КӨКТЕМ КЕЛДІ, АЛМА АҒАШ ГҮЛІН ТӨГІП…
01.04.2016
3365
0

DSC_aБауыржан  ЖАҚЫП,
«Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты

 

АЛҒАШҚЫ ЖАҢБЫР

Наурызымның басталғанда ән-жыры,

Бұл көктемнің жауды алғашқы жаңбыры.

Күндіз-түні маған  тыным бермейді,

Адамдардың қилы-қилы тағдыры.

 

Себезгілеп көктем күннің бал нұры,

Дүр сілкінді кең даламның сан қыры.

Хабар беріп тіршіліктен оянған,

Бұл көктемнің жауды алғашқы жаңбыры.

 

Жауқазындар ашты көзін белдерде,

Жуа қаулап шашты иісін дөңдерге.

Көктеменің әнін шырқап құс біткен,

Үйрек-қаздар ұшып-қонды көлдерге.

 

Киіз үйге нұр себелеп түндіктен,

Жауды жаңбыр барлығымыз жыл күткен.

Күркіреді көктен тәңір дауысы,

Дүркіреді жерде жапырақ, гүл біткен.

 

Жауды жаңбыр менің күткен арманым,

Саумал төкті төңірекке орманым.

Қалдырған соң табиғатпен оңаша,

Жаңбырдан соң сездім демін Алланың.

 

НЕТКЕН  КӨКТЕМ!

Егізіндей көктем құстың

Әнмен оны шақыралық.

Көз  жасындай өткен Қыстың,

Жылап жылға жатыр ағып.

 

Ақ тер болып, көк тер болып,

Тау өзені ыршып тегі.

Көзін ашты  Көктем болып,

Көк теректің бүршіктері.

 

Көкірегімнің нұрлы бағы,

Көк иісіне ысталады.

Құлағымды тұндырады,

Қайта оралған құстар әні.

 

Нұр себіліп шаңырақтан,

Түседі еске өткен-кеткен.

Жан-дүниені жадыратқан,

Ғажайып ең көктем неткен!

 

КӨКТЕМ КЕЛДІ

Көктем келді, пай-пай-пай, жарықтығым!

Арна бұзып ағады арық  бүгін.

Өмір  сөйтіп сүйрейді өрге бізді,

Көктің исі жарады кеудемізді.

 

Ағаш біткен оянып бүршік атқан.

Бұлақ біткен көз жасы ыршып аққан.

Қар астынан қылтиған көріп көкті,

Қармен бірге аппақ қыс еріп кетті.

 

ДОСТАРДЫ АҢСАУ

Көңілім тау суындай мөлдір еді,

Жан-жалау жалғызсырап желбіреді.

Достарым жапырылған қоғадайын,

Сояудай даладағы селдіреді.

 

Дүниенің көріп келем белестерін,

Артымнан, кейде алдымнан жел ескенін.

Жаны – жаз, құшағы ыстық қимастардың,

Мен жүрмін ұмыта алмай елестерін.

 

Күрестім өзіңменен өмір балуан,

Жеңе алмай ағысыңды көңіл қалған.

Артына тастап бізді, қарайламай,

Дос кетті қайрылмастан небір алуан.

 

Күндер-ай қауышып бір көрісетін,

Көңілден көңіл сонда бал ішетін.

Азайып бара жатыр ақадал дос,

Менімен жарты құртты бөлісетін.

 

Таусылып талай ердің татар дәмі,

Алмасып қуанышпен қатар зары.

Сәт сайын жолықтырып қайғыменен,

Қайрайтын тіршіліктің қатал заңы.

 

Қаумалап, қауқылдасып, тойға бастар,

Шіркін-ай, ақпейілді қайда достар.

Тағы да құстар келді, көктем келді,

Жаңбырға кең құшағын жайды ағаштар.

 

Адаммын қайғырамын, күлемін мен,

Нұр төгіп жанарымнан, реңімнен.

Жыр жазып оңашада лүпілдеген

Жүрегім дос іздейді бұл өмірден.

 

ҚАЗАҚ  ЕЛІ

Қазақ елі өзің жайлы толғандым,

Ұшайын деп кең ғаламға қомдандым.

Бір айналып қиырынан Ертістің,

Бір айналып құшағынан орманның.

 

Сосын ұштым Алтай жақты қиялап,

Көкірегіме ғажап сезім ұялап.

Төмен салып Марқакөлмен, Зайсанмен,

Шерте бердім бұл не деген күй абат.

 

Тарттым бері Тарбағатай басынан,

Мөлдіреген Алакөлдің қасынан,

Сипап ұштым ойда, әлде қиялда,

Бесқарағай орманының шашынан.

 

Қанат қағып Өскеменнен Семейге,

Алаш саған басымды ием демей ме?!

Қайдан ұшса, оннан  ұшсын бар қазақ

Ұлы Абайға тәу етуге келмей ме?!

 

Ертіспен қақ айырылған қалалар,

Қалаларда ойнап жүрген балалар.

Бұзылмасын тек солардың күлкісі,

Аңсап соны кеткен біздің бабалар.

 

Керекуім, Қызылжарым сәулелі,

Павелдердің өтіп кеткен дәурені.

Көкшетауым сал-серілер серуені,

Сексен көлге салып кеткен өрнегі.

 

Қарағандым – батыр тұлға алыбым,

Жанартауым – жанып тұрған жалыным.

Қараөткелім, ар жағында Бозоғым

Жеткізеді сақ бабалар сарынын.

 

Қарсы алдымнан Ұлытауым жая бақ,

Жусан исі көкірегімді аялап.

Ерейментау бір көрінші көзіме,

Сарыарқаға барғанымда саялап.

Абыр-сабыр Ақсу, Көксу қазағы,

Талдықорған – раушан гүлдің тозаңы.

 

Балқаш жатыр несібесі ортаймай,

Балық толы Жетісудың қазаны.

Астанада жатты естіліп аспанмен,

Алматының шақырылған азаны.

 

Анау бір тұс Аңырақай өткен жер,

Бабалардың қаны гүл боп кепкен жер.

Мынау бір тұс Үшқоңырдың жайлауы,

Алла көктен нұр сәулесін сепкен жер.

 

Хан Тәңірі, Аспантаулар қандайсың,

Бір-бір батыр тауға айнала қалғайсың.

Әлмеректер, Райымбектер ұрпағы,

Орта Меркі, Шет Меркіні жайлайсың.

 

Түгін тартса майы шыққан Түлкібас,

Одан әрі Батыр Баукем жұртына ас.

Қаратаудай қара нарға берген-ау,

Бабаларым қайғы артып мың құлаш.

 

Ескі, көне, бағзы дүние куә-дүр.

Яссы, Сауран, Жентте кімдер туа-дүр.

Исфиджаб пен Сығанақтан, Қарнақтан,

Иқан менен Баласағұн, Сунақтан,

Барған сайын кім өткенін сұра-дүр.

 

Одан әрі ұштым тағы көк қармап,

Түйелер жүр адыраспаннан от талғап.

Түйелер мен мұнаралар мекені

Жарылуға жүрек мұнда шақ қалмақ.

Бетті қарып бара жатыр ыстық леп,

Саған келдім Бекет Ата отты аруақ.

 

Ақ Жайығым көпті көрген Атырау,

Қазағыма байлық сыйлап жатыр-ау.

Ақ пейілін Ақтөбе мен Оралдың,

Қалай ғана ұмытарсың бәтір-ау!

 

Одан бері Қостанайым, Торғайым,

Жезқазғанға жүйткіп жатқан жолдайын.

Қарқаралым, Баянаулам  қашан да

Талайлардың қақтырған ғой таңдайын.

 

Оңтүстігім – ұйытқысы ұлтымның,

Жамбыл жері – Иран бақтай құлпырдың.

Ақмешіттің аспанынан сөйлейді

Қорқыт бабам қобызы боп жұртымның.

 

Ар жаныммен, бар жаныммен құштым мен,

Қазақ Елі ұштым сөйтіп үстіңнен.

Бір тұйғын құс сияқты едім ұшқанда,

Бір қауырсын болып жерге түстім мен.

 

ЖЕР БАСЫП ЖҮРУ  БАҚЫТЫ

Шырқалса әуен, мынау өмір жайында

Құстар әні сол өлеңге қайырма.

Бір Алладан сұрайтыным – біздерді

Жер басудың бақытынан айырма!

 

Шырқалса әуен, қазағымның тойында,

Абай сөзі жаңғырады ойымда.

Бір Алладан сұрайтыным – Алашты

Жер басудың бақытынан айырма!

 

Қанша елде болып жатыр мың апат,

Өлең деген болашаққа сірә, хат.

Тіршілікте бақыттардың бақыты –

Жерді басып жүру деген рахат.

 

САРЫАҒАШ

Айтылатын ақиқаттың не сыры,

Ақындарға айқара ашық есігі.

Бұл Сарыағаш – тыныштықтың ұясы,

Бұл Сарыағаш – қара өлеңнің бесігі.

 

Талай жанның өткен мұнда бал шағы,

Көргендердің басылмайды аңсары.

Бұл Сарыағаш – саумал ауа, сая бақ,

Бұл Сарыағаш – бұлақтардың кәусары.

 

Қара жердің тамырында жүгірген,

Шипалы су екендігі білінген.

Көп қазаққа сая болар Сарыағаш,

Әуезовтің қаламына ілінген.

 

Дерттеріне дауа болған жалпы елдің,

Бұл Сарыағаш өмір күйін шертер мың.

Ана жерде Димекеңнің демі бар,

Мына жерде даусы қалған Баукеңнің.

 

Келгендердің жақсы болған күтімі,

Ескі есіктің сыр шертеді сықыры.

Кеше мені кетті оятып ұйқыдан

Әбділданың таяғының тықылы.

 

Келген мұнда сырбаз ақын Сырағам,

Мөлдір суы Ғафекеңе ұнаған.

Тасқа ойып жазатындай төгілтіп,

Өшпес өлең арнап кеткен Тұмағам.

 

Қариялардың төзіміне кезіктім.

Жастық шақтың сезіміне кезіктім.

Арасанның қарсы алдында алаңда,

Қадекеңнің әзіліне кезіктім.

 

Күзде келсең ағаштардан сырғалы,

Жапырақ боп төгіледі сырлары.

Қанат қаққан осы жерден ғаламға

Айбергенов Төлегеннің жырлары

 

Сарыағашта сақталады сан аңыз,

Із тастаған үңіліңіз, қараңыз.

Кешегі өткен Иманастың Сәкені,

Кешегі өткен Кәкімбектей ағамыз.

 

Келіп мұнда тоғысқан ғой жол алуан,

Қанша тағдыр, қанша халық ем алған.

Кешегі өткен әкем мұнда су ішкен,

Кешегі өткен әкем мұнда дем алған.

 

Соныңмен де қымбатсың сен, Сарыағаш.

Өмір ғой бұл тыныстаған сан ағаш,

Қайғысы мен қуанышы аралас.

Мен де жұттым сенің мөлдір суыңды,

Қасиетіңнен айналайын, Сарыағаш!

 

НАЙЗАҚАРА

                       (Академик Серік Қирабаевқа).

Сергектік деген сендей-ақ болар

                                                Серіағам,

Бейнеңді асқақ сөзбенен сомдап

                                                бере алам.

Өзіңдей Абыз ақсақалдарым

                                                тұрғанда,

Іргесі бүтін, жұртым да тыныш,

                                                 ел аман.

 

Парасат деген өзіңдей болар

                                                 өр ағам,

Қай жерге барса, қашан да лайық

                                                 төр оған.

Аязды да көрдің арқасын осқан

                                                қазақтың,

Кезеңнен де өттің сөздің бораны

                                                 бораған.

 

Биіктік деген дәл сіздей болар

                                                 Абызым,

Ақиқат боп жеткен бүгінгі күнге

                                                 аңызым.

Өзің сөйлесең көне қоңырауым

                                                  күмбірлеп,

Күңіреніп кетер кеудемде қара

                                                  қобызым.

 

Жүрдің сен Аға, Мұхтардай

                                         данышпандармен,

Жүрдің сен Аға, Сәбиттей 

                                         арыстандармен,

Ғабиден, Ғабит, Әбділда, Тайыр,

                                         Ғалидай,

Азаттық үшін  жанын сап

                                        алысқандармен.

 

Сәкеннің сұлу сыр сандығын аштың

                                                    жастарға,

Өзің де сөйтіп айналып  кеттің

                                                   дастанға.

Заманы туып зауалды қуар

                                                   күн келіп,

Алаштың туын көтеріп алдың

                                                    аспанға.

 

Бекзатым дер ем екі ғасырда

                                                   көктеген,

Алдыңнан ешкім қия көлденең

                                                   өтпеген.

Сүйегі асыл дейді өзіңдей жанды

                                                     қазағым,

Әдебиетте бір өзің бөлек

                                                   мектеп ең.

 

Ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз

                                                   нұр мүсін,

Найзақарадай  шаншылған көкке

                                                   шыңбысың.

Арғы-бергіні түгел қопарып

                                                     жазатын,

Сыншы болудың көрсеттің ғажап    

                                                    үлгісін.

 

Көкірегің толы бабалардан

                                                   қалған бір ағын,

Сөз-домбыраның келтіріп алып

                                                   бұрауын,

Орайы келсе, Ханға да сөзін

                                                   өткізер

Осы ғасырдағы өзіңсің Бұқар

                                                   жырауым.

 

Қазақтың аштың шерге де  толы

                                                    омырауын.

Тәңірім сізге шырқата берсін

                                                   өмір-әнін.

Күмбірлей берші, кеудемде көне

                                                  домбырам,

Алтын да баулы, күміс те зерлі

                                                  қоңырауым!

 

Көпті көрген жан тектілерден де

                                                  тектірек,

Арқа сүйеген Асқар тауым боп тұр

                                                   көк тіреп.

Отырмын  тілеп, Алладан күнде,

                                                   ардақтым.

Жамбылдың жасына Сіз келсе екен

                                                   деп тілеп!

 

ҚАЙНАРЫМ

Қайнарым, төңірегі гүлге оранған,                         

Өзіңде сол гүлдердей тұнған арман.

Түкпірде болсаң-дағы сендей жерді,

Іздесем, таба алмаспын бұл ғаламнан.

Қоршаған жан-жағыңды тауың қандай,

Аршадан әшекейін тағынғандай.

Тастарың жеті бояу сіңіріп-ап,

Қынадан қалың кілем жамылғандай.

 

Қайнарым, таудан аққан қайнар бұлақ,

Құшағын перзентіне жайған бұлақ.

Сен егер судан құрап ән шығарсаң,

Өлеңді мен жазамын ойдан құрап.

 

Қайнарым, сенсің мені шабытты еткен,

Жаңбырың беттен сүйді жауып көктен.

Мен бүгін іздеп келдім атқа мінген

Іздерді ата-бабам салып кеткен.

 

Қайнарым,  таудан аққан тасқын ба едің,

Өмірдің мен де талай астым белін.

Тағдырдың жазуымен жесір қалған

Әжемнің іздеп келдім жас күндерін.

 

Бар ма еді маған берер тәбәрігің,

Уақыттың өлшеместен аралығын.

Төсіңнен іздеп келдім жетім өскен

Әкемнің сенде қалған балалығын.

 

Балакез мен де саған жуынғанмын,

Сонан соң ақын болып туылғанмын.

Мен сенің қарыздармын әр тамшыңа,

Тамшыңнан өмір мәнін ұғынғанмын.

 

НҰРЛАН АҒАМ

(ақын Нұрлан Оразалинге).

Кісінейді  шабыты түу  даладан,

Ұшырады өлеңін шыңнан ағам.

Қиялдаса, ақша бұлт арман  қуған

Ауылдағы аумайды бір  баладан.

 

Алмалы бақ шашына гүл қадаған,

«Сырнайлы шақ» шақырса, сыр бораған.

«Хали-Гали», – деп өзі дүр сілкініп,

Дүркіреп  жыр оқиды Нұрлан  ағам.

 

Оңтүстікке, Арқаға, Сырға барам,

Қырға барам, күрең бел, құмға барам.

Жазушыны, ақынды көрген  жоқпын,

Менің Нұрлан ағамды тыңдамаған.

 

Толқын толқын бола ма туламаған,

Кейде асау боп көрінді Нұрлан ағам.

Шүпілдеген нұр толып жанарына,

Лүпілдеген жүрегін мұңға ораған.

 

Үлпілдеген  үкідей  жыр қадаған,

Ұлтын сүйген өз ісі тұлғалаған.

Әлихандар, Ахмет, Мағжандардың,

Ізбасары бүгінгі Нұрлан ағам.

 

Атқан, асқан, айдаған, қудалаған,

Заман өтті, күн кетті уралаған.

