АЛЫСТАҒЫ ҚҰРБЫ ХАТЫНА ЖАУАП
18.03.2016
2226
1

Б-кенӨлілер мен тірілер. Осы бір өмірлік тоқтам бірқатар жазушы кітаптарының аты да. Кейде «Өлгендердің қайтып келмейтініне» иек артып үйренген біз, о дүниеге аттанғандардың өлеңдерін оқығанда тірі қалпындағыдай елестететініміз несі екен?! Бекен көкеміз айналадағыны жіті байқаса да, байыппен әңгімелеу мінезінен әсте жаңылып қоймайтын. Оңтүстік табиғатынан аумайтын жырларымен көктем мезгілінде ұшырасудың өзі бір ғанибет емес пе?

 

Бекен ӘБДІРАЗАҚОВ

1.

Хат жазасың

Сағыныштың мөп-мөлдір тамшысымен.

Тап-тазасың

Адалдықтың айбарлы жаршысы ма ең?!

 

Сен бе деймін

Ақындардың аңсаған періштесі.

Әлде кейін

Сыйлай алмай қалам ба көріскесін?!

 

Күдіктенем,

Табиғаттың жоқ шығар мұндай сыйы…

Үміт деген

Ләззатта әуен есілген тынбай күйі.

2.

«ҚАЙДА ЖҮРСЕМ ЖҮРЕГІМДЕ ТҰРАСЫҢ…»

Қандай ауыр!

Дедің бе мен жыласын.

Жылап жатып жаздың ба әлде түнімен

Жайып тастап

Арманыңның ай қанатты құлашын.

 

Сен де менің жүрегімде тұрасың,

Кім сенбесе, жүрегіңнен сұрасын.

 

3.

«Сене көрме, өтінем, мен тұрғанда,

Сорлы жүрек жұлдыздай ағып түсер…».

 

Көңілінде ызғырық жел тұрған ба,

Ақ таңның әйнегін қағыпты шер?!

 

Сөнбеспін мен таңдағы жұлдыздай-ақ

Сенің аппақ арманың тұрса лаулап.

Тағдыр қатал болғанмен, бір қызды аяп

Маған сүмек ажалын жұмсамау хақ.

 

4. 

«Бұл тойда мен ешкіммен билемедім…».

Бекер болған, кішкентай күйгелегім!

Арман етем, мен сүйген ерініңе

Тірі пенде демінің тимегенін!

 

Мені ойласаң құрбыңның қуанышын

Көңіліңнің құлазып қуары шын.

Бірақ, жерді теңселте билеуің ед,

Біздерге де сол күннің туары үшін!

Бекер болған, кішкентай күйгелегім!

 

5.

«Бірде шошып ояндым түн ішінде…

Сонда бар ғой, соншама кім үшін де?

Бір қызбенен барасың, ұятсыз-ай,

Мені ойлау жоқ, тіпті де, жүрісіңде…».

 

Қызғаншағым, қызыл көз пәлеқорым,

Құрып қойған бар қандай және торың?!

Мен де сені көремін түсімде көп,

Айқайлаймын, ал сенің ісің де жоқ.

 

Өмір деген тұрады қызғаныштан,

Талай ғашық шыңғырып құздан ұшқан.

Жүректегі сезімді қоздатайық

Қызғаныштың отымен біз де алыстан.

 

6.

«Мені ойласаң, шарап ішпе шалқытып,

Сағынышымды сағыншыңмен ал, күтіп!».

 

Кейде, жаным, көңіл құрғыр шаңданып,

Қайыршыға ұқсап қалар паң қалып!

Сонда шарап дауылданса қанымда,

Дүр сілкінем, болмашыға таңданып.

 

Қыздың бәрі сұлуланып кеткендей,

Қоқырсық күз-мұнтаз, таза көктемдей.

Көктөбеден көтерілген дауысым

Лашын құсша самғап-самғап жеткендей.

 

Асау сезім айбаттанып, арындап,

Шырқар биік бойдағымды, барымды ап.

Жабырқаған жалқау тірлік ойнақшып,

Сағынышым тұрар шаңқан жалындап.

 

7.

«Жырыңды жаттап түнімен кеше жыладым…».

Не дейсің жаным?

                                Бітіп-ақ қалды-ау құлағым.

Ай жарық па еді?

                                Аспанда ала бұлт бар ма?

Кім көрді сені?

                                Не дедің көрген жұрттарға?

 

Жаттың ба ұзақ бауырыңа басып өлеңді?

Иісің сіңсе, жасайды мәңгі ол енді.

Арман жоқ онда,

                                Тапты ғой мықты тұрағын…

…Хатыңды жаттап түнімен бүгін жыладым.

 

8.

«Алатаудың бұлағынан уыстап»,

Есіңде ме қандырғаным шөліңді?..

Бәрі есімде,

деміңменен тыныстап

Тамшы қулар омырауыма төгілді.

 

Бізді аңдыған тентектердей толқындар

Жылтың-жылтың мойын созып қарады.

Біз сүйіссек, ішін басып сылқылдап,

Алматыға жеткізгелі барады.

 

Содан бері шөлім бір де қанбады,

Мың бұлақты сарқып іштім десем де.

Шөлді басар қаңсып қалған қандағы

Қос уысың – алтын зерлі кесем бе?!

 

9.

«Бір жігіт кеше тесіліп…».

Ой, неткен өзі есірік!

Байқаймын, сен де қарадың

Жүрмейін, жаным, кешігіп…

 

Ойым деші олақтау,

Жанарды тосын жолатпа!

Жүрегің қатты тас болсын,

Жол үсті жүрген қонаққа.

 

10.

«Апам айтты: күрсіне бересің деп,

– Басым, – дедім ештеңе демесін деп…».

 

Қулығыңнан айналдым, қарлығашым,

Күнге ағарған шаш емес апаңдағы.

 

О кісі де өтірік таңды басын

Сүйгені боп – бар емі жаһандағы.

 

11.

«Құшып тұрып сүйдім деп жазғаның не,

Өз-өзімнен ұялып қалтырадым…».

 

Сүйіктім-ай,

аңсарлы назды әніңе

Таңғы көлдей талықси жарқырадым.

 

Демім бітіп қалғандай сезіндім бе,

Көңіл қалғып, білмеймін көз ілдім бе…

Көгалында жанымның үлбірейсің,

Қауқары жоқ бұ сәтте төзімнің де.

 

Әттең, бәрі – елес қой елбіреген,

Көңілдегі таусылмас мөлдір өлең.

Алыстан-ақ жанымды дір еткізсем,

Жігіт екем бақ туы желбіреген!

 

ЖАМБЫЛ

Жамбыл бір теңіздей шалқыған айдын,

Жамбылсыз домбыра күйсіз де қайғылы.

Жамбыл бір теңіздің толқыны тулаған,

Ұлы жыр онсыз бір толқындай тумаған.

 

Жамбыл бір теңіздей інжу-сөз төгілген,

Жырлары Отанның үніндей көрінген.

Бұл теңіз қойнында аралдар жайлаған,

Қиялдар толқынын қанат қып байлаған.

 

Бұ теңіз үстінде жүзеді әр қайық,

Жырынан сусындар қуат ап, халайық.

Жамбылдың жырлары теңіздей сырлы ғой,

Суы да күн күліп ойнаған нұрлы ғой.

 

О, Жамбыл! Жыршылар атасы, алыбы,

Тілің бал, нәр алды елімнің бар ұлы.

 

Тойыңа жиналдық, тебіреніп келеміз,

Теңіз-жыр шетіне тірелді кемеміз.

Гүлден сыр, елден жыр әкелген жайсаңдар,

Күміс үн бұлбұл да. Не жорға жайсаң бар.

 

Ата деп тағзым қып келді де басыңа,

Бас иіп қабіріңе, гүл екті тасы да.

Сол шақта өр даусың естілді саңқылдап,

«Өлгем жоқ, жүрмін ғой ортаңда жарқылдап.

Тірімін, сендермен біргемін, ұлдарым,

Өмірім жалғасы – теңіздей жырларым!».

 

Ия, бұл – өз даусың! Өлмейді Жамбылдар,

Ұрпақпен жасайды, сан ғасыр, сан жылдар!

 

***

Алатау жыр Жамбылдың сыңарындай,

Екеуі тіршіліктің шынарындай.

Тау бар да, ақын бар да жер бетінде

Тасиды нұр толқындай, жыр арылмай.

 

Жамбыл тау жыр көзінің бұлағындай,

Алатау мәңгіліктің тұрағындай.

Екеуі тұрған кезде бұл дүниеде

Тағы айтам атқылайды жыр ағындай.

 

Асқар тау, асқақ шалым, жүрген кезде

Қазақ бар, сонан да қас қақпадым.

Алатау, Жамбыл жырым, мәңгі өлмейді,

Бұлардың атымен асқақтадым.

 

Кім едім, қазақ едім, өткенім бар,

Алдымда жайнап тұрған көктемім бар.

Азатпын, тәуелсізбін, байрағым бар,

Өмірде талай өксіп кеткенім бар.

 

Мен бүгін, Жамбыл құда, тойыңызда,

Иншалла не бар еді бойыңызда.

Бостандық, жыр әлемі жүйткіп жатыр

Жыр тұнған екі ғасыр бойыңызда.

 

АЙСАРАШЫМА АЙТАРЫМ

Айсарашым, Ай жүзді әңгелегім,

Сен бе екенсің сағынып, шөлдегенім?

Сенің үнің болар-ау пейіштегі,

Періштелер салатын ән дегенің.

 

Құлдығым-ау, жұлдызым жымыңдаған,

Естіп, біліп, көрмеген бұрын ғалам.

Бесігіңді бәйек боп қызғыштаймын,

Бозторғайдай мен де бір шырылдаған.

 

Босағамды уілдеп аттағанда,

Бақыт үні бөлмемді қаптағанда

Өмірімнің өлшенбес нұрлы күнін

Бір өзіңде тағдырым сақтаған ба?

 

Қарай берем жүзіңе құмар қанбай,

Аялаймын өзіңді шығар жандай,

Үйімде енді түнде де шам сөнбейді,

Сен де жандың тағы бір шырағдандай!

 

***

Сенің анаң – менің қызым – Айжаным,

Екеуіңмен тірі жүрсем бай жаным.

Кей-кейде атаң аңқияды өзінше,

Олқы жатыр осы менің қай жағым?!

 

«Етін жеп, сүйек берер немере», –

Дегендерге атаң, сірә, көне ме?

Туған күндей көтеріп ем басыма,

Сен де мені шығарарсың төбеге!

 

***

Айналайын Мағжаным,

Үстіңде ғой ақ жаным.

Атаңдағы мейірім,

Саған деген ақ жалын.

 

Таудай боп өс, құлыным,

Нұрлы болсын ғұмырың.

 

ТУҒАН ЖЕР

Тауыңа қарап таңданып,

Далаңа жайып құшақты.

Өз балаң текке таңданып,

Жолаушы кісі құсапты.

 

Туған жер, кешір, білмедім,

Сұлу тау, шалқар далаңда.

Жанымның жортып жүргенін,

Туыс боп әрбір адамға.

 

ТУҒАН ӨЛКЕМ – ОҢТҮСТІК

1.

Мен сенде шалқып өстім, балқып өстім,

Нұрыңды бойға терең тартып өстім.

Ішінде жүрсем-дағы жалпы көштің,

Туған жер, топырағыңды мың-мың сүйіп,

Қаймағын бақытымның қалқып өстім.

 

Мен торқа топырағыңды басып тұрып,

Қуандым көңілді алғаш тасыттырып,

Қайғырдым жанымды алғаш жасыттырып,

Бірақ та қатты әкедей мінезіңмен

Өмірге қойдың мені ғашық қылып!

 

2.

Көктемі де алаулы,

Жалынды өлке, нұр өлке!

Жастық шақтың жалауы,

Желкілдейді гүл ерке.

 

Алыпсың да көркемсің,

Жалын сүйген өлкемсің!

 

Ұйқылыны жұлқылар,

Мазасын да жер-көктің.

Мұнда буы бұрқырар

Керзі етікті еңбектің.

Алыпсың да көркемсің,

Жаным сүйген өлкемсің!

АРЫС ТУРАЛЫ

Байқалмайды-ау, шынында,

Жолаушылап өткендер.

Шаңы менен құмында,

Болатынын көктемдер.

 

Жоқ, жолдастар, жалған бұл!

Бақша да бар, су да мол.

Кеудемізде толған нұр,

Бұрқырады, тулады ол!

 

Асқақ арман, жаз арман

Жүрегімде теңіз бір.

Іздемеймін базардан

Арысыммен егіз бұл!

 

Пойыздардан будақтап,

Түтін шықса аспанға.

Өлең жазам шумақтап,

Шаруам жоқ басқаңда!

 

Шойын жолды аралап

Өктем жүзді іздеймін!

Жүрегімді жаралап

Кеткен қызды іздеймін.

 

Мен білетін бір нәрсе,

Шойын жолда – шойын қол!

Көкірегіме жыр келсе,

Соны әндетем, ойым сол!

 

ӨМІР ДЕГЕН НЕ?

(Жастық шағымның куәсі, бауырым Тұрмахан Орынбаевқа арнаймын)

Өмір деген немене

Зымыраған күн бе ол?

Күлімсіреп келе ме,

Көктемдегі гүлде ол.

 

Әлде бұлт па аспанда,

Желмен бірге көшетін, –

 

Десем – от па жас жанға,

Мұнар түссе өшетін.

 

Өмір, өмір, нұр өмір,

Өріс мүлде дейсің сен.

 

Арысымның шаңында,

Өмір жыры бар дейсің.

Кеші менен таңында,

Соның нұры бар дейсің!

 

Сол өмірді күзеткен

Сақшы болдың, бауырым!

Тақырына гүл еккен,

Бағбан болдың, бауырым!

 

ӨЗЕНДЕ

Қарғыдым жардан Арысқа

Толқындар жолын талқандап.

Баспана болған барысқа

Қамыстар қалды қалтаңдап.

 

Тереңге оқша жеттім де,

Көзімді аштым жай ғана.

Кезіктім сырлы көк түнге,

Көрінер емес Ай ғана.

 

Майшабақ майда жұлдыздай,

Жылтыңдап жылмаң қағады.

Тұңғиық неткен мұп-мұздай,

Түнеріп толқын ағады.

 

Әп-сәтте жанып жаным түргішіп,

Есіме түсті Сүлеймен.

Барады жүрек тұншығып,

Дүниеде мынау сілейген.

 

Атылып шықтым тереңнен,

Қопарып толқын-күмісті.

Күн сипап су төбемнен,

Қамыстар сылқ-сылқ күлісті.

 

Сонау бір бала кезімнен

Бір сүңгіп батыл кезімнен.

Тереңді барлап көзіммен

Қорқушы ем, Арыс, өзіңнен.

 

Тұңғиық тірлік тынысын

Танып ап сол бір күнімнен.

Жер мен жарық күн үшін,

Жар салып жүрмін бүгін мен.

 

АРЫСТЫҢ АЙЛЫ ТҮНІ

Түндер, түндер, айлы түндер,

Арысымды құшақтаған.

Түндер, түндер, айлы түндер,

Қандай қымбат бұ шақ маған!

 

Күміс түнің, о, Арысым,

Махаббаттың бесігі ме?

Арманның ең жоғарысын,

Бөліп берген несібеме!

 

Бүгін де түн сүттей жарық,

Төге түсші нұрыңды, Ай.

Тал түбінде кетпейді анық,

Бала жүрек бұрынғыдай.

 

Елеңдеймін сонда да мен,

Таныс көше, таныс парк.

Жүрек жырын толғаған ем,

Жарық жерден алыс барып.

 

Түндер, түндер айлы түндер,

Жас жүректі аймалаған.

Құшақтарын жайды гүлдер,

Кім қалды екен жайнамаған!

 

О, туған жер, кешір мені,

Сүйсем-дағы мың қызыңды.

Жарым – Сырдың өсіргені

Сонан таптым жұлдызымды!

ПІКІРЛЕР1
Бақыторал 31.08.2016 | 15:04

мықты өлең, осы өлеңді іздеп жүр едім, авторы кім екен деп ойлайтынмын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір