ПӘТИМА (Әңгіме)
26.07.2023
1810
0

Сидиған арық әйел отырған көпті кірпік қақпай шолып:
– Бүгінгі жиналыста, – деді, – екінші қаралатын мәселе Пәтима апай турасында. Дуылдаған әңгімеге нанбайын десең лаж жоқ. «Бас жарылса бөрік ішінде…», әркімнің ішін білу қиын. Мектеп басшылығы кәсіподақ ұйымы деп осы жайды анықтауды Күлән екеумізге тапсырған. Апай тұрмысқа шықпақшы адамның университетте, колледжде оқитын екі ересек баласы бар екен. Әйелі «күйеуінің онымен қосылуына қарсы емесін, қартайғанын, сырқатын» айтты. Еркекке «Балаларды қайтесің?» десек, «Бәріне қарасамын!» деді. Басқа жаңалық естімедік. Сіздер не айтасыз? Ұжымға сынақ боп тұр. Әуелі апайдың өзін тыңдайық?
Көзін қадаса, бойыңды шым еткізетін бірдеңесі бар, пісте мұрын, отыз алтыдағы математика пәнінің мұғалімі Пәтима:
– Қосар пікірім жоқ. Оның маған сөз салғанына үш жыл болған. Жалбарынып қоймады, – деді. – Және жұрттың бықсытқан өсегінен құтылайын деп ризалығымды бергенім рас… Осы.
Күбір-сыбыр «Тыныш!» деген төраға даусынан кейін барып бәсеңсіді.
– Қане, сөйлеңдер? «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Мұның аяғы ертең ұжымның бетіне салық болмақшы. Заман талабы өзгерді, кәмәсиядан кәмәсия. Аямайды.
– Әрине, біреудің отанын бұзған күнә.
– Жалғызбасты болса, бір сәрі?!
– Қырықтағы әйелге байдың керегі не?! Ұлың мен қызыңның есі кіріп қалды, бөтен еркек табалдырықтан аттағанда олар не күй кешеді?!
Ана атын аяққа таптама, Пәтима! –
Көптің сөзі осыған сайды.
Бір жас мұғалім:
– «Не мұңлық? Бүркіт мұңлық, басында томағасы, көзі жұмық…» деген екен. Қайран жылап-сықтаумен өткен жылдар-ай! – деп еді, біреуі:
– Қазіргі жастарды қой! Со да сөз боп па?! – деп тыйып тастады.
Көбі көзінің астымен алдыңғы қатардағы қорбиған мектеп директорын бағады.
– Пәтима шынымен тисе, тиетін болса, онда ұжымнан кетуге тиіс. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді». Бізді масқара етпесін!
– Ұжымнан кетіріп, жақсы ат ала алмаспыз! Одан да күйеуге шығармайық, – деді Күлән түрегеп. – Пәтима-ау! Жер ортасынан аудың, ұстазсың! Қадірлі анасың! Жесірдің өмірі оңай емес, рас. Бірақ неге қу сезімді аналық парызға неге жеңдірмеске! Сен де анадан туғансың, біреудің бала-шағасын жетім етпекшісің бе?!
Ел назары Пәтимаға ауғанда ол орнында жоқ еді. Үстелге жасы тамыпты.

***

Сұрғылт күз. Зеңгір көкте үзік-үзік кір шалған бұлттар көшеді. Пәтиманың көңілі де парша-парша, құр сүлдері қалған. Басын көтерсе, өткір жарық қарып түсердей үйіне жеткенше екі көзін жерден алмады. Аулада меңіреу тыныштық. Ол сәкі жиегіне отыра кетті. Бозғылт жанары іргедегі құзға түскен. Етегі құдды суға батып бара жатқан адамның жанталасқаны секілді тілім-тілім екен. Төбеге таяған бұлттар да кеудесінен атылған күрсінісіне ұқсады.
Әлденуақ оның ішін жойқын күш кернеп, күтпеген жерден ширап салды…
Жұрт мұны баяғыдан қатып қалған тас дейтін. Отыз алты – айқайласаң, даусың жетпейтін жер сықылды көрінгенімен, расында ондай емес. Оның бойын шаттық сезімі биледі. Өзін нағыз әйел сезінеді. Қазір оның жан дүниесі бүтін….
Сынған қақпа жөнделіп, қалпына келгенін көріп, Пәтима орнынан жадырап түрегелді.

 

 

Есқара Тоқтасынұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір