Күләш Шәмшидинова: Әлем сан мәрте білім берудің үлкен әлеуетін көруге мүмкіндік алды
Күләш Шәмшидинова әлем сан мәрте білімнің зор әлеуетіне көз жеткізуге мүмкіндік алғанына сенімді
Еңбек нарығы қалай өзгереді және мамандықтар жойыла ма? Девопстер деген кімдер және ғарыш қызметкері сұранысқа ие ме? Жас болу оңай ма? Неліктен IGeO жеңімпаздары Ақтөбедегі NIS-те оқиды? Зияткерлік мектептер домбыраны Гиннестің рекордтар кітабына қалай енгізді? Бүгін осы және өзге де сауалдарға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова жауап береді.
– Күләш Ноғатайқызы, дәстүрлі сауалымыздан бастасақ. Бүгін еңбек нарығының трансформациясы аясында білім беру жүйесі қалай өзгерді?
– Өркениет тарихында еңбек нарығы ешқашан тап қазіргідей қарқында өзгеріске ұшыраған емес. Әлем дәл қазір жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр, бұл геосаяси оқиғалар, пандемия, санкциялық процестер, кибер шабуылдар, жалған соғыстар, әлеуметтік желілердің эволюциясы және басқа да құбылыстар және бұл өзгерістердің соңы болмайды. Адамзат еш мамандықтың өмір бойы сұранысқа кепілдік бере алмайтынын түсінді. World Economic Forum болжамынша, қазіргі бастауыш сынып оқушыларының 65 пайызы бүгінде жоқ салаларда жұмыс істейтін болады.
Жаһандану және техникалық прогресс адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуда, алайда ол еңбек нарығын сан мәрте трансформациялайды, сәйкесінше кей мамандықтар жойылып, оның орнын жаңасы алмастырады. ХХІ ғасырдағы стратегиялық тұрақсыздық болашақты бұлыңғыр етіп көрсетеді. Әрине, сенімсіздік қорқыныш ұялатады, уайым алаңдатпай қоймайды. Бұның салдарынан адам таңдау жасау мен келешегін жоспарлауда қиналып қалады.
Бар жоғы жеті жыл бұрын университет түлектері DevOps болуды армандамады да, ал 2021 жылы компаниялардың жартысынан көбі осы мамандарды іздеді. Deloitte алдағы 20 жылда заңгерлік қызмет нарығындағы 40%-ға жуық маманды жасанды интеллект негізіндегі шешімдер ауыстыруы мүмкін дейді. Cognitive Technologies болжамынша, 2030 жылға қарай ірі қалалар жолдарындағы жүргізушісіз көліктердің тығыздығы 87%-ға жетеді, ал такси қызметі мүлде қажет болмай қалады. 2020 жылдың басында-ақ жарты жылдан кейін, бүкіл әлемді індет жайлаған сәтте, айти мамандар мен заңгерлер және қаржыгерлерді арнайы білімі бар медбике ығыстырып шығатыны ешкімнің ойына келмеді. 2005 жылы сарапшылар он жылдан кейін сұранысқа ие мамандықтар қатарын ғарыш қызметкері толықтыратын мәлімдеген болатын, 15 жыл өтті, бірақ жұмыс іздеу сайттарында бұндай вакансия әлі жоқ. Экономика жоғары мектебінің еңбек нарығын зерттеу зертханасының мәліметінше, эмпатия деңгейі жоғары мұғалім, тәрбиеші, бала күтуші және басқаларды роботтар ешқашан алмастырмайды.
Нәтижесінде бүгінгі еңбек нарығында бизнесті автоматтандыру мен жұмыс орындарын цифрландырудың қарыштауы; қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер санын арттыру; гибридті кеңселердің пайда болуы; ақпараттық қауіпсіздік, медицина, логистика, фармацевтика саласындағы цифрлы мамандарға сұраныстың артуы; қажетті дағдыларға ие мамандар үшін жұмыс берушілер арасындағы жоғары бәсекелестік; ойын дизайны саласының дамуы тенденцияларын байқап отырмыз.
Еңбек нарығымен бірге біздің құндылықтарымыз да өзгеріп отыратынын атап өтпей кете алмаймын. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін еңбексүйгіштік, ертеңгі күнге сенім, жауапкершілік, құрмет бағаланса, жиырма бірінші ғасырдың басына қарай олар прагматизм, өзіне сену, жеке еркіндікпен толықтырылды. Бүгінгі мектеп оқушылары шешім қабылдауда жайлылық пен тәуелсіздікті бағалайды, қоғамдағы иерархияны жоққа шығарады және болашақта білім оларға не беретіні туралы ойланады. Ал 2025 жылға қарай, сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект, материалдық емес тұтыну, ашықтық пен толеранттылық басты орынға шығады. Сондықтан трансформациялық процестерді құндылықтармен байланыстыра қарастыру керек.
– Бүгінгі мектеп оқушылары тұрақсыз еңбек нарығы жағдайында ғана емес, өзгерген қоғамда өмір сүріп жатыр.
— Олардың өмірі ата-аналарымен салыстырғанда анағұрлым күрделірек, өмір сүру темптері өзгеше. Балалар әке-шешесінің бала кезде бірнеше ай немесе жылда басынан өткерген оқиғаларын бір аптада кешеді. Осыдан екі-үш онжылдық бұрын олар отбасы, сынып, жақын-жуық, аулалық ұжым, балалар мен жасөспірімдер ұйымдары сияқты шағын топта өсті және әрқашан бір ересек адамға байлаулы болды. Ал бүгін мүлде басқа, нәзік байланыс үзілген жаңа жағдайға тап болды – енді мектепке дейінгі жастан бастап кең ауқымды әлеуметтік ортада өмір сүре бастады, ал цифрлы технологиялар дәуірінде бұл тіпті бүкіл планетаны қамтиды, сондықтан балаларға отбасы мен мектеп тарапынан қамқорлық, сүйіспеншілік және қолдау көрсету өте маңызды. Өзгермелі әлемде өмір сүріп жатқан оларда жаңа білімді алу үшін үлкен потенциал бар. Өмір құбылмалы, бүгінгі мектеп оқушылары күтпеген өзгерістерге дайын болуы үшін біз білім беру жүйесін қоғамның жаңа сын-қатерлеріне сәйкес және қазіргі балалардың ерекшеліктерін ескере отырып түзетуіміз қажет.
– Демек, бүгінгі таңда тек дәстүрлі пәндік білім беру жеткіліксіз бе?
– Әрине, білімге деген көзқарасымызды, білім берудің мақсаты мен үдерісін қайта қарауымыз керек. Жаңа заманда алған білімді шынайы өмірмен байланыстыру, бейтаныс контексттерде қолдана алу өнері талап етіледі. Фундаменталды білім маңызды, бірақ даму пен табысқа жету үшін ол жарамайды. Сондықтан көптеген педагогикалық институттар, халықаралық ұйымдар және ұлттық мектеп жүйелері білім беру мазмұнын жетілдірудің жаңа бағыттарын іздестіруде. Осы жерде айта кететін жайт, білім мазмұнын жетілдіру үнемі жалғасып отыратын процесс болғандықтан, бұны бағдарлама авторларынан бастап педагогтерге, ата-аналардан бастап жоғары деңгейдегі басшыларға дейін барлығы түсінуі, ал қоғам бұл өзгерістерге дайын болуы және оларды қолдауы керек.
Білім беру жүйесі оқушыларды біздің бүгінімізге емес, олардың болашағына дайындауға бағытталған. Заманауи жаһандануда адамның онсыз жұмыс істеуі мүмкін емес немесе қиын болатын белгілі бір салалардағы негізгі практикалық білімдер сауаттылықтың әртүрлі түрлерімен ұсынылады. Мысалы, Зияткерлік мектептерде бағдарламаның мазмұнына сауаттылықтың әртүрлі түрлері енгізілген. Негізгі құзыреттіліктер Шеңбері функционалдық сауаттылықты дамытуға мүмкіндіктер беретін сауаттылықтың 12 түрін қамтиды. Соңғы жылдардағы пандемия, қоршаған ортаның ластануы, геосаяси процестерге байланысты медициналық сауаттылық, деректер сауаттылығы, бағдарламалау және кодтау саласындағы сауаттылық қосылған.
Болашақта әлемдік білім беруді толық цифрлы трансформация күтіп тұр, бұл бүкіл оқыту үдерісін ұйымдастыру кешенін қамтиды: мазмұнды қайта қарау, оқыту әдістері, ресурстармен қамтамасыз ету, мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін және оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамыту. Жоғары мектепте «Информатика» пәнімен қатар «Бағдарламалау» пәнін енгіздік, ол балаларға компьютерлік кодтарды оқу мен тануға және алгоритмдерді жасақтауға, логиканы дамытуға, құрылымдық ойлауға және коммуникациялық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік беретін әмбебап сауаттылықты қалыптастырады. Сондай-ақ «Киберқауіпсіздік және ақпараттық қауіпсіздік», «Заттардың құрылымын кванттық-химиялық модельдеу», «Урбанистика», «Биологиялық процестер мен жүйелерді модельдеу», «Өнер арқылы эмоционалды интеллектті дамыту» элективті курстары енгізілді. Оқу процесін оңтайландыру үшін арнайы технологиялар әзірленді: емтихан жұмыстарын тексеруге арналған E-marker платформасы, химия, физика және биология бойынша емтиханның практикалық бөлігін орындауға арналған тренажер, функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған тренажер, NIS Online және NIS Lab платформалары.
– Күләш Ноғатайқызы, ертеңгі мамандықтар туралы бірер сөз.
– Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, олар келесі 7 бағыт бойынша топтастырылады. Бұл күтімнің экономикасы, яғни стерильділікті қамтамасыз ету, ДНҚ транскрипциясы, медициналық дозиметрия, сәулелік терапия, модельдеу. Бұл үлкен деректер мен жасанды интеллект, инженерия, сондай-ақ жасыл экономика, оның ішінде қалдықты қайта өңдеу, денсаулық пен қауіпсіздік стандарттары, Email-маркетингке қатысты мамандықтар. Болжамдарға сәйкес, тестілеу және бағдарламалық қамтамасыз етудің өмірлік цикліне, өндірістік операцияларға, графикалық дизайнға, цифрлық маркетингке жауапты өнімдерді әзірлеу, сату және маркетинг саласындағы мамандықтар өзекті болады. Және, әрине, адаммен жекелей жұмыс істейтін мамандар, соның ішінде психологтар, психиатрлар, психотерапевтер, когнитивтік сұрақтар бойынша мамандар – коучтер, даму бойынша кеңесшілер, әртүрлі тренингтердің жүргізушілері, іскерлік ойындарды ұйымдастырушылар, өйткені кез келген жаңа бәсекеге қабілетті өнімді жасау кезінде интеллектуалдық жұмысқа бір кісідей жұмыла алатын адамдарды көбірек тарту қажет. Медицинада арнайы дербестендірілген препараттарды әзірлеуге және сынауға, сондай-ақ өмірді ұзартуға байланысты салалар дамиды, жақын арада қартаюға қарсы маман, генетикалық кеңесші, клиникалық биоинформатик және әдемі қарттық жөніндегі кеңесші пайда болуы мүмкін. Құрылыс әрқашан бүкіл экономиканың дамуын қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық салалардың бірі болған және бола береді. Жақын арада бұл салада ұтымдылыққа, энергияны үнемдеуге және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге бағытталған онға жуық жаңа мамандық пайда болады: ақылды үй инфрақұрылымының дизайнері, құрылыстағы экоаналитик және энергиясыз үйлердің сәулетшісі.
Демек, «оқыдым – мамандық алдым – дағдыларымды жетілдірдім – мансап жасадым» деген парадигма өткен күннің еншісінде қалып барады. Логикалық және сыни ойлау, күрделі мәселелерді шешу және бірлесіп жұмыс істеу қабілеті сияқты жоғары дәрежелі когнитивтік дағдыларға сұраныс артып келеді. Әлемнің барлық аймақтарында бұл дағдылар жұмыс берушінің түсінігінде ең құндылар қатарына кіреді.
Көбіне білім беру саласындағы ғалымдар мен сарапшылар IQ деңгейі жоғары адамдардың жолы болмай, ал салыстырмалы түрде қарапайым IQ-ға ие адамдардың жұлдызы жануына қандай факторлар әсер ететіні жөнінде ойланады. Бұның жиі аталатын себебін өзін-өзі ұстау, бастамашылық, табандылық және өзін-өзі жігерлендіру қабілетін қамтитын эмоционалды интеллект деп жатады.
Мамандықтар шекараны бұзуда, мультиәлеуетті адамдар дәуірі келе жатыр. Олар кімдер және олар үшін не басымдырақ? Өздеріне ыңғайлы жұмыс кестесі; тапсырмаларды таңдау мүмкіндігі; көпфункционалдылық, кәсіптердің тоғысында жұмыс істеу; бірнеше жобаны қатар жүргізу мүмкіндігі; команданы ұлғайту және көшбасшылардың жауапкершілігін азайту. Сондықтан келешектің кәсіптері – экономика мен еңбек нарығындағы трансформацияға байланысты дағдылар мен білім құрылымының өзгеруі болса керек.
– Зияткерлік мектептерді құру – тәуелсіздіктің ең сәтті жобаларының бірі. Биыл NIS 15 жылдығын атап өтуде. Жүйенің қандай жетістіктерін негізгілері деп атауға болады?
– Жиырма бір Зияткерлік мектеп салынып, табысты жұмыс істеуде. NIS-тің стратегиялық серіктестері болып әлемнің үздік білім беру ұйымдары саналады – Нидерландтағы Cito Педагогикалық өлшеулер орталығы мен CIS Халықаралық мектептер кеңесі, Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің халықаралық бағалау және білім беру кеңесі, АҚШ-тағы Джонс Хопкинс Университетінің дарынды жастар орталығы, Халықаралық бакалавриат және өзге де институттар бар.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Білім-2030» жобасы мен, WALS Сабақты зерттеу Дүниежүзілік Қауымдастығының сараптамалық кеңесі мүшесі, WRO Дүниежүзілік робототехникалық олимпиадасының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі және басқа да беделді ұйымдардың миссиясын жалғастырып келеді.
12-сынып оқушысына берілетін сертификат беделді жоғары оқу орындары мен UK NARIC (Ұлыбритания), NUFFIC (Нидерланд), Swiss Education Group (Швейцария), KMK (Германия), UCAS (Ұлыбритания) және ANABIN (Германия) халықаралық аккредиттеу ұйымдары тарапынан мойындалды. Ұлыбритания, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Сингапур және өзге де елдердегі 38 университет NIS түлектерін Foundation бағдарламасынсыз бакалавр дәрежесінің бірінші курсына, ал 19 отандық университет бакалавриат бағдарламасы бойынша қысқартылған оқу түріне қабылдайды.
2019 жылы дербес білім беру ұйымы «Білім-2030» жаһандық жобасының мақсаттарына жету жолында NIS пен университеттердің серіктестігі үшін ЮНЕСКО-ның «Wenhui Award for Education Innovation» халықаралық сыйлығын иеленді. Бұл жетістік жоғары оқу орындармен табысты ынтымақтастықтың белгісіне айналды.
Соңғы бес жылдықта 50-ден астам шет елдердің озық білім беру институттары NIS-пен арадағы байланысты дамытуға ерекше қызығушылық танытты. Қатарда Финляндия, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Гонконг, Австралия, Түркия, Әзірбайжан, Балтық жағалауы елдері, Ресей Федерациясы, Малайзия және тағы басқалары бар. Олар Зияткерлік мектептердің бірегей жүйесін жоғары бағалады: NIS-Programme ерекшеліктері, OnlineMektep жүйелік-әдістемелік кешені, STEM басымдықтары мен NIS Hub, сондай-ақ ұйымдық құрылым, білім беру үрдісі мен тәрбие жұмысы, халықаралық аккредиттеу мен стратегиялық серіктестік, орта білім беруді әдістемелік қолдау мен тәжірибе тарату.
Зияткерлік мектептердің оқушылары ел мен әлемдегі академиялық жетістіктердің жеңісті марафонын жалғастырды, NIS тарихында білім алушылар беделді халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жарыстар мен конкурстарда 15800-ден астам түрлі дәрежедегі медалді жеңіп алды.
2022 жылы Ақтөбедегі NIS «география пәнінен әлем чемпиондарын шығаратын ұстахана» деген атақты бекітті. Санжар Хамитов өзінің тренері Рустам Валеевтің жеңісті эстафетасын қабылдап, International Geography Olympiad-тың Қазақстан тарихындағы екінші алтынын иеленді, сондай-ақ Санжар географиядан Еуропа олимпиадасының да жеңімпазы атанды. Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-тен Таир Сатубалдин Жәутіков олимпиадасының үш дүркін чемпионы атанып, Зияткерлік мектептердің жоғары стандарттарын растады.
2017-2022 жылдар аралығында NIS құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша бес рет үздік команда болып танылды.
Зияткерлік мектептердің 165 оқушысы математика, информатика және бағдарламалау саласындағы авторлық құқық иегерлері, 48-і химия, нанотехнология және биология саласындағы патент иегерлері, 220-дан астамы инновациялық стартап-жобалар мен идеяларды іске асыру үшін 60 миллион теңгеден астам және 100 мың АҚШ долларынан астам сомаға ақшалай гранттар ұтып алды.
GCE-A level, Cambridge-A level (Ұлыбритания) стандарттарына сәйкес келетін емтихандардың қорытындысы бойынша Зияткерлік мектептердің түлектері барлық пәннен әлемдегі көптеген мектеп түлектерінің нәтижелерінен асып түседі (2019 жылдан бастап орташа есеппен 15%-ға). Халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша тұрақты жоғары балды NIS IB түлектері көрсетеді. Халықаралық Бакалавриат дипломын алғандардың үлесі 94% жетсе, әлемде бұл көрсеткіш 85% құрайды.
15 жыл ішінде Зияткерлік мектептерді 17 000-нан аса түлек тәмамдады, олардың 92% отандық және шетелдегі мемлекеттік және университеттік гранттардың иегерлері атанды, 80%-дан астамы техникалық, инженерлік, медициналық, педагогикалық, ауылшаруашылық, экономикалық мамандықтарды таңдаған. Әрбір төртінші зияткер Назарбаев Университетіне, жартысынан көбі – үздік қазақстандық жоғары оқу орындарына, әрбір бесінші түлек әлемнің озық университеттеріне түсті. 24 түлек Шырмауық лигасына кіретін Гарвард, Пенсильвания, Корнел, Браун, Колумбия, Принстон, Йел университеттері мен Дартмут колледжінде, 476-сы QS рейтінгі бойынша үздік жоғары оқу орындарында, соның ішінде Массачусетс технологиялық институтында, Стэнфорд, Йонсей, Торонто және Гонконг политехникалық университетінде оқиды. Ақтаулық зияткер Альмира Нұрланова 2023 жылғы түлектердің алғашқысы болып MIT-дің толық грантын иеленді.
Бүгінгі таңда NIS жүйесіндегі әрбір мектеп жоғары стандарттарды Нидерландыдағы CIS Халықаралық Мектептер Кеңесінің халықаралық аккредиттеуімен дәлелдегенін мақтан тұтады. 2021 жылы Зияткерлік мектептер жаңартылған CIS хаттамасы бойынша аккредиттелген мектептің мәртебесін растау үшін екінші циклге енді. Бүгінгі таңда 8 Зияткерлік мектеп «қайта аккредиттеуге үміткер білім ордасы» мәртебесіне ие.
NIS-тің әлемдік стандарттары Педагогикалық өлшеулер, Педагогикалық шеберлік және Білім беру бағдарламалары орталықтарының бірегей жетістіктерінің логикалық сериясымен расталды.
NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының «Қалыптастырушы бағалауда проактивті мұғалім болу» инновациялық жобасы фин академиясының «HundrED» халықаралық байқауында үздіктер қатарынан көрінді. 2022 жылғы «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» атты NIS конференцияның жарқын сәттерінің бірі – Нидерландтағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстау рәсімі болды.
Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы мұғалімдердің кәсіби дамуын арттырудағы ерекше жетістіктері үшін NIS Педагогикалық шеберлік орталығын әлемдегі үздік 10 тәжірибеге енгізді. UNESCO Hamdan сыйлығы Педагогикалық шеберлік орталығының халықаралық деңгейдегі жетістіктерін жалғай түсті. Бірнеше жыл бойы біліктілікті арттыруға арналған ПШО-ның 10 білім беру бағдарламасы германиялық аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтының шартсыз сертификаттауынан өтті. Қаңтар айында Байройт қаласындағы ACQUIN-нің штаб-пәтерінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мектеп командасына арналған бағдарламаны аккредиттеу сертификатын алып, қазіргі таңда институционалды аккредиттеуден өтуге дайындық үстінде.
Білім беру бағдарламалары орталығы Мәскеу қаласында өткен EDCRUNCH AWARD PRODUCT байқауының жеңімпазы атанды және AR NIS мобильді қосымшасын – Augmented Reality технологиясын қолдана отырып қағаз оқулықтарды цифрландырудағы еңбегі үшін I дәрежелі дипломмен марапатталды. «AR NIS» қосымшасы Google Play Market және App Store дүкендерінде ақысыз қол жетімді. 2021 жылдан бастап Білім беру бағдарламалары орталығы екі компоненттен тұратын NIS Online және NIS Lab атты жеке цифрлық оқыту ортасымен жұмыс істей бастады. 2022 жылы NIS Lab авторлық құқық туралы куәлік алды.
2022 жылғы мамыр айында елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің ең ауқымды домбыра сабағы еліміз бен әлемдегі басты жаңалықтардың қатарынан орын алды. Бір мектептің мыңнан астам оқушысы ұлттық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындауы – әлемдегі тұңғыш оқиға. Бірегей оркестрге қосымша білім беру педагогі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Ең ірі домбыра сабағында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» күйлері күмбірледі. Бүгінгі таңда NIS Қазақстанды Гиннестің рекордтар кітабына енгізді, ал ең ауқымды домбыра сабағы аса көрнекті жетістіктер мен бірегей құбылыстар туралы жаһандық анықтамалықта тіркелді.
NIS педагогтері өз миссиясын ұлттық қомпонентті оқу-тәрбие процесінде кеңейтуде, қазақ халқының қайталанбас болмысы мен мәдени кодын сақтауда көреді.
Қазақстанның барлық қаласында «Ұлы дала мұрагерлері» атты Зияткерлік мектептердің шығармашылық есеп беруі мен домбыра флешмобтары әр уақытта еліміздің басты оқиғалары қатарынан көрінеді. Өз заманының қаһарманы атанған қазақ даласының ұлдары мен қыздарының есімдері, ұлылардың өмірі мен мұрасы ел тарихына қызығушылықты арттырады, оқушылардың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті тәрбиелейді. Ыбырай Алтынсариннің мерейтойы аясында «Шамшырақ» онлайн алаңы іске қосылды, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына арналған дөңгелек үстелдердің үлкен сериясы өткізілді, оқушылар мен мұғалімдер Абай-челленджіне белсене қатысты. Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнінде NIS-те «Қазағымның әдебиеті» атауымен ауқымды жобасы басталды.
Зияткерлік мектептерде негізгі курстар міндетті түрде элективті курстармен және сыныптан тыс жұмыстармен толықтырылады. Тәрбие жұмысы жобалық негізде ұйымдастырылып, түрлі үйірмелер жұмыс істейді, өз елінің тарихын, мәдениеті мен дәстүрін, Қазақстанның заманауи жетістіктерін зерттеуге бағытталған әлеуметтік жобалар мен тәжірибелер жүзеге асырылады. Бұл – «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы, «Екі апта ауылда», «Ата-ана жұмысындағы он күн», «Ата-ана жұмысымен танысу» әлеуметтік тәжірибе жұмыстары, «Жүз күйдің тарихы», «Жүз кітап», «Қазақ әндері», «Ұлы дала ақындары», «Менің өмірімде қолданатын мақал мәтелдер», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қоғамға қызмет ету» жобалары. Көптеген клубтардың арасында «таратуға лайықты идеялар» форматына негізделген «TEDx» пен танымал онлайн «Wikipedia» энциклопедиясымен аттас клуб оқушылар арасында сұранысқа ие.
Зияткерлік мектептердің «көктемгі бренді» деуге болатын Наурыз кездесулерінде қазақ халқының озық дәстүрлері интеллект пен ғылыми қызығушылықты қолдайды. 2019 жылы Наурыз кездесулері алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағының ұшыру алаңында ашылды. Қызылордадағы NIS-ке жас ғалымдардың наурыздағы «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» атты кездесуіне үш қазақстандық ғарышкердің барлығы – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов келді.
Жаһандық білім берудің негізгі мәселелерін талдап, шешімін ұсынатын беделді алаңдардың бірі ретінде танылған NIS халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы – жыл сайын әлемдік педагогикадағы маңызды оқиғаға айналып отыр. Елордадағы конференция трибунасында Паси Салберг, Алан Руби, Тим Оутс, Он Сен Тан, Дэвид Марш, Колин Маклафлин, Дэвид Бриджес және есімдері дүниежүзілік педагогика саласында бұрыннан-ақ брендге айналған басқа да үздік сарапшылар өз баяндамаларын оқиды.
Осыдан бес жыл бұрын бастау алған «Қолдайық ауыл мектебін!» әлеуметтік жобасы республикалық деңгейдегі «Ауыл мектебі: powered by NIS» және «Ауылдық аймақтардағы 17 тірек мектептердің әлеуетін арттыру» атты білім беру жобаларына ұласып, «Aitas KZ», «Қазақстан халқына» және Білім беруді тұрақты дамыту қорларымен серіктестікте сәтті жүзеге асуда. Бірегей бағдарламаның басты миссиясы – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою, әртүрлі аймақтардағы оқу ордаларында заманауи білім беру ортасын құру.