ІЗІҢ ӨШПЕСІН… (Әңгіме)
– «Тұмаудың түбі – құрт болар, тұманның түбі – жұт болар…». Неше күннен бері бір сейілмей қойған қалың тұманға қабағын түксите қараған қария қаттырақ дауыстап жібергенін өзі де байқамай қалған.
Иә, биылғы күздің беталысы жақсы емес. Екі-үш күн бойы еңсені езгендей болған дымқыл тұман бүгін тіпті қоюлана түскендей.
«Қарға адым жер мұң болып» демекші, алты-жеті адымның артын көрудің өзі қиын.
Туғалы талай тұманды бастан өткерсе де, тап бұлай бірнеше күн бауырлап жатып алған, сейілуі сирек зілдей қалыңды қария жақсылыққа балай қоймады. Сондықтан да болар әлгі тәмсілдің тіліне еріксіз орала кеткені.
Тағы қайталады: «Тұманның түбі – жұт болар…».
Жаңа Айдың туысы да біртүрлі көрініп еді-ау өткен жолы?
Неге екенін қайдам, іштей секемденіп, өз ойынан өзі тіксінген.
– Кешір, Алла! Айтқан жерден аулақ! Қайдағы неме, қайдан аузына түскені несі? – Ел аман болсын!
Боранбай қария енді малшылар жайын ойлады. Иә, мұндай кезде, ең алдымен, малшыларға қиын. Ертеңгісін қолдағы азын-аулақ ұсақ жандығын кезекке қосып келген соң да, біразға дейін кібіртіктеп үйіне кіре алмай, далада айналсоқтап жүруінің себебі – осы. Малды кезекпен бағатын бақташы балаға да:
– Тым алысқа ұзап кетпей-ақ қой. Мына тұманның сейілуі қиындау боп тұр. Тасқазғанның ықтасынан көп қара үзіп кетпе. Сол жерге иіріп жаюға тырыс. Көрші көшенің қойына қосылып кеткені қорқыныш емес. Ауыл іші ғой. Керісінше, бір-біріңді бағдарға алып жүріңдер, – деп қояды.
Енді осы айтқандарын іштей қайталағандай болған қария ауланың бір бұрышында керексіздеу боп қалғандай, қазан-ошақтың қасына таяп, ашық қалған қара қазанының қақпағын жауып жатып, Құдайынан құт кетірмеуін де өтінген.
«Өмір деген осы екен ғой» деп те ойлады…
Қандай заманалар болса да, бесігі мен қара қазанын көшкен жұртта қалдырмайтын қазақтың ауылдарына көгілдір отын келіп, азабы жеңілдегендей болғасын, қара қазанның да қадірі ұмытылып бара ма?.. Қазіргі келіндер от жағып, жыңғыл бұтап, әуре болмайды. Мүмкін, дұрыс та шығар? Дайын отын тұрғанда өлімдесіп ненің соры? Кеше ғана тезек біткенді таласа теріп, тапай соғатын. Қазір көшеде аяқ алып жүре алмайсың. Қораның қиын да ойып ешкім әуре болмайды. Биіктеп бара жатқан соң ғана амалсыз бетін қырып, далаға шығарып тастағандары ше? Бұрын-соңды қидың өзіне мұндай қиянат жасап көрмеген қазақ даласы ырысын шашып, ысырап жасап жатқандай.
Бекер рәсуә! Бүгінде ешкімге керек емес сияқты.
Қасиетті қазан-ошақтың астында мүжілген сүйек пен қол сүрткен қағазға дейін түгел жанып кете салушы еді, жарықтық! Қалдық атаулы қалмайтын.
Тамызыққа деген тапай мен тезек қаланған қи әр үйдің жанында рет-ретімен жиналып-ақ тұрушы еді-ау… Енді, міне, ауылдың айналасы ұшқан қағаз бен түрлі қоқысқа толып кеткен. Ыбырсып жатыр. Жағып жіберер ошақ та қалмаған. Қажеттілік жоқ. Өмірдің ағы мен қарасы, бір жақсының бір жаманы…
Мұны терезеден көре сала, «жеңешесінің» жемпірін жерге сүйрете, жүгіріп шыққан немересі болмағанда, айналшықтап әлі қанша жүрерін де кім білсін?
«Ата, ата-лап» келіп, шаужайына жармасқан кішкентай немересін көтерген күйі енді еш кедергісіз үйге беттеді.
Үш-төрт жасар немересін сақалымен қытықтай күлдіре жүріп, өзі де жаңағы бір ауыр ойлардан сәл де болса арылғандай.
Жалғыз ұлының әзірге жалғыз жапырағы, титімдей ғана қызғалдақтың шал-кемпірге бауыр басып алғаны соншалық – әке-шешені керек етпек түгілі, оларды мойындамайды да. Мойындамағаны былай тұрсын, «аға-жеңгесін» онша жақтыра да бермейтін сыңайлы. Ата-әжесінің бірі қасында жатпаса болды, қай уақытта болса да, тұрып алып, осылармен ілесіп, кіріп-шығып жүргені.
Әсіресе Ораза кезінде сәресіге тұрғаны тіпті қызық.
– Біздің Ардақжанның ауызы берік, Ораза, – деп оған өздері мәз.
Қызығымызға ортақтаспасыншы дегендей, сәресісін дайындамақ ниетте тұрмақ болған келінге баталарын беріп, бұдан былай әуре болмауын да өтінген өздері. Оның үстіне өздерінше бала тәрбиелегендерін ұната да бермейді.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, қырық алтыншы жылы қан майданнан аман оралған Боранбай от пен оқтың ортасында жүргенде «қан-қасаптан аман қалып, еліме оралып, осындай бақыт көремін» деп ойлауға мұршасы да болмаған.
Атадан жалғыз болған соң, «Егесі» де есіркеді ме, кім білсін, ажалдан аман қалдырыпты.
Енді, міне, әр таңында Тәңіріне тәубе-леп, мың шүкіршілік айтады.
Денеде қалған қорғасынның ескі жарықшағы ғана осындай бұлтты күндері есіне сол соғысты салғандай, сүйек-саяғын сырқырататыны болмаса, қалғаны түк те емес. Құдайдың берген денсаулығының арқасында атқа әлі өзі мініп түсуге қауқарлы. Керісінше, немересі туғалы мүлдем жасарып кеткендей. Қай жолы бір қаттырақ сырқаттанып қалған сәтінде, «Осының сөмкесін сүйретіп мектепке барғанын көріп өлсем, арманым жоқ» дегені де есінде.
Кемпірі Күнжарқын да бақуатты.
Күнжарқын десе, Күнжарқын! Қашан көрсең жүрген жеріне шуақ шашып, күндей жарқырап жүргені! Тіп-тік. Тіпті отырып тұрғанына дейін өзгеше. Аты әйел демесең, еркекке бергісіз-ақ жан! Керісінше, тіпті кейбір еркек атаулының ішін пыстырып та жіберуі мүмкін. Қара кешке ләм деместен жымиып қойып, жұмысын істеп қана жүре беруге бар. Әйелі «әдебиетке» қосылмақ түгілі, құлағына да қыстырмайды. Оған уақыты да жоқ.
Оның бар ықыласы қазір Ардаққа ауған. Онсыз да тынымсыз Күнжарқынның ендігі күні сонымен атып, сонымен бататын болған. Өзі соған ырза. Сүтін пісіреді, біресе суытады. Түнде жатқанда да суып қалмасын деп қойынына сүт құйған шынысын қыстырып жатқаны. Ұйықтатады, ойнатады…
Ал қонаққа бәрі бірге барады. Қай қонаққа бармасын, бір құлақ Ардақтікі. Құлақ тимей қалса, Ардақтан бұрын атасы бұлқан-талқан боп «бүйтіп мені сыйламай-ақ қойыңдар» деп немересін жетектей жөнеледі. Алдын алған түрі. Сөйтсе, жеңілдеу өтеді. Әйтпесе, Ардақты жұбату қиын. Елге сыйлы қарияның бұл ісі ерсілеу көрінгенімен, бәрін көріп-біліп отырған азын-аулақ ағайын соңынан бас асып, ата мен Ардақты арнайы қонақ қылады.
Ондай кезде бәрі мәз. Шал-кемпірдің ортасында шат-шадыман күйге енген періштенің бір күлкісіне бола ауылдағы мал біткеннің құлағын түгел асып беруге бар ағайынның ақеділ ниеті бөлек-тін.
Ағайын тұрып, абысын-ажынның береке-бірлігі ажырамаған күйіне күйінгендей нарық деген нақұрыс қаққан сынадай аз қазақтың арасын күн санап аша берді, алшақтата берді.
Иә, иә, газ келді, өркениет келді деп өрекпіген ағайын ауласының бір бұрышында қалған қақпақсыз қазандай өмірлік ұстанымдар да өзгере бастаған…
* * *
Көгілдір отынға ілесе ауылға түрлі жаңалықтар да келіп жетті…
«Дүние өтерінде шыр айналар» демекші, жаңа дәуірмен жағаласқандай болған ескі дүние де шыққысы келмегендей. Шынымен де шыр айналды. Аз уақытта-ақ жұт келгендей жұтаған жұрттың көбі жүнжіп-ақ кеткен. Қарапайым жұрт алдындағы азғантай жандығын спірт пен кірсабынға дейін айырбастайтын күйге түссе, күйі түзеле бастағандар күпініп, жер дүниенің бәрін базарға айналдырып жіберген. Тек сату мен сатып алу ғана.
Сөмке сүйретіп, сауда жасауға арланған байларына бала бақтырған еті тірі қатын-қалаш амалсыздан қап көтеріп, қанар арқалап, қала кезіп, қаңғып кеткен. Кейбірі Қытай асты. Базар, вокзал, базар…
Қаз ұшып, үйрек қонған жерде, қаршығаның да болатынындай енді базардағы қатын-қалашты басынып, барына ортақтасқысы келген топтан қорғайтын рэкет дегендер де пайда бола бастаған.
Қазекеңнің сотқар баласын «еркелеу» деп есірткеніндей, мұның да жалғыз ұлы тым «еркелеу» еді. Ол да бірден осы «қамқоршылардың» үйіріне қосылған. Шетелдік жүйрік көліктің бірін тақымына басқан сол Көбейсіннің де көп «тірлігі» көзге іліне бастаған. Бірақ көпке бармады…
Отыздың ортасынан аса, әзер дегенде отау құрған жалғыз ұл осындай қалың тұманда рөлге ие бола алмай, дүниеден өткенде, бір баласы қолында, бір баласы ішінде қалған жары Светаның да жарығы жалп етіп бірге өшкендей болған.
Шынымен, көліктің тізгініне ие бола алмады ма, жоқ, біреулер «көмектесті» ме, ол жағы да жұмбақтау… Ашық күнде төбелерінен жай түскендей болған әке-шеше қуынып, ізденбек түгілі, бастарын көтерместен, қайғыдан қан жұтып, біраз уақыт бүк түсіп жатып қалған-ды.
Күні сөнгендей боп, күрт солған Күнжарқынын аяды ма, бұл жолы Боранбай қария бойын тез жиды.
Әйтеуір, бар жұбаныштары – соңында ұрпақ қалды. Соған да шүкір! Келіннің аяғы ауыр. Құдай амандығын берсе, бірер айда тағы бір сәби дүниеге келмек. Ендігі бар тілек – солардың амандығы ғана.
Ардақ ештеңені түсінбеген де секілді. Тек ара-тұра үлкендердің көзін ала бере, өзін көтеріп алып, сүйіп-сүйіп, мыжғылап, әбден жылаған соң ғана қоя беретін көкенің көптен көрінбей кеткеніне ол да елегізейтіндей. Есік ашылса, жүгіріп барады да, кім екенін көрген соң қайтадан ата-әжесінің жанына келіп, жата кететінді шығарған.
Әлде?..
Сөйтіп жүргенде күні жетіп, келін дүниеге тағы да бір қызалақ періште әкелді.
Өмір жалғасады. Тірі адам тірлігін істей береді. Сәбиді қырқынан шығарды. «Орынгүл» деп атын қойды атасы.
Амал не, ұлдың жылдық садақасынан үш ай өткесін Орынгүлдің тұсаукесерін жасаған жамағайын келіннің жолын берген.
Аңырай жылаған Ардағын арқалап, кішкентайын құшақтап, есік алдына келген көлікке отырып кеткен келіннің артынан таяғына сүйеніп, талмаусыраған қарияларға қарауға да ешкімнің дәті шыдамаған сыңайлы.
Көрші тұратын Аяз ақсақал басу айтпақ болып, бас сұққанда, сыртқы есіктерін шалқасынан ашық қалдырып, екі бұрышта бүк түсіп жатқан қос мұңлықты көріп, өзінің де жанарына еріксіз жас үйірілген.
Жыламсырағандай қалде отырып, жұбату айтқан Аяз ақсақал:
– Болды! Өлгеннің артынан өлмек жоқ деген, өлер ұл өлді! Ол қайтып келмейді! Немерелерің кетсе, қалаға кетті. Мына тұрған жер. Ес білген соң ертең-ақ екеуі қол ұстасып, өздері іздеп келеді атасы мен әжесін. «Орнында бар оңалар» деп, «Орынгүл» деп не үшін атын қойғаныңды ел білмейді дейсің бе? Ардақ – ол болса да өз балдарың! Кеш батқанда жамандық шақырмай, тұрыңдар, қане!, – деп бұйыра сөйлеген.
* * *
Арада күндер, апталар өтіп жатты.
Ай өтті. Тағы да, бір ай…
Боран ақсақалдың боз үйі күннен күнге шөгіп бара жатқандай.
Кешкісін мүлдем тіршілік байқалмайды.
«Ах»-ылап жатып, «үх»-ілеп оянған қарияларға қараудың өзі бір қиямет-қайым. «Бақыттың барын – жолың, жоғын – сорың түсіндіреді» дегендей, «немереме құлақ бермедің» деп кеше ғана кердеңдеп жүрген кемпір-шал кейуана кейіпке көшіп үлгерген.
Шынында да, бақ пен сордың арасы мұндай жақын деп кім ойлаған?
Аяз болса Боран досының, қай жылы бір сырқаттанып, аз күн жатып қалған сәтінде «Осының сөмкесін сүйретіп мектепке барғанын көрсем» деген арманынан хабардар-тын. Сол сөзі есіне түсіп, іштей «арманға ажал күледі деген осы екен ғой», – деді еріксіз.
… Далада жаңбыр болған соң, терезені қапсыра сала, сулығын жүре жамылып, Аяз қария тысқа беттеген.
Апақ-сапақта аула ортасында төңкерілген қара қазанның айналасына жиналған ағын суды күрекпен жырып жүрген көршілеріне «естері ауысып кеткен жоқ па екен» дегендей күдікпен қараған күйі жақындап келіп:
– Жазғандар-ау, не істеп жатырсыңдар? – деді дауысы жарықшақтана. – Ел аман, жұр тынышта қара қазандарыңды өз қолдарыңмен төңкеретіндей не көрінді соншама? Қане, орнына апарып қоялық. Кел!
Бұл бір құлағынан көтерісіп, көмектесуге иіле бергенде, Күнжарқын байғұс баж ете қалды:
– Тиме! Тиме, деймін!
Аяз енді бұларды, шынымен де, уайымнан естері ауысқан екен деп ойлаған.
Мұның ойын айтпай ұққан Боран досы ыммен шақырып, қазанды ақырын ғана көтеріп, астына фонар жарығын түсіргенде, Аяз шалдың өн бойын аяз қарып өткендей болды.
Із!
Иә, иә, із! Ардақтарының ізі.
Саз балшыққа қалыпқа құйылғандай боп ап-анық түскен сәби ізін, ең соңғы естеліктерін, «ең болмаса осыны жаңбыр шайып кетпесе екен» деген тілекпен қасиетті қара қазанының өзін соған төңкеріп, ізді сақтап қалмақшы!..
Аяздың кеудесіне кептелген өксік кеңсірігін жарып өткендей.
Екеуіне басу айтқансып, бірдеңе дегендей болып еді, оған қосылып, өзі жылап жіберердей болғасын, адымдай басып, амалсыз үйіне беттеген.
* * *
Кіреберісте кебісін шешіп жатып үй ішіне кібіртіктей көз жүгіртіп, өткендегі бар байқағаны – ер адам киімдерінің жоқтығы, яғни әзірге басы бос. «Мына заманда жалғызбасты әйелге екі баланы бағып-қағу да оңай болмас» деп ойлап үлгерген.
Мүмкін сәтін салса, баланы бүгін алып қайтар. Тіпті «Екі-үш күннен соң жіберемін» десе де, қаладан кетпей жатып күтуге іштей бекінген қария:
– Келін, қарағым, жағдайларың жақсы ма? – деді мойнына асыла кеткен Ардақты алдына алып отыра бере.
Атасының досы – Аяз атаны Ардақ бұрыннан жақсы көретін. Басқа жаққа атасынсыз тойға барса да, өз немерелерінен жырып, газетке орап құлақ әкеп беретін атаны қалай ұмытсын. Ұмытпапты. Іші-бауыры елжіреп барады… Иә, ол мұны «Аязата» деп атайды.
– Айналайын, айыпқа бұйырма, «Сақалын сатқан кәріден» деп, ата сақалымды саудалап, алдыңа келіп отырмын. Өмірден үмітің бар жассың ғой, – деді, сөзін одан әрі сабақтай түсіп. – Білдей бір шаңырақтың жалғыз жарығын жарқырата жағып, оң аяғыңмен аттаған жалғыз келіні едің. Өмір солай болды. Ешкім сені тастап кеткен жоқ. Қуып шыққан жоқ. Тағдырдың ісіне не шара?!
Әшейінде «өмір өзімдікі» деп өрекпігенімен, тағдыры алдында пенде қашан да дәрменсіз… Сол от өшкелі тұр. Оны өшірмеу сенің ғана қолыңнан келеді, айналайын. Ана, ата-енең құсалықтан өлудің сәл-ақ алдында. Ая! «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді!» дейді. Бәріміздің де алдымызда не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян.
Сені балаңнан Құдай айырмаса, ешбір адам айыра алмайды! Енді қанша қалды дейсің? Кәрі қойдың жасындай ғана қалған шығар, көп болса…
Шал-кемпір қайтқан күні бала ғана емес, сол үй де, дүние-мүлік те сендерге қалады. Сендерден басқа ешкімі жоғын өзің де жақсы білесің? Бекер обалдарына қалма. Ол екеуін жылатып қойып, сенің де бағың жарқырай қоймас! Дұрыс түсін. «Кәрі қойдың жасындай ғана ғұмыры қалған шағында» дегенді қайталай бергені сол еді,
– «Кәрі қойдың жасындай?».. Это сколько? – деді келін сөзінің соңын орысшалай…
Соған түсініктілеу бола түссінші дегені ме, кім білсін – бұл да бар орысшасын қоса, тілін бұрмалай: – «Ну, мәксімум года тіри-шетири, нәверні» – дегені.
«Жарайды!» деген келіннің сөзін ести сала, шөпілдетіп үшеуін де кезек сүйе берген, сүйе берген. Шамасы, үш-төрт жыл шыдармыз дегені болар?
Бұл да асығыс. Келін сөзінен айнып қалатындай, алды-артына қаратпастан, «киімін жинап берейін» дегеніне де мұрша бермеді. Ардақты құшақтаған күйі есік алдындағы көлікке қарай бүгежектей жөнелген.
Атасы мен әжесіне кетіп бара жатқанын түсінген Ардақ та мәз. Тіпті анасы мен сіңлісін дұрыстап сүйген де жоқ. Жолай машинаның артқы орындығында, біресе атаның алдына шығып, мойнына оралып, енді бірде терезеге телмірген Ардақ:
– Мені қайта әкеліп тастамайсыз ғой, ата, иә? – дей сала, бірдеңе есіне түсіп кеткендей:
– Ата, ана, Алтондық атаның есегі әлі бар ма? – десін.
Сол кезде ғана періштенің ауылын, атасын қалай сағынғанын түсінген Аяз атаның ақ сақалын жас жуып жүре берді.
Көлік тербеді ме, әлде көңілі бірленді ме, қаладан біраз ұзаған соң, Ардақ Аяз атасының тізесіне басын сүйеген күйі ұйқыға кетті.
* * *
Енді аз уақыттан соң Боран атаның шаттық кернеген шаңырағында шағын той басталып кетті. Мына қуанышты естіген жанашырлардың бәрі жиылды десе болғандай.
Тойдың төрінде бүгінгі күннің көзсіз батыры, нағыз дос – Аяз ата үлкен бір міндетті атқарғанына масаттанғандай, маңғаздана әңгіме шертуде. Бұлардың достығына риза болған Алпысбай да:
– Аяз «Аяз-ата» атанғалы осы күнге дейінгі аралықта елдің бәрін қуантқан ең үлкен сыйлығын бүгін жасапты. Бұған дейін бірде-бір Аяз ата әлі мұндай керемет сыйлық жасап көрмеген, – деп Аязғалидың мәртебесін бір көтере қоштап алды да:
– Дос болсаң, осындай бол! «Атасы арзан жел сөзді бас-басыңа төгейін» дегендей, арзан ақыл айтып, көсемсіп, күнде күпінгенше осылай іспен көрсету керек, үлкендер үлгі-өнеге дегенді. Достықтарыңнан айналдым! – деді риза кейіпте.
Аяз Боран досы жаққа бұрылса, боза ішкендей болбырап, бойына қан жүгіріп қалыпты. Ардағының әр қимылын қалт жібермей, елжіреп-ақ отыр. Соңынан ілесіп жүруге қонақтардан ғана қысылып отырған секілді. Күнжарқынның да күні қайта туған. Кешегі күрсіністің бәрі күрсінге тасталғандай. Періште Ардақ та ата-әжесімен қауыштырғанына алғыс айтқандай, анда-санда мұны да мейірлене бір құшақтап өтеді.
Аяз атаның ұлы мен келіні зыр қағып қызмет етуде.
Айекең сөз арасында Ардақжанның ауылдың амандығынан бұрын «Алтыондық» атасының есегін сұрағанын айтып, жұртты күлкіге бір көміп алған.
Отырыс ұзаққа созылды…
Ел тарқаған соң да, Боран ақсақалдың айналып-толғанған мейірімді үні ашық терезеден үздік-создық естіліп тұрғандай.
Күні кеше ғана антеннасы жоқ телебезірдей безірейіп тұрған үйдің сәнін кіргізіп, лезде жан бітірген кішкентай ғана «немені» шал-кемпірдің ортаға алып, таласа, өбектеп жатқанын көз алдына елестетіп, көңілі қуанған Аяз қария да неше күнгі уайымнан арылғандай алаңсыз ұйқыға бас қойған.
Әшейінде кеш бата сәл өлімсіреп тұрып, аз уақыттан соң, жалп ете қалатын көрші үйдің жарығы да бүгін таңға дейін өшпеді.
* * *
Араға жыл салып, Ардақ сөмкесін арқалап, ата-әжесінің жетегімен мектеп табалдырығын аттаған.
Ол күні бүкіл ауылда той болды!
Есек мінген еңгезердей Алпысбай да бір қойын айдай келіпті.
– Ардақжан, мә, мына қойдың екі құлағы да сенікі, – деп қулана жымыңдайды.
Хабар алған соң, қаладан келін де келген екен.
Жолынан жаңылмастан, үлкендерге ізет көрсетіп, иіліп сәлемін салып, дастарқанға да білгенінше қолқабыс етіп жүр. Орысшалау тәрбиеленген Орынгүл ғана айналасын жатырқап, ата-әжесі тұрмақ, тіпті апатайы Ардақтың шақырғанына барғысы жоқ. Керісінше, Ардақ сіңлісін бауыр тартқанымен, анасын көрмегенсиді. Ес біліп қалған бала ғой. Көзінде «мені қайтадан алып кетпейді ме?» дегендей қорқыныш та жоқ емес сияқты. Анасы оңашада сәл айналып, мейірлене қалса, құшағынан сытылып шыққанша тыпыршып, мазасызданып бітеді.
Дүрілдеген той осылай екі күнге жалғасты…
Қайтарға келінді жеткізіп салу үшін Тұрсынның көлігін даярлаған Боран ақсақал бір қойдың етін түгелімен, соғымнан қалған сыбағалары, бәңкі-сәңкісімен түгел толтырып тастады. Тіпті, жарты қап картопқа дейін салып жатқанына қысыла, қарсылық көрсеткен келініне:
– Ештеңе етпейді. Қалада мұның бәрін ақшаға сатып аласыңдар, – деп, тықпалай түседі.
– Мынау – Орынгүлімнің балабақшасының ақысы – деп, бір бума ақша ұсынғанда, келін ыршып түскендей болғанымен:
– Ол да – менің ұрпағым, қалқам, Көбейсінімнің көзінің бірі – ағы болса, екіншісі – қарашығы. Балам, мен ешқайсысын бөле жармаймын, осы үйде не бар, бәрі де – осы екеуінің еншісі. Тек туғалы бауырымызға басқасын ғана мына «жәманды» өзімсінетініміз өтірік емес. Бары – сол!
Біз о дүниеге ештеңе алып кетпейміз. Керісінше, сен қысылма! Тарығып жатсаң, қай уақытта да ұялмай сұра!
Сендер ол жақта тарығып отырғанда, біз бұл жақта жал-жая жемей-ақ қойдық. Ақ адалынан жиған малым, тек осы екі қызғалдағымның қызықшылығына жұмсалсын, – деген қария ақ жол тілеп, батасын берді… Мұны алып кетпейтініне көзі анық жеткен Ардақ әжесінің етегіне оралған күйі күлімсірегендей кейіпте қол бұлғап тұр.
Анасы көлікке отырар сәтте бұрылып келіп, мұны бетінен сүйгенде, аса бір қарсылық білдірмегенімен, ата-әжесі жаққа ұрлана бір қарап қойған…
* * *
Қалада анасының қолында тұрып, жоғары оқу орнын тәмамдаған Ардақ – биыл екінші жыл ауылда мұғалім. Ең өкініштісі, жақында Света келіннің де көрер жарығы таусылып, ата-әжесін алдыға салған Ардақ «жеңешесін» ақ жауып, арулап аттандырып қайтқан.
Ауылға келген соң да, қара шаңырақта келінге арнап, Құран бағыштаған арнайы ас берілді…
* * *
Кешке салым Боран қария түрлі сылтаумен мектептің есігін күзеткендей, сол маңда түртпектеніп жүріп алатын болған. Сондағы бар қызығы – жұмыстан шыққан қызымен бірге үйге қайту. Кей мұғалімдердің «Ардақ Көбейсінқызы» дегендері тіпті жанына майдай жағатындай.
Сөйте тұра әлі күнге бір жерге жиын-тойға бара қалса, әй-шәйға қаратпай, бір құлақты қалтасына салып алатын әдеті қалмапты. Оған «мұғалима апай да» қатты қарсылық білдіре қоймайды. Күнжарқын да есігінің алдында күбіжіктеп, бұл келер жаққа көзін сүзіп, айналып-толғанып тұрғаны.
Әулетінің әзер тұрған қабырғасынан кетігін тауып қалана салған жалғыз «жарты кірпішке» бүгінде бүкіл ауыл-аймақ дән риза.
Шал-кемпірдің ендігі арманы – жиен болса да, шөберенің қолынан май жалау. Бұйрық болса, оны да көретіндеріне сенімді.
Бұрышта қалған қара қазан да қайта майланды. Арасына апта салып болса да, жұма күндері бала көңілінде қалып қойған, мұрты тікірейген аға мен, өзі мойындай алмаған күйі өмірден өткен Света «жеңешесінің» аруақтарына арнап иіс шығарып, пісірген жеті шелпегіне аталары әркез Құран бағыштап отырады. Ардақ сенбі немесе жексенбі күндері арнайылап қазанға ет асуды да әдетке айналдырған. Өйткені ата-әжесінің отқа, қазанға пісірілген тамақты жақсы көретінін біледі.
Бүгін де аталарына бола арнайы көтерілген қазанның еті желініп, сораптап сорпасы ішіліп болған соң, қашанғы әдетпен Ардаққа ақ батасын жаудырған Аяз қария:
«Қанша қалды дейсің бізге де, кәрі қойдың жасындай ғана жасымыз қалған шығар?» деген сөзін Боран досына бір мақұлдатып алып, дастарқанға бата жасады.
Дүние тұрғанша тұр, құлыным!
Ізің өшпесін!
Жарлы БАЙҒАНИН
ПІКІРЛЕР1