ӘДЕБИЕТТЕГІ ЫРҒАҚ
22.02.2016
7988
0

загруженноеПрозада ырғақ бар екенін бүгінде бәріміз болмасақ та, бірталай жұрт мойындап қойды. Өйткені, кез келген шығарманы белгілі бір ырғақпен, белгілі бір әуен жүйесіне салып айтатынымыз жасырын емес. Керек десеңіз, қолына қалам ұстамаған кез келген әңгімешінің өзіне ғана тән әңгіме айту машығы, өзіне ғана тән ырғағы бар екенін көз алдыңызға елестете аласыз. Поэзияда мынадай да түсінік бар, кей ақындар мойындағандай бірінші ырғағын тауып алып, сосын оны сөзбен толықтырады деген. Мұның да астарында аз да болса шындық жатуы әбден мүмкін. Ал ырғақ ол кез келген істің, ол мейлі шығармашылық болсын, мейлі қарапайым тұрмыстық болсын, атқарылуының негізгі тетігі екенін көбіміз мойындағымыз да келмейді.

Ырғақ біздіңше стильмен тікелей қа­тысты нәрсе. Стиль жүре қалып­та­са­ды дейміз. Ал алғашқы прозасын он то­­ғыз жасында жазған және алдында еш­қандай да үлгі тұтар бірде-бір қазақ ті­лінде жазылған прозалық шығарма бол­маған Б.Майлиннің стилі сонда ­қа­лай қалыптасқан?

Жазушы көркем туындыны шынайы өмірде өз көзімен көрген, не құла­ғы есті­ген жайлардан, оқиғалардан, құ­былыс­тардан әсер алып жазады десек, әңгі­ме­леуіндегі шеберлік, стиль, ыр­ғақ оның өзіне ғана тән қасиет. Бейім­бет Май­лин­нің әңгімелеу шебер­лігі туралы Сә­бит Мұқанов былай деген: «Бейімбеттің өз алдына өзгеше стилі бар. Оның сти­лінде ашық түсінік, ойлаулы сөз, дәлдік ұғым бар. Ол сөздің жазба түрде сұлу­лығын көп құрмайды. Оның тілі түсінуге жеңіл қара шаруа­ның тілі, кедейдің, ба­ты­рақтың тілі». Қазақта кедей тілі, ба­тырақ тілі деген болмаған. Бұл арада Сәбит Мұқанов таптық тұрғыдан келсе керек. Үстем тап, төменгі тап тілдерінің айырмасы ка­питализм дамыған, таптық жігі ай­қын көрінетін ағылшын, француз сияқ­ты халықтарда байқалады. Ал Бейім­беттің «Шұғаның белгісі» пове­сін­дегі жолаушының: «Уақытында Шұға­ның әңгімесін бұл өлкенің бала­сы­на шейін біліп болып еді… ой, шіркін, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!» деп бас­та­латын әңгімесін алайық. Біздіңше Бейімбет ең бірінші, сол өзі жазатын әң­гімесінің әдемі ырғағын тауып ал­ған, сондықтан да ол бірден клас­си­калық дүниені өмірге әкелді. Ырғақ ол біздің қазақта баяғыдан бар дүние. Әр ауыл­дың, әр рудың өз­де­ріне белгілі әңгіме­шілері болған. Бейім­бет солардан үйренген. М.Әуезовтің де үй­ренген мек­тебі сол дала абыздарының сөз сап­тау дәстүрі, солардың жас күн­де­рінен құ­лақтарына сіңген ырғақтары дер едік.

Қыры мен сыры көп көркемсөз өне­рін­де бірімен-бірі сабақтас, бірімен-бі­рі бай­ланысты толып жатқан көкейтесті мә­селелер бар және солардың бірі – сөз өне­ріндегі ырғақ, ырғақ болғанда поэ­зия­дағы ырғақ емес, қара сөзбен өріл­ген көркем прозадағы ырғақ. Қазақ әдебиет­тану ғылымында поэзиядағы ырғақ мә­селесі біршама зерттелгенмен, көркем про­задағы ырғақ мәселесіне қа­тысты зерттеу еңбектер жоқтың қа­сы.

«Ырғақ деген не? Ырғақ, яки ритм – қимылдың, құбылыстың, үннің, жүйе­­лі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы. Ырғақ – жасанды емес, – дейді З.Қаб­до­лов – табиғи нәрсе, өнерге ғана емес, өмірдің өзіне де тән нәрсе, мезгі­лі­мен ке­ліп, мерзімімен кетіп тұратын жаз бен қыс, көктем мен күз, күннің шығуы мен батуы, толқынның жағаға соғуы мен қай­туы, – Тютчевше айтсақ, мәң­гілік тасу, тартылу – түп-түгел ыр­ғақ­ты құбы­лыстар».

Адамның қимыл-қозғалысы, жүрек соғысы… – бәрі ырғақ. Ырғақ өнерге де қатысты, көркемөнердегі бейнелі, су­ретті, эмоциональды ұғымдар көңіл-күй­ден туындайды, олай болса көркем про­за ырғақтан тыс болмауы тиіс.

Қазақ прозасына аса мол үлес қос­қан, оның үлкен жанрларын дамытып, шеберлікте жетілуіне көп күш жұмсаған жазушы Жүсіпбек Аймауытов еді. «Кү­нікейдің жазығы» повесіндегі ха­рак­терлердің алуан түрлілігі, шын­дық­ты шы­найы бейнелеу шеберлігі, жазушы позициясының анықтығымен қатар, оқи­ғалар желісінің ырғақтылығы Жүсіп­бек шығармашылығын едәуір ерекшелеп тұр. Бұл шығарманың та­қы­рыбы – әйел тағдыры. Көшпелі қазақ ауы­лындағы қатардағы шаруа адамы­ның тіршілігін сол ортадан шыққан әйел тағдыры арқылы бейнелейді. Шы­ғар­мада автордың өмір көріністерін су­реттеудегі тамаша шеберлігі байқа­ла­­ды. Ырғаққа құрылған жолдар көп­теп кездеседі. Мәселен, мына жолдарды өлең шумағына айналдырып кө­рейік:

Жаялықша жалпиған,

Жарқанатша қалқиған,

Жермен-жексен шым қора,

Бейнеуі жоқ сұм қора.

Шымқорада – жер үйде,

Желпіндірмес көр үйде,

Арса-арса болып сүйегі,

Қалақтай болып иегі,

Жаңқадай жоқ жақ еттен,

Саусақтары шілбиіп,

Көлеңкедей кілбиіп,

Бұ жатқан қай аруақ? –

деген жолдар шын таланттың қала­мы­нан туғаны байқалады. Поэзиядағы кә­­дімгі егіз ұйқасқа құрылған өлең жол­дары. Кейіпкердің басына түскен ауыр халді, оның арман-мұңын сурет­теу­де жазушы бір-бірімен іштей үн­десіп, ұйқасып келетін сөздер мен сөз тір­кес­терін қолданған. Осы жерде «Не­ге?» «Не­ліктен?» деген сұрақ туады. Жаз­ба прозасы әлі толық қалыптасып үлгер­меген ХХ ғасыр басындағы қазақ қо­ғамы үшін мүмкін осылай жазу оқыр­манына түсінікті болар деп ойлай ма екен? Әлде, прозалық ырғақты бір­ден таба алмай өлең ырғағымен бастады ма екен? Бұған да күні бүгінге шейін толық жауап берген зерттеу еңбек жоқ­тың қасы. Жазушының өмір шындығын көр­кем бейнелеуінде тілдік-көркемдік құрылымның тұтас жарасымдылық тауып, автордың не айтқысы келгеніне орай іс-әрекет пен қозғалыстың, бояу, айшықпен ой екпінінің өзгеруіне байланысты проза ырғағы да өзгеріп отыратынын аңғарамыз.

Қазақ ертегілерінің басталуына да на­зар аударып көрелік: «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен». Осы сөздерді жай ғана бір деммен айта ал­масыңыз хақ. Оны белгілі бір әуен­мен, өзіне ғана тән ырғақпен айтасыз. Ол неге керек болған дегенге келер бол­сақ, ол ертегіні айтушының белгілі бір ырғаққа түсуі үшін керек болған деген тұжырым жасауға болады.

Жалпы, ырғақ бұл өмірмен, заман ағы­мымен де тығыз байланысты мәселе деп ойлаймыз. Мысалы, тасқа қашалған түр­кі жазуларындағы ырғақ өзінше бір әлем, оны басқалармен шатастыру мүм­кін емес.

Биікте Көк Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне атам тегім

Бумын қаған, Істемі қаған отырған.

Отырып, түркі халқының

Ел-жұртын қалыптастырған,

Иелік еткен,

деп келетін сол дәуірге сай, өзіне ғана тән ырғақпен жырланады. Ал жыраулар дәстүрі олардан шамалы өзгешелеу.

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,

Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің шешені, –

деген поэтикалық суреттілігімен, адуынды ырғағымен есте қалады.

Ал Абайдың ырғағы мүлде басқаша. Бая­ғы арынды ырғақ енді ойлылыққа, сал­қынқандылыққа ауысқандай әсер қал­дырады. Халықтың бодандық күйін өлең ырғағынан-ақ тануға бола­тын­дай.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман, – деп келеді. Бұл жерде біз өлеңнің маз­мұ­ны­­нан гөрі оның оқылу ырғағына кө­бі­рек назар аударғанды қалар едік.

Өйткені, Абай өз заманының ыр­ғағын дәл тапқан данышпан. Ал қазіргі қазақ қоғамындағы постмодернистер заман ырғағын таба алмағандықтан өз оқырмандарына түсініксіз болып отыр. Себебі, ол капитализмді әбден мең­герген басқа халықтардың өмір сүру ырғағымен үндес келеді. Біз үшін жат, сондықтан да қарапайым оқырманның қабылдауы қиын.

Көркем әдебиеттегі ырғақ – өте күр­делі мәселе, бұл бізге тек белгiлi бiр көр­кем туындыға ғана қатысты емес, су­реткердiң бүкiл шығармашылығына және шығарма жазылған кезеңге қа­тысты зерттелiп-зерделенуі қажет.

Жанбота ЕСЕПБАЙҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің магистранты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір