ЖАМБЫЛДЫҢ АҚЫНДЫҚ МҰРАСЫ…
Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Жамбылдың ақындық мұрасы және жамбылтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Бұл жиынның бір ерекшелігі – еліміздегі бірқатар ЖОО онлайн тәртібінде конференция жұмысына қатысты.
Отандық, шет елдік (Түркия, Ресей, Қырғыз Республикасы, ҚХР, Грузия, т.б.) ғалымдар, білікті оқытушы мамандар қатысқан ауқымды шара барысында жыр дүлдүлінің «Қазақ университеті» баспасынан басылып шыққан таңдамалы екі томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Бірінші кітабында ақынның өлең-толғаулары, сонымен қатар, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтің Жамбылдың ақындық өнері және өмірі мен шығармашылығына қатысты ой-толғамдары топтастырылса, екінші жинаққа айтыс, дастандары, ҚазҰУ ғалымдары белгілі жамбылтанушы С.Садырбаев, Ж.Дәдебаев, Ж.Тілепов, А.Бұлдыбай, М.Үмбетаев, Г.Қазбектің ақын мұрасын зерттеу, басқа тілдерге тәржімалау бағытындағы еңбектері енген. Сондай-ақ, Филология және әлем тілдері факультетінде Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу орталығы ашылды.
Конференция жұмысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ғ.М.Мұтанов жүргізді.
Ғылыми жиынға арнайы шақырылған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұмабек Шажабаев құттықтау сөз сөйлеп, белгілі қаламгер Орысбай Әбілда жырдан шашу шашты. Жамбыл бабаның ұрпақтары мен жерлестері, келіндері Зүкен Кеңшілікқызы Садырбаева, Сафура Сейдәліқызы Қыдырбекова танымдық, деректік маңызды естелік әңгімелер айтып, осынау игі шараның басында жүрген филология және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы мен оның ұжымына ризашылығын білдірді.
Қ.Қ.Мәдібай,
ф.ғ.д., профессор,
Е.М.Солтанаева,
ф.ғ.к., аға оқытушы.