Қазағымның басына  күн туса  егер,

Тура қарап тұрады Нұрлан ағам.

 

Арғымақ бақ кетпесін бұл даладан!

Қараөлеңін қазақтың тыңда, ғалам.

Бір толқынның алды боп бара жатыр,

Шашын артқа қайырып Нұрлан  ағам…

 

Ақылымен салтанат құрған адам,

Сезімінен сергітер  жыр бораған.

«Құралайдың салқыны» болған шақта,

Бір соғады КазГУ-ге  Нұрлан ағам.

 

АНАМА  ХАТ

Анасыз туған жанды естімедік,

Анашым, ақ сүтіңді өстім еміп.

Нәр алып алғаш сенің ақ сүтіңнен,

Келемін Дүние деген көшті көріп.

 

Тоғыз ай құрсағыңда көтергенсің,

Толғатып мені өмірге әкелгенсің.

Күнге де қолын созып перзентіңнің,

Айды да аспандағы әпергенсің.

 

Құпиясын аша түсіп қилы әлемнің,

Балаңа батасын ап жиған елдің.

Алланың шетсіз-шексіз құдіретімен,

Он сегіз мың ғаламды сыйға бердің.

 

Адам боп алға қойған  мақсұтыммен,

Жадымда қалды естелік жақсы күннен.

Бастауы бүкіл менің ырзығымның –

Басталған бәрі сенің ақ сүтіңнен.

 

Не екенін ұғындырдың маған Ардың,

Сағынсам, құстай ұшып оралармын.

Өмірге келгеннен соң адам болып,

Ақ сүтін ақтау парыз аналардың.

 

Көктем келді, алма ағаш гүлін төгіп,

Әкесіз жүрмін Апа, бүгін тоңып.

Тәңірден жалбарынып сұрайтыным,

Сен енді аман жүрші, нұрың төгіп.

 

Басыма өзің барда қонар бағым,

Жыр етіп жазып келем ел арманын.

«Құлыным!» деген сенің бір сөзіңнен,

Дүниеде артық байлық көре алмадым.

 

МАҚПАЛ  ӘН

(әнші Мақпал Жүнісоваға).

Ән салсаң,  Мақпалдай айт, мамырлатып,

Жорғалатып, желдіртіп, дауылдатып.

Қазағымның ғажайып әні болып,

Қонған сенің басыңа қалың бақыт.

 

Сені мақтап халқыма берейін бе?!

Ұя салған  мыңсайрам көмейіңе.

Сен тілеген арманның бәрін берсін,

Қызғыштай боп қорғаған Мерейіңе.

 

Домбыра алсаң қолыңа, бабыңдасың.

Шырқа, шырқа, шырқайтын шағыңдасың.

Сен жүзгенде ән көлі тербетілер,

Қуда туған аққудай қарындасым.

 

Сен туған жер – Мәдидің ақберені,

Әміре, Жүсіпбектің тәтті әлемі.

Сен туған жер – кіндігі Сарыарқаның,

Сен туған жер – Қасымның отты өлеңі.

 

Елге берген таймайтын сертінен де,

Көркемдігін көремін көркінен де.

Сарыарқаның самалын жұтқандаймын,

Кеудемді Мақпал – дауыс желпігенде.

 

Ешқашан да тынысың тарылмасын,

Әуелесін дауысың арындасын.

Бүкіл қазақ жүрегі шым етеді,

Жанарыңнан төгілсе, лағыл жасың.

 

Шым етеді, жүрегім дір еткенде,

Әсем сазбен не жетсін гүл еккенге.

Жүрегіңмен айтасың әрбір әнді,

Сондықтан да жетеді жүректерге.

 

Тебірентесің, тербейсің жан бесігін,

Жалғасысың сері мен сал көшінің.

Қазақ деген  халықпен бірге аталар,

Мақпал деген сенің де мәңгі есімің.

 

ОЛЖАС  ІНІМЕ

Көкорай шалғыныма шықтар тұнған.

Шәкәрім шындық өріп шыққан қырдан.

Бұл өлке киелі өлке Абай туған.

Бұл өңір киелі өңір Мұхтар туған.

 

Бұл Семей – нұры Алланың толған қала,

Ертістің жағасына қонған қала.

Бұл Семей – Әлиханға мінбер болып,

Алаштың астанасы болған қала.

 

Әміре, Тәттімбеттің сазы қонған,

Ән-күй боп аққу менен қазы қонған.

Олжастың елге әйгілі бір атасы

Атақты Атақозы қажы болған.

 

Тараған Қаракесек тамырлы елден

Мың-мыңдап жылқы айдаған сағым белден,

Олжастың бір атасы ел билеген

Билікпен аты қалған Тәңірберген.

 

Ескіден қалды бізге нешеме аңыз,

Жұмбағын өткен күннің шеше аламыз.

Қасымның Көшербайы – өз атасы,

Жан еді көш бастаған Көшағамыз.

 

Балакез, жол болатын алдым – ұзын.

Татушы ек үлкен үйдің дәмді уызын.

Сағындым Бикен шешем сары майын,

Сағындым Көшағамның бал қымызын.

 

Дем берген жақын туыс қиналғанда,

Ел болды ұрпақтары жиналғанда.

Мен қалай өлеңдетіп сөйлемеймін,

Солардан қалған тұяқ үй болғанда.

 

Аралдан толқын шашу шашылғандай,

Алакөл буырқанып тасынғандай.

Болып тұр бүгін тойдан алған әсер,

Ертіс пен Сырдария қосылғандай.

 

Қастерлі махаббаттай – болмас ұғым,

Алатын әлі талай алда асуың.

Мәншүктей қосағыңмен қоса ағарып,

Олжастайын ақын бол, Олжас інім!

 

АТА-БАБА

Бай болған, ата-бабам, балуан болған,

Сөз ету солар жайлы шаруам болған.

Естисің аңыз болған есімдерін

Сөз қалған алуан-алуан,  алуандардан.

 

Бас Қайнар, қызыл Қайнар, аяқ Қайнар,

Санамда өткен күннен оятты ойлар.

Бабамнан қалған жылқы тұқымы ма,

Жаныма ойқастайды таяп тайлар.

 

Деуші еді үйірлері ала болған,

Бір көру сол байлықты маған  арман.

Шұрайлы Берікқара баурайына

Ауылы Жақып атам дара қонған.

 

Мың-мыңдап жылқы айдаған сағым белден,

Құдайым бір бергенде  бәрін берген.

Бір атам Абыралы өңіріне,

Би болған Атақозы Тәңірберген.

 

Жазылар олар жайлы  сан-сан дастан,

Өтті олар дүние – қызық тауыса алмастан.

Бар бала «Абай ата»  атап кеткен,

Жақыптың Нұғыманы алшаң басқан.

 

Аспаннан несібесін құйды жалған.

Шерткенде шыға алмассың күй құмардан.

Бөлместен бар қазақтың басын қосып,

Жақыптың Құсатайы сыйлы болған.

 

Дөкей бас, балуандарын  ертегі  еткен,

Өкініш жүректерді өртеп өткен.

Құдықтан  атан түйе суырып ап,

Жақыптың  Дөкімбасы ерте кеткен.

 

Берікқара – жүрегім күткен атау,

Сырыңды, жұмбағыңды бүк қара тау.

Анау – жұрт, мынау тұрған іргетастар.

Жақыптың Серкесаны тіккен отау.

 

Талайды сағындырған Сарыарқа – бұл,

Адамға тектіліктен келер қадыр.

 Қатысып көтеріліс дүмпуіне

Айдалып кете барған Төлеуқадыр.

 

Күй шерткен домбыра алса бір азалы,

Қиын-ау бай ұлының мұң-азабы.

Қызылдар  бастан ұрып, жынды қылған

Баз кешіп өтті өмірден Жұмағазы.

 

Аты қап бұ заманға о заманнан,

Тектілік жеті атадан таза қонған

Ешкімнен қайтпас қайсар  мінезімен

Майданда Құспан атам  қаза болған.

 

Бойына қызыр дарып, бақ көрінген,

Жер басып адал ниет,   ақ көңілмен,

Сіңіріп ата-баба  қасиетін

Жақыптың  Өміржаны да өтті өмірден.

 

Жанады қыз-қыз қайнап,  маздап әлем.

Қобызын қоңырлатып созған әуен.

Тірілткен ата-баба аруағын                              

Жақыптың Бауыржаны жазған өлең.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір