ӨТКІРДІҢ ЖҮЗІ
23.12.2022
752
0

ВЕЛЬТФЕРБЕССЕР

«Со стороны наше тамырство, наши жаркие дебаты могли, возможно, показаться чудачеством, донкихотством, сборищем романтиков-вельтфербессеров (по-немецки: «улучшателей мира»), забавой интеллектуалов, но к нам шли-текли люди, журналисты, писатели, историки, философы, политологи, обществоведы, наши суждения, установки, выводы понемногу расширяли круг единомышленников.
Герольд Бельгердің
«Тамыр тамыров» кітабынан

Қазақ баланың сүйегі, яғни тегі, өмірлік күші ата жұртынан, ал қаны, яғни ақыл-парасат, шығармашылық қабілеті нағашыдан тарайды дейді. «Жігіт­тің жақсысы – нағашыдан» деген сөз содан қалса керек.
Қазақты әлемге танытқан жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұлы, аты аңызға айналған абзал ана Фатима Ғабитованың сүт кенжесі Мұрат Мұхтарұлы Әуез – Гер-ағаң айтпақшы, нағыз вельтфербессерлердің, яғни «дүниені жақсартушылардың» төл ұрпағы.
Құндақтаулы Мұрат­ты анасы алғаш үйге әкелген кезін Мұрат Мұхтарұлының тәтесі Үміт былай деп еске алады: «Әдет­те, жаңа туған нәрестелер көзі сығырайған, беті мыжырайған қызыл шақана болып келеді, ал біздің Мұратжан туа біте беті теп-тегіс, көздері ойлы болатын».
Мұрат Мұхтарұлы Әуез 1943 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келген.
Абзал ана Фатима қазақтың үш дүлдүлінен тараған ұрпақтың өркөкірек те өршіл, намысты да абыройлы ұлт азамат­тары болып өсуіне бүкіл ғұмырын арнады. Алыптардан тараған алты бала соғыс жылдарындағы тұрмыс тауқыметін аналарымен бірге көтеріп, бірге бөлісті.
Әлі тілі шықпай жатып-ақ бала Мұрат анасының:
Тілі жат,
Діні жат,
Ділі жат
Жат елден таяқты жеп едің,
– деген жырларын құлағына құйып, қанына сіңіріп өсті. Мұхтар Әуезовтің «Мұратайымның тілі қазақша шықсын» деп үздіксіз жіберіп тұратын кітаптарын алты бала білте шамның жарығымен жарыса оқып, жат­тап жетілді.
Мұхтар Әуезов Мұратайы мектеп жасына қараған шағында өзінің басына төнген қауіпке, «халық жауының» әйелі ретінде Фатима Ғабитоваға үлкен қалада тұруға рұқсат етілмегеніне қарамастан, Алматыдан кішігірім үй сатып алып, Фатиманы балаларымен бірге Алматыға көшіріп әкеледі. Мұратайын өзі қолынан жетектеп, ер балаларға арналған қаладағы жалғыз қазақ мектебіне орналастырады.
Осылайша, тоғыз жолдың торабында орналасқан, тоқсан түрлі ұлтқа пана болған көне Меркі өңірінен бастау алып, Алматыда жалғасқан Мұрат Әуездің балалық шағы оның бойында туған жерге, ана тіліне, ұлтына, өзінің түркілік тегіне деген мәңгілік махаббатын бекіт­ті.

КУЛЬТУРТРЕГЕР

Я очень люблю немецкое слово «культуртрегер» – носитель культуры. Так вот, Мурат Мухтарович – культуртрегер, носитель и радетель знания и просвещения, духовности, гуманности в высшем проявлении.
Герольд Бельгердің
«Тамыр тамыров» кітабынан

Мұрат Әуездің мектептен кейінгі бүкіл ғұмырын күреске толы дастан десе болғандай. Әділдік үшін, тарихи, қоғамдық, адами әділет­тілік үшін күрес.
Ол 1959 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетінің Шығыс тілдері институтының қытай филологиясы факультетіне оқуға түседі. Бұл кезде оның жасы небәрі он алтыда болатын. «Қытай тіліне келуіме тікелей әкем себепкер болды. …Оқуға түскеннен кейін әкем «Қытайдың тілінде қазақтың тарихына байланысты көптеген деректер бар, соны үңіліп зерделеу керек», – деді… Көрегендігі ғой, ол кездегі осал Қытайдың болашақта іргелі елге айналатынын болжады. Жоспарлары мықты еді, бірақ мен оқуымды аяқтамай дүниеден кете барды. Әкемнің сенімінен шығуға барынша тырыстым» деп жазады Мұрат Әуез «Ділім» кітабында.
Балаң Мұрат­тың күрескер Мұрат ретінде қалыптасу кезеңі осы университет, кейін аспирантура қабырғасында жүргенде басталады.
Бұл кезең Кеңес Одағында жеке басқа табынушылық күшін жойып, «хрущевтік жылымық» кезеңінің белең алып тұрған кезі болатын. Халықтың саяси санасы серпіліп, жергілікті ұлт­тар өз тарихы мен мәдениетін зерделеуге, жалпы рухани ізденістерге бет бұра бастады.
Міне, дәл осы кездері, 1963 жылы Қызыл империяның бас қаласы – Мәскеу­де Мұрат Әуез, Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев бастап «Жас тұлпар» ұйымын құрады. Сол жылы Ленинград қаласында «Арай» ұйымы, кейін дәл осындай ұйымдар Киев, Рига, Харьков қалаларында да құрылады. Олар өздеріне «Біз кімбіз?» деп сұрақ қойып, соның жауабын көшпенділердің ұлы мәдениетінен, халық ауыз әдебиетінен, Абай өлеңдері мен Алаш қайраткерлерінің мұраларынан, Махамбет жырларынан, Мұхтар Әуезов шығармаларынан іздеді.
Үгіт-насихат бригадаларын ұйымдастырып, жаз айларында Қазақстанның Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарын, Тың өлкесін аралап, концерт­тер қойып, кітаптар оқып, тақырыптық лекциялар ұйымдастырып, мәдени-ағартушылық жұмыстар атқарды. Тек Қазақстанда ғана емес, Мәскеу, Ленинград қалаларының көптеген жерлерінде лекция, семинарлар, түрлі өнер кештерін өткізді.
Мәскеуде Кеңес Одағы Ғылым академиясының жатақханасында әр бейсенбі сайын өтетін семинар туралы академик Мұрат Ғылманов былай деп еске алады: «Мурат организовал в стенах нашего общежития постоянно действующий семинар по вопросам экономики, культуры и истории нашей республики. В работе этого семинара участвовал знаменитый философ Георгий Гачев, выступали с докладами многие аспиранты из различных НИИ г.Москвы. Заседания проходили очень горячо, до хрипоты. На заседаниях в основном говорили о проблемах Казахстана и о путях достижения независимости».
1966 жыл. Қазақстан Жазушылар Одағының жиналысы. Сол жиындағы Мұрат Әуез бен Болатхан Тайжанның ұлт, тіл тақырыбына байланысты баяндамалары ұлт­тық рухты көтеріп, ұлтшыл сананы жаңа белеске көтерген сәт болды. «Мұрат­тың сөзі әр адамның көңіл түкпірінде сары сем боп қатып жатқан ар мен намысты оят­ты, іште қамалып келген ұлт болашағы жайлы уайымына қозғау салды. Оның ойлары мен өткір топшылауларын жиылған жұрт уыздай жас жігіт­тің албырт эмоциясы деп қабылдаған жоқ, мейлінше ақыл тоқтатқан, ұлт болашағын білімдарлықпен батыл қозғай білген толысқан азамат­тың сөзі деп айрықша қабылдады. Ұлт­тың ассимиляцияға түсіп, ертеңгі болашағы бұлыңғыр екенін трибунадан ашық айтпақ түгілі, сыбырлап сөйлесуден жасқанатын кезеңде Мұрат Әуезовтің сөзі билік басында отырғандар үшін ашық күнгі найзағайдай қабылданды» деп жазады сол жиынға қатысқан Дулат Исабеков.
1969 жылы Мұрат Әуез Мәскеуде Кеңес Одағы Ғылым академиясының аспирантурасын бітіріп, «Қазақтың ұлт­тық ерекшеліктері» деген тақырыптағы диссертациясын қорғап, Алматыға оралады. Жас ғалымның ұлтшыл рухынан қауіптенген Оқу-ағарту министрлігі оған: «Сізге студент­термен жұмыс істеуге рұқсат жоқ!» – деп, М.Әуезді жоғары оқу орындарына жолатпай қояды.
Оқытушылықтан үмітін үзген ол Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтына жұмысқа тұрады. Тағы да сол жастұлпарлықтар жиналып, Алматыда үлкен зиялы орта құрады. М.Әуездің басшылығымен олар көшпенділердің эстетикалық мұрасын жан-жақты зерт­теп, мақалалар жинағын дайындайды. Бірақ кеңестік дәуірге дейін көшпенділерде тарих та, мәдениет те, әдебиет те болмаған деген идеологияның күл-талқанын шығарған «Көшпенділер эстетикасы» ат­ты бұл мақалалар жинағы 3000 тиражбен баспадан шығарыла сала, қара тізімге ілініп, оқырманға жетпестен саяси жүйенің құрбанына айналады.
Өмірінің осы кезеңі туралы Мұрат Әуездің өзінен артық ешкім айта алмас: «Я» – Возвращение в Алма-Ату. Опыты, опыты воспитания патриотизма. Отсечены официальные сферы. Остался круг друзей. Тупики, тупики. Метаморфозы вчерашних единомышленников. Вечер Махамбета. Порывы уйти. Аргументы государства мощней. Кроме одного – оно обезличивает людей, стирает в них творческое начало и в этом не может оправдаться. Тезис антитоталитаризма. Выбор (право). Отказ от всех условностей государства. Презрение к его паспорту. Желание жить. Забвению все – профессию, специальность, близких. Неодолимая, как условие жизни, потребность вонзить словесный кол в глаз циклопа».
Саяси соқырлықтан түңілген күрескер Мұрат Әуез жауапты да, сауапты да дархан даладан іздеп, тағы да ел ішіне кетеді. Мұрат Әуездің сол кездері жазған күнделіктерін жайбарақат оқу мүлдем мүмкін емес. Автордың от шашқан әр сөзі, кесек пікірлері, түйін-түйін ойлары көкірегіңді ашып, қазына көмбеңді толтырады. Автормен бірге күйінесің, күйзелесің, ашынасың, қуанасың, мақтанасың. Оның оқырманға деген ерекше сенімін сезінесің. Тіпті Мақат­тың құмды желінің арасынан Жания апайдың «Шырағым, жазатыныңды жаз!» деген даусын естігендей боласың.
Уйти, чтобы вернуться – Оралу үшін кету. Қалайда Махамбет­тің кешін өткіземін, тарих ақтаңдақтарын ақтаруға, олардың халқына оралуына еңбек етемін деген ойлармен Алматыға орала сала, ол елдің қайнаған саяси-шығармашылық ортасына бар жан-тәнімен қайта сүңгиді. Осы жылдары оның тұңғыш кітабы – «Времен связующая нить» әдеби-сын монографиясы жарық көреді. Араға жиырма шақты жыл салып, 1997 жылы гуманитарлық тақырыптағы «Иппокрена. Хождения по мукам» монографиясы, 2002 жылы «Уйти, чтобы вернуться» күнделіктер жинағы, 2016 жылы «Времен связующая нить» және 2017 жылы «Ділім» ат­ты іргелі туындылары жарық көрді.
Мұрат Әуездің бұл еңбектерінің барлығына ортақ сипат – қай дәуірді алса да, сол тарихи кезеңдер мен саяси-мәдени-әдеби құбылыстарға деген тың көзқарас, ашық пікір, жаңашыл түйін.
1973 жылы Алматыда Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясы өтеді. Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов, Мұрат Әуез, Болатхан Тайжан бастаған жастұлпарлықтар аталған құрлық жазушыларының 50-ден аса шығармасын қазақ тіліне аударып шығады. Аударылатын шығармаларды таңдаудағы ең басты талап тағы да сол күрес жолы, отаршылдыққа қарсы күрес тақырыбы болды.
1989 жылдың 29 ақпанында О.Сүлейменовтің басшылығымен Невада-Семей қозғалысы құрылды. Мұнда да М.Әуез нағыз майданның алдыңғы қатарында жүрді. Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты данышпандар туған дархан даланы заманның зарына айналдырған кеңестік тажалдың ең алып машинасын қиратуға білек сыбана кірісті. Курчатов қаласындағы полигон офицерлерінің алдында жалындата сөз сөйледі, Невада штатындағы әріптестермен байланыс орнат­ты. Сол күндері жазылған «Невада» ат­ты мақаласында ол былай дейді: «Это был час подлинного братства людей разных национальностей, преодолевших молчание, готовых к совместным действиям. Свобода посетила нас в тот день, и мы убедились, что она не эфемерность, не просто прекрасно звучащее слово. Все мы увидели, что свобода одухотворяет лица, вводит истину в речи, сотворяет согласие во имя своих целей».
Мұрат Әуез Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып жұмыс істеп жүрген жылдары қазақтың кино өнеріне де үлкен серпіліс әкелді. Киносыншы Гүлнар Әбікеева былайша еске алады: «Мне очень повезло – моим руководителем и наставником был Мурат Ауэзов, когда в 1984-1988 гг. он работал главным редактором киностудии «Казахфильм». Повезло не только мне, но и всем молодым казахстанским кинематографистам, потому что он стал «крестным отцом» «Казахской новой волны».
80-жылдардың аяғында Қазақстан Жазушылар Одағында құрылған Көркем аударма және әдеби өзара байланыстар Коллегиясын басқарған жылдары да тың бастамалардың авторы болды. Сол жылдары әдеби шығармаларды орыс тілі арқылы емес, тікелей қазақ тіліне аудару жағына көп мән беріліп, арнайы аудармашылар дайындалды.
1992 жылдың ақпан айы. Мұрат Әуездің Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Тұңғыш елшісі болып тағайындалуы – кейіпкеріміздің өмір жолында ғана емес, бүкіл қазақ мемлекетінің қалыптасып-дамуында бетбұрыс белес болды. Ол тағайындала сала, Ұлы Қытай астанасының аспанында қазақтың көк байрағын желбіретіп, тұңғыш елшілік ғимаратының іргетасын қалады. Ең бастысы, талай жылдардан бері шешілмей келе жатқан Қытай мен Қазақстан шекарасы ресми түрде айқындалды. Сонымен қатар Абай шығармалары қытай тілінде жарық көрді. Бар болғаны 3 жыл ішінде бүтіндей қазақ мемлекет­тілігінің іргетасын бекітіп, мәртебесін көтеретін осындай аса ірі шаруалардың жоғары деңгейде атқарылуы – тікелей Мұрат Әуездің қарымды қайраткерлігінің, ұлтжанды жүрегінің тікелей жеңісі еді. Осы үш жылғы орасан зор еңбектің нәтижесі күні бүгінге дейін шапағатын беріп келеді. Қытайлық қазақтардың Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің өмір жолдарына арналған «Шыңғыстаудың үш шыңы» кітабын шығаруы, 2000 жылдардың басында Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы шет елдермен мәдени байланыс қоғамы мен «Рух-Мирас» қоғамдық бірлестігінің бірігіп шығарған «Көрші» журналы, «Абай жолы» романының қытай тілінде басылып шығуы, Қазақстан Ұлт­тық кітапханасында Қытай мәдениеті орталығының ашылуы – осының дәлелі.
Ол Қытайдан оралған соң «Сорос-Қазақстан» қоғамдық қорының атқарушы директоры, ал 2002 жылдың шілдесінен Қор Президенті қызметін атқарды. Қордың басшысы болған жылдары ол елімізде ғана емес, шет елдердегі қазақтардың әлеумет­тік-мәдени даму үдерісіне үлкен үлес қосты. Түрлі мәдени экспедициялардың ұйытқысы болды. «Алатаудан-Атырауға» ат­ты кітап керуенін өткізу барысында тағы да сол жастұлпарлықтар атқа қонды. Нәтижесінде, Алтай, Моңғолия қазақтарына бес мыңнан аса көркем әдебиет, оқулықтар, ұлт­тық музыка аспаптары, үнтаспалар жеткізілді. Жер-жерлерде кездесулер өткізіліп, дәрістер оқылды.
2004 жылы Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет­тік «Мәдени мұра» бағдарламасының жұмысын жүргізуге шақырғанда, Мұрат Әуез еш ойланбастан «Сорос» қорындағы жайлы да жылы қызметін қалдырып, ҚР Президенті жанындағы Ұлт­тық Кеңестің мүшесі болып кіріп, тікелей бағдарлама жұмысымен айналысты.
Карл Байпақов, Меруерт Әбусейітова, Әбдімәлік Нысанбаев, Сейіт Қасқабасов сияқты атақты тарихшы, археолог, философ, филолог ғалымдармен бірігіп, мәлімет, дәйектері түрлі дереккөздерде шашырап жатқан, бір ізге түсіріліп, жүйелі хат­талмаған халқымыздың 2,5 мың жылдық тарихын ресми түрде рет­теді. Нәтижесінде, ат­тың тұяғымен төрткүл дүниені тітіреткен көшпенділер өркениетінің қордаланып қалған аса зор мұрасы тарих бетіне шықты. Халықтың рухы көтерілді.
Тәуелсіздіктің тәт­ті дәмі ғасырға жуық уақыт экономикасы да, әлеумет­тік, әлеует­тік жағдайы да, тарихи-мәдени даму үдерісі де біте қайнасқан туысқан ұлт­тар арасына саяси немесе территориялық қана емес, тарихи-мәдени де шекара қоюға көшті. Әсіресе тұқымы бір, тілі бір, тарихы бір қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен халықтары арасында тарихты бұрмалау белең алды, М.Әуез айтпақшы, «тарихтар соғысы» басталды.
Дәл осы кезеңде, яғни 2007 жылы тұқымы да, жаны да, тілі мен ділі де түрікшіл Мұрат Әуездің бастамасымен «Жібек жолы бойындағы сұхбат­тар» тұрақты семинары ұйымдастырылды. Ұлы Жібек Жолы бойындағы керуен-сарай кездесулері сияқты аталмыш семинар он жылдан бері Қазақстанның түрлі өңірлерінде, Ыстықкөл жағалауында туысқан халықтардың ірі қоғам, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің бас қосып, өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешім қабылдайтын салмақты да салиқалы органына айналды. Өнертанушы өзбек ғалымы Александр Джумаев семинар туралы ойларымен бөліседі: «Костер взаимного доверия и доверительности, открытости и доброты, разведенный Муратом Мухтаровичем Ауэзовым на шелковом пути разгорается. И каждый может погреться и согреться возле этого костра… Чтобы идти дальше вместе с другими в одном долгом и нескончаемом караване, постигая и оберегая духовные богатства – плоды нашего многовекового единения».
Балаң шағынан көшпенділердің ер жігіт алдына қоятын «жеті қырдан астың ба, жеті тілді білдің бе» деген талабы жадында жат­талып өскен Мұрат Әуез қаншама рет далаға кетіп, дүниәуи дарынын ұштап, күш-қайратын қайрап, қайта оралған сайын бүкіл мақсат-міндеті осы ұлы ұғымның, жалпы ұлт мүддесінің төңірегінен еш аластаған емес.
Сексенге секіргелі тұрған салиқалы жасына қарамастан, Мұрат Әуез ұлт мәселесі, оның рухани-тарихи-мәдени-саяси болмысы туралы мәселелер төңірегінде бір сәт те тұлпар тұғырынан түскен емес. Бұған Ресейдің Никонов, Федоров сияқты саяси шабармандарының Қазақ мемлекет­тілігіне шек келтірген сандырақтарына орай ҚазТаг тілшісіне берген сұхбаты дәлел: «Сейчас надо быть очень бдительными, надо сейчас смотреть, засучив рукава, сотворять новую действительность. Такие вызовы нас мобилизуют. В Казахстане есть потенциал сил, которые в этой боевой ситуации сумеют мобилизоваться. Фашиствующие идут на бой, и мы пойдем на бой. Они именно к этому толкают. Как раньше было – в чистом поле сойдемся, посмотрим, кто кого!»
«Ағысқа қарсы бірер сағат жүзуге болатын шығар. Ал ол жай ағыс емес, бастауын биліктен алған қарқыны да, қарымы да, қармағы да мықты ағыс болса ше?! Сондай ағысқа қарсы сағат­тап емес, күндеп, айлап, тіпті жылдап та емес, бүкіл өмірі бойында қарсы жүзу кімнің қолынан келер?! Ондай ерлік– тек асылдан туып, адалдықты ту еткен Мұрат Мұхтарұлы сияқты бірегейдің ғана иығы көтерер қасиет болар» деген еді бір кездесуде үзеңгілес достарының бірі. Мұрат Мұхтарұлының азамат­тық, қайраткерлік бейнесі туралы бұдан артық айта алмаспыз.
«Мақсат­тың ұлылығы ұлы нәтижелерге әкеледі» дейді, Гер-ағаша айтсақ, культуртрегер, яғни «мәдениет тасушы» Мұрат Әуез.

ХОФФНУНСТРЕГЕР

И еще – он «хоффнунстрегер» – носитель надежды. Жизнелюб, оптимист, он всегда настроен на волну надежды даже в самых тягостных моментах жизни.
Герольд Бельгердің
«Тамыр тамыров» кітабынан

Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу бар. Кемел теңеу. Шешендер бұл теңеуді аса сирек жағдайда ғана қолданған. Этнограф, фольклортанушы Серікбол Қондыбайдың айтуынша, «Сегіз қырлы, бір сырлы» тіркесінің өзі сегіз-шоғым таңбасы сияқты геометриялық пішінді көрсетіп тұрғандай. Яғни төрт сызықтың бір нүктеде қиылыс­уы бір нүктеден тарайтын сегіз сәулені туғызады». Ғалым бұл сегіз сәулені туғызған (сегіз + біреу) сегіздік ұғымын бүкіл танымның бастауы деп танып, «сегіз қырлы, бір сырлы» адамды бұл дүниенің болмысын, яғни сансыз қырын танып, меңгерген адам деп көрсетеді.
Кейінгі 3-4 жыл көлемінде Мұрат Мұхтарұлының бірнеше кітабы жарық көрді. Бұл басылымдардың ерекшелігі – әрқайсысы әр тілде. Орыс тілінде шыққан қалың да қомақты «Времен связующая нить» кітабынан кейін көп ұзамай қазақ тіліндегі «Ділім» кітабы, оның ізін ала әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің баспасынан «Өнегелі өмір» жинағы, көп ұзамай 1972-78 жылдардағы күнделіктер жазбасы орыс тілінде «Главпочтампт», қазақ тілінде «Шеркүмбез», ағылшын тілінде «Postel house» деген атаумен жарық көрді. Тілдер мен ділдерді тоғыстырған бұл еңбектер, Гер-ағаша айтқанда, бүгін мен ертеңнің тінін жалғастырар, үмітін жеткізер, үлкенге де, кішіге берері мол дүниелер екені сөзсіз.
Сегіз демекші, сегіз ондыққа толғалы отырған Мұрат Мұхтарұлының тұлғалық қырының, рухани дүниесінің, азамат­тық мінезінің, ұлтжандылық қасиетінің орасан байлығы сол киелі сегіздікке – яғни бүкіл танымның бастауына әкелері анық. Осылайша, сегіз сәулені туғызған сегіздік ұғымы Абайдың «сегіз аяғымен» үндесе келе, осы жолы да иесін, Гер-ағаша айтсақ, «сенім, үміт тасушы», яғни Мұрат Әуезді еш адаспай өзі-ақ тауып алды. Ғажап!

Өткірдің жүзі
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас;
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас.

Қалдыгүл Жаныбаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір