Жолдау талқыланды
Астана қаласының Достық үйінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Медиация кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға кәсіби және қоғамдық медиаторлар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Достық үйінің қоғамдық құрылымдарының мүшелері қатысты. Кездесудің тақырыбы – «Медиацияның конституциялық принциптер мен Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудағы рөлі».
Отырыс барысында қатысушылар медиация институтының конституциялық құндылықтарды ілгерілетудегі, қоғамдық келісімді нығайтудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және сындарлы диалог мәдениетін қалыптастырудағы маңызын талқылады.
Сонымен бірге жиын барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарына кеңінен тоқталып, елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын құжаттың маңыздылығын атап өтті. Жиналған қауым Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға өз үлестерін қосуға әркез дайын екендерін жеткізді. Бұл тұрғыда қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық ұстанымды қалыптастыруға медиация институтының рөлі орасан зор.
«Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі бірлік пен келісім»
Астана қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі бірлік пен келісім» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Іс-шараны Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобы мен орыс, славян және казак этно-мәдени бірлестіктерінің қауымдастығы ұйымдастырды.
Жиын барысында қатысушылар ел дамуының жаңа кезеңіндегі азаматтық қоғамның міндеттерін, жалпыұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық этиканы жаңғырту мәселелерін, сондай-ақ мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мен мәдени әралуандықты сақтаудағы этно-мәдени бірлестіктердің рөлін талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша қоғамдық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ұсыныстар қамтылған қарар әзірлеу көзделді.
Тіл үйренушілер көбейіп келеді
Соңғы жылдары түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келеді.
Астана қаласының Достық үйінде көп жылдан бері өткізіліп келе жатқан қазақ тілі курстары – осының айқын көрінісі. Мұнда әртүрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, бір-бірімен танысып, достық қарым-қатынас орнатады.
Мемлекеттік тілді үйренуге ынталылар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Биылғы жылғы тыңдаушылар қатарында АҚШ азаматы Яна Принц те бар. Ол қазақ тілін ерекше қызығушылықпен үйреніп, бүгінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Студенттермен кездесті
Жоғары оқу орындарындағы этно-мәдени бірлестіктер күні аясында қалалық Достық үйінің өкілдері Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері мен оқытушыларымен кездесу өткізді.
Жиын барысында спикерлер еліміздің ең басты құндылығы – ынтымақ пен бірлік тақырыбында әңгіме қозғап, елордалық Достық үйінің қызметі жайлы баяндады.
«Отрада» орыс этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Ольга Доценко, «Хазар» этно-мәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы Симара Гусейнова және неміс жастары клубының белсендісі Анастасия Киреева өз ұйымдарының жұмысы, мәдени бастамалары мен жастарға арналған мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Сондай-ақ студенттердің назарына Достық үйінің қызметін бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылды. Ал іс-шара соңында этно-мәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.