Абай облысында басшылар жауапқа тартылды
Абай облысында құқық қорғау органында жұмыс істейтін қызметкер сыбайлас жемқорлық бойынша айыпты болғаны үшін 7 басшы жауапқа тартылды.
Таяуда Абай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жергілікті полиция департаментінің басшылығымен және ұжымымен кездесу өткізді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Онда құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу маңыздылығы жайлы сөз болды.
«Мәселен, Семей қалалық Полиция басқармасы тәртіп сақшысының пара алу фактісі анықталды. Енгізілген ұсынымның қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлға мен оның басшылығы жұмыстан шығарылды. Жалпы бір жылда өңір бойынша құқық қорғау органы қызметкерінің сыбайлас жемқорлығы үшін 7 басшы жауапқа тартылған», – деп хабарлады ведомстводан.
Кездесу барысында Абай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Данияр Ақуан қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін және ұжымда жемқорлықтың алдын алу шараларын қолданбағаны үшін басшылардың арнайы жауапкершілігін еске салып, тек заң шеңберінде жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Абай облысының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Берік Амангелді сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.