ЖАМБЫЛДЫҢ ҚОС КІТАБЫ

Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толу мерейтойы қарсаңында жыраудың шығармашылық өмірін зерттеп, зерделеген бірнеше кітап жарық көріп жатыр. Олардың әрқайсысынан ақын шығармашылығының әр қырын тануға болатындай. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ұлағат» баспасынан жарық көрген қос кітапта да Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған.
Жамбыл Жабаевтың «Таңдамалы шығармалар: өлеңдер-дастандар, айтыстар» жинағының жалпы редакциясын басқарып, жинақты құрастырған: филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым. Бұл жинақта авторлық ауызша поэзияның алып тұлғасы – Жамбыл Жабаевтың әр жанрдағы шығармалары іріктеліп енгізілді.
Ал «Жамбылдың әзілдері» жинағына Жәкеңнің қалжың өлеңдері мен естеліктерден, мақалалардан алынған әзілдері енгізілді.
Бірде қара сөзбен, бірде өлеңмен жеткен Жамбыл юморының көркемдік кестесін, зер-нақыштарын, суырыпсалма ақындық өнердегі зергерлікті зейін қойып зерттеуге, жанрлық ерекшеліктерін (күлдіргі әңгіме, анекдот, т.б.) айқындау – қазақ әдебиетінің тарихын, әсіресе, авторлық ауыз әдебиетінің поэтикасын байыптау – ұлттық рухани қазынамызды тану мен түгендеу контексінде күрделі де зәру мәселелердің бірі. Өз болмысымызды, байырғымыз бен болашағымызды пайымдауға мүмкіндік берген тәуелсіздік кезеңінде мән-маңызы орасан зор.
Ж.Жабаевтың бұл шығармалар жинағында бұған дейін енгізілмей келген, айтылған жерде шашылып қалып қойған ұтымды сөздер, әзіл өлеңдер «Дастан ата» атты естеліктер жинағында, сонымен бірге, С.Бегалиннің «Жамбыл», Н.Төреқұловтың «Жүз жасаған бәйтерек», М.Жолдасбековтің «Асыл арналар» атты кітаптарынан, мерзімді баспасөз беттерінен іріктеліп төрт томдық толық шығармалар жинағында жарық көрген.