БОРАНДЫ КYНІ (Әңгіме)
27.04.2023
2676
0

«Жұт жеті ағайынды». Биылғы қыс әдет­тегіден суық болып, бет қаратпай қаһарланып тұр. Алакөл аймағының атақты «ебі» желі шығыс жақтан еңірей еңкілдеп, апта бойы ышқынса, «сенен мен кеммін бе?» дегендей, бір-жар тәулік дамылдаудан соң батыстан «қыбыла жел» аш қасқырша ұли бастайды да, ол да төрт-бес күнсіз басылмайды.
Жауғанына екі күн болған үлпек қар жүргінші аяғы түспегендіктен әлі таптала қоймаған. Көсілте жайып тасталған ақ бәтестей мидай жазық даланың көз ұшында қос ноқат көрінеді. Олар тоғыз-он жасар қыз бен оның қолынан тас қып ұстап, жетелеп алған он екі – он үштердегі ер бала. Мамық қар олардың ілгері басқан адымдарын кері кетіріп, жүрістерін мүлдем өндіртер емес.Ұлдың үстінде өңіріне бірнеше жерден жамау салынған, әбден жұқарып, ақжем болып ескірген көне тон. Тон терісі баяғыда дұрыс иленбегендіктен бе, жоқ әлде, мына бет шымшып тұрған шыңылтыр аяздан ба, қозғалған сайын қаудыр-қаудыр етіп, өңінен шаршау­дың ізі білініп тұрған баланың жүйкесін жұқартып, шамына тиіп келеді. Басындағы қара барқытпен тысталған ескі малақайының құлақтарын түсіріп, тамақ астынан шарт байлап алған. Ебедейсіз үлкен керзі етіктерінің ішкі жақтары үйкеле-үйкеле ақ жем болып қажалып, оң аяғындағысына түймедей тесік пайда болыпты.
– Күләй, тоңған жоқсың ба? – Мұқан бет аузы орамалмен тұмша­ланып, көздері ғана жылтырап тұрған қарындасына жаны аши, елжірей қарады. Жел сырылынан естімеді ме, қыз жауап қатпады.
– Әбден шаршадың-ау, Күләй.
– Жоқ, әлі тыңмын. Діңкелеп, шаршайтындай көп жүрген жоқпыз ғой. Қарындасының өңінде қуақылық, ағасына деген еркелік бар. Ішінен: «Шаршасам, мені арқалай алмайсың ғой, бәрібір», – деп ойлады. Өйткені ағасының бойы өзінен сәл ғана биік, келсаптай ғана денесі де нәзік еді.
Қыздың үстінде арасына жүн салып сырған көнелеу, өңі қашқан қоңыр күпәйке. Аяғындағысы қалыңдығы екі елідей рәзіңке балон салып табандалған қара пима. Онысының тізеге жетеқабыл қонышын жырып, кері қайырып қойыпты. Аяқтары қыз-қыз қайнап, жылы жүргенімен, пимасы зілдей ауыр. Адымдамай, сүйрей басып әрең жылжиды.
Жолға шыққалы қарсы алдыла­рынан сипай соққан болымсыз жел бірте-бірте қатайып, ызғырығы бет қаратпауға айналды. Жүргіншінің екеуі де іштеріндегі: «Алакөлдің атақты ебісі басталып кетпесе игі еді» деген жымысқы қауіптерін іште жасырып, бірі-біріне сездіргісі жоқ. Қанша сыр бермегенімен де қарындасының шаршай бастағанын байқаған бала аялдай берді.
– Күләй, тоқта. Азырақ демалайық.
Болдырып қалғанын айтуға бағанадан балалық намысы жібермей келе жатқан қыз тоқтады.
– Не Мұқан, сен менен бұрын шаршайын дедің бе? – Ағасына еркелей көз тастап, жылы жымиды.
– Сәл аяқ суытып алмасақ, тез болдырып қалармыз.
Мұқан жүрген сайын жанын сабалап, мазасын алып келе жатқан мойнына асылған кенеп дорбаны шешіп, ішінен бір таба нан шығарды. Екі үзіп, үлкенін қарындасына ұсынып, кішірегін өзі жеуге кірісті.
Сонау ақ таңертеңгі Еңбекші ауылынан шығарда ішкен сұйық атала көженің қанша қауқары болсын. Оның өзі бетінде шабақ көзіндей де жылтыраған майы жоқ, қатықсыз қара атала. Сыр бермегендері болмаса, ағалы-қарындасты екеуінің қарындары ашып-ақ қалыпты. Құрғақ нанды қомағайлана асаған олардың іштеріне «ел қонайын» деді ме, риза кейіп­пен бірі-біріне күле қарайды.
– Мә, мынаны ұртыңа салып, сорып жүр, шөлдемейсің. Мұқаң дорбадан екі түйір малта құрт алып, біреуін қарындасына берді де, екіншісін өзінің аузына салды. Ұртындағы құрт­тан тілі икемге келмей:
– Шүр, көп отырып қалдық. Шүрейік – деп, орнынан ырғала тұрып, қарындасын қолтықтап алды.
…Қорқау қасқырша іш тарта қыңсылай, суыра соққан жел кеудеден кері итеріп, аяқалысты ауырлатып жіберді. Қарсы алдыдан долдана ышқынып, жүрісті өндірмей, жігерді құм етуге айналды. Қос жүргіншінің көңіл түбіндегі «ебі басталып кетпесе игі еді» деген күдіктері расқа шығып, саналарындағы қорқыныш қоюлай түсті.
Мұқан: «Япырмай, боранға ұрынып, көзімнің ақ-қарасындай жалғыз қарындасымды үсікке шалдырып алмасам игі еді. Үстіндегі киімдері де жұқа. «Сары жол» қыстауында біреуді қасқыр жеп кетіпті. «Қарақұмда» ат­ты жолаушыны қасқырлар қамапты» – сияқты суық хабар көбейіп кетіп еді, құдай оның бетін ары қылсын… Орталыққа қатынайтын біреулердің «подводын» тосу кере пе еді, әлде? Бірақ әлдекімнің көлігінің жолы түскенін күтсек, екеуі­міз де оқуымыздан қалып қоятын едік қой» – деген ойын қарындасына қалай айтсын…
Әй, балалық-ай! Далада қалса үстілеріне неше қабат­тап тон кисе де жандарына пана болмайтынын сәби көңіл қайдан білсін. «Аяқтары жұқа еді…» дегені, әйтеуір, ағасына жаны ашығаннан, балауса жүрегін ауыртып, шырылдаған бауырмалдық сезімі де. Әйтпесе, мына табиғат­тың мылқау, дүлей күші кімді оңдырар?!.
Әлсіз де болса жарық сәуле шашып, көңілге медет болып тұрған жылтыраған күннің көзін бұлт екені, боран түтегі екені белгісіз, әйтеуір бір бозғылт мұнар торлап, айнала ымырт жабылғандай қараңғыланып сала берді. Жел құтырына, ышқына ұйытқып, тіршілік дүниесінің астан-кестеңін шығара төңкеріп тастардай долданады. Дауылдың ысқырып, суылдата айдаған ақ жыландары жер бауырлай, ирелеңдей жүйткіп, көз ұшында, әлдеқайда сіңіп жоғалып жатыр. «Жолдан адаспау керек! Адаспау керек!» Әлсін-әлі жоғалып, қайта ұшырасып отырған көрінер-көрінбес жол табанынан көз алмаған Мұқан, қарындасын қолтықтай сүйреп, әрең ілбіп келеді.
Осы кезде оның құлағына сонау алыстан – шығыс жақтан талмаусырай «а-а-у-у-у» деп, үзік-үзік шыққан дауыс естілді. Бір сәт тына қалып, желдің ұйытқи соққан ысылынан әлгі дауыс үзіле-созыла қайталанды. Миында найзағайдай шапшаң ой жарқ ете қалды «Қасқыр!» – Мұқан өз қорқынышын сездірмес үшін және қарындасы сол жантүршігерлік дауысты естіп, шошып қалмасын деп оның құлағына алдаусыратып әлденелерді дауыстап айтып жатыр.
– Тоңып қалған жоқсың ба, жаным… Шыда, Үшаралға жетуге аз ғана қалды… Әбден шаршадың-ау, айналайын…
Бірақ құлағы сақ қыз сұмдық дауыс бірінші рет шыққанда-ақ естіп қойған. «Онсыз да жетісіп келе жатпаған ағатайым естіп қорқып кетпесін» деп, естімеген сыңай танытқан.
Енді бір сәт­те күші сарқылып, діңкелеп, әбден шаршаған қыз өз аяғына шалынып, тәлтіректей басып жерге құлап түсті. Ағасын өзімен қоса ала кет­ті.
– Мұқан, мен енді жүре алмаймын… Шамам жоқ. Осы жерде мені қалдыр да, өзің ақырындап жылжи бер. – Қыз ағасының құлағына жыламсырай айқайлады. – Сөйт, ең болмаса сен тірі қал…
Қарындасының мына сөзінің ащы мағынасынан бойы дір ете қалған Мұқанның денесі безгек ұстағандай қалтырап кет­ті.
– Шыда, жаным. Енді біраз жүрсек, Үшаралға да жетерміз… Аз ғана қалды, шыда… – Жолдың мөлшермен үштен бір бөлігіндейін ғана өткенін білсе де, жақаурата айт­ты.
– Қане, Күләй, менің арқама міне ғой, әбден шаршадың. Ақырындап, жылжи берейік.
– Жо-оқ! – Қарсылық білдіріп, тартыншақтай берген қарындасының қолынан ұстап, екі-үш рет күшене ырғап, арқасына салып алды. Он бес-жиырма қадам ат­тады ма, жоқ па, дүлей боран: «Қайда кимелеп барасыңдар?» – дегендей, ышқына соғып кеткенде, ағалы-қарындас мұңлықтар теңселе, тәлтіректей басып, ақ қар үстіне құлап түсті…
Кеуделерінде, әйтеуір, шықпаған шыбын жаны бар тіршілік иелері құлаған жерлерінен екі-үш ырғала тұрып, бірін-бірі сүйрей алға қарай далбасалап барады. Боран бұларды мазақ қылғандай бірде ысылдай ысқырса, енді бірде шыңғырып әуелете ән салғандай әулекілене ұлиды…
– Мұқан, ананы қара! Ат шана!
«Е-е, жарық дүниеден күдер үзіп, мына азаптан тірі шықпайтынымызға көзі жеткен Күләйді шалық шалған екен. Есі тұманданып, көздеріне ат-шана елестеп кеткен ғой!» – Осыны ойлап, арт жағына бұрылған Мұқан өз көзіне өзі сенбеді. «Менің де көзіме елес көрініп кет­ті ме, әкәу…?»
Кірпіктерін қағып-қағып жіберіп, қайта қарады. Құдай-ау, рас, ат-шана! Танауларынан бу атқылатып, ентігіп, екі өкпесін соққан торы ат тұр. Артындағы жайдақ шанада әлдекім қарайып көрінеді.
– Оу, балалар, мына жүрістерің не? Адасып, ит-құсқа ұрынсаңдар, қайтесіңдер?! Қане, тез шанаға жайғаса қойыңдар. – Сақал-мұрты сүңгіге айналып, бетін суық сорған аласа бойлы қарт көлігінен домалаңдай түсті. Шана үстіне жабылған сұр брезент жабуды көтеріп, балаларға орын әзірлеген ол ұйытқи соққан желмен шала, еміс-еміс естіліп тұрған дауыспен әлденелерді сөйлеп жүр:
– Ой-бу, қарақтарым-ай, енді болмаса жазымға ұшырай жаздапсыңдар. Қанеки, мына киімдердің астына кіре қойыңдар. Майданға жөнелтілетін киім-кешектер ғой. – Қарт бойларын әбден суық жайлап, өз денелерін әрең ұстап тұрған балаларды жұмсақ тондардың үстіне жатқызып, қымтап тастады. Біраз жүрген соң қария тұлыптың Мұқан жатқан тұсын сәл көтеріп, айқайлай сөйледі.
– Еңбекшіден келесіңдер ме, балалар?
– Иә, ата. Таңертең шығып едік, аяқ астынан жел тұрып…
– Құдай сақтады ғой, несін айтасың, – деді қарт қарлыққан дауысын кенеп. – Кімнің баласысыңдар?
– Бекет­тің. Үсенов Бекет­тің. Әкеміз майданда. – Мұқан риза кейіп­пен, мақтаныш сезіммен айт­ты.
– Е-е, бөтен болмадыңдар. Өз балаларым екенсіңдер. Білем Бекет­ті. Анау, жылдары МТС-та бірге істегенбіз. Алтын адам ғой ол, алтын адам, – деп қарт жөткірінді де қайта сөйледі:
– Әскери комиссариат­тың тапсырмасымен ел ішінен майданға жөнелтілетін жылы киімдерді жинап жүрмін. Енді қайтем, «басқа түссе, баспақшыл» деген.
Әлден соң қайтадан дауыстай тіл қат­ты:
– Қалай, Бекет­тен хат-хабар бар ма?
– Бірталайдан бері хат жоқ. Тәтем де күнде тосып, мазасызданып жүр. Майданда хат жазуға уақыт та табылмайды ғой, – деді Мұқан үлкен кісілерше маңғазданып.
– Біздің екі бірдей ұл майданда еді, үлкенінен «ерлікпен қаза тапты» деген қаралы қағаз келді, – деген қарт үнсіз қалып, ауыр күрсінді. «У-у-һ!»
Жылы ішік астында бойы жылып, балбырап, рахатқа батқан Күләй жол бойы көрген мехнатын ұмытып, тәт­ті ұйқы құшағына батып кеткен. Мұқанның да өне бойына ыстық қан жүгіріп, денесі ауыр тартып, маужыраған бей-жай күйге енді. Екі көзін тарс жұмып, терең ойға шомып жүре берді.
…Көз алдына әкесінің күле қараған бейнесі келе қалды. Оның соғысқа ат­танардағы: «Мұқан, осы шаңырақтың иесі енді сенсің. Мына атың өшкір соғыстың қашан бітерін бір құдайдың өзі білер. Түбі жеңіс біздікі ғой. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ. Сол жеңіс сәтін көре алмай, олай-бұлай болып кетсем – шаңырағыңды шайқалтпай, берік ұста. Анаң болса – аурушаң. «Ағасы бардың жағасы бар» деген емес пе, іні-бауырларыңа қорған болып, мені жоқтатпа!»– деп, тарс құшақтап, бет­терінен алма-кезек сүйген сәті елестеді. Әкесінің темекі мен тер сіңген исі мұрнына келгендей, қос танауын тартып-тартып қойды.
Енді бір сәт қысқы демалысқа келіп, енді қайта оқуға қайтуға бет алған бұларды жібергісі келмей, қинала қош­тасқан анасының жүдеу, аянышты түрі елес беріп өт­ті. Соңғы бір-екі күн бойы балалар үйіне қайтпақ болып отырған Мұқан мен Күләйдің көйлек көншектерін жуып, жамап, күйбеңі тіпті көбейіп кеткен. Ала қап түбіндегі таусылуға жақын ұннан, ішіне үнем есебінде кебек араластырып, төрт таба нан пісірген. «Бауырластардың күнде бастары қосыла бермес. Ауыздарын толтырып тоя бір жесінші, «таңғы ас – тәңірден» демекші, ертеңгіні тағы көрермін. Құдай өлтірмес», – деп, екі бірдей таба нанды турап, алдарына салған. Қалған екі дөңгелек таба нан мен қос уыс малтаны жол жүргелі тұрған сырт­тағы балаларының дорбасына салып жатып:
– Балалар үйінде қайбір құнарлы тамақ бар дейсің, жүректерің қарайғанда өздерің бір мезгіл өзек жалғаңдар, – деген. Ғазиз ана ол жердегі балалардың ең соңғы түйір нандарын бөлісе жеп, бірі-бірінсіз жұтым судың да тамақтарынан өтпейтінін қайдан білсін. Жүрерде: «Әй, көріңде өкіргір. Китлер. Сенің салған ылаңың болмаса, ішімнен шыққан балапандарымнан тіріде айы­рылармын ба? Қайтейін, бір құдайға тапсырдым» – деп, көздерінен аққан алты тарам жасты ескі салысының үшімен сүрте тұрып, ет жүрегі езілердей қимай қоштасқан. Салқын үйде, жамау-жамау көйлектерінен қарындары жарқырап, бозара тоңып, өздерін жібергілері келмей бұртиған жәудір көз бауырларының жүдеу кескіндері көз алдына келді.
…Әулет­те бір анадан бұлар алтау еді. Ең үлкендері Мұқан мен Күләй. Үпір-шүпір алты бірдей баланы асырау қиындап, ересек деген осы екеуін анасы аудан орталығындағы балалар үйіне берген. «Сорлыға сойыл тиер» деп, балалардың нәпақасы – ауыздарына ақ тигізіп отырған жалғыз сиыр қыс ортасында пышаққа ілінді. Өкпесінде бір гәп болды ма, жиі жөтеле беруші еді, ақыры тұра алмастай құлады. «Арам өлгенше бала-шағаға қызыл болсын» ойымен, әйтеуір, бауыздатып үлгерді. Ауылдастарының жетісіп отырмағанын көріп жүрген ана қасапқа ілінген сиырдың етін жалғыз жеуге қалай дәті барсын. «Өле жегенше – бөле жейік» деп, бәріне пышақ үстінен таратып берген. Өзі буаз, көтерем сиырдың көкшандыр еті қызылсырап отырған бүкіл ауылға қанша талғажау болсын, баяғыда-ақ таусылған. Сонда да: «тек өзіме ғана болса» деген бір адам жоқ. «Біз әйтеуір, ел ішіндеміз ғой, қан кешіп, ел қорғап жүрген ер азамат­тар ашықпасын. Солар тоңып қалмасын» – деп, жиған-терген астық, азық-түлікті ауыздарынан жырып, әскери комиссариатқа өткізеді. Ұзақ күнге колхоз шаруасына жегілген қыз-келіншек пен кемпірлер түннің жарымына шейін майданға жөнелтілетін шұлық, кеудеше тоқып, тон, байпақ тігеді. «Қап, ертерек тумаған екенмін. Сонда әкеммен бірге мен де майданға ат­танған болар едім. Көк жүзінде қыранша самғап, бүйірінде бесжұлдыздары жарқыраған айырпыланмен жауға қырғидай тиіп, үрейін ұшыра, төбелерінен ажал оғын себер едім. Көрсетер едім оларға бейбіт жатқан елге шабуыл жасап, халықты күндікте, құлдықта жүргізгісі келгенді». Мұқанның бұл ойы басқа бір сурет­терге алмаса берді.
…Сумаңдап, біресе бастарын тік көтере, біресе жер бауырлай ысылдап жорғалаған жылан тәрізді ақ түтек боран ішінде әкесі еңбектей жылжып келеді. Ауыр жаралы. Тәнінен тамған қызыл қан ақ қар үстіне ұзыннан ұзақ жол салып, сонау көз ұшына созылады. Қанды жолды тіміскілей иіскелеген үш бірдей қасқыр әкесіне таяп қалыпты. Қайдан барғаны белгісіз, әлгі жерде өзі пайда бола кет­ті. Қолында үлкен ақ сойыл. Әкесіне тақаған қасқырларға ұмтылмақ еді, зілдей болған аяқтарын орнынан қозғай алар емес. Сойылы да жерге жабысып қалғандай, көтере алар түрі жоқ. «Әкемді жеп қоятын болды-ау…!» – Бойындағы күшін жинап бар дауысымен айқай салды:
– Әке, сақтан! Қасқыр!
Бірақ қанша айқайласа да, дауысы шығар емес. Өзіне де естілмейді. «Жейді-ау!» Міне, көздері шоқша жанған бөрілер отыра қалып, бастарын көкке көтеріп ұли бастады. Дауыстарының зәрлісі-ай! Енді әкесін қоршай тұра қалысты да, артқы аяқтарымен ақ қарды бұрқырата шашып жатыр. Атылды! Айдақ-сайдақ тістерін салып, үш жақтан жұлмалауға кірісті. Айнала қып-қызыл қанға боялған…
– Әке, әке! Өз дауысынан шошып оянды. Қара терге түсіп кетіпті.Ұйыған аяқтарын қозғай алар емес.
– Не болды, балам, жан даусың шықты ғой. Басыңды көтерші, жәйсіз түс көрдің бе, әлде?..
Қария Мұқанның аларып кеткен көздеріне шошына қарады. Пәңгіріп қалған адамша меңірейіп отырған бала есін жия алар емес.
– Пісміллә, пісміллә, – деп айта ғой, балам…

* * *

– Қатардағы жауынгер Үсенов сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр. – Жертөлеге келіп кірген Бекет рота командирінің алдында сымдай тартыла қалды.
– Қане, кел, отырып әңгімелесейік, Бекет, – деді әшейінде қатал, ресми­лікті сүйетін капитан Беков.
Арқалықсыз орындықты ысырып, сөзін жалғады:
– Байланыс тағы үзілді. Жағдай қиын.
– Командир жауынгерді сынағандай, жүзіне барлай қарады.
– Маған орындауға рұқсат етіңіз, жолдас капитан.
– Осылай деп айтарыңды біліп едім, Бекет. Саған деген сенімім алдамапты.
Командирінің қандай жағдайда да селт етпейтін, салқынқанды екенін Үсенов білетін. Бірақ тап қазір өңінде қобалжу бар сияқты.
– Сапарың өте қауіпті. Төрт бірдей байланысшы екі-екіден кезекпен жіберіліп, олар тапсырмадан оралмады. Ендігі бар үмітіміз өзіңде.
– Жолдас капитан, орындауға рұқсат етіңіз! – Орнынан тұрған жауынгер кетуге ыңғайланады.
Командирінің қобалжитын жөні де бар. Өйткені Беларуссияның Н. қаласы үшін жүргізілген шайқастар сұрапыл болып тұр. Қала кешеден бері үш рет қолдан-қолға өт­ті. Екі жақ та өліспей берісер емес.
…Байланыс ап­паратын арқасына таңып, сол иығына автоматын ілген Бекет атыс даласы арқылы өтетін байланыс сымының үзілген жерін іздеп, ұзақ еңбектеді. Қойны-қонышына толған көбік қарды елер емес. Азынай соғып тұрған суық желде тоңу қайда, қара тер басып, ыстықтап кет­ті. Тапты-ау, ақыры! Автоматын жанына қоя салды да, үзілген сымның ұштарын жалғауға кірісті.
– Хальт! Хенде хох! – Құлағына түрпідей тиген оқыс дауыстан селк ете түсті. «Немістер! Әлгі төрт майдандас достарымды мерт еткен де осылар болды ғой. Жауыздардың енді менің де күнімді батырғаны ма. Жоқ, олай бола қоймас, жауынгерлік тапсырманы да орындап, жастығымды да ала кетермін!»
Осыны ойлап үлгеріп, жалма-жан автоматын алуға ұмтылды. Тарпа бас салып, қаруының дүмімен құлаштай ұрмақ болған неміс офицерінің соққысын тигізбей аунап кетіп, оны оң аяқпен тізеден теуіп құлат­ты. Қынындағы сенімді серігі – «финкасын» суырып үлгерген Бекет үстіне төне түскен дұшпанының өкпе тұсына пышағын сермеп үлгерді. Қаны атқылақтаған жау сұлқ түсті. Жығылып жатқан екінші неміс офицері әккі қу болса керек, өзіне сілтенген пышақты бойына дарытпай, бір бүйірге қарай бұлт етіп домалап кет­ті.
…Сарт-сұрт, ырс-ырс. Екі жақ та өмір үшін алысып, жанталасып жатыр. Бекет анадайда қарға көміліп қалған қаруын қолға түсіргісі бар, бірақ арпалысқан қос дұшпан оған жіберер емес…
…Ертеңіне Совет жауынгерлері кескілескен соғыстан соң Н. қаласын алды. Кешегі болған оқиғаны көрмесе де, Бекет Үсеновтың жаудың үш бірдей әскерімен жұлқысып, өз жанын қия отырып, бұл жеңіске қандай үлес қосқанын арпалыс орнын көргендердің бәрі түсінді.
…Жаудың екі солдаты екі жерде қызыл қанға бөгіп жайрап жатыр. Анадайда неміс офицерін астына баса жығылған Совет жауынгері. Қазақ жігітінің қос қолы дұшпанының алқымында сіресіп, қатып қалған. Аузында байланыс сымының екі ұшы. Сымдарды тістеп, байланыс орнатқан күйі жан тапсырыпты…
* * *
…Алакөлдің «ебі» бораны астында қаршадай қарындасымен қалып, жолшыбай кезіккен қария көрінеу өлімнен құтқарып қалған арық қара бала – Мұқанның арада бірнеше жыл өткенде сәби кезіндегі арманы орындалып, ұшқыш боларын кім болжап, білген?! Ол Ресейдің Щадринск жоғарғы әскери ұшқыштар мектебін тәмамдап, өзі түсінде көрген қызыл қанат истребительмен қырандай жүйткіп, түпсіз аспан кеңістігін шарлайтынын да ешкім білген жоқ. Әрине, бұл кезде соғыс өрті өшіп, ел көксеп, армандаған тыныштық өмір орнаған еді. Әскери авиация капитаны Мұқан Үсенов әкелеріміз бен ағаларымыздың қанымен, жанымен келген бейбіт тіршіліктің аспанын күзетіп, ел тыныш ұйықтау үшін найзағайдай жарқылдап, заңғар көкті шарлап жүр…
Сондай әуе сапарларының бірінде әкесі Бекет Үсеновтың Беларуссиядағы майдандас досы Епишев Николайды іздеп тауып, әкесінің жанқиярлық соңғы ерлігі мен қазасын соның аузынан естіген еді.
Иә, енді өмірдің де, табиғат­тың да дүлей бораны ешқашан қайтып соқпаса екен…

Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақ­стан Жазушылар және
Журналистер Одағының мүшесі,
Қаратал ауданының
құрмет­ті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір