АСТАНА «АЗАТТЫҚ АЯСЫНДА»
22.02.2016
1248
0

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сә­кен Сейфуллин мұражайы осымен алтыншы рет өткізгелі  отырған дәстүрлі мүшәйра еліміздің арқалы ақындарын тағы да аламан жыр бәй­ге­сін­де өз бақтарын сынауға шақырады. Бұл жолғы мүшәйраның алтын қазығы, жыр арқауы – Тәуелсіздік!

Арайлы Азаттық аясында еркін тыныстап, өз алдымызға шаңырақ көтеріп, Ту тігіп, елді­гі­мізді әлемге әйгілеп отырғанымызға ширек ға­сыр толды!  Тәуба! «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді!» деген, міне, осы. Арыға бармай-ақ, «Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бергі тарихқа көз жіберсек, азаттық жолында алпауытпен белдескен, ақ тобықтан қан кешкен қазақ халқының көрмеген азабы, тартпаған тауқыметі жоқ. Бостандық үшін күресте қаншама ерлері­міз­дің қанжығада басы кетті, қаншама арыстан арыстарымыз шейіт болды. Қазақ үшін бұл Тәуел­сіздіктің құны шексіз. Сондықтан аталары­мыз­­дың төгілген қанымен, аналарымыздың сор­ғалаған көз жасымен келген азаттықты жырлау, оның қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына құйып, зердесіне орнықтыру ақберен ақын­да­рымыздың азаматтық борышы екені анық! Азаттық аясында қазақ елі қанатын кеңге жай­ған 25 жыл ішінде қаншама жетістіктерге жетті. Ас­тана салынды, ел іргесі бекіді. Тар жол, тайғақ ке­шулі қиын кезеңдерден өттік. Тағы да  дағда­рыс­пен бетпе-бет келіп отырмыз. Ел болып жұ­мы­лып, ел ырысын молайтып бұл қиын-қыстау асудан да асармыз. Түйіндеп айтқанда, мүшәйраның басты мақсаты – еркін Елдің бүгінгі ажары мен ертеңгі жарқын келешегін, кешегі алапат күресін тебірене жырға қосу, қазақ жырының қоржынына қомақты олжа салу. Ақындарымыз «Мәңгілік Ел» болуға талпынған Ұлы Даланың тарихи тұлғаларын ел басынан өткен ұлы оқиғалармен ұштастыра отырып, ірі шығармалар тудырса деген тілегіміз бар.  Тақы­рып аясы барынша кең. Келістіре жырлап, көркем шығарма тудыру әр ақынның өз шабытына, шама-шарқына байланысты. Ендеше, маң­дайы жарқыраған жұлдызды жүйріктерді жыр мәресінде күтеміз!

Бірінші орын біреу – 1 млн. 500 мың теңге.
Екінші орын  екеу – 1 млн.  теңгеден.
Үшінші орын  екеу –  500 мың теңгеден.
Ынталандыру сыйлығы үшеу – 150 мың теңгеден.

Мүшәйраға еш жерде жарық көрмеген поэмалар, толғаулар, топтама өлеңдер 2016 жылдың маусым айының 10-нa дейін қабылданады.
Мүшәйра қорытындысы Астана күні  қарсаңын­да жарияланып, марапаттау рәсімі өтеді.
Үміткерлер шығармасын компьютерде теріп, 5 данасын төмендегі мекен-жайға жіберу керек немесе astanakalamger@mail.ru электрондық поштаға жолдауға болады. Автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны, электрондық поштасы (бар болса) міндетті түрде көрсетілуі керек.
Индекс: 010000. Астана қаласы, М.Әуезов көшесі, 20 «а» үй, Сәкен Сейфуллин мұражайы. Тел.: 8 (7172) 32-84-67, 53-34-03.
Жүлдегерлердің Астанаға келіп-кетудегі барлық шығынын ұйымдастырушы тарап мойнына алмайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір