ЖАНТӨРЕ (әңгіме)
20.07.2024
1210
0

«Қайран, біздің аналар
арды ойлаған…»

«Көшкінбайдың әкесі әскерден қатын алып келе жатыр екен, қатын болғанда, орыстың «мәтүшкесі» көрінеді» деген қаңқу шыққалы Жантөреден маза кетті. Дегенмен, сыртқа сыр берген жоқ. Жантөре – Көшкінбайдың шешесі. Ауылға амандығынан бұрын алыпқашты әңгімесі жеткен Шопанғали қарияның құдай қосқан қосағы еді. Сұрапыл басталысымен ілкі топпен жалғыз ұлды майданға шығарып салған қос мұңлық енді есін жия бастағанда жасы қырықтан асқандарға да құрық түсті. Сөйтіп, 43-тің күзінде қиырда қой бағып отырған Шопанғали да тізімге ілініп, «трудармияға» аттанып кете барды. Жау қолынан азат етілген қалаларды қалпына келтіруге қол күші жетпей жатса керек. Жантөре қаршадай екі қызымен ферма орталығы «Қарауылтөбеге» көшіп келді. Осылайша, майдан жаққа елеңдеп, топ кісі үйіне беттесе үрейден запы болып жүргенде Құдайдың қарасқаны болар, жеңіл жарақатпен жалғыз ұл Көшкінбай оралды. Отағасынан хабар үзілмесе де, қайту сапары ұзара берді. Соғыс аяқталған соң араға аттай он жеті жыл салып, міне, бүгін «келем» деген сәлемі жетіп отыр. Соншама уақыт сарыла күткен жары жат жерде төсек жаңартқан ба, сондай тосын әңгіме тарап кетті. Бұл күллі ауылды елең еткізген жаңалық болды. Айлар бойы талай желауыздарға желеу болған қауесет ақыры ақиқатқа айналып, «соғыстан олжалы» оралған Шопанғали «Қарауылтөбедегі» ата шаңырағына ат басын тіреді.
Мезгіл тамыз айының аяғы, қозы күземнің қызған шағы болатын. Жантөрелер ауыл сыртында колхоздың мың-сан қозысын қырқып жатқан. Колхоз орталығы мен қырқым басына күніне қырық қатынайтын есепші Бозай бүгін ыржалақтап келіп, Жантөреге соқтықты. Бұл ауылдың барлығы дерлік бір атаның балалары еді. Адайдың Жеменей-Кенжесінен тарайды. Содан болар, әулеттің жасы кішісінің барлығы Жантөрені жеңге санайтын.
– Жише, көкем келіп жатыр, қасында қатқанский қатыны бар! Өзі орыс па, естек пе, көзі тұздай екен. Бірақ сылқыған сұлу, – деп қатыны ұл тап­қандай дабырлады.
– Е, ағаларыңның алдынан шымылдық алып шығып, жас жеңгелеріңді оң жаққа кіргізіп алмадыңдар ма, – деп бетінен қауып түскісі келді де, айнып қалды. Араларында бәлекей қыздар мен келіндері көп еді. Әрі Бозай сөздің иесі емес, оған бола аузын ауыртқысы келмеді.
– Қайырымен болғай да. Тек менің ғана емес ауылдың қуанышы ғой, азамат отанына оралса, онан артық не тілеу­ші ек, – деп күйбеңдеп тірлігін атқара берді. Лезде қырқым басындағылар у-шу болып, мұны қоршап алды. Жылдар бойы жары мен жақынын тосқан қатындар бұған қызыға да, қызғана қарайтындай. Сұрапыл басталғалы жыры да, сыры да бір болған, талай қиындыққа қатар тұрып иықтарын тосқан абысын-келіндерінің көкейінде екіұдай сауал тұрғандай… Мұны қайтер екен деп қабағын бағып қалыпты. Бұл жайдан хабардар болса да, тап осылай шұғыл есітемін деп ойламаған ол аңырып қалса да, сыр бермей, лезде бойын жинап алды.
– Ал енді не тұрыс, қолхоздың жұмысы өлгенде бітер, әйда тарттық ауылға, ағаларыңның жылдар бойы жиған базарлығын бөлісіп, шәй ішелік те, – деп жиналғандарды ауылға бастады.
Бұлар түсте келетін тіркемелі көлікті күтпей ауылға жаяу шұбырды. Келсе, ауылдың барша жаны мұның қыстауын дүмеп алыпты. Бірақ иесі жоқ үйге кіруге бата алмай тұрса керек. Алдымен үлкендерге сәлем етіп, сосын барып отағасына амандасты. Шөкең ысылып, жүдеген секілді, бірақ қунақ көрінді. Аяғының астынан алтын іздегендей тұқырайып басын көтермейді. «Анаусы» қыз-қырқынның арасына тығылған екен, тумасынан қызылшырайлы ма, болмаса, жат ортаны жатырқай ма, нарт болып қызарып кетіпті. Бұл сөзі өтетін екі-үш келініне қадап-қадап тапсырмалар беріп, бір баланы өрістегі малға жұмсады. Ол күнде жекенің малын колхоз қостырмайды. Ауыл ұсақ жандығын кезекпен бағатын. Төрге озғандар үнсіз. Әшейінде көсемсіп ақыл-кеңесін төге жүретін шалдар да жағы қарысқандай тымырайып алыпты. Әркім өзара әжік-күжік әңгімеге көшкен. Осы кезде әулеттің үлкені саналатын Қожамсейіт қария тамағын қырнап алып сөз бастады:
– Шопанжан, отаныңа оралып жатырсың, қайырымен болғай! Бұл – баяғы өзің аттанған ауыл. Тек қатарларың да, кейінгі буын да сиреп қалды. Осы отырғандардың ішінде қара жамылмағандары некен-саяқ. Әйтеуір, «орнында бар оңалар» деген, бастарың қарайып оралып жатырсыңдар, теңеліп кетерміз. Құдайым, енді соғыс атты сұрапылдың бетін аулақ қылғай, – деп сақалын саумалады. Сол кезде топ әйелдің ішінен бәденді келген орта жастағы бір әйел пеш түбіндегі орнынан ырғала тіктелді. Ол әулетке абыройы бар, Шөкеңнің Сұлупан деген жеңгесі болатын. Шалы Көпжасар көп жыл ат үстінде жүрген, ел ісіне араласқан есті адам еді. Бір жылдары қалың Адай Тобаниязды хан көтергенде «Сағыз» бойындағы ағайынға «ағаман» атанған кездері де болыпты. Өкініштісі, өмірден ерте озды, бірақ отбасына таусылмас бедел жиып кетті. Әл күнге абысындары Сұлупанды «ауылнайдың қатыны» деп алдында құрдай жорғалайды.
– Малтабар-қайным, (қайнысының атын атамайтын қазақы салт бойынша жеңгесінің Шөкеңе қойған аты) ат-көлік аман келіп жатырсың, хош делік. Жиырма жылға жуық сыртта жүрсең де атажұрт, ағайынды ұмытпағаныңа разы­мыз. Ал енді мына қасыңдағы «әсем баланы» кім деп білеміз? Қосағың деуге, қара орманыңды ұстап отырған бәйбішең бар, жолдасыңа жориын десем, ер адамға төмен етекті қосшы болмайды. Басқа жосығың болса айтшы, – деп қадала қарады. Алдымен жеңгесіне, сосын жағалай отырғандарды көзімен сүзіп шыққан Шопанғали:
– Сөзіңе құлдық, жеңеше! Оның жосығын жата жастана айтсам бола ма? Келгенім жаңа, жағадан алатындай асығыстық жоқ болар, – сөз аяғын сырғыта салды. Сол кезде табалдырықтан самауырын аттап, қолға су құйыла бастаған. Шәй үстіндегі әңгіме соғыстың қиындығы, ауылға кім оралды, кімнің оты қаралай өшті-сынды әңгіме өрбігенімен, тосын қонақтың жайын індеткен ешкім болмады. Қызыл шархатты жүзіне көлегейлей тартқан жат келіншек аяғы-аяғына жұқпай жиналғандарға қызмет қылып жүрді. Оны да тергеген ешкім болған жоқ. Алыстан келген бауырларының амандығына қанып, бір малдың басын мүжіген ағайындар да тарады. Кетерде Қожамсейіт қария Шөкеңнің отбасын ертеңгі түстікке шақыра кетті. Алысқа аттанатын, болмаса ұзақ сапардан оралған азаматқа дәм ауыз тигізу игі дәстүр-тін. Ортасын пешпен бөлген қос бөлмелі қоржын тамда Жантөре екі қызымен, Шөкең жас жұбайымен қала берді. Жалғыз ұл Көшкінбай қырда қой отарына көмекші еді. Әлі аяқтана қоймаған жігітке дербес мал тимейтін. Баласымен бірге қырға көшуге Жантөре ыңғай бермей жүрген. Әрі, мектепте оқиын «қос қарғаны» жатқызатын орын тағы жоқ. Кісі аяғы сейіл­гесін Жантөре жаймен сөз бастады. Бастағанда қосағасына емес әдейі жат келіншекке қарата айтты.
– Шырағым, баламнан сәл ересек, қызымдай екенсің. Күндесім деуге аузым бармас. Бұл да бір сынақ шығар. Табалдырықты аттап жатырсың, құтты қадамың болғай да! Біздің ауылдың келіндері желек ішінен шығысымен басына жаулық салады. Ана басыңдағы қызарғаныңды тастап, орамал тарт. Сосын бұл шаңырақ – Адайдың ішіндегі аса сыйлы, қасиетті қара орман. Қос тізеңді көститпей, жөндем көйлек киіп алғайсың, – деді де, орнынан созыла тұрып әбдіреден ақ орамал алып күндесінің басына салды. Іле үй ішіндегілердің барлығына қарата:
– Құдай салды, біз көндіктің кері келіп отыр. Енді бізге дос-дұшпанға таба болмайтындай ынтымақ керек. Мен жар қызығынан баз кешкен жанмын. Он жеті жыл тұл болғанда да өлгем жоқ. Тілегім – ойдан қырдан зорға құралған әулетіміздің амандығы, – деп сөзін тиянақтады. Көзінің астымен қосағасын баққан, ол самсоз отырып қалған екен
Шөкеңнің әкелген әйелі орыс та, естек те емес, бұл өңір атын да естімеген «марий» деген жұрттың тумасы екен. Есімі Маруся болып шықты. Бірақ татарлардың арасында өскендіктен қазақшаны белінен басып, бұрмалап сөйлесе де, түсінісуге әбден жарап жатыр. Әйтпесе, қырық жыл қиырда жүрсе де, мұның шалы орысшаңа судай ағып кететіндердің сойынан емес еді. Осылайша, қазақ пен татар тілін араластырып ортақ сөздік жасап алған сыңайлы. Көндіге келе, бұлар да жат келіншекпен тіл табыса бастады. Өзі бауырмал, ақкөңіл екен. Жат орта, жаңа қонысты жатырқағаны болмаса, ептеп үйренісіп келеді. Тек көлденеңнің көзі мен қос үйді қоса қондырмайтын кер­ауыздардың сөзі тыйылар болмады. Тіпті кейбір бетсіздері аман-сәлем жоқ, баса көктеп үйге келгіштеуді шығарды. Сондағы аңдитындары – мұның қабағы, Шөкең мен жас келіншектің ара қатынасы. Жұмыс басында да сыпсың сөз Жантөренің жанына тие бастады. Бұл шамасы келгенше сыр бермей бақты.
Жантөре табиғатынан иі жұмсақ, көнбістердің қатарынан болатын. Бірақ бүгінде бәйбіше жасына жетіп, ауылға айтқаны жүре бастағалы ешкімге есесін жібермейтін. Шаруаға оңқай асықтай ыңғайлы, мінезге бай, сөзі нық келінді ауыл ағалары басқаларға үлгі тұтса, кейінгілері кәдімгідей ығып тұратын. Тағы бір қиын тигені мұның бауырлары бұрынғы жезделерін жат санай бастапты.
Жантөренің төркін жұрты да Адайдың белді атасы еді. Бүгінде алпыс жеті атадан асып «сегіз арыс Адай» атанған ру, өзара қыз алыса беретін. Соның ішінде Жеменейдің «Бес Өрдегі» атанған Кенже, Бозашы, Бөкен, Есен және Мамыр болса, мұның шалы Кенженің ұрпағы. Мұның төркіндері Адайдың тағы бір іргелі атасы Қосайдың Мұңалынан тарайды. Бұлар да – тірі жанға есесін жібермеген, атысса қаруға, айтысса қызыл тілге жүйрік сой тұқым. Сөйткен бауырлары әпкесінің арын арлап Шөкеңе енші беріп, бөлек шығаруға қам қыла бастапты. Ауыл шетінде көне қыстау тұратын. Ана бір жылдары Жайық бойынан беріштің бір азаматы отбасымен көшіп келіп осы колхозға жұмысқа тұрды. Өзі қолы ұсынықты, мінезі жұғымды бесаспап жан екен, ауылға сіңісіп кеткен. Кейін ауыл жиылып, асарлатып үй салып берген болатын. Аты Сапар еді. Сол Сапар алғашқы лекпен майданға аттанды да, хабарсыз кетті. Тышқандай екі баламен жат жұртта қалған келіншек Жайық жаққа кері көшті де, сол қыстау көп жылдан бос тұрған. Кетерде есті келіншек неге сенгенін қайдам, үміт дүниесі ғой, тамның есік-терезесін шегелеп, көршісіне тапсырып кеткен. Аманатқа қиянат қылмайтын ауыл, әлі күнге Сапар қыстауының бір бұрауына тиместен сақтап келеді. Шөкеңнің балдыздары міне, осы қыстауды жөндеп, жезделерін Мәруімен бөлек шығармақ. Бұл отбасына ғана емес, ағайын жұрт, қала берді, күллі Адай ата аруағына сын жағдай еді. Ақылды кейуана бүгінгі бықсық шаланы өзі өшірмесе, арты үлкен өртке ұласарын анық пайым­дады. Қырқым аяқталып, қыстық пішен орылған соң ауыл адамдарының аз уақытқа жұмыстан қолдары босайтын. Осыны межелеген Жантөре, үй ішімен ақылдаса келе қайын жұрты мен өз төркінінің бас көтерерлерін қонаққа шақырды. Ойы – ағайынның алдынан өтіп, «бір шал екі қатынның тірлігін бір баянға жеткізу. Оның алдында колхоз бастыққа кіріп, биыл қозы айырылған соң баласы екеуі бір отар қой алуға уәделесіп қойған. Оны әзір сыртқа шығарған жоқ. Баласына да солай тапсырған.
Түс әлетінде ауыл үлкендері Шопанғалидың шаңырағына жиыла бастады. Ас желініп, бата қайырылған соң Жантөре сөз бастады. Алдымен келген қайын аға, абысындарына алғыс айта келіп, сөз өз төркініне тірелгенде бауырларын қуырып жіберді:
– «Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман» деген, біздің үйдің кісісі келгелі сендердің араларыңа әрекет кіре бастағандай. Оны бастап жүрген сенсің, – деп үлкен інісі Қосмағамбетке шүйлікті.
– Ау, айналайындар, Шөкемді бөлек шығарам деп тыраштаныпсыңдар. Ол ненің жосығы, отағасымыз ол үйге кіммін деп көшеді? О заман да, бұ заман баласы әкесіне енші беріп, отау етіп шығарды дегенді естідіңдер ме? Намыс депсіңдер, ол ненің намысы? Үстіме қатын алдырған қысастық үшін өртенетін менің жаным болса керек-ті. Басқаңа не жорық? Бәрі де «соғыс» деген сұрапылдың салғаны емес пе? Әйтпесе, жезделеріңнің атын естімеген елден әйел алып, төсек жаңартамын деген үш ұйықтаса түсіне кіріп пе! Өңкей мисыз, қарап жүрмей қара аспанды төндірердей ненің зары қысып жүр. Ат аяғы тентек, азамат жүріп-тұрмай ма екен? Жиырма жыл шетте жүрген адам жанын күтпесе, араларыңа аман келер ме еді? Енді дәм айдап үйіріне қосылғанда мүйіздеп сыртқа тебетіндей тіреліп тұрған ағайының бар ма, түге!? Атың өшкір, сұм соғысқа осы ауылдан отыздан астам боздақ аттанып еді, аман келгені саусақпен санарлық қана. Олардан ұрпақ өсіп-жетілгенше не заман? Оны ойлағандарың бар ма? Рас, Шөкем жұп болып оралды. Аруағыңнан айналайын, бабаларымыз «қыз деген – ердің олжасы, ат артына жүк пе еді» дегенді неге айтты?! Мәри жаудан түскен құма емес! Дегенмен ерімнің алыс сапардан алып келген олжасы демеске әддім жоқ. Ал егер де, «Керман» асып, тұқымың құрығыр «Китлердің» ұрқынан шыққан бір төмен етектіні өңгеріп келгенде қайтетін едік? Соны білгендей Шөкемді «орыс орманынан» асырмай кері қайтарған Үкіметке рахмет! Әйтпесе, отырар едік, осы арада «керманша» шүлдірлесіп, – деп жиналғандарды бір күлдіріп алып, ақылды бәйбіше соныға тартты.
– Әйел үстіне әйел алу салтта бар. Аруағыңнан айналайын, Батыр атамыз заманында (Бұл әулет рудың ұраны саналатын Қонай батырды солай атайтын) қалмақты шауып, атақты ламасының үш қызын әкеліп үш ағасына қоспап па еді! Онан өргендер жаман болды ма, өңкей ердің сойы. «Тоқалдан туған томарбас, тоқпақпен ұрсаң құламас» деген қара жон қайратты ерлердің аналары қарап отырсаңыз, өңкей екінші-үшінші жұбайлар емес пе еді! Сонда, аталарымыздың қазақтан алғандары таңдайына татымады дейсіңдер ме? Ол да – ерліктің үрдісі, ата салты. Осы «Бес Өрдектің» ішінде қызыл шашты секпіл беті бар, қиғаш қасты қысық көз, тіпті тау халқы пошымдас орақ тұмсық, жылан көздер аз ба? Солардың барлығы алыс елден келген әжелеріміздің ұрпағы емес пе? Міне, Адайдың ұрқын жалғап келе жатқан жоқ па? Ал маған келсек, үстіме қатын алғызбаймын дейтіндей кім едім, түге. Әйелдің асылы десек, аруағыңнан айналайын Бопай апамыз түседі еске. Ол да көп қатынның бірі болды. Хан жездеміз (Әбілқайыр ханды айтады) Қарақалпақты қазаққа қосқанда сол елдің дүрлерінің бірі – Әлисұлтанның қызын алып келмеп пе еді! Сол анамызды қайнылары ұлтына бола «қара қатын атандырыпты. Ал бауырынан өрген ұрпақтары қандай! Хан жездеміздің тағы бір тоқалы башқұрттың басты адамы болған, қарадан туса да, ханнан артық қадірі бар Таймас бидің қарындасы емес пе еді?! Онан өрген ұрпақтың өзі қазір бір қауым елге айналыпты. Мұнан да өсетін еді, ашаршылық жалмап жұтатып кетті ғой! Міне, айналайындар, мен тек тілімнің ұшына оралғандарына ғана тоқталып отырмын. Қос қолын Хиуа мен Түркіменге тіреп, өкшесімен орысыңды шіреген аруағыңнан айналайын ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қорғаған аймаққа мына біздерді тастап кетті. Сонан бері де сан шырғалаңнан өтіп әлі жалғасып келеміз. Ол ненің арқасы?! Бірліктің, қала берді, тасқа бітсе де тамырын жая білген тірмізіктігімізден емес пе? Енді келіп жездеміз жаттан қатын әкелді деп ерлеріңді бауырларыңа ала тулайсыңдар. Әкелсе, біреудің отбасын ойрандап алған жоқ. Бұйырмыс-тағы! Қысқасы, айналайын­дар, енді көлденең сөзді тыялық. Бізге жанашыр ниеттеріңе Алла разы болсын! Үй болып кеңескенде, қосағасымыздың шешкені: біз Көшкенжанмен қырға, малға көшеміз. Қыстауда Шөкем Мәримен екеуі балаларды оқытып қалады. Сөз осы, ағалар осы бәтуаны құп десеңдер бата қылайық деп, – бір-ақ тоқтады. Бұра тартып, ой қосуға ешкімнің шамасы келмей қалды. Бауырлары болса, майлы қасықпен төбеге ұрған мысықтай жым болды. Ащы сөзбен әдейі өз төркінін түйреп айтқанымен, ақиқаттың астары барлығын бұқтырып тастағандай… Бұған дейін біреуі келіп басалқы айта алмағандарына, бүлінгелі тұрған бір отбасына ақыл айтуға жарамағандарына ұялған екі жақтың үлкендері жер шұқып отыр.
Ертесіне Жантөрелердің көшін шығарып салмаққа кешегі қалың ағайын қайта жиылды. Бата қайы­рылып, үйден шығар сәтте Жантөре-ана қатты толқыды. Алпыс жылға тарта ғұмырының басым бөлігін өткізген, жасдәурен, жайдары шақтарының куәсі, талай қиналғанда маңдай тіреген қасиетті қара шаңырақтың алапасы басқандай еңсесі зіл тартты. Шығып бара жатып алдымен оң жақ, сосын сол жақ босағаны құшақтап, тәу етті:
– Қасиетті қара орманым, қос азаматымды майданға шығарып салып тірі жесір атанғанда талай ұйқысыз түндерімнің куәсі болған, жанымды жалдап жүріп, осы әулеттің туын жықпаймын деп тырбынғанда күш берген, саған мәңгі борыштармын. Алысқа бара жатқам жоқ, «қоңыр қозымның» жанына жалау болмаққа талап қылдым. Он алтымда аттаған табалдырығым, осы үйден өстіп-өндім, ұрпақ жайдым, қалған ғұмырымда да шырақшың боп өтейін, – деп күбірлеген кейуана тысқа бет алды. Кіре берісте сығалаған екі-үш «жылан көз» мұның бері беттегенін көргенде пырс етіп жоғалды.
Тыста Жантөрені тағы бір келеңсіздік күтіп тұр еді. Ағайын-тума мұның көшін барлық салтанатымен шығарып салуды көздесе керек. Ақбас атанға киіз үйді артып, үстіне шаңырақ қойыпты. Жүктің үстін қызыл терме алашамен жапқан. Қызыл алаша осы әулеттің кәдеге жарайтын «дұшпанкөз» жалғыз мүлкі еді. Оны енемнің көзі деп жай күнде жаймай, үнемі қағып-сілкіп жинап қоятын. Мұны көріп Жантөренің жан дауысы шықты. Көзіне түскені тағы да інісі Қосмағамбет болды:
– Әй көбейгір, мынау не қылығың! Ана шаңырақты қайда апара жатырсың? Ойбу, осы үйдің қосағасы қайда, Шөкем-ау, атадан қалған жалғыз белгіні атанға арттырып, ай қарап тұрсың ба? Үлкені қайда ауылдың, тыймай ма түге деп, – бұрқан-талқан болып түйе үстіндегі бастырма арқанды шеше бастады.
– Ау ағайын, отағасы тірі тұрып, қара шаңырақты қатынның көшіне артқанды қайдан көріп едің? Жүктің үстіне әсем алаша жауып, мені қайта ұзатқалы жатырмысыңдар? Біз көшсек, іргедегі ауылға барамыз. Ол жақта қалхоздың сайлап қойған баспанасы бар. Төсеніш пен ыдыс-аяқ алсақ болмай ма? Тыйыл былай, – деп жан-жағындағыларды жайқап, артық жүкті асығыс түсіре берді.
Сәлден соң: «Уһ», – деп белін жазып қараса, Сұлупан абысыны мұны ақбас атанға мінгізгелі келеді екен.
– Жеңеше-ау, мені шаңырақ түйеге мінгізбек болғаныңыз қай сасқаныңыз. Баламның жүгін атпен жетелейін де, – деп жүре сөйлеп, шалының торы жорғасының шылбырын шешті. Атқа тақым артып, түзелгені сол еді, әлде біреу, атанның бұйдасын ұсына берді. Жантөре бұған тағы күйіп-пісті:
– Көлік үстіне бұйда жалғайтындай айырылысып бара жатырмыз ба, түге, ырымдарың қандай жаман еді!?. Бүгін не көрінген бұларға, – деп тағы бір сыбап алды. Енді қозғала бергенде, «Алыпсоқ» атты дәу төбет көстеңдеп көш алдына түсе берген: «Әй, қайсың бар ұстап қалыңдар ана итті! Адал иттің езуінде табалдырықтың құты болады. Үлкен үйде қалсын. Колхозға қой керек болса, қорушы тауып берер!» – (бірақ қартайғанда тоқалдан ит алып, ырылдасып отырар жайым жоқ дегенді іркіп қалды!) деді де, «Иә, Пір Ата жолымызды оңғара көр!» – деп топтан сытылып шыға берді. Аруақты Атаның атын естіген қалың ағайын: «Бекет», «Бекет»! – деп ұрандасып қалды.
Жантөре енді артына қарамастан атын қамшылап, жіті аяңға салды.Жүгі жеңілдеген ақбас атан да тартынбай еңкілдеп, бұйда созды. «Көлігім тартынбады, Иншалла. Жолымыз оңғарылар», – деп кейуана оны да іштей жақсылыққа балады. Осылайша, Жантөре жетектеген жалғыз түйелі көш ұзай берді. Қарауылтөбенің қырына көтерілгенде басындағы күндігі бұлт тірегендей, атты әйелдің сұлбасы зорайып көкжиекті жауып бара жатты. Аттаған босағасына деген адалдықтың бейнесіндей, ақылының арқасында тек қана бір шаңырақты емес, рулы елді ымыраға иген, егеске түсіп, екіге жарылғалы тұрған ағайынның арасын ақылмен кіріктірген абзал ана ұлының жаңа қонысына қарай асығып бара жатты.
Арада талай су ақты. Асқан ақылымен әулетіне абырой болған аяулы ана да өмірден озды. Кейін Шопанғали қария да сағаты соққанда бәйбішесінің жанына жантайды. Ал Маруся апамыз Мәру әже атанып Көшкінбайдың балаларын тәрбиеледі. Жантөре ана аманаттап кеткен қасиетті қара шаңырақтың түтінін үзбей, тілегін тілеумен өмірден өтіпті. Жан-тіні «Көшкенжанының» үстінде болатын. Қырға қарай көлік қатынаса жаулығы желбіреп кетіп бара жатады, Дала табиғаты мазасыз, боран-шашын болса, қырдағы үйден қашан бір хабарын алмай кеңседегі колхоз бастықтардың аяқтарынан тік қояды екен. Аттаған босағасына деген адалдық пен жанқиярлықтың үлгісіндей осындай аналарымыз болған…

 

Арыстанбек Кенже,
Атырау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір