ЖАМБЫЛ АТАНЫ АҢСАУ
(Толғау-терме)
Әні мен өлеңі –
Әлімжан ДӘУІТҰЛЫНЫКІ

Алатаудың өзіндей,
Дидарыңды сағындым.
Сүйінбайдың көзіндей,
Шын дарынды сағындым!
Саңқылдаса ақ сұңқар,
Сүйекем деп қаламын.
Жарқылдаса сөз-қанжар,
Ер Жәкем деп қаламын!
Сүйінбайдан бата алып,
«Ақынтауға» аттандың.
Сарыбайдан «дат!» алып,
Даналыққа шаттандың!
Қайырмасы:
Ақиық сұңқарым,
Сұңғыла сұлтаным.
«Угай-әй» әніңді,
Өзіңдей шырқар кім?
Көзіңдей әніңді,
Өзіңдей шырқармын! –
соңғы екі жолы 2 рет.
Қазақ, қырғыз тамсанып,
Айтыста көкке самғадың.
«Қарасайлап!» қарманып,
Ғасырларды жалғадың!
Заман заулап тұрмаған,
Қарасайдан көп кейін.
Райымбекті жырлаған,
Жәкемді «Маздақ-шоқ!» дейін.
«Көрұғлыны» көрсетіп,
Көздің жасын көлдеттің.
Жүрегім шын селт етіп,
Жасын жырға шөлдеттің!
Қайырмасы:
Елін сүйген Жампозым,
Барлық жерден мін таптың:
«Жылқы тұрмас – тоң-тозым»,
Халқың үшін арып-аштың…
Қалың тоғай ішінен,
Қалқа болар дос таптың.
Қаба сақал кісімен,
Құшақтасып қоштастың.
Алғадайды жоқтағаның,
Құлағымнан кетпейді.
Жауынгер жыр – оққағарың,
Қас-дұшпанды шектейді.
Отаншылдық дастандарың,
Жүректерде көктейді!