КҮРЕСКЕР КЕЙІПКЕРЛЕР
Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері шағын жанрда жазып жүрген Жанар Әбдішова әңгімелерінің алғашқы жинағын «Өмір сүргім келеді» деп атапты. Негізінде оқырман Жанардың әңгімелерімен «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», т.б. басылым беттерінен көптен таныс.
Өз басым осы автордың әр жаңа туындысын қалт жібермей оқуға тырысамын.
Шығарма кейіпкерлерін жарық дүниедегі тіршіліктің қиындығы қаншалықты күйзеліске түсірсе де, олардың өмірге деген құштарлығы сан қилы қызықты сюжеттер арқылы ерекше баяндалады. Жанардың кейіпкерлері қаншалықты жолы болмай жүрсе де, ілгері ұмтылғыш, жан алып, жан беретін қайсар, өжет аналар, намыстан қайралып, ширыққан қыздар, жалпы өмір сүру үшін күрескен әйелдер…
Дүниеде әйелден төзімді жан жоқ. Оны адамзат мойындайды. Алайда, «төзім деген тамаша қасиет, ұзақ төзуге өмір қысқа» (М.Әуезов). Осы ұзақ төзімді арқалаған әйелдің бір басында тіршіліктегі таршылық, қазіргі заманғы жоқтық пен бүгінгі жұмысындағы қудалау сияқты келеңсіз оқиғалар – «Көк көйлек» әңгімесінде баяндалады. Ұстаздық деген мамандықтың жауапкершілігін жан-тәнімен сезінетін Жібек мектептегі жұмысын басқалар үлгі алатындай абыроймен атқарып жүр. Бірақ күндердің күнінде жоғарыдан келген «сүрмеленген қысық көзін ажырайта қараған» тексерушілердің біріне: «Тексереміз деген желеумен қанша сабақ өз жөнімен өтілмей жатыр.Сіздерге тамақ пісіріп, шыр-пыр болып, қанша оқытушы жүр… Сіз қадалып отырған мұғалім ең жақсы ұстаз. Анау: «Жазғандары жақсы екен! – деп мақтап отырған мұғаліміңіздің берген он сабағы оның бір сабағына татымайды. Ылғи сабақтарына қатысып, көріп, біліп жүрген соң, қорықпай айта аламын! Жақсыға жабысқанды бірінші рет көріп отырмын!», – деп айтқан сөзімен бүкіл ұжымға жексұрын болады. Автордың суреттеуінде: «Жан-тәнімен беріліп, атқарып жүрген жұмысын бұралқы иттей пайда болып кеткен әлдекімнің қаралап кеткені – асылына, қымбатына ит сарығандай әсер етіп кетті. Бастапқы кезде тексеру есіне түссе, бетіне алапестің түкірігі шашырап кеткендей жиіркеніп, жиырылып, шіміркеніп қалатын… Қазір уақыт өте ұмытылайын десе де. …Бірақ жүрегіндегі маздап жанып тұрған шамшырағын өлімсіретіп кеткендей болды. Өз-өзіне көңілі толмай, өкінеді. Кібіртіктей басып, мектепке келеді. Бұрынғы өзі басқарып жүрген әдістемелік бірлестіктің жұмысынан да бас тартып, тек қана бір жүктемелік жұмыспен шектелетін болды. Күйеуі де мектеп мұғалімі. Екеуінің табысы қанша жинаса да, бір «төрт дөңгелек» алуға жетпейді. Ержетіп қалған, бойжетіп қалған ұл мен қыздың компьютері түгіл олардың сыныптастарынікіндей тәуір киімдері жоқ. Балаларының айтқандарын алып берген соң, «мәшине мінсек» деген арманды да ағын суға жіберген, қағаздан жасаған қайықтай, қалтылдап, алыстай берді. Жалақы алған сайын жаңа киім алатын бұрынғы әдетін де ұмытты… Сағы сынып, жаны жүдеген Жібек мұғалім енді кір көтергіш көк көйлеген үстіне тастамай киетін болды.
Ал шәкірттері киімі жүдеу, көңілі пәс мұғаліміне мүсіркей қарайды. Жібек бұл күнде бұрынғыдай әлемде болып жатқан жаңалықтармен байланыстыра түсіндіремін деп, жанын жеп, кітапханадан кітапхананы, кітаптан кітапты, күнделікті баспасөз беттерін ақтаруды қойған. Міне, кейіпкер үшін бар трагедия осы жерден басталды. Жаңа директор келгелі ай сайын мұғалімдерден жинайтын азын-аулық ақшасын үнсіз беріп, бастықтың көңілінен шықсаң болды. …Жібектің бастауыш сыныпта оқытқан шәкірттері жоғары сыныпқа келгенде баяғы көк көйлекті әлі киіп жүргеніне оқушылар, әсіресе, қыздар намыстанады. «Осы жексұрын көйлектің көзін құртпасам, мен Мәнсия болмай кетейін! – деді отты көздерін кластастарына қадап». Жексұрын көк көйлектің көзін құртуға бел байлағандар ақыры амалын тауып, көйлекті төрт жерден тесіп, күйдіріп тастайды. Ертеңінде Жібек апайларын оқушылары тағатсыздана, мектеп дәлізінде күтіп тұрды. «Апайлары келді, аман-есен, арайлы жүзі нұрланып, жібектей дауысын созып амандасты, мұғалімдер бөлмесіне кіріп, сырт киімін шешіп, қайта шықты. …Үстінде сол көк көйлегі… тек төрт тесіктің үстіне төрт үлкен баданадай-баданадай көк түйме қадап, артын алдына қаратып, қайта тігіпті».
Автор кейіпкерлері үшін отбасынан артық бақыт жоқ. Қазіргі қазақ қоғамында отбасының бүкіл ауыртпашылығын бурлактар сияқты тартып келе жатқан жаны нәзік, бірақ рухы мықты әйелдер қаншама. Солардың бәрін болмаса да, біразын Жанардың әңгімелерінен кездестіреміз.
Өмір уақыттан тұрады. Адам уақытпен бәсекеге түскендей, асығып, уақытты басып озғысы келеді. Адам асықса да, Алла тағала асықпайды. Бәрі өз ретімен… Жанардың әңгімелеріндегі пасық, менмен адамдар, тұла бойын қызғаныш билегендер, ошағын ойрандаған опасыздар, қара басының қамын күйттеген сатқын алдамшылар бәрі де күндердің күнінде құдайдың қаһарына ілінеді. Жаратылыс заңындағы жүйе бұзылмайды екен. Мың асқанға – бір тосқан. Зауал деген ауыр сәт өмірдегі жамандықтың есебін түгендемей қоймайды. «Найзағай», «Қызғаныш па, жоқ әлде қорлық па екен?», «Сұлулық киесі», «Жауапты тапсырма», т.б. әңгімелеріндегі хикаяларды оқып, оқушы санасына осындай сенім ұялап, сабырлыққа келетіндей әсер бар.
Жалпы, кітаптың өн бойында ұлтқа ғана тән этнолексемалар (сөздер) жиі кездеседі. Бұл автордың менталдық жеке тілдік білім ерекшелігін көрсетеді. Демек, өмірден көрген білгені мен түйгенін эстетикалық-көркемдік таныммен терең ұштастыруы әңгіме мәтіндерінде шығармашылық шеберлікпен талданады.
Қаламгердің шағын сюжетті әңгімелері үлкен тартыстан тұрады, қат-қабат оқиғалар тізбегі композициялық құрылымды әлсіретпей, тұтасқан күйде қисынды басталып, идеялық шешіммен аяқталып жатады. Жанардың әңгімелеріндегі «е, бәсе дегізетін» таныс, «сұмдық-ай, неткен жауыздық дегізетін» бейтаныс кейіпкерлердің тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды. Бір деммен тез әрі әсерлі оқылады. Қазір «миниатюралық жанр» (әңгіме) белең алып келеді деген пікір бар. Өмірдің желдей ескен сәттері, кітап оқуға уақыттың жетпеуі шағын сюжетті, қысқа жазылған дүниелерді қарауға итермелейді. Шағын әңгімедегі көп спектрлі бояулармен астасқан оқиға көріністері жалықтырмай жетелей береді. Жанардың әңгімелерін оқығанда осындай ойда болдық.
Гүлдархан Смағұлова,
профессор.