ҮШ МӘРТЕ ҮРЕЙІМНІҢ ҰШҚАНЫ…
30.05.2025
58
0

(Әкемнің естеліктері)

Ашаршылық жылы. Ел аш, шетінен қырылып жатыр. Бұл – Голощекиннің  қазаққа әкелген реформаларының жемісі. Ел іші үрейге толы, «адам жепті» дегенді естісек те, көзімізбен көрмегенбіз. Біздер, ашқұрсақ балалар, бұралып, ауылдан-ауылға тентіреп  тамақ іздейміз. Бірақ бір ауылдан бір ауылдың артып тұрғаны шамалы. 

Бірде аш  қарынның әуресімен сандалып  айдалада жалғыз келе жатқан едім, жол шетінде  ет асып отырған  бір еркек пен әйелге жолыға кеттім. Мені көре екеуі жамырай: «Иди сюда, мальчик, иди!» – деп шақырды. Асылған қазан, бұрқыраған еттің иісі… Сілекейім шұбырып, ішектерім шұрқырап кетті, қуанып кетіп, жақындай бердім. Ошақтың қасына отырғызып, өздері қазан қамымен жүр. Шамалаймын, еттері мол сияқты. Қазан отта, ошақтың қасында тағы да бірсыпыра  шикі ет жатыр, оның бетін әр жерге қан сіңген ескілеу орамалмен жаба салған…
Қазан қашан оттан түсер екен деп тыпыршып отырғам, бір кезде жалын желге лап етіп еді, әлгі орамалдың  шеті жалп етіп ашылды. О, тоба! Ет  деп дәмеленіп отырғаным – боршаланған адам еті, адам болғанда да, жас сәбидің сирағын көзім анық көрді. Сұмдық-ай, бұлар нағыз адам жегіштер екен! Орнымнан атып тұрып, алды-артыма қарамай зыта жөнелдім. Әлгілер біріне-бірі: «Держи его, держи!» – деп соңыма түсті.  Зәрем зәр түбіне кетіп, жүрегім аузыма  кептеліп қашып келем, аяғым аяғыма жұқпайды. Ентелеп артымнан қалмай, ана екеуі де келеді.
Жан қанша тәтті болса да, аштықтан әбден қалжырағам, сілем қатып, қуғыншылардың қолына ілігетін болдым. Біреуі енді жағамнан ала бергенінде, менің бағыма  қарай, жолдың бұрылысынан бір ат арба шыға келгені. Ағатайлап, бар пәрменіммен солай қарай жүгірдім. Көз қиығымен байқағаным, еркек  жалт бұрылып, қатын күйбеңдеп, шөпшек терген болып, жылыстап барады екен. Бір  ажалдан сол ат арба  айдаушы алып қалып еді. Бұл – зәремнің бірінші ұшуы…
Екінші зәрем ұшқаны – айдалып, Воркутада жүргенімде болды… Бұл жолғы ахуалым көрге  тірідей түскеннен де қиын болды. Шахтаға түсіп, көмір қазамыз. Заң қатал, өл-тіріл, алайда бір күнге белгіленген норманы орындауың керек.
Сібірдің қысы қатал. Кейде ұйытқып соққан боран қарды жал-жал қылып үйіп, жүрер жолды жауып тастайды. Жол жабылған күндері бастықтар тізілген топтың басына аяқтан айырылған  жермешелдерді салады.  Кембағалдардың астына қалың тері немесе киізді шандып байлап, қолдарына қалың қолғап кигізетін. Екі қолына сүйенген кемтарлар бар салмағымен омбы қарды соққылап,  таптап, тұтқындарға соқпақ жол салып беретін.
Забойға жеткен тұтқындар қазған көмірді вагонеткаларға тиеп, жер бетіне көтереді. Қолымызда – керосин шам, екі бүктеліп кезекпен көмір қашаймыз. Өмірінің көп бөлігін осы шахталарда өткізген әккі шалдар неше түрлі жантүршігерлік әңгімелер айтатын. Олардың айтуы бойынша, дүниеде ең қиын, үрейлісі – забойда жалғыз, жарықсыз қалу. Неше түрлі сұмдық пен зұлымдықты бастан кешкен жанкештілер үрейлене ішектерін тартып: «Жуть, жуть!» дейтін. Бір күні оны да басымнан өткердім…
Тепсе темір үзетін шағым, жұмысты бар ындынымды салып, жақсы істеймін. Күні бойы екі бүктеліп көмірді темір қайламен ұрғылап, қопарам. Үңги-үңги, тарсыл-гүрсіл, ет қызуымен жүріп, жанымдағылар жұмысын бітіріп, кетіп қалғанын байқамай да қалыппын. Демімді алайын деп тоқтасам, айналам тым-тырыс. Жанымдағы жұртты жүгіріп іздеймін, әбден алыстап кетсе керек, тірі жан  «әу» демейді. Үрейлене бастадым да, лезде  асай-мүсейімді жиыстырып, забойдан шығуға асықтым.
Ең бастысы, вагонеткалар жүретін темір жолға түсіп алдым. Тар қапас, қараңғы жердің асты, тірідей көрге түскендейсің. Жападан-жалғызбын, ең болмаса, бір тысыр еткен дыбыс та жоқ…
Бар жұбанышым – қолымдағы шам. Бір уақытта оның сәулесі де өлімсірей бастады. Зәрем шындап ұшайын деді. Екпіндеп-ақ келемін, анда-санда дауыстап қоямын. Жауап жоқ… Меңіреу тыныштық қайта орнай қалғанда зәре-құтың одан сайын қашады екен. Бір кезде сәулесі сұйылып барып, жаныма медет тұтқан қолымдағы шамым да өшті. Жан иманым қалмады, құйқам, шашым түгел жыбыр-жыбыр етеді. Көзге түртсе – көргісіз қараңғылық, қолымды бүгіп, көзімнің алдына ербеңдетем, түк көрінбейді. Біраз уақытқа есеңгіреп қалдым. Адам дәп осындай кезде есінен адасып, жынданатын шығар.
Содан, қанша уақыт өткенін білмеймін, ептеп есімді жия бастадым. «Не де болса жер бетіне шығуым керек!» – деп өзімді-өзім қайрап қоямын. Бар алданышым – аяғымның астындағы рельстер, соларды санап басам, қорқынышым да – солар, сүрінсем, мұрттай ұшам. Құласам, қайта   тұрмасымды да біліп келемін. Айнала тас қараңғы, тым-тырыс. Тура ту сыртымнан белгісіз бірдеңелер үнсіз  өңмеңдеп келе жатқандай, ию-қию, әлем-жәлем, не екенін білмеймін, бірақ жан түршігерлік дүние.
Алға қарай ақырын ғана тоқтамай жылжып келем, жылжып келем. Бір беймәлім аждаһадай жойқын күш артқа бұрылуға бұйрық бергендей, кері тартады, қайырылмау үшін күресіп, тістесіп-тіресем. Бұрылып қарасам, бір сұм­дық шыңырауға бататындаймын. Көз қиығымды артқа салсам, меңіреу қараңғылықта қызылды-жасылды бірдемелер ербеңдегендей болып көрінеді. Сөнген шамды тас қылып ұстап алғам, саусақтарым қарысып қалыпты. Бар білген аяттарымды ішімнен күбірлеп айтып, Жаратушыға жалбарынам…
Бір кезде алыстан болар-болмас сәуле жылт еткендей болды. Жан-дәрменім қалмай алға ұмтылдым. Өкпем өшіп, буын-буыным дір-дір етеді, әлім бітіп барады. Жарық күшейіп, қараңдаған сұлбалар көріне бастады. Айқайлайын десем, тілім аузыма кептеліп, құрғаған ауыздан үн шықпайды. Дегенмен не де болса, анық құтылғанымды білем..
Адамдардың барлығы мені қаумалап алған, мені  өлдіге санап, жүрегі жарылған шығар деп жорамалдаған екен.  Таңдай қағып: «Живой, живой, вот молодец!  Сто лет жить будешь!..» – деп арқамнан қағып жатыр. Ал менің үнім бітіп, жауап беруге де мұршам жоқ еді…
Үшінші зәремнің ұшқаны да сол Воркутадағы еңбекпен түзету лагерінде болды. Он жерден лагерь деп атаса да, түрменің аты –  түрме, оның үстіне соғыс уақыты. Ол аз болса, баукеспелердің ортасына әдейілеп орналастырған саяси тұтқынбыз. Көргеніміз – қорлық пен аштық, Сібірдің қақаған суығы, жан шыдатпас ауыр жұмыс. Өлім көп, адам шығыны көп. Жастар болмаса, отыздан асқан не бір шымыр көрінгендерің шыдамай, жамбасы  сыз жастанып, сүйегі Қиыр Шығыста  қалды…
Сібірдің жазы қысқа, суық тез түсіп, тоң тез қатады. Лагерь басшылығы әуресінен қашып, әбден тоң жібігенде барып мола қаздырып, өлгендерді ортақ молаға көме салады. Оған дейін өлі денелерді  лагерьдің шетіндегі оңаша бір үйге үйіп, ол үйді заключенныйлардың өзіне кезекпен күзеттіріп қояды.
Күндердің күні кезек маған да жетті. Қақ ортасына кішкене пеш салын­ған бөлменің төрт қабырғасын ала төбеге дейін жиылған  өлі дене. Кезекші тұтқын сол пешті өзі жағып, отына таң атқанша жылынып отырады. Бастан талай дүние өткеріп, өлікке етіміз әбден үйренген, жүрексінбей-ақ бардым. Сонда да, қай дінді ұстанса да мәйіттің аты – мәйіт, кіргеннен өзім білген Құран сүрелерін оқып, мінәжат қылдым да, үйреншікті тірлігіме кірістім.
Баяғы пысықтығыма басып, алдын ала отынды мол ғып дайындап алғам, пеш­ті тазалап, от жағып, таңға күзетке әзір­лендім. Сібірдің қарағайы, шіркін, тұтатсаң болды, дуылдап кеп береді. Отынды үсті-үстіне салыңқырап, ойым сан-саққа жүгіріп, өзіммен-өзім отырғанмын. Терең ойға шомып, қанша отырғанымды  кім білсін, бір кезде әлдене тысыр-тысыр еткен­дей болды. Құлағым елең етіп, тың тыңдаймын. Тыныштық… Ту сыртыма жинап қойған отыным жылудан бусанып сытырлаған екен деп ойладым да, ошаққа отымды салыңқырап, орныма қайта отырдым.
Жаңағы мені елең еткізген тысыр  енді анық естілді. Күмәнім қалмады. Сыртқа шы­ғып, баракты айналып дыбыстаймын: тек шыңылтыр аяз, қадам басқан сайын қар шақұр-шұқыр етеді. Иә адам, иә ит-құстың білдірмей жақындауы, тіпті де мүмкін емес. Бұл не дыбыс деп аң-таң болдым. Үрейім ұшайын деді, орныма қайтып келіп, отты одан сайын үдеттім. 
Бір кезде артымда бірдеңе гүрс етіп, ту сыртымнан мұздай біреу бас салғаны… Ербең етіп екі қол  иығыма асылып, адамның мұздай басы желкеме шарт етіп тиді. Ышқынып, орнымнан әзер атып тұрдым, ту сыртымнан бір өлік екі иығыма мініп алған. Міне, зәренің сондағы ұшқаны. Сол жерде жанымның қалай шығып кетпегенін білмеймін, атып далаға бір-ақ шықтым.
Сөйтсем, қатты жаққан оттың жылуы жоғары жаққа жиналып, тоң болып қатқан денелерді жібіткен, содан соң ең үстіндегі мәйіт жіби-жіби, жылжи-жылжи менің үстіме сырғып түскен екен…

ОРАЛУ

Кесілген мерзімім  аяқталып, елге оралатын кез де жетті-ау, әйтеуір. Билетті Түркістан-Сібір теміржолының  Шамалған стансысына дейін алып берген, босатылды деген анықтама қағазы қолымда,  қалтамда еңбекақы ретінде төлеген азын-аулақ ақшам да бар. «Ел, қайдасың?!» – деп жолға шықтым.
Пойыздан түсіп, қарындасым Қарлығашқа сый-таралғы алайын деген оймен стансыдағы кішігірім дүкенге бет бұрдым. Сөрелерді бағдарлап қарап тұрған едім, бір жігіт жаныма жетіп келіп, бетіме бажырайып қарағаны… Әбден шошымалы болған басым, секемденіп қалдым. Бетімді  теріс бұрып, тауарларды қызықтаған болам, есіл-дертім жаңағы жігітте. Ол да қипақтап кетер емес. Бір уақытта шыдай алмастан: «Әй, сен Қамзамысың?» – деп маған тіл қатты. «Иә», – деп басымды изедім. Сол-ақ екен, анау есіктен сыртқа атып шықты. Жүрегім  зу етті, басыма «Мынау мені танып, органдарға тапсырайын деп асыққан екен ғой!» – деген ой сап етті.
Қаншама қорықсам да, елге деген сағыныш алып-ұшып жолға жетелейді. Содан бір ат арба жалдап, ауылға жақындау жерге жетіп алдым. Қалған жолды тауды бетке алып,  өрге қарай жаяулап-жалпылап, ауылыма  тездетіп жетуім керек. Аяғымды бір қадам алға бассам, екі қадам артқа кеткендей көрінеді, жүрісім өнбейді. Өкпем өшіп, жүрегім  аузыма тығылып барады.
Бір кезде ауылдың төбесі де көрінді-ау, әйтеуір! Мына қара: ауыл жақ у-шу, азан-қазан, жердің шаңы аспанға шығып кеткен. «Бұл не болды екен?» – деп мен де аң-таң болып алға қарай бар пәрменіммен ентелеп келем. Бір мезгілде қою шаңның арасынан айыра бастағаным: атқа мінген  ауылдың жігіт-бозбалалары қиқулап, алақайлап маған қарай шауып келеді. Арттарында  шұбырып жаяу қатын, бала-шаға ілескен. Көкке  көтерілген шаң сол атты мен жаяудың шаңы…
О, Жаратқан, сол аттыға жеткізбей, екі көзден парлаған жасы омырауын жуып, құстай ұшып, жұрттың алдында  әпкем келеді…
Стансыдағы жігіт мені тани салысымен аттың басын елге  бұрып, шауып барып, әпкемнен сүйінші сұраған екен. Сол хабарды естіп, желдей есіп, алдымнан шығып еді-ау, қайран әпкем!

Маруана ХАМЗАҚЫЗЫ,
Жазушылар одағының мүшесі,
«Иван Бунин» медалінің иегері,
Әзірбайжанның Dede Gorgud
қорының Қазақстандағы өкілі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір