«…БОҚТАҒАНЫҢ ҚАЙ АҒАШ?»
06.10.2023
161
0

«Қолымдағы ағашым
Алып жүрген домбыра,
Тартқан сайын даңғыра.
Домбыра күнә деген сөз –
Тек бір айтқан дабыра»,демеуші ме еді Қашаған ақын Есқали сұпыға айтқан жырында. Күржіманұлын күңіренткен сол бір күйді біз де бастан кешіп жатырмыз. «Домбыра – харам, беташар – ширк, ата-бабамыз – адасқан» деп ұлардай шулайтын адамдар әлеуметтік желілерден қайта бас көтере бастады. Бұл – «алдымен қалтаның қамы, содан соң ұлттың жаны» деген солақай саясаттың нәтижесі, әрине. Әйтпесе, ата-баба жолынан адаспаған таза діннің өкілдері мұндай қара сөзді айтпайтыны айдан анық.
Мамандар аталған мәселеге байланысты ойларын қанша жылдан бері айтып келеді. Бірақ біз дінтанушыларға «Ислам ұлттық аспаптарға, дәстүрлі өнерге қалай қарайды?» деген сұрақты қайыра қоюға мәжбүр болып отырмыз.

Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа
бөлімінің меңгерушісі:

Құстардың сайрағаны да әуен

Қазіргі таңда ән айту, музыкалық аспаптар, соның ішінде домбыра жайлы сұрақтар көп. Жалпы музыка мәселесі – шариғатымыздағы тартысты мәселелердің бірі. Өйткені ғалымдар музыканың арам не адалдығына бір ауыздан (ижмағ) келіспеген.
Әннің үкімі жайында берілген пәтуа­лардың ең таңдаулысы – әннің өзі ғана алып қаралса, оны тыңдау мен аспаптарды ойнауда тұрған харамдық жоқ. Музыканы ашық харам деп келген хабарлар сахих емес, ал ол жайында келген сахих хадистерде ашық харам деп айтылмаған. Имам Әбу Бәкір ибн Араби Мәлики: «Харам деп келген хадистің ешқайсысы сахих емес», – дейді (Әхкәму әл-Құран, 3/1494). Сондай-ақ бұл сөзді имам Әбу Хамид әл-Ғазали, Ибн ән-Нәхуи, Ибн Таһир сынды ғалымдар да айтты (Нәйлу әл-әутар, 8/107).
Имам Шәфиғи: «Өлең ол – бір сөз. Сондықтан оның жақсысы жақсы, жаманы жаман», – деген.
Имам Әбду әл-Ғани ән-Нәбулуси әл-Ханафи: «Музыкалық аспаптар оның көрінісі, одан шығатын дыбыс себепті харам емес. Өйткені құстардың сайрағаны да әуен. Ғалымдардың бір ауызды келісімімен құстың әуені харам емес. Ал егер ол бекершілік, харам нәрселермен араласса сол уақытта тыйым салынады», – деген. Сол себепті өлең айту, музыкалық аспаптар өз затында (яғни арақ, зина, т.с.с. нәрселер сияқты) харам емес.
Қорыта айтқанда, «әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, егер ән, музыкалық аспаптар адамды пасықтыққа, жамандыққа, азғындыққа, шәһуатты оятатын, т.с.с. шариғатымызда тыйым салынған амалдарға итермелемесе, шариғатымызда рұқсат етіледі. Мысалы, дін, отан, ата-ана, т.с.с шариғатқа қайшы келмейтін әндерге рұқсат.

Досай КЕНЖЕТАЙ,
дінтанушы:

Құран пайғамбарымызға жеті түрлі сазбен келген

Осы тақырып турасында жиырма жыл бұрын жазғанмын. Демек, бұл мәселе бүгін ғана қозғалып жатқан жоқ. Бұдан қанша жыл бұрын да ұлттық музыка аспаптарын харам дегендер болды.
Жалпы, күллі әлем әуеннен тұрады ғой: сөзің де, желің де, сайраған бұлбұлың да, сыбдырлаған жапырағың да – бәрі-бәрі музыка. Алланың сөзі деген ұғым бар. Алланың сөзін – Құран дейді. Ол пайғамбарымызға жеті түрлі сазбен келген.
Түптеп келгенде, Алла Тағала адамның табиғатына қайшы келмейтін нәрсенің ешқайсысын харам деп бағаламаған. Музыка харам болса, әл-Фараби «Китабу-л-мусика әл-кабир» («Музыканың ұлы кітабы») деген кітап жазар ма еді, Ясауи ше, басқа сопыларды қайда қоясыз – бұлардың бәрі ислам философтары ғой.
Бірақ әуеннің де өз өлшемдері бар. Харам мәселесі о баста сол үшін айтылған.
Мұзафар ад-Дин деген Бұқараның әмірі болған. Сол Вамберидің ағылшын тыңшысы екенін қалай анықтағанын естіген шығарсыз. Қайталап айтсақ айып болмас, Вамбери сақалын өсіріп, шапанын жамылып, шейхтің кейпіне еніп, Бұқараға барыпты. Ол парсы, араб, түрік тілдерін жетік білгенімен, өзі яһудей, яғни еврей жұртынан. Мажарстан университетінің профессоры. Сол Вамбери әмір Мұзафар ад-Диннің қабылдауында отырған кезінде музыка тартылады. Әуен шырқалғасын
Вамбери аяғын селкілдетеді. Сонда әмір: «Сен – мұсылман емессің» деп бірден айтады. Бұған «мойындасаң, Бұқарадан аман-есен шығарамын, мойындамасаң, дарға асамын» дегенді қосады. Бір елдің ханы айтып тұрған соң мойындамай қайда барасың, әлгі кісі амалы тау­сылып, шындықты жайып салады да, соңында мұны қалай білгенін сұрайды. Сонда Бұқараның әмірі: «Музыка – ислам үшін өте киелі қабат. Киелі қабатта рухты тербетеміз. Ол рухтың тербелетін бесігі – кеуде. Өйткені жүрек кеудеде орналасқан. Сондықтан біз әуен әуе­легенде кеудемізді шайқаймыз. Ал сен музыка дауысы естілгенде рухыңды тербетпедің, әнеубір жеріңді шайқадың. Бұл дәстүр исламда жоқ», – деп жауап берген екен. Осы оқиға туралы «Признание английского шпиона» деген еңбекте де жазылған. Енді ойланып көріңізші, музыканы харам деу ұят емес пе?! Оны харам деген кісі білімсіз, надан емес пе?!
Сөз басында айттым, мен бұл тақырып турасында жиырма жылдай бұрын мақала жазғанмын. Үшбу мәселе содан бері дүркін-дүркін көтеріліп келеді. Бұл нені білдіреді? Ислам ішіндегі теріс ағымдар арасында да, исламға қарсылардың арасында да бұған мүдделі топтар бар. Бұған қоса, музыка, хиджаб, сақал секілді мәселелердің дауын қоздырып, соның арқасында қоғамның назарын бұруға, көңіл күйімен ойнауға күш салатын, қоғамды билеу құралына айналдырып алғандар бар. Мұндай қулық-сұмдықтарды, әсіресе біздің қоғамда қолдану тіпті оңай.

Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ,
дінтанушы:

Біз шариғи мемлекет емес, құқықтық мемлекетпіз

Мен домбыраны да, қобызды да, жалпы қазақтың ұлттық аспаптарын харам деп ешқашан айта алмаймын. Өйткені арабтар Пайғамбар келген кезде де сан ғасырдан бергі ұлттық аспаптарын тарта берген. Сондықтан Құранда «пәленше» деп аталатын аспапты айналымнан шығарып тастапты деген нақты мәлімет жоқ.
Әр халықтың ұлттық аспабы – сол халыққа тиесілі өнер киесі. Демек, домбыра харам емес. Ислам дінінде музыка харам ба десеңіз, ол басқа мәселе. Мысалы, нәпсіні қоздыратын, ес-ақылдан тандыратын музыкаларға тыйым салынған. Ал тәрбиелік мағынасы бар, өнеге шашатын, ой салатын әндерді ислам ешқашан харамға шығарған емес.
Ұлттық құндылықтарымызға күйе жағып жүрген кімдер? Олар – белгілі бір топтың, ағымның өкілдері. Олар қазақтың беташары болсын, сәлем етуі болсын, жеті шелпегі болсын, қабірдің басына барып Құран оқуы болсын – қазақтың бүкіл салт-дәстүріне қарсы. Олардың мақсаты – салт-дәстүріңнен айырып, өз идеологиясын жүргізу. Біреу айтты екен деп, домбыра харам болып қалмайды.
Бірақ бұл дабыл қағатындай жағдай. Неге? Себебі бұл – ата-бабадан қалған мұраны, салт-дәстүр мен ырым-тыйымды, жоралғы-ғұрыпты жоққа шығаратын, қағынан жеріген жастар мен азаматтар шығып келе жатыр деген сөз. Бұларды қатаң бақылауда ұстау қажет, дүниетанымыңыз бен тарихыңызды мансұқтайтын азаматтарды қоғамда дүрдараздық тудыру секілді баптармен жазалау қажет деп ойлаймын. Егер әркім не айтқысы келсе де өзі біледі деп бей-жай қолымызды сілтей салсақ, елде қайшылықтар туындап кетуі мүмкін. Ал біз шариғи мемлекет емес, құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіргендерді әуелі әкімшілік, қайталанса қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң шығарып, сақталуын жіті қадағалауға тиіспіз. Содан кейін барып қана бұлардың аузына құм құйылады.
Біздің позициямыз – мемлекеттің тұтастығы, діннің тазалығы, рухания­тымызды, салт-дәстүрімізді сақтау. Сәләфиттер мен уахабистер шықпай тұрғанда бәленбай ғасыр домбырамызды ойнап, құлшылығымызды жасап келдік емес пе?! Әйткенмен, бәленің бәрін деструктивті діни ағымдарға жаба беруге болмас. Қит етсе «харам», «ширк» дегенді қасақана айтқызып жүрген белгілі бір топ бар. Олар елде исламофобиялық көңіл күй туғызуға тырысып жүрген топ. Мұндай топтың бар екенін де жоққа шығара алмайсыз. Біз халық ретінде осы байсалды қалпымызды сақтап, сауатты күресуіміз керек. Ұлттық мемлекет ретінде бәрі айқын шешілуі керек.
Осы ретте «Бұл – кеше-бүгін қозғалып жатқан тақырып емес, жыл айналдырып соғып отыратын мәселе ғой. Бықсып-бықсып сөнгелі жатқан шоқты үрлеп отыратын мүдделі топтар бар ма?» деген сұрақ туындайды.
Өз билігіміз өзімізге тиіп, тәуелсіздік алған соң елімізге жан-жақтан әртүрлі саяси, діни топтар ағыла бастады. Сол кезеңдерде осындай «пәтуалардың» айтылуына мүдделі топтар болды, әрине. Өкініштісі, олар қара ниеттерінің дәнін сеуіп үлгерді. Қазір «сыртқы күш» іздеудің түк мәні жоқ. Мәселен, «домбыра – харам» деген бейнежазбасы әлеуметтік желілерді кезіп кеткен анау бір қарындасымызды «теріс пиғылды сыртқы күш» немесе оны сондай топтар сөйлетіп отыр деп ойламаймын. Себебі мұны бір адам ғана айтып отырған жоқ, біз ондайларды күніге пәленбай рет көреміз, сөйлесіп-әңгімелесеміз, ойының қате екенін түсіндіруге тырысамыз. Кез келген «теке сақал, қырма мұрттан» «Домбыраның үкімі қандай?» деп сұраңызшы, ойланбастан «харам!» деп жауап береді.
Қайталап айтамын, ұлттық құн­ды­лық­тарымызды қорғайтын заң шы­ғарып, ұлттық аспаптарымызды, салт-дәстүрімізді, дәстүрлі таным-түсінігімізді, әулие-әмбиелерімізді қорлап, ел ішінде алауыздық туғызатын адамдарды қатаң жазалауымыз керек.

Дайындаған
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір