ШЕН МЕН ШЕКПЕННІҢ ҒАСЫРЛАР ШЕРУІ…
Ақпарат кеңістігін үш-төрт күннен бері шарлап, журналистер жарыса жазған жайға үңіліп, дереу қорытындысын шығару ұшқарлыққа ұрындыратын да шығар. Әйтсе де, мінез деген жарықтық Гегельдің «спиральді диалектика заңдылығына» келе ме деп қалдық. Тектілік, қазақ тектілігі қайта орала бастағанына іштей тебіренеді екенсің. Ұлттық қалпымыз бен сан ғасырлық салтымыздан алыстамасақ досқа күлкі, дұшпанға таба болмаймыз.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтовтың үйіндегі жарықты сөндіріпті. Уәжі – «10 жылдан бері ауыл жарықсыз отыр. Сіздің үйде жарық бар. Басқаға бас ауыртып отырған жоқсыңдар. Бүгіннен бастап аудан әкімі мен орынбасарының үйіндегі жарықты сөндіріңіз. Қашан Қайыңдыдағы мәселені шешеді, сол кезде қосыңыз». Бұған қоса, «11 жыл әкім болып, 11 көшеге жол төсепсің. Әр жылға бір жол. Қалған көшені жөндеуің үшін саған 30 жыл керек пе?» – депті сұраулы жүзбен. Осынау дүние қазақ үшін жаңалыққа баланғанмен, әлем үшін таңсық емес-ау. Дегенмен, бұл оң өзгерістің, бетбұрыстың алды шығар. Соны аңғарғандай болдық. Анығында, «Дәрежелер турасындағы табельде» қай шендінің нешінші орында тұрғаны елге деген ықыласпен өлшеніп, «көппен көрген ұлы тойдың» ауылы да жақындай түскендей сезілді бізге. Лайым, солай болғай! Әкім-қара мен бұқара арасындағы байланыстың үзілген жібін жалғау үшін уақыт қажет екен. Қажыр-қайрат, шешімталдық, түйсік, үлкен жүрек, кесек бітім, терең ой – Биліктің серігі екені ежелден-ақ анықталған-ды. Сол мінездер шенділердің бойынан табылмағанда сынау мен мінеу, ашыну мен күйіну, айқай-сүрең, дау-дамай төменнен жоғарыға қарай жетіп жатады, жетіп жатады. Көп түкірсе көл ғой. Алайда, адамдардың көз жасы мұхитқа айналғалы қашан. Еділ патшаның: «Егілген ерді көрдім. Бірақ елім жыламасыншы!» деген сөзі жаугершілік дәуірден жаңғырық болып естілгендей әсерде боласың. Осы орайда, газетімізге мемлекет, ел-жер, саясат пен шенеуніктер жөнінде ойымызды ортаға салған едік. Енді басылым бетінен осынау бір сарындағы мақалаларды тұрақты түрде жариялап тұруды жөн көрдік. Бұ дүние соның бір парасы.
Чехонте – Чеховтың «Шенеуніктің өліміндегі» Червяковтың қылығы шыны керек, күлкі шақырады. Бүгіндері сол кейіпкердің Бризжалов жаққа түшкіргені үшін қатты ыңғайсызданып, одан кешірім сұрауы әпенделікке балануы мүмкін. Алайда, ар-ұят алдындағы адам жанындағы осынау бір өзгерістерді жазушы нәзік сезініп, терең бере білді. Әңгіме финалы өліммен аяқталуында символдық мән жатқанын ескерсек: «Қазақ қоғамындағы әкімдер, басшылар ұлық бола тұра кішік мінез таныта ала ма екен?» деген сұрақ әлі жауапсыз. Біз осы Халық алдында Үлкен басымызды кішірейтуге дайынбыз ба екен?..
Қырғызстанның қай қаласы екені есімде жоқ, бірінде жиын өтіп жатады. Иін тірескен жұрт, әйтеуір. Сол шараға шаһар әкімі келеді. Бәрімен амандасып, асығып, залға кіріп келген ол орын жоқ екенін көреді. Ары қарайды, бері қарайды. Төрге озудың ретін таппай біраз қиналады. Соны байқап қойған бір ақсақал:
– Ей, бала қойсаңшы, енді. Манасшының жырын тыңдайықта. Әлде мына елден үлкенбісің? Ірі болсаң, ісіңмен дәлелде. Егер орын табылмаса, соған қанағат ет те, бір жерге жайғаса сал, – дейді.
Шенеунік:
– Жарайды! – деді де көпшіліктің ішіне сіңіп кетті.
Кейін сол жас әкім үш айға жетпей үлкен нәтиже көрсетіп, елдің ризашылығына бөленіп, қарттардың батасын алған екен.
Шешенстан Президенті Рамзан Қадыров траптан түсіп келе жатып, кішкентай баланы байқап қалады. Жас шамасы – тоғыздарда. Бала Қадыровтың құлағына бір нәрсе деп сыбырлайды да кетіп қалады. Жанындағы шенеуніктер ішінде оянған қызығушылығын басу мақсатында:
– Не деп айтты?
– Не деді?
– Түріңіз бұзылып кетті ғой… – дейді бәрі жан-жақтан.
Қадыров оң жағында тұрған министрге:
– Жұмыстан босатылдың! – дейді.
Ол:
– Неге? – деп таң қалады.
– Боссың дедім! – деп зекиді.
Оның сырын ел-жұрт кейін біледі. Президент кетіп бара жатқанда артында келе жатқан әлгі шенеунік амандасқысы келген адамды итеріңкіреп жібереді. Бала соны көріп қалған екен. Сонда Қадыров:
– Егер сен бүгін бір шешенді итерсең, ертең сен мың шешенді итергенің өз алдына ұлт ұсынысын, ұлт сөзін де естуден қаласың, – депті. Айтқаны айдай келіпті. Кейін сол адам биліктен, саясаттан мүлде аластатылыпты. Себебі, менменшілдігі қозып, ешкімді менсінбейтін жағдайға жетіпті. Онымен қоса, дарынсыздау жақын-жуықтарын жанына тартып, «этикетті бұзыпты». Біреу оны «Путинның қуыршағы» дер, енді бірі оны «сайқал» дер, бірақ халық арасында Қадыровыңыздың қадірі асып тұр. Той-томалаққа барған ол лизгинкасын билеп, көмек ретінде қомақты қаржы тастап кету бұрыннан келе жатқан ғадеті екен. Шешендер үшін қатты жаны ауыратынын содан-ақ көруге болады.
Бұ мысалдарды аспаннан алған жоқпыз. Мұхиттың арғы жағындағы емес, бізбен іргелес, мұсылман елдердегі жағдайлар. Шенділердің ірі мінезі, жақсы қылығы ел арасында жатқан ба?! Аңыз болып бізге де жетті, міне. Халық бала сияқты ғой. Жақсылықты көрсе аузының суы құрып, тамсана айтады. Қазақта «қарғыс алған оңбайды» деген сөз бар. Ауыр сөз! Қарғыстан гөрі алғыс алатын уақыт жетті. Кімге болса да…
***
Елімізде шенеуніктің образы қалай қалыптасты? Қай қырынан? Шен-шекпен дегенде неге көз алдымызға өзін паң ұстап, алшаң-алшаң басатын адам елестейді екен, осы? Одан бұрын халықтың «ана жақтағы адамдарға» деген сенімі де аса мықты емес. Біздіңше… бұның себебі, бос уәде беріп, көпірме сөзден астымызға көбік-көпшік қоюында. Абайша айтқанда, «болыс болдым мінеки» дегендей, сайлау өткен соң ол адам құбылып шыға келеді. «Ұлы жоспар мен арман-аңсар» жайына қалады. Артынша көңілге күдік ұялайды.
– Кеше ғана не айтып еді? – дейміз де жан-жағымызға қараймыз. Ешкім жоқ.
Олар ұрандатып, жалаулатып келіп елді жалғыздан-жалғыз қалдырғанда, не айтарын білмей сасқан кісілерді де көрдік. Сонда бір ағамыз аспанға қарап тұрып:
– Соңғы үмітіміз – Құдай. Өйткені, адамнан пайда жоқ, – дегенде біреулер үнсіз қалды, біреулер күбірлеп бір нәрселерді айтып жатты.
«Айтылған сөз – атылған оқ» екенін неге түсінбейміз?! Жалпы, сол ауыздан шыққан сөз салмағы да жеңіл тартатындай. Егер берілген уәде өтірік екенін біле тұра, соған халықты неге сендіргісі келеді екен. Уәде – Құдай сөзі ғой! Аманат. Сәті түссе болды, сол аманатқа қиянат жасауға дайынбыз. Таң қалдыратыны – сол.
Сайлауалды науқан басталғанда (Президенттік немесе парламенттік болсын) қарабайыр тіршіліктің бойына қан жүгіргендей болады. Үміткерлердің суреті ілінген билбордтардан көз тұнады. Агитация дегеніңіз қызады. Әркімнің өз тұжырымдамасы, ұстынды ойлары бар. Қайтсек қазақты «кемел болашаққа» бастаймыз? Атқаратын іс өте көп. Жатпай-тұрмай елдің қамын ойлауға кірісеміз. Бір ай көлемінде ғана. Қызылкеңірдек болып телеарналарда айтысамыз. Ұлт төңірегінде, ұрпақ жөнінде. Сол бір ай көлемінде олардың жаны қатты ауырады. Бәрі қазақ үшін. Бір дәуге тағы бір дәу табыла кетеді. Сөйлегенде сүйсінесің, тегі. Цицирон шетінен. Олар секілді халықты, Алашты ешкім сүйе алмайды. Науқан аяқталып, электорат кандидаттарды таңдаған соң бір қорқынышты тыныштық орнайды. Ұлы үнсіздік! Келесі сайлауды күтеміз. Бюллетеньді толтырар кезде қалам мен қағаздың жанында ыстық шай мен палау тұрады. Қарныңыз ашпас үшін… одан бұрын… дұрыс таңдау жасауыңыз үшін барлық жағдай жасалынады… Қарны тойған қазақ үйіне қайтады. Біз «халық қалаулыларын» осылай таңдаймыз…
Егер елде әлі де саяси сана қалыптасып үлгермесе, онда ондай мемлекетте билік пен ұлт арасындағы байланыс та жоқ деген сөз ғой. Халық не үшін дауыс беріп жатқанын толық түсінгенде ғана белгілі бір идея төңірегінде шоғырланып, жұмыла көтеріп, жүкті жеңілдетеді. Ал бұ жағы бізде қалай? Бүгіндері «көксандықтан» біз депутаттар (парламентари) мен әнші, әзілкештерді ғана көреміз. Түске дейін біреуі, түстен кейін екіншісі сөйлейді. Елдің де еті өліп кеткен. «Бүгін не талқыланып жатыр екен?» деп қызығатындар сирек.
– Одан да сериал көрейік! – деп басқа арнаға ауыстыруға дағдыланып алғанбыз. Бұл да өз-өзімізді алдаудың бір түрі.
Әдебиетімізде шенеуніктің толыққанды көркем образы жазылған жоқ. Гогольдың «Шинеліндегі» Акакий Акакиевичтың өмірі қаншалықты аянышты болса, соншалықты өнегелі. Әркез қағазбасты болып жүрген ол шен туралы ойлауы мұң екен, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылады. Кейіпкер өлген күннің өзінде елесі біразға дейін елді кезіп жүреді де, әйтеуір сол шинельге қол жеткізеді. «Қатқылдық, қатқылдық және қатқылдық» деп айтуында бір сыр бар. Жазушы шенеуніктер арасында нәзіктікке орын жоқ екенін осылайша аңғартады. Саясат жүректің, жанның ісі емес, ақыл-парасаттың, кейде күштің құралы. Кейде күш қатты жұмсалып, біреулердің қабырғасына батып, беліне салмақ түскен жағдай да кездеседі…
Кейде қызық үшін адамдардан сыр суырғымыз келіп: «Шенеуніктер туралы не ойлайсыз?» деп сұрағанда:
– Ештеңе ойлағымыз келмейді!
– Чиновник он и в Африке чиновник!
– Олар қарғысқа ұшыраған. Сондықтан, қолдарынан ештеңе келер емес…
– Үлкен өзгеріс болатынын сеземін.
– Олардан «атқарушылық» функциясын алып тастаған…
Расында сондай ма? Бірақ халық айтса қалт айтпайтынын тарих дәлелдеп үлгерген-ді. Одан бұрын билік басындағылардың өнерден алыстауының кесірі енді білініп жатыр. Жасандылық көп, табиғилық жоқ.
***
Бір кездері ханы мен уәзірі, жырауы мен батыры ел алдында үлкен пакт алып шығып, талқыға салар кезде бәрін електен өткізіп, қырнап, алып-қосып, жұп-жұмыр қылып дайындайтын, «ұятты өлімнен де биік» қойған «дала димократиясы» өзгеге үлгі еді ғой. Алыс-жақын шетелден келген дипломаттар көргендерін қойын дәптеріне түртіп, патшаларына таңырқап баратын болған-ды. Бізден үйренетін… ал қазір біз үйреніп жүрміз. Кей сәтте өзімізде аса терең түсіне бермейтін модельдерді енгіземіз келіп, енгіземіз. Бірақ оның тетігін, механизмін таптық па таппадық па, оған бас ауыртпаймыз.
«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейді қазақ. Шіріктен тек шірік қана аласыз. Басқа дүние қолға ілінеді деп дәмеленбеңіз. Бюрократия, автократия және коррупциямен күресіп жүрміз. Бірақ «ақ туды» көтеріп, капитуляция жариялаған ешкімді көрмедік. Тоқшылықтан кекірігі азғандар елдің ақшасын астына басып, мұхит асты. Бірақ негізінде олардың ішкені ірің, жегені желім екенін білмейді-ау, білмейді. Қарынбайлар қаптап жүр. «Әлі ештеңе өзгере қоймапты ғой» деген бір ауыз сөз ұнжұрғаңды түсіріп, еңсеңді езе түсетіндей көрінеді. Өз елі үшін жаны ауыратын қазақтан гөрі, Батыс сарапшылары мен солардың мақтауы біз үшін қымбат екені – қазіргі қазақ қоғамының шындығы. Бүгіндері ұлт қамын ойлаудан гөрі бір-бірімізге жала жауып, артымызды ашып, сотқа сүйреу қызығырақ көрінеді. Орға итере салу да оңай, өлтіру де қиын емес. Әдеттегі нәрсе. Саясат хирургтың қолындағы скалпель секілді. Бір тіліп өтсе болды тігісіңіздің жазылуы тым қиындау. Арбаны сындырмай, өгізді де өлтіргісі жоқ. «Сират көпірінен» өтсек те бүйтіп қорықпайтын шығармыз. Қалай болғанда да өз-өзімізге, мына миға сондай бұйрық беріп қойғанбыз. Қазақстаннан Австрияға қашқан репатриант Алиевты экстрадияциялау туралы өтінішті өңешіміз жыртылғанша айқайлап, талап еткен тұста «Крестный тесть» атты документалды кітаптің авторы өз-өзіне қол жұмсапты. Бірақ шыны керек, оның өліміне көп адам сенбеді. Сонда өлімнің өзі адамды сендірмейтін қоғамда өмір сүріп отырмыз. Сол Алиев те чиновник еді ғой!
Ал Серік Ахметов, Бауыржан Әбдішев, Ерлан Арын, Бергей Рысқалиевтер, Талғат Ермегияевтер де шенеунік еді ғой, бір кездері. Бәрі елге қалтқысыз жұмыс істейміз деп ант-су ішкен. Билік атты машина репрессияны еске салады. Біреулерді ұстап береді, біреулерді аждаһаша жалмап барады. Айға қарап ұлитын қасқырша қазақ та іштен тынып отыр. Дастархан басында гу-гу әңгіме. Далада өлі тыныштық. Мылқау, керең, иіссезбес, сезімсіз… және соқырмыз. Жер қозғалса да қозғалмайтын кісілер бар. Ол шенеуніктер. Креслоларының астында магнит бар. Оң-солға, алдыға-артқа кете алмайсыз. «Ұлы тартылыс күші» Орталықтың қолында. Ырық бермейді. Орныңнан тұрудың ыңғайын тапсаң, қудаланғаның қудаланған. Затың тұрмақ, атың да қалмайды. Пәрмен беріледі. Жойыласың. Ал депутаттық мандат алғандар немесе шенге ұмтылғандар «жоғары жақ» екіжүзділікті талап ететінін біліп келеді. Шыңғыс қағанның көрегендігіне таң қаласың. «Билік, тақ, мансап мұз секілді. Қысқан сайын ери береді. Суға айналады». Чиновник үшін ар-ұят пен адам болып қалу принципі қаншалықты маңызды екенін дәл қазір кесіп айту қиындау шығар. Алайда, бәріміз Алланың алдына барамыз ғой. Сонда не деп ақталар екенбіз? Сол қызық болып тұр. Құдайға, адамға, ұлтқа деген махаббатымыз шенге деген құрмет, шенге деген ынтықтыққа ауысып үлгерді. Бұл қанша уақытқа дейін жалғасатынын ешкім білмейді…
Қазақ үшін шенеуніктің таланты деген әлі ашылмаған, әлі зерттелмеген тақырып қой. Роза Мұқанованың «Мысықтар патшалығындағы» бір кейіпкер айтпақшы: «Менің талантым кіндігімнен сәл төмен, сол бүйрегімнің жанында» деген сөздің астарында қандай мән, қандай астар жатқанын айтудың өзі артықтау секілді. Көп сөйлейтіндер, көп сұрақ қоятындар мен әсіре пысықтар, әсіре ұлтжандыларды біреулер қағып отырады. Сенің дарындылығың – бағынуыңда. Талантты бағынушылардан ғана жап-жақсы шенді шығатынына ел куә. Ал ағысқа қарсы жүзгісі келетіндер оппозицияға кетеді. Біздің елде оппозицияның өзі салыстырмалы түрде ғана екені бәріне белгілі.
***
«Ұлы депрессияны» басынан өткерген Америка зерттеу жасапты. «Олқылық қай жерден кетті?» дегенге жауап іздейді. Рухани һәм экономикалық кризистің бастауы жемқорлық пен шенеуніктердің халыққа бей-жай, салғырт қарағандығынан екен. Бұ нәрсе жақында ғана анықталыпты. Сол кездегі билік басында отырған чиновниктардың отбасы, үрім-бұтағы мемлекетке конфискация төлейтін болыпты. Заң сөйтіп шешіпті. Өте көп ақша. Сол қаржы жетімдер мен қарттар үйі мен мүгедектерді емдеуге арналатын қорға аударылып отырады. Жүйе қалай тиімді жұмыс істеп жатқанын байқаған боларсыз. Ал біз қазаққа қанша қарызбыз? Ақшаны былай қойғанда жүйкесін жүн еткеніміз үшін, жанына жара салғанымыз үшін, қылаяғы өтірік айтқанымыз үшін…
Бір данышпан айтыпты ғой… Екі нәрсеге таң қаламын деп. Бірінші аспанның шексіздігі… екінші адамның ақымақтығы. Сол секілді бізді де таң қалдыратын нәрсе өте көп. Жиын, шара, басқосуларда шенділерді көрген елде ес қалмайды. Реті келсе Брежневше сүйісуге дайын тұрады. Амандасқан соң, жағдай айтып, «бір нәрсе» сұрайтын кез келеді. Аға-екесі деп басталады әңгіме. Сұрайды. Бірақ ол кесіп ештеңе айтпайды. «Көрейік!» дейді. Ары көреді, бері көреді… Сонымен көріп болады. Сұрағанын береді. Бір күні. Шенді әлгі жағымпазды жанына тартып, оны мақтатады, жағдайын жасайды. Екеуінің де беті ашылады. Қызына қатты ынтық бір жігіт оны көрген соң: «Енді сен маған қызық емессің» дегеніндей алыста жүргенде асылға теңегенде, ол жақындағанда, пенде екенін көргенде сырынан, ішкі сымбатынан айырылғандай күй кешетіні бар. Неге екенін белгісіз, әкімді көрсек үй, ақша, машина, қызмет сұрағымыз келіп тұрады. Біріншіден, түу деп түкірігі жерге түспей, дәуірі жүріп тұр. Екіншіден, қолында билігі бар. Ал әлемде қалай екен? Әйтеуір, Германияда канцлермен жолыққан адам бірінші мемлекеттегі ахуал мен ұлт басындағы қасіретті толық айтып болған соң ғана, ең соңында «өзім үшін» деген пункт бар екен. Бірақ олар дүние сұрамайды. Сұрайтыны – білімін ұштағысы келеді, тәжірибе жинағысы келеді, елге пайдалы бір дүние ашқысы келеді. Осылай, енді. Сондай кезде: «Біз қайда, әлем қайда?» деген сұрақ көкейден кетпей тұратыны бар. Алла шенді адамды сынау үшін береді. Жұмақ пен тозақ арасы бір адым емес пе? Сол себептен істейтін іс шаш-етектен екенін ұғынайық. Егер ұғына алсақ, әрине.
Әлібек БАЙБОЛ.