Палата отырысында жаңа заңдар талқыланды
10.05.2024
270
0

Сенаторлар цифрландыру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы заңды мақұлдады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутат­тық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Қызылорда облысынан сайланған Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов ант берді. Сондай-ақ ол Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды. Сенат отырысында депутат­тар «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақ­стан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хат­таманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Аталған Хат­тама Қытай Халық Республикасына мұнай тасымалдау мәселесі бойынша екі ел арасында жасалған келісім нормаларын өзектендіруге арналған. Нақты айтқанда, тасымалданатын мұнайдың көлемі және транзит­тің тарифтері мен мерзімдері қайта қаралды. Енгізілген өзгерістер елдің транзит­тік және логистикалық әлеуетін арт­тыруға ықпал етпек.
Сонымен қатар сенаторлар депутат­тардың бастамашы болуымен әзірленген «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламент­теуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заң операторлардың байланыс инфрақұрылымына, оның ішінде әкімшілік ғимарат­тарға, талшықты-оптикалық байланыс желілерін және ұялы байланыс құралдарын орналастыруға арналған өндірістік нысандарға бірдей қолжетімдігін қамтамасыз етеді. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, желілер мен коммуникациялық нысандарды салу үшін қоғамдық сервитут­тар белгіленеді. Мұндай қадам магистральдар бойындағы байланыс қызмет­терін сапалы көрсетуді қамтамасыз етеді және байланыс операторларына инфрақұрылымдық шығындарды азайтуға, сондай-ақ оларға саланы дамытуға қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Несиелік бюро арқылы банктік несие немесе микронесие алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу немесе жою мүмкіндігі – заңда қарастырылған тағы бір маңызды өзгеріс екенін атап өткен жөн. «Ақпарат­тық технология заманында сапалы цифрлық қызмет­тер барлық азамат­тарға бірдей қолжетімді болуы тиіс. Мемлекет басшысы бұл мәселеге үнемі баса мән беріп келеді. Осыған байланысты Парламент депутат­тары бүгін қаралған ауқымды түзетулер топтамасын әзірледі. Бұл заң байланыс нарығын, цифрландыруды дамыту және ақпарат­тандыру саласына инвестиция тарту мәселелерін қамтиды. Бірқатар түзету ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану аясын кеңейтуге арналған. Сонымен қатар алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғызбауға бағыт­талған нақты шаралар қарастырылды. Жалпы, мақұлданған заң сапалы әрі қолжетімді байланыс қызмет­терін ұсынуға және Қазақ­станның цифрлық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутат­тық сауалдарын жолдады.
Андрей Лукин әкімдіктер тарапынан өңірлерді су тасқынынан, жаңбырдан және еріген қар суынан инженерлік қорғау шаралары тиісті деңгейде жүргізілмегенін айт­ты. Осыған орай сенатор алдағы уақыт­та мұндай төтенше жағдайлардың алдын алып, уақтылы еңсеруге септігін тигізетін шараларды атап өт­ті. Шәкәрім Бұқтұғұтов: «Геологиялық барлау саласын толықтай өзгерту үшін саланы қаржыландыруды арт­тыру қажет», – деп есептейді. Сенатор ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру саласындағы міндет­темелер шеңберінде бөлінген қаражат­тың 50 пайызын жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау ісіне пайдалануды ұсынды.
Жанболат Жөргенбаев Бартоғай су қоймасының, Үлкен Алматы, Күрті, Қорам және Киікпай каналдарының әбден тозығы жеткеніне назар аударды. Сондай-ақ ол су ресурстарын басқару саласындағы, оның ішінде жаңа Су кодексі аясындағы мәселелерді шешуге арналған бірқатар шараны ұсынды.

Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір