АРАМЫЗДАН ОТАРБАНЫ АЛҒАШ КӨРГЕН…
Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды ата-бабаларымыз «Ойласам бұл дүние шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен» деп шыңырау түбіндегі шындықты құлаққа құюы бекер ме? «Өмірдің соңы – өкініш», – деді Сүйінбай атамыз. Қанша жасаса да адамның арманы таусылған ба? Әйтеуір «әттеген-айы» көп.
Серілер заманында өмір сүрген Мұрат Мөңкеұлының толғауына тоқтамасқа лаж жоқ.
Арғымақ сайлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң.
Ағайын-туыс не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
Жорға сайлап не керек,
Кілегей мұздан тайған соң.
Жолдас сайлап не керек,
Тірідей көңіл қалған соң.
«Айт!» дейтұғын сіз қайда,
Айтатұғын біз қайда.
Бір төбенің басында
Мұнар болып қалған соң.
«Бар кезіңде базарлы бол, айналаңа ажарлы бол. Бұ дүние қас-қағым сәт» деп тұрған жоқ па? Солай! Жүз жасаған бір атамыз «Жарық дүние сұлу қыздың жалт етіп қарағанындай ғана екен ғой» деп таңырқауы бекер ме? Қанша ғұмыр сүрсең де бұл өмір қас қағым сәт. Қазіргі тілмен қайырып айтқанда – жалған дүние жарқын бейнеңді жарқ еткізіп түсірген бір сәттік фотосурет.
Фото өнерінің хас шебері Берсінбек Сәрсенұлы туралы елжіреп естелік жазудың орнына толғанып, толқып кеттім бе, қайдам? Дәм-тұзы таусылып, алпыс бес жасында бақилық болған бауырымның дүниеден озғанына да жыл толыпты-ау! Не қызық көрді? Басқалардың бақытты сәттері мен бір сәттік қуанышы үшін өмір сүргендей.
Біз бір күнде тудық. Түйдей құрдаспыз. Басқұр, бауы көнерген киіз үйдің ішінде өстік. Ергөбек атаның кіндігінен тараған немере шөбересіміз. Ағалы-інілі әкелеріміз ақ таяқ ұстап ақтылы қой айдаған шопан еді. Сырдария мен Әмударияның арасындағы сыңсыған қызыл құмда балалық шағымыздың ізі жатыр. Көз алдымызда көкжиек. Тылсым табиғат. Құм. Сексеуіл. Жантақ. Киікоты. Ажырық. Жауқазын. Кеурек. Борық. Қоян. Көжек. Тасбақа. Құлық. Құмырсқа. Шегіртке. Сұр жылан. Боз дала… Боздаған бота. Түйе. Шеген құдық. Қауға. Науа. Мыңғырған мал…
Алты жасар кезінде Берсінбек Арыс қаласындағы нағашыларына Бибіайша анасымен бірге қыдырып қайтты. Көрген әсерін қара сөзбен айтып жеткізе алар емес.
– Ұзы-ы-ы-ын темір арба көрдім, өзі жүреді, – деді тамсанып.
Түсінбеймін. Ол қандай арба?
– Түйе сүйремей ме? – деймін. Ол басын шайқап:
– Жо-о-оқ, – дейді, – өзі жүреді.
Айналасы атшаптырым тақыр жерге таяқпен сызып темір арбалардың суретін салады. Ат арбадан басқаны көрмеген мен үшін жұмбақ. Кейін білдім, Берсінбектің тақыр жерді таптап жүріп салған темір арбалары пойыз екен.
– Әппа-а-а-ақ май жедім, – деді ол тағы да таңырқап, – өзі мұздай, тәтті. Қанша жесең де жүрегіңе тимейді!
Жүрекке тимейтін ол қандай май? Түсіндірді. Түсінбедім. Кейін білдім, онысы балмұздақ екен.
Тас маңдайға тағдырдың жазғаны ма, кім білсін, Берсінбектің белі бекімеген тоғыз жасында әкесі дүниеден озды. Жесір шешеміз төрт баласын жетектеген күйі Арыс қаласындағы нағашыларын паналап кетті. Жарықтық әкем жалғыз қалғасын бір отар қойды колхозға өткізіп, әуелі Түркістан, сосын Шәуілдірге көшті. Жылдар жылжып өтіп жатты. Ол Арыста. Барайын десем жер шалғай. Сағынамын. Амал не? Алтыншы класты бітірген жылы жазда пойызға міндім де, Арыс шаһарына тартып кеттім. Нағашы атасы Әбдімәлік (атақты «Көкілташ» медресесінде Садриддин Айни, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Берды Кербабаевпен қатар оқыған) қара суды теріс ағызатын қари молда деп еститінбіз. Сол кісінің үйін сұрастырып тапсам, жиендерінің қай маңында тұратынын айтатын шығар деп өзімше топшыладым. Пойызда жолсерік орыс апай билетімді сұрады. Қалтамды теріс айналдырып, түбінде жатқан екі түймені көрсеттім.
Орыс апай жымиды да басымнан бір сипап «Ну, ладно!» деді. «Жарайды, жүре бер» дегені ғой. Сөйтіп, мен Арысқа «қоян» болып келдім.
Сұрай-сұрай Әбдімәлік атаның үйін тауып алдым. Берсінбектер де нағашысының ауласындағы қоржын тамға қоныстанған екен.
Ой, рахат дүние-ай! Берсінбектен бастап інілері Құлбек, Сайрамбек, Сапарбектермен құлын-тайдай шұрқырасып табыстық. Бибіайша анамыз бауырына басып, басымнан сипады. Халін сұрап ем «Шүкір, шүкір!» деді. Жарты айдай қала маңында қаулап өскен итсигек, дермене орып, адыраспан жинадық. Дәрілік шөптерді есек арбамен тасып, өкіметке өткіземіз. Ауызға су тамызатындай ғана табыс көзі.
Шілденің шыжыған күнінде Арыс өзеніне барып шомылдық. Қасында парталас досы, бүгінгі әйгілі әнші Ақжол Мейірбеков деген бала бар. Ол су жағалай билеп жүріп «Айгөлек» деген ән салды. Берсінбектің көзі жарғабақ іргесінде жайрап жатқан танкіге түсті. Кәдімгі «Т-34» танкісі. Бұрын кинодан ғана көрген шынжыр табан танкінің асты-үстіне шығып тамашаладық. Асыр салып ойнадық. Бір сәт дамылдаған кезімізде Берсінбек балақай:
– Танкінің суретін салайықшы, – деді. Үшеуміз су шайып кеткен сазды жерге танкінің суретін шыбықпен нобайладық. Ақжол екеуміздікі әшейін шимай боп шықты. Берсінбектің бедерлеуі бейнелі. Анық. «Өзімнің танкімді» балшықпен гранаттай атып, быт-шытын шығардым.
«Немере ағасы Сәрсеннің жетім балалары нағашыларында жүр» деген қаңқу сөзге намыстанды ма, әлде ағайындықтан ар-ұяты алаулады ма, жарықтық әкем Берсінбектерді Арыстан Шәуілдірге көшіріп әкелді. Ұмытпасам, Бекеңнің 14 жастағы кезі. Қайтадан табыстық. Асарлатып жүріп салынған қоржын тамға кіріп алды. Қол қысқа. Таршылық заман. Қабырғаға ілетін кілем жоқ. Міне, қызық! Күндердің күнінде Берсінбек түрлі-түсті майлы бояумен үйінің бір қабырғасына тоқыма кілемнің суретін салды. Оны алғаш көрген Жұлқын шешемнің туған сіңлісі Күлия апай «Құдай-ау, мына бір гүлді кілем қандай жіппен тоқылған?» деп саусағымен сипап көргенде оның сурет екенін байқағасын «Көтек!» деп таңырқаған. Тетелес інісі, профессор Құлбек Ергөбек «Негізі Берсінбек суретші болуы керек еді…» дейді.
Әлемге әйгілі испан суретшісі Пабло Пикассоның шын аты шылбырдай шұбатылған ұзақ екен. Былай: «Пабло Диего Хосе Франциско де Паула Хуан Непомусено Мария де лос Ремедиос Сиприано де ла Сантисима Тринидад Мартир Патрисио Руис и Пикассо».
Есейе келе есімін қысқа ғана Пабло Пикассо дей салған. Сол сияқты, Берсінбектің де көгендей тізілген көп аты-жөні бар-тын. «Қиқар-Қисық –Құнан қызыл-Ергөбектің ерқарасы – Тіней сары – Әй, Берсінбек» деген айдарлы да айбарлы аты он бес жасында «Тракторшы» боп кетті. Оның да себебі бар. Үйдің үлкені өзі. Жоқ-жітік інілерін жетілдіру үшін мектептегі оқуын үзді де, «Белорусь» тракторының руліне отырып, қара жұмысқа жегілді. Жер жыртты, тас тасыды. Бірақ қайда жүрсе де «Смена – 8» деген фотоаппаратын тастамады. Мінезі біртоға. Сырбаз. Сыр шашпайды. Сырдың сағасында, Арыстың жағасында, тоғайдың арасында жүріп түсірген табиғат суреттерін түні бойы түңлік ашпай шығарамыз. Табақшаға құйылған «проявитель, закрепитель» деген дәрілік суға фото қағаз батырып, оның қалай шыққанын қызықтаймыз.
Ол – тракторшы. Ермегі – фотоаппарат. Мен мектеп оқушысымын. Арагідік балаларға арналған мазақтама, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш жазам. Мектеп бітіретін жылы Берсінбек:
– Маған бір ой кеп тұр, – деді.
– Қандай?
– Ертең кешке Арыс өзенінің жағасына бір қызды алып шық, – деді. – Екеуіңнің көлеңкелеріңді суретке түсіріп, қыз бен жігіттің махаббатын бейнелейтін фотоэтюд жасаймын.
– Жарайды!
Бірақ бұл ұсынысты қай қызға айтсам да ешқайсысы көнбейді. Неге? «Көлеңкемді көріп танып қояды» деп бәрі қашады. Шіркін, сол замандағы арулардың ар-ұяты-ай!
Көп ұзамай көлеңке туралы Берсінбектің фотоэтюд идеясын өлеңге айналдырдым. Мазмұны былай: Ауыл кеші. Көлеңкенің бәрі ұзарған. Қыз бен жігіттің кездесуін суреттедім де соңғы түйінін «Екеуміздің көлеңкеміз біреу болып кетті енді» деп аяқтадым.
Ұқсамасаң тумағыр дегендей, мен де сурет салумен әуестене бастадым. Тартымды да тағылымды «Балдырған», «Ара» журналында жиі жарияланып тұратын. Николай Казанцев, Борис Воеводин, Владимир Емельянов, Балтабай Табылдиев, Юрий Безелюктердің карикатураларына еліктеп салған сайқымазақ суреттерімді апта сайын редакцияға жолдаймын. Олардан «Көркемдігі төмен. Іздене түс» деген сыңайдағы «қара қағаз» секілді хаттарды жиі-жиі алғасын тауым шағылды. Қойдым. Қол үздім. Бірақ Берсінбек алған бетінен қайтпады.
Әскери борышын өтеп келгесін Отырар аудандық ішкі істер бөліміне қызметке тұрды. Қып-қызыл милиция болса да фотоаппаратын қолынан тастамайды. Көкейінде көркем сурет. Байқаймын, баланың парасат-пайымы өзгерді. Дүниетанымы кеңейгендей. Фото арқылы философиялық ой түюге көшті. Бұрынғыдай тамылжыған табиғат көріністерінен гөрі «Әр томар бір ағаштың моласындай» деп жазушы Тәкен Әлімқұлов суреттегендей, тозған томар, қураған ағаш пен қуарған арық, қара суға зар болып қақ айырылған шөл даланы түсірді. Одан коллаж жасап ой тастауға ойысты. Көп адамның қолы жетпей жүрген милициялық қызметінен арыз жазып шықты да, Алматыға ат басын тіреді.
Сексенінші жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге істедік. Ол фототілші, мен сатира және юмор бөлімінің меңгерушісімін. Бас редактор Шерхан Мұртаза. Тарпаң мінез талабы күшті Шерағаңның талғамына іліну оңай ма? Берсінбекті бекерден-бекер шақырмаған. Сол дәуірдегі әрқилы бұқаралық ақпарат құралдарының ақ босағасын аттап, табалдырығын тоздырған Рысқали Дүйсенғалиев, Нұрғожа Жұбанов, Иосиф Буднеевич, Нұрманбет Қизатов, Владимир Воколкин, Дендербай Егізов, Олег Ионов, Сьезд Бәсібеков, Олег Малиновский, Сайлау Пернебаев, Қайрат Мұстафин, Рахымбай Ханалиев секілді фотоөнер шеберлерін ұлағаттап, ұстаз тұтты. Үлгілі тәсілдерін үйреніп қана қоймай, жақсы үрдісті жаңғыртты. Жаңартты. Жан бітірді.
Жайсаң жазушы, марқұм Дидахмет Әшімханұлының жүрекжарды пікірі есімде. «О-о, Берсінбектей фотосуреткер қазақта жоқ! – дейтін ол. – Баяғыда «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеп жүргенде газеттің тақырыбын Шерхан, сөзін – біз, көзін – Берсінбек табатын. Ол біздің газетке «Тосыннан түсірілген» фотосериалын алып келді…».
«Салақтатып аппарат асынып жүрген жігіттер көп. Түсірсе Берсінбек түсірсін» (Дулат Исабеков) деп өтініш айтқан ақын-жазушылардың ыстық ықыласын жиі еститінбіз. Осыдан он бес жыл бұрын курстасым Күләш Ахметовамен сұхбат жүргіздім де, газетке жариялау үшін фотосын сұрадым. Ол жаңадан түскен жақсы суреті жоқтығын айтты.
– Ендеше ертең үйіңе фотограф жіберейін, – деп ем, Күләш күлімсіреп:
– Мені суретке кез келген фотограф түсіре алмайды. Берсінбек бейнелі түсіреді. Жіберсең соны жібер! – деді.
«Ана тілі» апталығы ашылғанда Қазақ тілі қоғамының төрағасы, академик Өмірзақ Айтбайұлы аттай қалап алды. Осы басылымның бас редакторы Жарылқап Бейсебайұлы бейнелеу өнеріндегі көркемсуреттері мен философиялық коллаждарына таңдай қағып таңырқап отыратын. «Ақиқат» журналын ажарлау үшін Жұмабек Кенжалиннің де «құда түскенін» білем. Неге бәрі ынтық? Өйткені, өз жұмысына тиянақты. Ерінбейді. Жалықпайды. Тақырыбы ауқымды. Мамандығына махаббатпен қарайды.
Махаббат демекші, оның қыз таңдап қызық қууға да уақыты болған жоқ. Мұқағалидың «Отыздан асып барамын» деп жырлағанындай, Берсінбек құрдасым Иса пайғамбардың жасында Қордайдың қолаң шашы Мейрамгүлге үйленіп, отау құрды. Кенен атаның ауылына іргелес Ешкілі елді мекеніне бес-алты ағайын құдалыққа бардық. Қаңтар айы. Қақаған қыс. Біздің ойымыз «Құдалықты қайтсек өз дәрежесінде өткіземіз?». Біздің Берсінбек ше? Кәрі күйеудің ештеңемен шаруасы жоқ. Қордай тауының қар жамылған табиғаты мен мүлгіген ауылды суретке түсіріп әлек. Күйеу бала емес, құдды бір шетелден келген турист секілді.
Американың атақты фотографы Стивен Уилкс теңіз деңгейінен биіктігі 2464 метр Эль-Капитан тауының бетіне түнгі сағат үште толық ай түскен сәттен бастап 26 сағатта 1036 сурет түсірген. Содан соң іріктелген суреттерді біріктіріп панорама жасап шыққан. Сондай-ақ, Танзаниядағы Серенгети су иіріміндегі мүйізтұмсық, зебра, қолтырауын секілді хайуанаттар тіршілігін суретке түсіру үшін алты метрлік аңшы кабинасында 30 сағат уақытын жұмсап, 2260 кадр түсірген. Мұны не үшін мысалға келтіріп отырмын? Біздің Берсінбектің жігерлілігі Стивен Уилкстен кем түспейтін. Ол өзі үшін өмір сүрген жоқ, өнер үшін өлермендік танытқан талант.
Жанболат Аупбаев оның фотокөрмесін ұйымдастыруға ұйытқы болды. «Егемен Қазақстанның» президенті Сауытбек Абдрахманов Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовке хат жазып, Берсінбектің тар лашығын кеңейтіп берді. Мұнша қошемет өнер үшін арқа еті арша, борбай еті борша болған еңбегінің өтемі шығар, сірә? Солай.
Ширек ғасырдай бұрын сексенінші жылдардың соңында «Егемен Қазақстанға» ауыстым. Бас редактор Шерхан Мұртаза ертең шығатын газеттің нобай-нұсқасын қарағанда сан алуан суреттерді сараптап «Мынау жарайды, мынау жарамайды» дейтін. Көп фотоға көңілі көншімеген Шерағаң «Анау Берсінбек Сәрсеновке неге тапсырма беріп, тартпайсыңдар? Соның түсірген суреттерінде тіршіліктің көзі бар» деген еді. Сөзінің соңында:
– Кейбір фотографтарға таң қалам, көзіне көрінген нәрсені шыртылдатып түсіре береді. Басында дәні жоқ құр сабанның керегі не? Ізденгіш фотограф ін аузында тышқан аңдыған мысықтай дайын тұру керек. Қас қағым сәтті жіберіп алса, қапы қалады. Сәтімен түсірілген фото бір повестің жүгін арқалайды! – деп тұжырымдағаны есімде.
Аузы дуалы ағаның айтқаны келді ме, Берсінбек бауырым кейінірек «Егеменге» шақырылып, фототілші болды. Бәрі де күні кеше сияқты.
…Қас қағым сәт!
Түркістан шаһарындағы «Құрым сары Құлбектің» (Оспанханның еркелетуі) қара шаңырағына бардым. Ол Берсінбектің бала кезден түсірген баянды суреттерін мүттәһәм сақтап отыр екен. Баспасөзде жарияланғаннан жарық көрмеген фотосуреттері шаш-етектен көп екенін айтты. Есіме атақты режиссер Сергей Эйзенштейн түсті. Кино реформатордың мұрағатын ақтарған зерттеушілер таң қалысыпты. Кино үшін жасаған эскиздерінің өзін Пабло Пикассоның суреттерімен салыстырған.
Өнер иесі қашан да жұмбақ. Берсінбектің де шақша бас шағынан бастап түсірген фотосуреттері жарық көріп, жалпы жұртты таң қалдырып жатса, ғажап емес-ау деп ойладым. Ол фото өнерде қазақ биігінен қалықтап, халықаралық өреге өтіп кеткен жансебіл шынайы суреткер. Халықаралық сыйлықтар алғаны да Берсінбектің сол биіктігі болса керек. Оның мұрағатынан мыңдаған фотосуреттерді көріп шүкіршілік еттім. Өз өмірін қас қағым сәттен тұратын фото өнеріне арнаған, қас қағым сәттік өмір көрінісінен тіршілік философиясын өрген беу, менің Берсінбегім-ай!..
Көпен ӘМІР-БЕК.