Ізгі қоғамның негізгі көрінісі тең мүмкіндіктерде
Елімізде инклюзивті білім беру сапасын арттыру жұмыстары жан-жақты жүзеге асырылуда. Дерек көздеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 537 бейінді ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 48 балабақша, 99 мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы бар екен. Қолдау кабинеттерінің саны 1 095-ке дейін артқан.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 95,2 пайызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасаған. Инклюзивті ортада 94 527 бала білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында 7 775 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға, өзге балалардың ортасында қалыпты жағдайға неғұрлым бейім болып өсуі үшін көптеген шаралар қолға алынып, оң нәтижесін де көрсетіп жүр. Түрлі диагнозбен өмірге келген бүлдіршіндер арнайы мамандардың көмегімен дұрыс сөйлеуіне, әріптерді неғұрлым анық дыбыстауына, күнделікті әрекеттер мен өнер түрлерін игеруіне жол ашылды.
Ерекшелігі бар балаларды мектептерде, жоғарғы оқу орындарында еш кедергісіз оқыту үшін білім тетіктерін оңтайландырып, білім мекемелерін жарақтау басты талаптардың бірі болып отыр.
Инклюзивті білім беру – қазіргі қоғамдағы ең маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе диагнозы бар оқушыларға ерекше тәсіл қажет. Оларды бейіміне қарай оқыту – тек қажеттілік емес, бұл олардың толыққанды дамуының негізгі шарты. Әр баланың қабылдау деңгейі, ойлау жылдамдығы, эмоционалдық күйі әртүрлі. Сондықтан бір стандартпен оқыту олардың мүмкіндігін шектеп қоюы ықтимал.
Кей жағдайда оқу сапасы төмен көрінгенімен, мұндай оқушылардың шығармашылық әлеуеті өте жоғары болады. Олар сурет салуда, музыкада, қолөнерде немесе ерекше ойлау қабілетінде өздерін жақсы көрсете алады. Бірақ бұл қабілеттерді ашу үшін уақыт, қолдау және дұрыс бағыт қажет.
Ал шынайы жағдайға қарайық: сыныптағы оқушылар санының көптігі, мұғалім әр балаға жеке көңіл бөліп, олардың ерекшелігін ескеруге тырысқанымен, уақыт тапшылығы айқын сезіледі. Осындай жағдайда диагнозы бар оқушыға жеткілікті деңгейде қолдау көрсету қиындайды. Нәтижесінде, ол өз әлеуетін толық аша алмай, мотивациясы да төмендеуі мүмкін. Сондықтан инклюзивті оқыту тек бірге оқыту емес, ол – дұрыс ұйымдастырылған жүйе болуы тиіс, яғни бөлек бағдарлама, бөлек жоспар және оқыту бағыты да ерекшеленгені дұрыс. Бұл оқушыларды бөліп тастау емес, керісінше олардың қажеттілігін ескеріп, тең мүмкіндік беру.
«Инклюзияның басты мақсаты – барлығын бір қалыпқа салу емес, әр баланың жеке ерекшелігін құрметтеп, оның дамуына жағдай жасау. Шынайы инклюзия – әділдік пен сапалы білімнің үйлесімі», – дейді Шымкент қаласы, №103 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Фарида Болатбаева.
«Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы орта қалыптастыру да заман сұранысы. «Ерекше жан» спорт клубының бастамасымен ерекше жандарды қолдауға бағытталған маңызды кездесу өтті.
Ақтау қаласындағы арнайы білім беретін мектептердің директорларымен бас қосып, клубымыздың негізгі миссиясын, мүмкіндіктерін және алдағы жоспарларын кеңінен таныстырдым. Кездесу барысында бір нәрсені нақты айттым «Біздің мекеме ерекше қажеттілігі бар жандарды әрқашан қолдауға және оларды үлкен жетістіктерге жетелеуге толық дайын.
«Ерекше жан» клубының басты ерекшелігі тағдырдың түрлі сынағына қарамастан, спортты өмірінің бір бөлігіне айналдырған қайсар жандарды біріктіруінде. Бізде естімесе де жүрегімен сезінетін, көрмесе де әлемді түйсінетін, дене мүшесінен айырылса да рухы сынбаған мықты спортшылар жаттығады.
Солардың бірі – пойыз апатынан
кейін бір қолы мен бір аяғынан айырылған Мейірбек. Бірақ ол сынбады. Бүгінде үстел теннисінен біраз жарыстарға қатысып, ҚР чемпионатында чемпион болып жүрген спортшымыз. Алдағы Азия чемпионаты, Азия ойындарына дайындалып жүрген табанды спортшы. Сондай-ақ арбада отырып бочча спортынан бірнеше мәрте жүлде алған спортшыларымыз да біздің мақтанышымыз.
Халықаралық деңгейде де жетістіктеріміз бар. Дубайда өткен Openman-2025 турнирінде алтын медаль жеңіп алған
Қуаныш Асқар, пауэрлифтингтен 10 дүркін Қазақстан чемпионы Ғани, сондай-ақ есту және сөйлеу қабілетіне қарамастан, шахматтан Азияны бағындырған Наталья Горохова – бәрі де біздің клубтың айқын жетістігі.
Ал Сурдлимпиада жеңімпазы Ғұлама Хамзе – тек клубымыздың емес, тұтас өңір спортының мақтанышы. Оның жетістігі – мыңдаған ерекше жанға үміт пен мотивация.
Бүгінгі кездесуде мектеп басшыларын ерекше балаларды спортқа баулуға шақырдым. Себебі спорт – тек денсаулық емес, ол – тәрбие, сенім, жеңіс және үлкен өмірге жол.
Біздің мақсат – әр баланың мүмкіндігін ашу. Себебі біз үшін «мүмкіндігі шектеулі» деген ұғым жоқ. Керісінше, олардың мүмкіндігі шексіз», – дейді осындай игілікті жұмыстарды жүзеге асырып жүрген Азамат Ахмедов. Иә, ізгі қоғамның негізгі көрінісі осындай тең мүмкіндіктерде жатса керек.