыс сөзін жеткізген О.Сүлейменов Ерзурум қаласының губернаторы мен Ататүрік университетінің ректорын «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдық медалімен марапаттады.
Ежелгі түркі, мысыр, қытай мәдениетін, соның ішінде, көне жазба тілдерін зерттеп жүрген ақын Ерзурумдағы кездесулерден кейін ат басын Байбурт қаласына бұрды. Шығыс Анадолының асқар тауы – Коптың биік асуларынан өтіп, ежелден «Бай жұрт» деп аталатын қалаға жетті. Қонақтарды құшақ жая қарсы алған Байбурт қаласының мэрі Мете Мемиш ақынға естелік сыйлықтарын тапсырып, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырып, оғыз түркілерінің пірі Деде Қорқыттың кесенесіне алып барды.
Байбурт қаласынан Анкараға ұшып келген ақын Олжас Сүлейменов Түркия Республикасының Премьер-министрі орынбасары Тұғрыл Түркешпен кездесті. Жиын барысында екі бауырлас ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас пен мәдениет және әдебиет саласындағы байланыс мәселелері талқыланды. Түркияның Премьер-министрі орынбасары қазақтың ақынына естелік сыйлығын тапсырып, құрмет көрсетті.
Ал Анкараның қақ ортасында орналасқан Шератон қонақ үйінде Түркияның шығармашылық орталықтары мен қауымдастықтары бірігіп, ақынның 80 жылдығына арналған халықаралық жиын өткізді. Басқосуды Түркияның экс-министрі, қоғам қайраткері Намык Кемал Зейбек құттықтау сөзбен ашты. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаев пен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов құттықтау сөз сөйледі. Жиын барысында ақынға Түркі дүниесі жазушылар мен өнерпаздар қорының тағайындаған «Түркі дүниесіне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығын, «Деде Қорқыт» қорының тағайындаған «Деде Қорқыт» сыйлығын және Түркі халықтары қауымдастығы тағайындаған «Түркілікке сіңірген қызметі үшін» сыйлығын тапсырды.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтеріне арнайы келген ақынды Түркияның мәдениет және өнер қайраткерлері қарсы алды. Кездесу барысында ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен он түркі тілдерінде (әзербайжан, башқұрт, қазақ, қырғыз, құмық, өзбек, татар, түрік, тыва және ұйғыр) жарық көрген ақын О.Сүлейменовтің жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жинақты құрастырған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев. Басқосуға Шанаққала қаласынан арнайы келіп қатысқан әзербайжан ақыны Мамет Ысмайыл О.Сүлейменовтің «Қыш кітабын» түрік тіліне тәржімалағандығын жеткізді.
Еуразия Жазушылар қауымдастығына барып, түрік қаламгерлерімен кездескен О.Сүлейменов Түркиядағы әдебиеттің жағдайымен әрі Сүйінбай, Қ.Аманжолов, Б.Соқпақбаев, Ш.Мұртаза сынды қазақтың белгілі ақын-жазушыларына бірнеше санын арнаған «Кардеш калемлер» журналының жұмысымен танысты. Журналдың соңғы саны О.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай жарық көрді. Журналға Елбасы Н.Назарбаевтың, Елші Ж.Түймебаевтың, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейіновтың, әзербайжан жазушысы Анардың және тағы басқа түрік қаламгерлердің Сүлейменов шығармашылығы мен қайраткерлігі турасында жазылған материалдар енген. Қаламгердің келесі кездесуі Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде өтті.
Түркияда өткен төрт күндік сапар барысында туысқан екі елдің арасындағы байланыс нығайта түскендей болды. Анадолылықтардың қазақ ақынына көрсеткен риясыз құрметі – Қазақ еліне, әдебиеті мен руханиятына көрсеткен құрметі деп қабылдадық.