ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ШАПАНЫ
немесе көнені жаңартушы Жайлаубаева
Астанадағы Ұлттық музейдің құнды жәдігерлерінің бірі – осыдан 3 ғасырдай бұрын өмір сүрген Қаз дауысты Қазыбек бидің шапаны. Шапанды біраз жыл бұрын бидің ұрпағы Алтын Қожахметов деген ақсақалдың өзі музейге табыстаған болатын. Соншама уақыт бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде жеткен шапан әбден тозған еді. Қазыбек бидің ұрпақтары бабаларынан қалған мұраны аман алып қалу үшін кейде оны жердің астына да көміп сақтапты. Сонымен қатар, шапанды қадір тұтқан халық оның әр шетінен тәбәрік ретінде жыртып алып кеткен. Осылайша қазіргі қоғам үшін аса бағалы жәдігер саналатын шапан үлкен реставрациялық жұмысты талап етіп тұрды. Мұндай абыройлы міндет Тұрсынгүл Жайлаубаеваның мойнына жүктеледі.
Тұрсынгүл Жайлаубаеваның арнайы реставрациялық білімі болмағанымен, он саусағынан өнер тамған шебер тігінші. Жасы 75-тен асқан шебер апамыз қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде қызмет атқарады. Ол әйгілі «Алтын адамға» реконструкция жасаған мамандардың бірі. Ал Қазыбек бидің шапанын қызы екеуі бірігіп 2 жарым жылда толық реставрациядан өткізіп шыққан. Шапан тігілген парша деген материал мен алтын жіптерді іздеп сонау Бұхараға дейін барып қайтқан. Нәтижесінде, атақты биден қалған көне бұйым бұрынғы қалпына қайта келіп, музейдегі бағалы жәдігерлердің қатарын толтырып тұр. Шапанның қазіргі қаржылық құны 60 миллион теңгеге бағаланған. Жайлаубаеваның айтуы бойынша шапан өте бағалы материалдан тігілген. Шапанның жиектері мен өңірі алтын және күміс жіптермен зерленген. Сол кездің бағасымен есептегенде мұндай қымбат киімге екінің бірі қол жеткізе алмас еді.
Тұрсынгүл апа Алматы облысының Таутүрген деген жерінде өмірге келген. Өнер адамдарының шаңырағында дүние есігін ашқан болашақ реставратор ұлт мәдениетінің мәйегіне кішкентай кезінен қанып өседі. Тұрсынгүлдің әкесі Жайлаубай қолөнер шебері болатын. Қолөнерге бейімі бар кішкентай қыз әкесінен етік тігуді, тарамыс ширатуды, тері илеуді, теріден даярланатын сан алуан бұйымдардың қалай жасалатынын көріп өседі. Осылайша ол әкесіне көмекші ретінде қолғабыс көрсете жүріп, шеберліктің әуелгі сатыларын игереді.
Жайлаубаева ең алғаш рет Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрі болып тұрған кезде Алматыдағы «ҚазМузРеставратор» мекемесіне жұмысқа қабылданады. Оның осы кәсіппен айналыса бастағанына шамамен 30 жылдың жүзі болды. Сол кезден бастап Тұрсынгүл апа көне жәдігерлерді қайта түлетіп, қалпына келтірудің шеберіне айналады. Өз ісін ерекше сүйетін шебер бос уақытында ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты кітаптарды ақтарып, рухани әлемін кеңейтіп, халқымыздың көне бұйымдары жөніндегі таным-түсінігін толықтырып отырады. Ол қазір бұл кәсіпті туған қызы Назымға да үйреткен. 11 жасынан бастап қолына ине-жіп ұстаған Назым қазір Тұрсынгүл апаның айтуынша анасы білетін шеберлікті толықтай дерлік игеріп болған. Назымның қолынан шыққан Сақ патшайымының киімі Франция, Сингапур сияқты елдерде көрмеге қойылған.
Тұрсынгүл апа қызы екеуі бірігіп ең әуелі Есік қорғанынан табылған Алтын адамның, содан кейін сақ, скиф жауынгерлерінің, көсемдерінің және ханшайымдарының киімдерін тігеді. Тарихи киімдерді тіккенде Зейнолла Самашев, Карл Байпақов қатарлы ғалымдармен ақылдасады. Сақ дәуіріне арналған киімдерді тігіп болған соң шебер қазақтың ұлттық киімдерін қолға алады. Тұрсынгүл апа сақтардың киімдерін тіге жүріп, қазақтар олардың тікелей ұрпағы екендігіне көз жеткізгенін айтады. Қазақтар ислам дінін қабылдаған кезеңнен бастап аң стилінен біртіндеп ою-өрнекке ауыса бастады дейді.
Шебер апамыз әр түрлі пұлдардан, теріден, киізден бұйымдар жасайды. Теріні өзі илеп, өзі бояп, өңдейді. Біз кесте, қол кесте сияқты кесте өнері мен тоқыманың да талай түрін игерген. Әр киімнің материалы мен өзіндік ерекшелігіне сай тігістердің алуан түрлі өзгешелігін ескеріп отырады. Өмірін ұлт мәдениетін қайта қалпына келтіру ісіне арнаған шебер, талай көне дүниелердің тозығы жетіп, музейлердің қоймаларында шіріп жатқанын көріп қынжылатын кездері де аз емес. Ол реставраторлардың еңбегін қоғам дұрыс бағаламай отыр деп ашынады. Реставрация жұмыстарын жүргізуге арналған лабораторияның қажеттігі осы саланың ең өзекті мәселесі. Біздің кейіпкеріміз реставрация жүргізуге арналған арнайы орынның жоқтығынан кезінде талай дүниелерді өз үйінде отырып жасап шыққан көрінеді. Осылайша өмірінің жартысын құнды жәдігерлерді қайта қалпына келтіруге арнаған шебер әлі де ұлт мәдениетін жаңғырту жолында қызмет етіп келеді.
Б.ТОҚТАРБАЙ.