Дінзухра ТІЛЕНДИЕВА: ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ОЙЛАУҒА ҰМТЫЛАЙЫҚ!
27.03.2024
283
0

Дінзухра ТІЛЕНДИЕВА, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ІІІ Ұлттық құрылтай басы ел ынтымағына арналған сөзбен басталды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев зиялы қауымның бұл істе айрықша рөл атқарғаны маңызды деген пікір айтты. «Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар», — деген Қ.Кемелұлы ұлт жылнамасы  ұлтты біріктіретін фактор болу керектігін жеткізді.

Бірлігімізді күшейту үшін тілдің тұғыры да биік әрі тұрақты болғаны жөн. Жиында көтерілген осы өзекті мәселе – құптарлық жайт. Сонымен қатар халықты толғандырып жүрген мәселелер де көтерілді.  Тек тілді үйрену мәжбүрліктен емес махаббаттан болса, жүрекпен орындалса ертеңіміз бүгінгіден де  жарқын болары ақиқат.

Мемлекет басшысы сондай-ақ төл тарихымыздың ауқымы кең екенін, сол үшін мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайтындығын атай кетті. Бұл сонау бай тарихымызды ұрпақ санасына сіңіре білу керек деген сөз. Соның ішінде адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоя білу қажет. «Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», — деген ел Президентінің сөзіне толықтай қосыламын.   

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір