ҚОЛАРБАДАҒЫ ҚАҺАРМАН
Тағдыр тауқыметін тартудай-ақ тартса да, қара емендей қайсарлық көрсетіп, жалпы жұртқа үлгі болып жүрген жандар арамызда баршылық. Солардың қатарында қаламгерлікпен қатар, қоғам өміріне белсене араласып, мүгедек аналар мен олардың отбасына көмек қолын ұсынып жүрген «Бибі-Ана» қорының президенті Бибігүл Иманғазинаның есімі ерекше аталады. Ел көлемінде мүгедек әйелдер мен аз қамтылған отбасылардың балаларына көрсеткен алғаусыз қамқорлығы үшін «Қазақтың Тереза анасы» деген атқа ие болған Бибігүл Хабиқызы талай мұқтаж жандардың баспаналы болуына, қажетті медициналық көмекке қол жеткізуіне, мүгедек аналардың отбасындағы балалардың жоғары оқу орнына түсіп, мамандық меңгеруіне мұрындық болып келеді.
Қайырымдылық шараларымен айналыса жүріп, өз өмірі жайлы «Тауқымет» роман-трилогиясын, «Назым» және «Үйіме барғым келмейді» атты моно-романдарды дүниеге әкелді. Сондай-ақ Бибігүл Иманғазина қылыштай өткір публицистикасымен қоғамда қордаланған жайларды сын садағына іліндіріп, азаматтық қоғамның қалыптасуына да елеулі үлесін қосуда.
Бүгіндері қалың жұртшылық ақиқат пен адалдықтың алдаспанына айналған Бибі-Ана – Бибігүл Хабиқызын «Халық қаһарманы» атағымен марапаттау мәселесіне үн қатуда. Осы орайда ол жайлы жазылған мақалалар топтамасын оқырман назарына ұсынуды біз де жөн көріп отырмыз.
Редакциядан
«Қазақ әдебиеті» газетінің осы жылғы 9 тамыз күнгі 31-санында «Асылын аялау – елдіктің белгісі» деген тақырыппен көрнекті жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұрысбек Сәукетаевтың мақаласы жарияланды. Мақалада тағдырлы қаламгер, «Бибі-Ана»қоғамдық қорының төрайымы Бибігүл Иманғазинаны жоғары мемлекеттік марапатқа ұсыну мәселесі сөз болды.
Тағдырлы қаламгерді қолдаймын
Бибігүл апаны көптен бері танимын.Өзінің арбаға таңылған ауыр тағдырына қарамастан, өмір бойы әділетсіздікпен күресіп келе жатқан қайсар жан. Оның оқырман сұранысына ие болған «Тауқымет» роман-трилогиясы, «Назым», «Үйіме барғым келмейді» моно-романдарымен таныспын. Сол кітаптарда ол кісінің өмірлік ұстанымы, өзінің ауыр тағдыры жан-жақты баяндалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, осыдан 32 жыл бұрын, еліміздегі 217 мың мүгедек ананың басын қосып, оларға әлеуметтік тұрғыдан көмек қолын созу үшін «Бибі-Ана» қоғамдық қорын құрған. Көптеген мүгедек аналарға жәрдем беріп, осы уақытқа шейін әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған 700-ден астам баланың жоғары оқу орнына түсіп, өмірден өз орнын табуына жол ашқанының өзі – үлкен еңбек.
Осыдан екі жыл бұрын ол 80 жасқа толды. Өткен жылы жалғыз ұлы Аспаннан айырылып, ауыр қайғыға душар болды. Өмірдің қандай қиындығы болса да, оған қарсы тұрып, ұлы Абай бабамыздың: «Қайғы келсе, қарсы тұр оңғаққа ерме» деген өсиетін жанына жалау етіп, өзін емес, қиналып жүрген өзге жандардың қамын ойлап жүрген Бибі-Анаға көп адам қайран қалады. Ол көп мұқтаж жандарға қолынан келгенше жәрдем қолын созып келеді. Қазірдің өзінде туған жері Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында мүгедек балаларды оңалту орталығын ашу үшін жан аямай қайрат көрсетіп отыр.
Күні кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында адал еңбек иелеріне, өз кәсібінің шынайы мамандарына мемлекет құрмет көрсететінін атап өтті. Ендеше, Т.Сәукетаев көтерген мәселені қолдап, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, айрықша қайырымды жан, болашақты болжап кеткен әулие бабамыз Мөңке би Тілеуұлының тікелей ұрпағы Бибігүл Иманғазинаны «Халық қаһарманы» құрметті атағына лайық көретіндердің бірімін. Халық үніне құлақ асатын үкіметімізге, тиісті құзырлы органдарға тасқа басылған бұл сөзіміз жетеді деген ойдамын.
Бауыржан Жақып,
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма
төрағасының орынбасары,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі
Мейірім мен қайырымның эталоны
Он жеті жасында опасыздың құрығына түсіп қалып, ары мен ұяты жолында өзін құрбандыққа шалған, сергелдең мен тауқыметті жатақхананың терезесіне қалдырып, өзі азат болған. Найзағай қанатындағы жасыннан жаралған мұндай батыр аналар кеше де аз еді, ал бүгін мүлде жоққа айналуда. Өкініштісі, сондай асылтекті Аналардың тағдырына талтүсте көлеңке түсірген, кіндігін қиянат кесіп, зорлық пен зомбылықтың некесінен туған қос аяқты айуандар әлі де адамзат баласымен бірге жасап келеді…
Қазақтың қайсар қызы, ғажайып қаламгер, даңқты қоғам қайраткері, Алатауға екі ексең бір шықпайтын ардақты апамыз туралы айтар сөз аз емес. Бейбіт дәуірдің нағыз батырын, нағыз Қаһарман дейтін атқа лайық тұлғаның ерлік істерін сәт сайын таспаға түсіріп, тарихқа қаттап, шоттап, бүгінгі қағынан безіңкіреп тұрған ұрпақтың жарғағын жарып тұрып құлағына құйғанның еш сөкеттігі жоқ. Себебі, қазіргі найзағайдың отына нан пісіріп жатқан уақыт сондай құрбандықтарды қажет ететіндей.
Бибі-Ананың дастанға бергісіз қайраткерлік ісін жүрек көзінен өткізіп отырып түйсінсеңіз, өңменге өксік тіреледі… Жан алқымға, көңіл кардиограммасы ерсілі-қарсылы ағымдарға түсіп, қоғамдағы қайсыбір әділетсіздіктердің осындай күрескері барына тәубе дейсің. Қазақтың қайсар қызы, көрнекті жазушы, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі «Тауқымет» романының авторы, бүгінде ел анасына айналған Бибігүл Иманғазина – қазақтың қаһарман қызы Бибі-Ананың тағдырлы ғұмыры бүтін бір дәуірге үлгі болса керек.
Еліміздегі 330 мың ананың басын біріктіріп отырған Республикалық мүгедек аналар қауымдастығының жетекшісі Бибігүл Қабиқызы қоғамдық-саяси, әлеуметтік, әсіресе мәдениет саясатына әркез алаңдап, алаңдап қана қоймай, қордаланған түйткілдердің шешімін табу үшін бел шеше араласқанына сан мәрте куә болып келеміз. Бибі-Ананың тікелей қолдауының, демеуінің, күш-қайратының арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі мүгедек аналардың 600-ге жуық ұлы мен қызы жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінде түрлі деңгейде абыройлы қызмет етуде. Апамыз оқытқан ұл-қыздың бәрі де намысқой, еңбекқор, отаншыл болып қалыптасып келеді. Апамыз қоларбада отырса да, қос аяғымен ойды ойып, қырды қырып жүргендерден артық елге еңбек етіп келеді. Өзінен де, өзгеден де әділеттілік пен тазалықты, еңбекқорлықты, ашықтықты талап ететін апамыз бірінші кезекте барлық саланы буындырып, қанын жүргізбей тұрған жемқорлықтың тамырына мемлекет, қоғам, жекелеген азаматтар болып балта шабуымыз керек дегеннен танған емес.
Бибі-Ананың бүгінге дейін мүгедек әйелдердің бес жүзден астам баласының жоғары білім алуына тікелей ықпал етіп, қаржылық қолдау жасағанын біреу білсе, біреу білмейді. «Ел боламыз десек, ең бірінші кезекте мемлекеттік тілдің, ұлттық идеологияның, кітаптан алыстаған жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесінің көшін түзеуіміз қажет» дегенді талмай айтып келеді. Өзінің туған елі, кіндігін кескен, бойжеткен боп өскен жері Ақтөбе облысы Шалқар қаласында мүгедек балаларға арналған сауықтыру орталығын салдырамын деп әлі күнге жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр.
Бибігүл апамыздың қадірі де, қасиеті де қаламгер қауым үшін, жастар үшін ерекше! Тіршілікте көп сырластық, ақыл-кеңесіне құлақ қойдым. 2021 жылы депутаттық мандатқа ие болған күні кеште әуежайға кетіп бара жатқан бетте арнайы қайырылып, үйіне барып батасын алдым. Қайсарлық пен еңбекқорлықтың, мейірім мен қайырымның эталоны ғой бұл – Бибі-Ана!
Алла апамызға ұзақ ғұмыр, күш-қайрат, қоғамдық қызметіне, шығармашылықта мол табыстар берсін! Ең бастысы – республикадағы мүгедек аналар мен олардың балаларының тағдырының арашасысының еңбегі, ол кісінің көзі тірісінде мемлекеттің ең жоғары марапатымен ұлықталуға тиіс еді. Уақыт күн санап, ол кісінің ғұмырын ұрлап жатыр. Үндемей жүріп, үйдей іс тындырып жүрген іскер апамызға Алла күш-қуат берсін! Бибі-Ана – нағыз қаһарман!
Жанарбек ӘШІМЖАН,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты
БИБІ-АНА – БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ
Ақ жүректі абзал жан Бибігүл Иманғазина апамыздың өмірімен өзі жазған «Тауқымет» романы арқылы таныстым. Роман алғаш жарияланған кезде-ақ оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп, ең көп оқылған кітап ретінде менің де қызығушылығымды оятқан еді. Расында да, романдағы басты кейіпкер өнерлі де сұлу қыздың өзгеше тағдыры, намысын қорғау үшін жасаған көзсіз ерлігі, қайтпас қайсарлығы мені таңғалдырып, тәнті еткен еді. Озбырлық жасамақшы болған жігіттің кесірінен мүгедек болып қалса да, аяғына тұрып, өмірге қайта оралған сол қыздың прототипі өзі екенін білгендіктен құрметім де ерекше артты. Кейін ол кісімен танысып сөйлескен, кездескен кездерімде қайсарлығымен бірге аса мейірімді, қайырымды адам екеніне көзім жетті.
Менің де қызымды қамқорлығына алып, жоғары оқу орнына түсіріп, ұзату тойын да жасап бергенін ризашылықпен айтқым келеді. Өзі ашқан Қоғамның баспасынан менің «Самғау» деген жыр кітабымды шығарып беріп, «Алаш» әдеби сыйлығына да ұсынған осы – Бибі-Ана еді. Өмір бойы әділдік үшін күресіп келе жатқан ақ жүректі анамыз мұндай жақсылықты мыңдаған адамға жасағанын естіп те, көріп те келеміз. Мұндай ерлікті осы күнге дейін білген де, естіген де емеспін. Сондықтан да Бибі-Ана – мен үшін теңдесі жоқ АНА!
Бибі-Ана – халықтың қаһарман қызы, қарапайым жұртшылықтан алғыс алмайтын күні жоқ! Өзіне марапат сұрап біреудің алдына баратын адам емес. Ал біз үшін талай қияметті басынан өткізіп келеді. Енді біздің ауылда да бір той болсыншы, Бибі-Ана «Халық қаһарманы» орденін омырауына тақсыншы!
Нұртас ИСАБАЕВ,
ақын,
бірінші топтағы мүгедек
ХАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗЫ
Туғанда әкесі атын азан шақырып, Бибігүл қойған. Метркесіне ресми орындар атасының атын қосып, әулеттің жүгін арқалатып, мектеп босағасын Бибігүл Иманғазина болып аттаған әкесінің ақ бантикті ерке қызы ел көзіне ілігіп, ақылды, көрікті, көркем болып өсті!
Дос-құрбыларының алды болды. Арманын қанат етіп, болашақты бетке алған өмірінің әсем бір кезінде тағдыр шіркін, оқыста жолын кесті! Дүние тарылып, өмір көмескіленіп, қалған ғұмыры талқан болды…Кемтар қыз атанып, мына кең дүниеге терезеден қарап, арбаға байлану ғана қалды. Жұмақ күндер тамұққа айналды. Адам баласының бойындағы көзге көрінбейтін бір ғажайып күш көмекке келді. Аруақтар жебеді. Тірілердің тілегі демеді. Алла қолын созды! Мына жарық дүниеден гөрі тамұқ дүниені көп ойлаған Бибігүл қыз үміт пен сенім қанатына қонып, өмір үшін үлкен күрес айдынына желкенін жайды! Қолына қалам алды. Басынан өткен бар ауыртпалығын, бар тауқыметін қаз-қалпында қағазға түсірді. Өмірге «Тауқымет» атты роман келді.
Еркелігі естен шыққан жазушы қыз түлеп ұшып, өмірге қайта оралды. Айналасына өзі секілді тауқыметті тағдыр құрсауына түскендерді жиып, солардың көз жасын сүртіп, көкірек шерін тарқатып, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «Бибі-Ана» қоғамдық қорын құрды. Бірте-бірте қаршадай кезінде төсекке байланған ауру қыз халқының ару анасына айналды. Күрескелік үлгісі байтақ қазақ еліне аңыз боп тарады. Ақиқаты аңызға айналды. Қаламы мен қайратын қанат қылған қаһарман қыз – халық қызы атанды!
Нұрлан Оразалин
Күреспен өткен өмір
«Қазақ әдебиеті» газетінен (№32, 9 тамыз, 2024 жыл) «Асылын аялау – елдіктің белгісі» деген жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың мақаласын оқып, қуанып отырмыз. Тұрысбек мырзаға алғысымыз шексіз!.. Өзіміздің өмірімізді өзгерткен, өмірге деген көзқарасымызды өзгерткен, екінші анамыз Бибі-Ана – Бибігүл Хабиқызының осыдан екі жыл бұрын өткен 80 жылдық мерейтойында «Халық Қаһарманын» алатынына шүбәміз болмаған еді.
Бибі-Ананың 60 жасқа толған мерейтойында ақын-жазушылар Бибі-Ананың «Халық қаһарманына» әбден лайық екенін айтқан еді. Сол күні түсірілген бейнебаян біздің қолымызда бар. Одан бері де 22 жыл өтіпті. Өзгерген ештеңе жоқ, Бибі-Ана – сол Бибі-Ана! Жасы 80-нен асса да, басынан талай қиындық өтіп жатса да, хан демей, қара демей, айтатынын айтады, беретін жәрдемін береді, жазатын жазуын жазады. Адамдықтан жаратылған, әділетсіздікке жаны қарсы Бибі-Ананың тегі мықты екеніне көзіміз анық жетті.
Бибі-Ана – Бибігүл Хабиқызының осы заманның феномені екені шындық! Мінезі қатал болғанымен Бибі-Ананың 32 жыл ішінде бір рет те жалған сөйлегенін, жемқор шенеуніктерді өтірік мақтағанын көрген жоқпыз.
Бибі-Анамыздың күтпеген жерден жалғыз ұлынан айырылып қалғаны, біздің де жанымызға батты. Қайғыға малынып жүрсе де, сыр білдірмейтін анамыздың көзіндегі қасіретті мұң бізге ғана таныс… Бибі-Ана тек қана мүгедек аналармен, мүгедек балалары бар аналардың мәселесімен ғана шектеліп қоймайды. Шетелге жетім балаларды жіберуді тоқтату үшін аз күрескен жоқ. Әрбір мақаласы мен берген сұхбаты 32 жыл бойы өзіне қарсы соққы болып келеді.
Біздің ендігі арманымыз, Бибі-Ана «Халық қаһарманы» марапатын тірі кезінде көрсе екен дейміз! Тұрысбек Сәукетаев ағамыздың мақаласы ескерусіз қалмайды деп үміттенеміз!
Құрметпен Маркиза БАЗАРБАЕВА,
1-топтағы мүгедек ана
Әйел. Ана. Қайраткер
«Ымырасыз», «Қайтпас қайсар», «Суға салса батпайды, отқа салса жанбайды», бұл – Бибігүл Иманғазина жайлы қалың кілем төселген кабинеттердің алдында айтылатын сөздердің біразы ғана. Жасыратын несі бар, жаны тыныштықты жақсы көретіндер, терлеп жұмыс жасауды суқаны сүймейтіндер оны жақтырмайтыны жасырын емес. Әділетсіздік көрсе, атойлап шығып, алдына қойған мақсатына жетпей саябыр таппайтын мінезі әркімдерге ұнай бермейтіні рас.
Мен Бибігүл Хабиқызын 1995 жылдан бері білемін. Ол сол кезде-ақ қарауында балалары бар мүгедек аналардың еңбекке араласып, отбасы мен балаларын қамтамасыз ете алуына жағдай жасау жолында күресіп жүрген болатын. Ал сол кезеңді көзімен көргендер қаншалықты қиын болғанын жақсы біледі.
Қайырымдылық жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Алматы қаласының орталығындағы мүгедек жандарға арналып жабдықталған ғимаратын, қолында билігі барлар тартып алып, дүние-мүлкі мен құжаттарын, мыңдаған жандардан келген өтініштер мен алғысхаттарды қоқысқа тастағанда, жүрегі сыр берсе де, салы суға кетпегенін көзіміз көрді. Садықова, Сағадиев, Атрушкевич, Нұрпейісов сияқты жоғары оқу орындарының ректорлары бастап, қалталы азаматтар «Бибі-Ана» қорына қол ұшын созған еді.
Бибігүл Иманғазина жетекшілік ететін «Бибі-Ана» қоғамдық қоры мүгедек аналарға ғана емес, олардың балаларына да үлкен көмек жасады. Бүгіндері қордың қолдауымен жоғары білім алып, өмірден өз орнын тапқан жастардың қатары 700-ден асып жығылады. Ал үй-күйсіз жүрген аналарды баспанамен қамтамасыз ету жолындағы ерлікке бергісіз еңбегі – өз алдына бөлек әңгіме.
Осыдан бес жыл бұрын Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» романын орыс тіліне аударудың сәті түсті. Ондағы 17 жасар қыздың ары мен намысын таптатпау үшін аса қауіпті қадамға баруы, мүгедек болып қалғаннан кейін өмірді қайтадан бастауы маған қатты әсер етіп, таңдандырғаны рас. Жер басып жүруді қайтадан үйреніп, дәрігерлердің тыйым салғанына қарамастан екі сәбиді дүниеге әкелуі, өзінің жағдайын ойлап қоймай, еліміздегі мүгедек аналардың барлығын қамқорлығына алуын ерлік емес деп кім айта алады.
Халықтың өзі «Бибі-Ана» атап кеткен қаһарман қыз адам кейіптес хайуанның кесірінен болған тән жарасымен тірлік кешіп, халқына адал қызмет жасап келе жатқанына да 65 жыл болған екен. Бүгіндері жасы 80-нен асса да таусылмайтын ерік-жігермен, сарқылмайтын қайырымдылық сезімімен еңбек етуін жалғастыруда. Жаны нұрдан жаралған қазақтың қаһарман қызы қандай да құрмет пен атаққа лайық деп ойлаймын!
Любовь Шашкова,
Қазақстанның халық жазушысы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ғажайып ғұмыр
Қазақстанда асқақ арманы биіктерге жетелеген, жүрек жылуы мен көңілінің кеңдігі жалпақ жұртқа үлгі болған талантты тұлға, қазақ әдебиетіндегі ойшыл-прозаик, айбынды ана Бибігүл Иманғазинаны білмейтіндер, сірә, жоқ шығар. Оның жарқын да, жанкештілікке толы өмірін халық аты әлемге әйгілі қаламгер Николай Островскийдің даңқты кейіпкері Павел Корчагинге теңеп қойғаны қашан…
Алыстағы арманы қол бұлғап, көңілі алып ұшып тұрған бойжеткен мектеп бітірген кезде әке қалауына құлақ аспай, құжаттарын Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға тапсырады. Мектепте алған үздік білімі мен өнерге деген сүйіспеншілігі емтиханнан сүрінбей өтуіне себепкер болып, сол жылы консерваторияның студенті атанады.
Алайда болашақта өнер қайраткері боламын деген жас қызды тағдырдың бұралаң жолдары тасада тосып тұрғанын кім білген. Бар-жоғы 17 жасында, асқақ арман мен биік мақсаттарға толы өмір жолының бастауында арам пиғылды адамдардың құрығына ілініп, тағдыр тауқыметін тартуға мәжбүр болады. Бұл өмір мен өлім арасындағы күреске толы кезең еді. Жан жарасы мен тән азабы тіршілік үшін басталған арпалыстың таразы басына түсіп, қалт-құлт қадам басқан күндерді қалай ұмытарсың. Осы тұста бойжеткен қыздың ана сүтімен, ата қанымен бойына дарыған ерік-жігері мен қайсарлығы көмекке келгені рас. Бибігүл бұл шайқастан жеңімпаз болып шыққан еді.
Адам бұл тірлікте таңданарлық ерлік жасайын, айды аспанға шығарайын деп өмір сүрмейтін болар. Біз аңыз-дастандардан білетін Алпамыс батыр немесе кешегі алапат соғыс кезінде ерліктің үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы сұрапыл майданда атымды шығарайын, атағымды аспандатайын демеген болар. Олар өз Отанын қорғады, елінің амандығы мен жерінің бүтіндігі үшін күресті. Өйткені Отанына деген махаббаты өз жандарынан жоғары әрі қымбат болды. Дегенмен ашығын айтар болсақ, бейбіт күнде ерлік жасау қан майданда қайсарлық танытудан әлдеқайда қиын ба деп қаламын. Өйткені ұрыс алаңында жауың алдыңда тұрады, олардың мақсат-мүддесі де айқын. Бұл жолда қорқақ немесе сатқын болмау бірінші орынға шығады. Ал біздің жағдайымызда Бибігүлдің басына үйірілген қайғы бұлты мен тағдыр тауқыметін, белгісіздікке бастайтын дертті қалай жеңуге, онымен қалай күресуге болады?! Сондықтан өмірге құштар жан бойындағы ерік-жігері мен күш-қайратын бір мақсатқа жұмылдырып, болашақ үшін күресу таңдауын ғана қалдырған.
Өзінің қаламынан шыққан тұңғыш автобиографиялық туындысы – «Тауқымет» романында бас кейіпкер Бибігүл – Бибі-Сана ағзасын мүжіп, санасын сансыратқан дертпен күресіп, тірі қалу үшін ғана емес, азамат болып қалыптасу үшін бітіспес күреске шыққанын баяндайды. Әлпештеп өсірген аяулы қызының тағдырына алаңдап, жаны мен барын соның жолында құрбан етуге дайын тұрған әкесінің көзіндегі мұңды көрмеу үшін, отбасы мүшелерін сарсаңға түсірмеу мақсатында тіршілік жолындағы күреске белін бекем буған. Қалай болғанда бұл қарапайым қазақ қызының дастанға бергісіз ерлікке толы күрес жолы болатын.
Өмірге Бибігүл болып келіп, әдебиетте – Бибі-Сана, ал күнделікті тіршілікте – Бибі-Ана деген атқа ие болу үшін де үлкен қажыр-қайрат қажет-ау. Алдымен, ажалдың өзін жеңіп, артынан тағдырдың көрсеткен қиянатын ауыздықтау, жас бойжеткен үшін қаншалықты ерік-жігер мен күш-қайратты қажет еткенін оның өзі ғана білетін болар. Бұл, шын мәнінде, ерлік демеске шараң жоқ.
Бір ғана Бибі-Ананың қаламгерлік қырын алатын болсақ, өзінің «Тауқымет» романы арқылы ғана ол қазақ әдебиетінің төрінен ойып тұрып, өз орнын алды деп айта аламыз. Мұны мен әдебиеттегі ерлік деп атар едім.
Ал Бибігүл Иманғазинаның қамқорлығын көрген мүгедек аналар мен балалардың, жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан жастардың әңгімесі өз алдына бір бөлек. Олардың барлығы да бүгіндері Бибі-Анадай қамқор жанның мына тіршілікте бар екеніне, оның ерлікпен тең еңбектеріне бас иіп, алғыстарын айтады.
Бигелді Ғабдуллин,
публицист
Жаныңызды бай еткен жарлы қылмай,
Жанарыңда жарық бар жан нұрындай.
Өмір деген айқасы ақ-қараның
Бибі-Ананың тауқымет тағдырындай.
Тазарасың,
Айығып бар күнәдан.
Басу мұң боп тұрса да алты қадам.
Қиналғанды қияға шығарады,
Бибі-Ананың жарығы жарқыраған.
Сапар соңы өр деңіз, еңіс деңіз,
Келісіңіз, е, мейлі,
Келіспеңіз.
…Жесір көрсе демейтін қолтығынан –
Жетім көрсе жебейтін, періште қыз!
Иманына оянып күнде илана,
Кезігесің қарғаға,
Қырғиға да.
…Төбедегі сәулені көру үшін –
Керек еді қазақққа бір Бибі-Ана!
Шындығымен талайды таптап мысы,
Тауқыметтің тағдырын таппақ кісі.
…Қазақ дейтін халықтың жүрегінде –
Шырылдаған намыстың аппақ құсы.
Тұлпар-күннің жанына жармасқанда,
Тауқыметке тағдыры жалғасқанда,
…Гүлдей нәзік көңілі періште қыз –
Кетеді екен айналып алдаспанға.
Тұна қалған тұмасы тұнық ардан,
Сұрау керек ол жайды мұңы бардан.
…Қияметтің күнінде қайыспайтын,
Бибі-Ана боп талайға туу Арман!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ
Жақсылықтың жаршысындай,
Құлжа асықтың алшысындай,
Бибі-Ана.
Өңкей жоқтың Баршысындай,
Өз Халқының Жалшысындай,
Бибі-Ана…
ИРАН-ҒАЙЫП
Қадірлі қыздарыңды жина,
Далам,
Тербеші бесігіңді қирамаған.
Тауқымет,
Айналайын,
Өтінемін,
Сұрашы бір кешірім Бибі-Анадан.
Ертай АШЫҚБАЕВ