ҰЛ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛТ МІНДЕТІ
22.02.2016
2472
0

3Бала тәрбиесін мектепсіз көзге елестету мүмкін емес. Балаларымыз он бір жыл бойғы уақытының көбін үйден гөрі мектепте өткізеді. Бір қызығы, олар ата-анасына қарағанда  ұстаздарын көп тыңдайды. Тіпті, бастауыш сыныптың оқушылары ата-анасына «олай емес, апайымыз бізге былай болады деген» деп түзету жасайды.

Бүгінгі мектеп ұстаздарының дені әйелдер. Сол себепті де, ұлдардың ер адамға  тән мінездері толық  дамымайды. (Өз басым ағайларыма еліктеп қатарға қосылғам). Мектеп қабырға­сын­дағы ер балалар әскерге дайындық немесе денешынықтыру пәні мұғалім­дері мен үйдегі әке тәрбиесімен  ғана өседі десем, артық айтқаным болмас. Отбасында да бала тәрбиесіне көбіне әйел адам  жауапты. Өйткені, ер адамдар ылғи түзде жүреді. Ал а­жырасқан жағ­дайда заң балаларды анасына береді, бұл бала тәрбиесіне әсер етпей қой­май­ды.

Үйде де, мектепте де ер-азамат­тар­дың  араласуы мардымсыз болған­дық­тан  қыз мінезді, ұялшақ, (немесе бұ­зақы), ашылып әңгіме айта алмайтын, жапырып жұмыс істей алмайтын ынжық балалар көбейіп келеді.

Теледидар мен газет-журналдардан бала тәрбиесі туралы  оқып та, көріп те келе­міз. Байырғы ұстаз ретінде байқа­ға­ным, біз ұл балалар мен қыз балалар тәр­биесін қосып жіберген тәріздіміз. Ұлдар мен қыздардың құдай жаратқан табиғи ерекшеліктеріне көп мән бере бермейміз. Себебі: «оларға қатты сөйлеу­ге болмайды, мектептегі және одан тыс жерлердегі «қара жұмыстарға» жегуге болмайды, (баланың еңбегін пайдалану), ұрсуға болмайды, нұқуға болмайды…» осындай кілең қыздарға тән шектеу­лер­ді ұлдарға да қатар қолда­намыз. Со­ларға қарап қазіргі мұға­лім­дерге жаным ашиды. Бүгінгі тәрбие – «үндемеген үйдей бәледен құты­ла­дының» негізінде жүріп жатқандай… Ба­ланың еңбегін қанауға болмайды деген тәртіп балаларды ақсаусақ  етіп жүр.

Өзіміз оқу жылының алғашқы айында колхоз-совхозға көмектесіп, ақ тер, қара тер боп жүгері жинайтынбыз. Од­ан еш кем болған жоқпыз, керісінше, «ең­бектің наны тәтті» екенін сезіндік. Мектеп оқушылары бір-бірімен сол ең­бек­тің арқасында танысып, білісіп, дос­та­сып кететін. Қазір бір ізбен  барып, бір ізбен  қайтатын бір сыныптың оқу­шылары бір-бірін жете тани бер­мейді.

Еңбекке алтыншы-жетінші сыныптан араласып, дәмін татып өскен оқушы кез келген жұмыстан қорықпай,  бел ше­шіп кірісіп кете алады. Баланың жасына лайық еңбек тәрбиесін ерте бастау керек екенін Білім министрлігінде отыр­ған ағайындар ескерсе орынды болар еді. Мектепті қара жұмыс істемей бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдап, қызметке орналасқан қазіргі балалар кетпен-күрек ұстаудың не екенін білмей-ақ кетуі ғажап емес…

Ал еңбектің не екенін білмейтін, ақсаусақ, әлжуаз, қыз мінезді ұлдар «толарсақтан саз кешіп, ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып» Отанын қорғай алар ма? Ертең осы жылауық ұл­дар­дан өскен ұрпағымыз қандай бола­ды? Суицид деген пәле де осы ынжық, тұйық балалардан шығады екен. Үлкен­нен таяқ жеп көрмеген аяншақ бала, қатты дауыс көтерсең де асылып қалып жатыр. «Жаттығуда жаны қиналған жауынгер, ұрыста батыл болады» деп батыр Баукең (Момышұлы) айтқандай, ұл­да­ры­мызды тым босаңсытпайық. Олар еркекке тән ер мінезді болып өсуі үшін бүгін қатаң тәрбиелейік!

Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ,
байырғы ұстаз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір