ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ЖОҚТАУ
Әңгімені өзіне Жамбыл сыйынатын, жырына жұрт сүйінетін асқақ ақын Сүйінбай Аронұлы жайынан бастау дұрыс болар, абзалы. Әдетте ақындарды еске алғанда, кім-кімнің де бойын жауапкершілік сезім баурап, ойына қос-қабат міндеттердің қатар оралатыны бар ғой. Сондай жауапкершілік билеп архивімді аштым. Архивімде КСРО кезінде «Орталық Мемлекеттік әдебиет және өнер архивінен» көшіріліп алынған көп материал бар екен. Қолжазба «Жамбыл өлеңдері мен естеліктер» деп аталады. «120 бет. 1939-1944 ж.» деген белгі таңбалар бар. Жоғары жағына Бәдел Тұрсымбаев деген азаматтың аты-жөні жазылыпты.
Бәдел Тұрсымбаевтың қолжазбасынан бір байқағанымыз, ол түп-түгелімен Жәкең аузынан жазылып алынбаған секілді. Кейбір жазбалар Жәкеңмен қатар жасасқан әлдеқашан көздерін суық топырақ жапқан замандастарының естелік әңгімелері. Несі бар, бұл да игілікті бір іс. Ол-ол ма, аракідік тасқа басылған жазбалар да бар қолжазба арасында. Қалай десек те, бәрі жиналып бір жүйеге қызмет ететін осы сала-сала істердің басы-қасында кезінде Бәдел Тұрсымбаев жүрген болса құрметті-ақ іс.
Бір бума (папка) қолжазбаның ішінен біреуіне нақтылап тоқталайық. Қолжазба – «Жамбылдың Сүйінбайды жоқтауы» аталады. Қос бетті жазудың көлемі – 13 парақ. Сарғайыңқы парақтардың сақталуы әзірге тәп-тәуір. Сиямен жазылған қолжазбаның соңғы бетіне «Бірлік» колхозының мүшесі 67 жастағы Үрестембеков Рысбайдың айтуынан» жеп жазылыпты. Әңгіменің жазылып алынған ай-күні көрсетілмеуі өкінішті.
Әңгімешінің айтуына қарағанда, бұлардың ауылына Қарабек аталатын бір кісі келіпті. Асығыс жүріс ыңғайы бар. Мән-жайды сұрағандарға: «Сүйінбай әкеміздің жиынын өткізуге ақылдасайық, қатар жатқан ағайындарды ақылға шақырыңдар», – деп ауыл адамдары жұмсап, сонымен ақылдасуға бас қосу жиынына шақырып жүрген адамдар едік» (2-бет) деп жауап беріпті ол.
Әңгімеден бірсыпыра жайға қанығамыз. Айталық, Сүйінбай суық күзде дүниеден қайтқан. Ақын өмірін зерттеушілер үшін бұл бір таптырмас дерек көзі. Қаза бір шаңырақта болғанымен, қайғы мұқым Шапырашты руына, тіпті иісі қазаққа ортақ. Екейдің ел жақсыларының алыс-жақын ағайын ақсақалдарын жиып, алқалы кеңеспен ақын асына дайындалуында осындай мән бар. Ал мұндай құрмет ел жұртының аса сыйлы адамына көрсетіледі. Ілуде бір көрсетілер елдік ерен кәденің Сүйінбай пешенесіне жазылуы дұрыс па еді? Әбден дұрыс-ты. Ол берісі Екей, әрісі Шапыраштыны қойып, иісі қазаққа аты шыққан, дүйім қазақ жұрты атынан айтысқа түсіп «ақсұңқар құс боп шаңқылдап» абыройы аспандап өткен ақын-ды.
«… кешке жақын шалдардың төбеге шығып отыратын күндегі әдеті еді, – дейді одан әрі әңгіме сабақтаған қарт, – төбеге мен де барып отырдым» (4-бет). Ел қамы, жұрт қамын жер қайран қарттардың осындай бас қосулары да көзден бұлбұл ұшты-ау бұл күнде. Әрі өткен тәжірибе, көне әңгімені кәрі зердеден жас құлаққа өткізетін де дәстүр ісі еді ғой.
Өткен-кеткенді әңгіме етіп отырған қарттардың бірі «Сүйінбайдың ас-жиыны қалай өтер екен?» деп төңірегіне ой тастайды енді. Сол сәт «Сүйінбайдың ас-жиынын көрсек деген ой сол отырған адамдарға да, маған да үлкен әсер етті», – (4-бет) дейді әңгімеші.
Ұзамай Екей елінің ақсақалдары Сүйінбай ауылына кеңеске барып оралды, мән-жайды біліп қайтты. «Сүйінбайдың ас-жиынын қалай өткізу жөнінде Шапырашты елінің бірқатар адамдары қатынасты, ақылдасып мына қорытындыға келді: 300 шамасында үй тігілсін, 3-4 күн қонақ алынсын. Құнан ат шабылатын болсын, Шапырашты елінің жігіттері ол жиынға қызмет істесін деп тиянақ болды деді барып келген адамның біреуі» (5-бет).
Рысбай қарияның бала шақта көрген, білген әңгімесіне ден қояйық…
«Ауыл адамдары екі үй апарамыз, бие байлап, саба апарамыз деп дайындайды. Ауылымыз Құтырған өзенінің бойында.
3-4 күннен кейін үйді көшіріп барып, қондырып келді. Онан бірер күн өткеннен кейін, ауылымыздың барлық адамдары аттарын ұстап, ерттеп түгелдей атқа мініп, Құтырғанды өрлеп көп адам боп келе жатырмыз Құтырғанның басына таман келіп күн шығысқа қарай қырқамен жүре бастадық. Онша көп жер жүргеніміз жоқ, үш-төрт қырқа асып қана, осы күнгі «Үшбұлақ» колхозының поселкесінің терістік жағындағы кезеңнен шыға келсек, Қарақыстақтың даласы, Найманбайдың жазығына тігіп тастаған қазақ үйлер көрінді.
Өте көп жиналған адамдар. Сол жиналған адамдар ішіне біз де барып қосылдық.
Келген адамдардың барлығын аттан түсірмей алдарынан атты даяшы адамдар шығып қарсы алып жатыр.
…атымды бір адамға ұстатып, өзім жаяу түсіп, отырған адамдарға бардым. Сол отырған адамдар ішінде Жамбыл да бар екен. Сол өзіміздің ауылдан барған адамның біреуінен сұрап едім, сонау қара сақалды қара кісі деді.
…Сол уақытта Жәкеңнің 51-52 жас шамасында болуы керек. Сақал шашына ақ кірмепті. Құбатөбел ғана киімі бар екен.
Мен Жамбыл өлең айтар ма екен деп ойлап едім, өлең айтқан жоқ. Жиынды кімдер басқаруы керектігін, жиынды қалай өткізу туралы ақылдасты отырғандар. Ол күн осымен кетті.
Кешке жақын ауылы жақындар ауылына кетті де, алыстан келген адамдарды тігілген үйлерге орналастырса керек. Біз ауылға кетіп, ертеңіне қайта келдік. Бүгін кешегі адамнан 10 есе көбейіп кетіпті жиналған адамдар.
…Ел орынға отыра басқа бір үйден осы үйге Жамбылды шақырып келді.
Отырған адамдар шай ішіп жайланғаннан кейін біраз жай әңгімелесіп отырды. Содан кейін ендігі сөз Жамбылға берілсін деді.
Жамбыл домбыраның құлағын бұрап, дауыс ырғағына келтіріп, отырған көпшілікке қандай өлең ұнайтынын сұрап, көпшілікпен амандасу ретінде азырақ өлең айтты. Сонан отырған көпшілік «Алатай–Жапарқұлды» айтуын өтінді. «Алатай–Жапарқұлды» айтқаннан кейін «Көрұғлының» бір бұтағын айтты. Ол күні осымен аяқтап, отырған ел демалуға кірісті. Жәкеңнің бұл түні айтқан «Алатай–Жапарқұл» мен «Көрұғлының» өлеңін өте көңіл қойып тыңдап, көз жазбай қарап құлақ құрышын қандырып, құмардан шыққандай болып, мен де елмен бірге демалуға кірістім.
Ертеңіне таң атты. Сөре бәйге шабылды. Сонан ел қайтты. Өзіміз жатқан үйге келіп сусындағаннан кейін Жәкең қай үйде өлең айтып жатыр екен деп іздеп жүріп, Сүйінбайдың баласы Малыбайдың үйінен таптық. Жәкеңнің айтқан өлеңін тыңдап тұрған адамдар үйдің сыртында өте көп екен. Мен тұрмақ, үлкен кісілер жақын бара алатын емес…
Жәкеңнің үні ашық әдемі дауысы алыстан-ақ анық естіліп тұрды.
Сонда Жәкең Сүйінбай ақынды еске түсіру ретінде, көпшілік ортасында айтып жатқан жоқтауы. Менен бұрын қанша айтқанын білмеймін, өзім келіп тыңдағаннан кейін ұққаным:
Алғаш өлең айтқанда,
Ақымбектің асында,
Ақбөкендей қырланып
Сүйекең барған жиынға.
Өлеңнен өрнек шығарып,
Сүйекең салды қиынға!
Мінген аты көк Серек,
Ауылы көшті Сүйекең,
Қара бір қыстақ бөкселеп.
Жиырма бес жасында,
Сүйекең өлең қозғады,
Топты жарып екшеліп.
Қарауылда Ноғайбай
Қалың қара тоғайдай
Жайнап бір жүрген Сүйекең!
Өтіп бір кетті дүниеден,
Қосым бір тартқан Ноғайдай.
Қасқарауда Қарабай,
Ағаштан ұзын қарағай.
Жоқтамайын десем де,
Жайнап бір жүрген Сүйекем,
Зарың бір өтіп барады-ай.
Есіктің алды көк бетті,
Көк бетті жылқым жеп кетті.
Ақыл айтып Сүйекем;
Ырыс алды – ынтымақ,
Ынтымақ бұзба деп кетті.
Жәкеңнің бұл Сүйінбай туралы айтқан жырынан ұққаным көп еді. Бірақ та хат танитын кісі болып жазып алмаған соң, жасың өсіп қартайған сайын ұмытшақ болып, жас күніңде ұққан сөздеріңді естен шығарып алады екенсің. Болмаса, Жәкеңнің бұл жиында айтқан көп өлеңін білуші едім» (8-9-10-11-беттер).
Ауыл қариясы естелігінен және бір жайды аңғарғандаймыз. Сүйінбай ақын қаза болды. Ол өмірден кетті, ақындық алқалы топтан кетті. Есесіне, жырдың жаңа дүлдүлі, жырдың жас перісі – Жамбыл алқалы топқа беттеп келеді. Ұстаз толғаған жыр жалауын жерге түсірмей шәкірт іліп алып барады.
Сүйінбай асында Жәкең айтатын «Алатай-Жапарқұл» қандай жыр? Ол жырдың зерттеушілер құлағына күні бүгінге дейін шалынбағаны қалай? Ал «Көрұғлы» әңгімешінің айтуына қарағанда, ұлы ақынның үйреншікті жырының бірі болса керек.
Ауызекі әңгімеленген естелікке біз жүрдім-бардым қарай алмасақ керек. Ол естелік қолжазба күйінде де әдебиет. Қазақ жағдайында қолжазба әдебиетке енжарлау қарайтын секілдіміз. Асылында, қолжазба қалпында «Жамбылдың Сүйінбайды жоқтауы» әдебиетке мықтап қызмет ете алады. Ол алдымен Сүйінбай, Жамбыл өмірін зерттеушілерге қызықты дерек, мол мәлімет береді. Ал олардың өмірінен көркем шығарма жазғысы келген кісіге Сүйінбай асының қай жерде, қалай өткені жөнінде қосымша материал береді. Оны архивте ғана сақтамай, зерттеушілер әдеби мақсатқа пайдаланса, ал өзін естелік райында кітапта жарияласа жарасады. Бұл қолжазба, басқасын қойғанда, Сүйінбайдай ақиық ақынын, жампоз жырауын халықтың жыл бойы азалағанын айғақтайтын дерек. Азалағанда да қазақ, қырғыз ақындары кейде бірге, кейде кезектесіп жыр толғап жоқтапты Сүйекеңді! Демек, бұрынғысы бар, бөртіп өніп-өсіп келе жатқан бүгінгісі бар, халық ақындары өмірін деректейміз десек, олармен қатар ғұмыр кешкен замандастары әңгімесіне құлақ түрген, түрлі дерек жиған абзал. Ол үшін халық ақындары өмір дерегін жинау, өзгеше шығармашылық психологиясын ыждағаттай зерттеу ләзім.
Құлбек ЕРГӨБЕК.
• Жақсының лебізі
АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АЛҒЫРЫ
«Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны».
Мұхтар ӘУЕЗОВ.