МЫҢДАҒАН ЖЫЛДАРҒА КӨПІР
Әр сөзінің қаймағы қалың, ойы сүбелі, болмыс-бітімінде халықтың бекзада қасиеттері тоғысқан Жамбыл бабамыздың 170 жылдығы ұлан-ғайыр еліміздің әр түкпірінде жан-жақты атап өтілуде. Бұл ең әуелі абыз ақынның бай шығармашылық мұрасын, өсиет пен өнегесін қайыра бір жүрек сүзгісінен өткізіп, Жамбыл феноменін тереңірек зерттеп-зерделеудің жаңа көкжиегіне жетелейтіні сөзсіз.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ректоры, академик
Өз заманында қазақтың халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл Жабаев есімінің әлемге әйгілі болуы ұлтымыз үшін үлкен бақыт болғанын әлі күнге дейін орны бөлек мақтаныш көріп келеміз. Ғасыр жасап, екі дәуірдің куәсі болған, саумал жырды сапырған ақын көңіл түкпіріндегі сырын туған халқымен тұтастырып, оның бар өмірін, мақсатты мұратын, мұңы мен наласын өлмес жырларына өзек етіп, руханият биігінен көрінді.
Халық поэзиясы мен жазба әдебиетінің арасына шын дәнекер болды. Өз дәуірінде мойындалып, лайықты бағасын алды. ХХ ғасырдың Гомері атанып, атағы алты Алаштан асып, әлемге мәлім болды. Шығармалары көптеген тілдерге аударылып, «жамбылтану» ғылымы қалыптасты. Жамбыл шығармашылығын алғаш зерттеп-зерделеушілер қатарында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Мұхаметжан Қаратаев сынды қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің тұруы – ақын мұрасының соншалықты салмақты екенін аңғару қиын емес. Кейінгі жас буын әдебиетші ғалымдар да Жамбыл тақырыбына тыңнан түрен салып, әлем әдебиетімен байланыстыра отырып зерттеу үстінде.
Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл есімі көзі тірісінде-ақ асқақтап, өз алдына ірі ақындық мектеп болып қалыптасып, күні бүгінге дейін қасиетті тұғырынан түскен емес. Бұл орайда әр қазақтың баласы жүз жасаған ақынның шығармашылығына ертеден қанық екені мәлім. Өз басым ғылым жолында жүрсем де, рухани әлемнен бір сәтте қол үзген емеспін. Себебі, бала кезден-ақ аталарымыз біздің Жамбыл жәкемнің ұрпағы екендігімізді айтып, жыр-дастандарын, айтыс үлгілерін, ұлағатты сөздерін құлағымызға сіңіріп отыратын. Десек те, біз ұшан-теңіз дарияның бетін ғана қалқып, тұңғиығына толық үңіле алмай жүрген сияқтымыз.
Жамбыл шығармашылығын айтпағанда әлем данагөйлерінің ол жайында айтқан шынайы лебіздер мен естеліктердің, тұшымды ой-пікірлердің өзі том кітаптарға жүк болатындай қатталып қалған.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары аясында даниялық көрнекті жазушы Мартин Нексен жыр алыбы Жамбылға жолдаған бір хатында: «Сіз көшпенділердің өмірінен осы заманғы адамның, еркін азаматтың өміріне мыңдаған жылғы мәдениеттің көпірін салдыңыз» деп жазған. Бұл абыз ақынға берілген орынды баға, қазақты риясыз мойындау деп білемін.
Үнді халқының ұлы қаламгері Рабиндрант Тагор: «Жамбыл – өз халқының өмірін терең, толғана жырлауымен заманының ұлы ақыны болып қалады», – деп бағалаған.
Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны», – деп тұжырым жасаған.
«Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп суырыпсалма ақындығымен де дүйім жұртқа аңыз болып, талайларды тамсандырған Жәкең айтыс өнерінің ерекше үлгісін жасап кетті. Өзі өмір сүрген қоғамды барынша жырлап қана қоймай, қазақтың өткеніне қайырылып, ұлт батырлары жайында тамаша тарихи салмағы басым дастандар шығарды. Келер ұрпаққа өсиетін айтып, жүректеріне зор сенім ұялатып, ізін басқан шәкірттеріне шабыт берді.
Ұмытпасам, 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ әдебиеті» басылымына, газеттің сол кездегі бас редакторы Ұлықбек Есдәулетке берген сүбелі сұхбаты «Әдебиет – руханият айнасы» деген тақырыппен жарияланды. Сонда Ұлт Көшбасшысы тереңнен толғап: «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген әзіл-шынды өлеңді естіген шығарсың. Міне, сонда Алатаудың аясында, ғажайып табиғаттың саясында, ән мен жырды үкілеген ортада туып-өстік. Сүйінбай, Құланаян Құлмамбет, Жамбыл жәкем, Үмбетәлілердің қанды ерітіп, сүйекті балқытқан тірі сөзін құлағымызға қорғасын ғып құйып өстік. Баланың жады сорғыш сияқты бәрін бойына сіңіріп алады. Жас кезде небір қиялдарға беріліп, ақын да, жырау да, Райымбек, Қарасай, Мүйізді Өтеген сынды батыр да, бағлан да болғымыз келген шығар. Қолым қалт еткенде домбыраға қол созып, жыр жазатыным да сол бір арманшыл шақтан қалған жұқана да…
Қазірдің өзінде Абай мен Жамбылдың көп өлеңдерін жатқа айтамын. Абайдың ақылы, Жамбылдың жырынсыз өскен ұрпақ уызына жари қояр ма?» – деп ағынан жарылып, қазақтың сөз ұстаған даналары турасында тебірене сыр шерткені қалың оқырманның әлі есінде деп ойлаймын.
Шынында ұлттық құндылықтарға негізделмеген, рухани жүлгеден нәр алмаған білімнің берері аз болатыны белгілі. Сондықтан, біз өз тарапымыздан университет жастарын ұлттық тұлғалар арқылы тәрбиелеу, солардың шығармашылық еңбектері мен өмір жолдарын өнеге ету жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте Жамбыл бабамыздың бай мұрасын бүгінгі ұрпақтың жадына сіңіріп, санасына зерделеуді азаматтық парызымыз деп білеміз. Университет аясында мерейтойлық даталарға қана байланып қалмай, данагөй ақынның туған күні қарсаңында, дәстүрлі түрде Жамбыл Жабаев шығармашылығын кеңінен насихаттауға байланысты мәнді де мағыналы әдеби шаралар, рухани кездесулер ұйымдастырылып келеді. Біздің университетте негізінен қарапайым ауылдан келген балалар білім алады. Барлығы да өнерлі, барлығы да талантты. Сондықтан, университеттегі мәдени шаралар негізінен сол жастардың өз ұсыныс-бастамаларымен жүзеге асып келеді. Бүгінгі күнге дейін оқу ордамыздың үлкен мәжіліс залынан бастап, факультеттерде, жатақханаларда Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен кештер өткізіліп келеді. Мұндағы біздің басты мақсат – әрбір білім алушы жастың көкейіне ақын жырын ұялатып, өнегесін дарыту. Осыдан он жыл бұрын, оқу орнымызда абыз ақынның 160 жылдығына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деген атаумен үлкен мәдени шара өткізген болатынбыз. Бұл кешке студенттер мен ұстаздар ғана қатысып қоймай, Жамбылдың немересі, Қазақстанның халық ақыны Әлімқұл Жамбылов, Жамбылдың жыр мектебінен сусындаған ақындар Надежда Лушникова, Есенқұл Жақыпбеков, Ермек Жұматаев, Ақан Әбдуәлиев, Рәтбек Терлікбаевтар арнайы шақырылды. Бүгінде Әлімқұл ақсақал мен Есенқұл ақын арамызда жоқ…
Биыл ақынның 170 жылдығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуде. Халқымыз мұны жақсы ырымға балап отыр.
Бұл орайда еліміздің ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының қарашаңырағы – Қазақ Ұлттық Аграрлық универсиеті ақын мерейтойына орай Жамбыл Жабаев апталығын қолға алып, бабамыздың рухани мұрасын ұрпаққа насихаттау мақсатындағы іс-шараларын дәстүрлі түрде жалғастыруда.