CОҢҒЫ НАМАЗ (әңгіме)
13.02.2023
3969
0

Пештің желкесінде тұрған құманды құлағынан ұстады да кебісін сүйретіп тысқа шықты. Дала мақпал түннің құшағында маулығады. Жұлдыздар қара отқа жусаған қойдай қара аспанда жайы­лып жатыр. Ай жарықтық аяңдап барады, қой түгендеп жүрген қойшы секілді құдды… Қора жақта сиыр ыңыранып, жылқы пысқырынды. Ит­тер құбыла бет­тен қасқыр көргендей шабалана үреді. Сол тұстан әлдене қараңдағандай болды. Селк ете қалды, бірақ анықтап қарамады.
– Әй, ит­тер-ай, ит­тер! Ит­тен бетерсіңдер ғой, – деп зілсіз күрсінді де үй айналып кет­ті.
…Асықпай дәрет алды.

* * *
Тырп-тырп басып қораға бет­теп келеді. Қораның қарсы алдында ағараңдап бір белгі тұр. Электр бағанының бетоннан құйылған іргетасы. Кісі бойынан сәл асатын бағанды көлік қаққан, әлде мал сүйкенген, не болса да құлшылық қылған пендедей құбылаға қарай сәл-пәл қисайып қалыпты. Басындағы сымын металл жинаушылар тоқсаныншы жылдың тоқырауында сыпырып кеткен, бөренесі біреудің ошағында отқа жағылды немесе белағаш болып қорасына қағылды. Ендігі қалған түбіртек ат байлап, бұзау арқандауға жарап тұр. Мал біткен мойын қасып, арқа үйкелеп қызығын көреді. Ит­тер де қалыспайды, ары өткен-бері өткенде аяғын тіреп, сарып кетеді. Бақырауық баланың бетіндей үнемі сарала-торала болып, саталданып тұратын бағанға бұл да үйірсек. Таң атпастан үйдегілердің мазасын қашырмайын дей ме екен, әлде қараңғы түнде ағараңдаған сұлбаны ес көре ме, әйтеуір ерен-параннан тап осында ентелеп жететін. Имамға ұйып, жамағат болар жан баласы болмаса да азан шақыратын. Бүгін де сол әдетімен жақындай бергенде әлденеге шалынып кеткені… Құдай сақтап жығылмады, тапырақтап барып түрегелді. «Ой, әкеңнің…» – деген балағат сөз тастақтың үстінде допша домалаған құман үнімен қатар шықты.
– Балағат сөйледің. Дәретің бұзылды, – деді көңіл түкпірінен күдікті ой күбірлеп.
– Толық айтқан жоқ, «әкеңнің» деді де қойды, – деп екінші бір ойы қарсы шапты.
– Аузы былғанбаса да ниеті бұзылды, – деп анау да бет бақтырмайды. Қайсы ойы­на жығыларын білмей аз-кем дағдарып қалды. «Көңіліңде тит­тей күмән болса, нендей іс болсын қайыра орындаған қайырлы»,– дейтін ұстазы Самарқан марқұм. Үйелеген қойдай аузынан суы ақтарылып теңкиіп жатқан құманын алып құдық басына тарт­ты. Қайыра дәрет алып баған жаққа келгенде, бағанағы аяққа оралғы болған зат­ты көрген. Қамыт екен. Кеше егіс алқабынан бір арбаның радуанын толтырып топан аралас сабан әкелген, ақшамның уақыты өтіп бара жатқан соң, асығыс доғара салып үйге кіріп еді. Содан қайрылмапты. Қамыты мұнда, доғасы анда, ершігі мен желдігі екі жақта, салақ қатынның дүниесіндей әр жерде шашылып жатыр. Күйбеңдеп жиыстырды да арбаның тәртесіне құйрық басып отырды. Қыркүйектің салқын ауасы шекпен мен жейденің арасынан саңылау тауып, қуаты қашқан кәртең денені аяздай қариды. Ит­тер әлі үріп жатыр. Иесін арқа тұтып, сес көретіндей, дауыстарында айбар бар.
– Ит құрлы болмадым-ау! «Мәу» демедім. Менен көрі бұлар жақсы, балақтан алып, балтырын қанатпаса да қырдан дауысын асырып қыр көрсетіп қояды, – деді күбірлеп. Жанқалтасынан орамал суырып беті-қолын сүрт­ті. Шоқша сақалын саумалап тарап еді, бір-екеуі жұлынып саусағына іліге кеткені. Ай жарығымен ақ қылшық анық көрініп тұр. Таудан ұрған таңғы самалдың ырғағымен иіліп-жазылып діріл қағады.
…Сақалын тағы саумалады.

* * *
Бүкіл ауыл ақ кигізіп, ақсарбас айтып имамдыққа тағайындағаны кеше ғана еді, зырылдап-зырқырап қырық жыл өтіпті. Ол кезде орда бұзар отыздың жайлауына жаңадан қоныс тіккен. «Бала молда» деген ат сол кезден қалған жұрнақ. Жүзіне салмақ дарыту үшін иегіне түбіт­ті де қатарластарынан ертерек қондырды. Содан беріде бетін жалаңаштап көрмепті, содан беріде сақал саумалау әдетке еніпті. Бастапқыда сақал-мұрты қарғаның қанатындай қап-қара еді, бірте-бірте буырыл тартып, бүгінде бор жаққандай аппақ. Бұл сақалмен қайда бармады, не көрмеді, не істемеді? Туғанына азан шақырып ат қойды, өлгенінің иман суын ұрт­татып, жаназасын шығарды. Талай мықтының төрінің басында осы сақалын желбіретіп, желпініп отырды. Талай марқұмның көрінің қасында сай сүйекті сырқыратып құран оқыды. Арғы бет­те алған ілім құдайсыз қоғамнан құтылған жұрт­тың жыртығына жамау боп, олқысының орнын толтырғаны өз алдына, қарақан басына абырой, қара сирақ ұл-қызына ырзық болған. Шекарадан өткелі естіп келген «қытай» деген қыжыртпадан құтылды, бірді-екілі ішіп алып лепірген тентектерді «молданы тілдедің» деп ауыл естиярларының өзі-ақ тізгіндеп, «езуін тілді». Етектегі тасы өрге домалап, есіктегі басы төрге озған. Дақпырты ауылдан асып, аудан жет­ті, одан арыға кет­ті. Ол дақпырт­ты таратқан осындағы азғантай ағайын. Шәуешекте оқығанын әспет­теп «Бұқар барған», «Көкілташ көрген», «Меккеде болғанмен» бірдей бағалаған әрі соған өздері иланып, өзгені де иландырған. Бұл да тойдан батасын, астан дұғасын аяған емес. Сонысымен-ақ кеңқолтық елге сүйкімі өтіп, жақсы аты жайылды. «Сақалын саумалағанмен құдайдың сөзін саудаламайтын молда», – деп жұрт сыртынан мақтайтын, тістеп-тартып, шұқып-шымшып тиіскіш келетін даукестердің талауына бермей әркез жақтайтын. Ондайды естіп, көрген сайын еңсесі өсуші еді. Бірақ сыртқа сыр алдырмайтын, атқа жеңілдік танытқан жоқ. Нығызданған үстіне нығызданып, жастығына қарамай сабырына сабыр, салмағына салмақ қосты. Бергенін алатын, бермегені қалатын. Өлім-жітім, жиын-тойдан құр қайтқан кезі сирек. Ағайын айдатпаса да жетектетіп жіберетін үнемі.
– Е, мұныңа да шүкір, бергеніңе тәубә! – деп езу тарт­ты. Байқаса, сақалын әлі саумалап отыр екен. Әлгі қос қылшықтың қасына тағы бір-екеуі қосылыпты. Екінші қолмен бәрін бір жерге жинады да ширатып кеп жіберді. Жерге түсіп үлгермеді, қылшықтарды жел қағып әкет­ті. – Е, барыңдар. Менен безінбеген енді сендер қалып едіңдер, – деді түсін қайта суытып.
…Қылшықтар қалықтап барып қараңғылыққа сіңіп кет­ті.

* * *
Сыртқы есік сықыр етіп ашылған. Ағараңдап біреу шықты. Қызы екен. Ішкөйлегінің етегін жел қағып желп-желп етеді. Таңғы суықтан жаураған секілді, бүрісіп алыпты.
– Ата-ау…
– Әу, әке!
– Апам қайда?
– Қазір келеді, әке.
– Біреумен сөйлесіп жатқандай болдыңыз ғой.
– Жо, жоқ. Ө…өөө… өзім ғой, өзім…
– Намаздың уақыты болды, сағатыңыз шырылдады.
– А, жақсы, қазір барайын, қазір, әке…
Ескі арбаның сүйегін сықырлатып қалбалақтай түрегелді, өзінің де буын-буыны ән салып кеткен. «Әлгінде даусым қат­тырақ шығып, сөздерімді естіп қоймады ма екен, мына қыз?» деп өзінен-өзі қысылды. Азан шақыруға бет алғанда, белдесер балуандай сипалана қалатын әдеті еді. Үсті-басын қағынып, білегін жүре түріп, талтайып тұра қалып азан айт­қанда ауыл шалдары аузын ашып, көзін жұмып, құлағын түретін.
– Па, шіркін, молдекеңнің мақамын-ай! – дейтін бірі бата жасап бет сипаған соң күбірлеп.
– Қирағатын айтсаңшы, қирағатын… Құйқаңды шымырлатады тегі, – деп оны екіншісі қоштайтын.
– Әй, мен білсем, мұндай дауыс біздің аудан тұрмақ Қазақстанда жоқ, – дейтін үшіншісі сенімді түрде. Әрі алдыңғы екеудей күбірлеп-сыбырламай-ақ, елге естірте сөйлейтін. «Аналардан асырып айт­тым ба? Ендігі кезек сендерде…» дегендей, жан-жағына қораздана қараушы еді. Артынша тамсанған-таңғалғандар қозыша жамырап, қошемет айтуға кіріседі. Бірінің қолтығынан бірі демеп, орындарынан көтеріліп, намазға тұрушы еді. Бірі – кеңсе сағалаған белсенді, екіншісі – қара жұмысқа піскен шаруа, тағы бірі – трактор айдаған, комбайн мінген, қырман күзеткен, қой баққан, жылқы қуған… Әйтеуір колхозға қызмет етіп, жас кезінде құдаймен ісі болмаған адамдар бәрі. Тек зейнетке шығып, бұ дүниенің шаруасынан шет­тетілгелі о дүниені ойлай бастаған. Әліппеден әріп үйренген баладай әптиек ақтарып, тіл сындырып, аят жат­таған. Иекке сақал қойып, басына тақия киіп, бір күнде құдайшыл боп шыға келген. Жай кезӨде ата-ата болып, ру-руға жіктеліп бөлінуге даяр, бәйге үшін қырқыса кететін, батаға берілген шибарқыт, шекпенге таласатын қыңыр шалдар мешітке кіргенде, медресе, мектептің оқушысындай мүләйім­сіп қалатын. Тізе түйістіріп намаз оқып, бір имамға ұйып, бір дұғаға қол жаятын. Құдайға құлшылықты молдаға құрмет, мешітке ізет деп білетін жамағатының осы тұрысын бұл да ұнатушы еді. Сап түзеген «кәртең мүрит­теріне» сүйсіне қарайтын, артында қалың сарбазы бар сардардай өзі де көтеріліп қалушы еді. Бұл жолы да қаумалай қошеметші қауымы отырғандай жан-жағына қоқиланып бір қарады да құбылаға бет түзеді. Бағанадан бері назар салғысы келмей қашқақтап тұрған тұсқа еріксіз көз қадаған. Өңкиген көліктері шөккен нардай болып жатушы еді, көшіп кеткен бе, көрінбеді. Жылтыраған шамдары да жоқ.
– Жер жұтқан ба, зәнталақтарды? – деді іштей. Көзін уқалап жіберіп қайта қарады. Тесіле үңілді, ары-бері шолды, бәрібір ештеңе шалынбады. «Бұлардың кеткені жөн делік, ал анау қайда?» деп ойлап үлгермей жатып жүрегі атқақтап кеткен. Көз шынысы бұлдырап, көмейіне запыран келгендей алқымы ашып сала берді. Алқынып барады. Енді кідірсе, тұншығардай болған соң бар даусымен барқырай айқай салды.
…Азанды ызалана-ызбарлана шырқады.
* * *
Одақ құлап, совхоз тараған тоқырау жылдары-тұғын. Ел сауда жасап, жол жағалап кеткенде тауға қарай тартқан. Қарақойынның аузынан қара суды бөгеп, қара тасты қашап диірмен салды. Бас жағына бал арасын апарып, балшелек ұстады. Су диірмені айналған сайын аппақ ұн емес, қып-қызыл ақшаны төкті де отырды. Сары балдың да саптыаяғы марқа қозыға бағаланды. Қарақойынның іші аз уақыт­та мыңғырған мал мен ызыңдаған араға толды.
Бал мен малға үлкен ұл бас-көз. Ал диірмен басына ақыл-есі кемістеу туысқан інісін отырғызған. Төрт-бес атадан қосылатын жамағайыны-тын, лағып сөйлеп, ләйліп жүргенмен жан баласына қиянаты жоқ, шаруаға да бір кісідей мығым. Бірақ әріп түгіл ақша танымас дүмбілез. Кейбір қулар теңгенің орнына тиын ұстатып, алдап соққан әуелгіде. Базар жағалап жүрген жетім қызды әкеліп қасына қосқан соң барып есебі түгенделді. Көп ұзамай екеуінің некесін қиды. Ері диірмен тартады, әйелі есеп-қисап жүргізеді. Іс оңғарылғандай көрінген. Алайда келіп-кетіп жүріп келеңсіз жайды аңғарған. Екі жас ерлі-зайыпты болып бір шәугім шәйді бөліп ішкенмен жатар төсегі бөлек, қарым-қатынасы салқын. Жас келіннің жүзі сынық. Әуелгіде жайраңдап жүретін, қазан-ошақты бәйбішедей билеп-төстеп үй шаруасына кеуделеп-ақ кірген. Соған қарап «екі жарты бір бүтін болды-ау» деп сырт­тай көз қуантып, көңіл семіртіп еді. Ендігі кептің мәнісін ұқпай бірер апта сыр аулады. Қара жұмысты апырып-жапырып жіберетін інісі қараңғы түссе, қайрат көрсете алмай жүргенін көп ұзамай сезіп-білді. «Еркектігің қайда?..» – деп екі-үш рет қайрап-қайрап жіберген, бірақ ештеңе тындырмапты. «Қалай болды?» деген сұрағына жауап берместен сұрақ белгісінше екі бүктеліп сүмірейген. Қазымырланып қайта жанымаққа ниет­тенгенде бала құсап ыржалақтады ынжық неме. Күндердің күні келін «кетемінге» басты. Ызыңы көбейіп бара жатқан соң, диірменшіні «сақпанға көмектесіп қайт» деп балшелектегі баласының үйіне жұмсап жіберген.
…«Диірменді» сол күні өзі тарт­ты.

* * *
Ақ есегін қыдыңдатып диірменге жиі баратын. Ол барған күні диірменші үшін балшелекте жұмыс дайын тұратын. Келін де «кетемін» дегенді қойған. Бірін-бірі қуалап ай мен күн төбеден ауып жат­ты, Қарақойынның суы да ырғағынан жаңылмай ағып жат­ты. Бірақ бір күнде бәрі бұзылды.
Ақ есектің мешіт­тен көрі диірменнің айналасында көбірек арқандаулы тұратынын әуелі ауыл жұрты әңгіме қылып жүрді. Жасынан жақсы аты шыққан молданы жамандыққа ешкім қимады әйтсе де. Диірмендегі жұмысын сылтауратып бірер рет мәуліт­тен қалып қойған, тойдан кешіккен сәт­терде сөз қылатын да басылатын. «О, тоба, адам жасы келген сайын бұ дүниенің тірлігін ұмытып, о дүниеге дайындалады деуші еді, біздің молдекеңдікі, керісінше, шықты-ау. Тым шаруақор боп кет­ті. Қашан көрсең, диірменнің түсімін күзетіп отырғаны… Не жетпейді екен?» – деген пендеуи күңкілден ары аспаған. Бар бәлені бүлдірген дүмбілез диірменшінің өзі.
– Келінді көжеге тойдырдың ба-ей? – деп сұрайтын ауылдың еріккен-зеріккендеріне ыржыңдап жауап беріп құтылып жүрген. Талдырмаш келіннің тойған қозыдай томпаңдап қалғанын көрген қулар одан әрі қазатын, «қалай екен?», «қалай болды?» – деп қажайтын… Сондай бір қылжақбасқа: «Білмеймін, атам біледі», – депті әлгі. Сезік алған адам сетінеген жіптің ұшын жіберсін бе, тігісі сөгілген жерден ары қарай тарта берген, тарқатып көрген. Сөйтіп, дүмбілездің дым бітірмегенін біліп қайтқан, таудағы диірменнен бір қапшық ұнмен бірге бір қоржын өсекті алып қайтқан.
…Сол сәт­тен бастап диірменнің тасы кері айналып сала берді.
* * *
Қарақойынды тастап, Қарасарайды қоныс қылғанына биыл алтыншы жыл. Бар дүниесі бір көлікке сыйып кет­ті. Екі ұл өлімші қылып сабап, диірменнің астына байлап тастаған жерінен құтқарып алған ағайын-туған иен даладағы қыстау­ға көшіріп әкелді. Бәйбішесі мен балаларынан аз-маз қой-ешкі, сауын сиырды тартқандай қылып алып берген де солар. Айы-күніне жетіп отырған бұрынғы келін, қазіргі әйелі көп ұзамай босанды. Кіндігін өзі кесіп, азан шақырып атын қойды. Қарасарай көптің қыршаңқы сөзі мен табалаған көзінен сақтады. «Молда сөйтіпті», «молда бүйтіпті» деген жел сөз жеткенмен, ешкім келіп бетке баспады. Жапан түздегі жалғыз қыстауды қалай ұмытса, келіннің көрпесін көтерген имамның ісін де жұрт солай ұмытқан. Бірақ өзі ұмыта алмады.
Есіне алған сайын бір ысып, бір суынады. Диірмендегі алғашқы түні жүрегі атша тулап, қаны суша зулап, рахат пен мехнат­ты қатар кешкен. Шабан торыдан кейін жарау байталға жайдақ мінгендей тақымы құрғыр жайлылықты сезуін сезді ғой. Дегенмен сол лып етпе сезім жалп етіп тез сөнді, келіннің кеудесінен ауып түспей жатып көңілі ел көшкен жұрт­тай құлазыды. Шегараның арғы бетінде өткен бозбала шағында талай кербездің төсін мыжып еді. Қазақтан бөлек ұйғыр, қырғыз, дүнген, сібенің сұлуларын шөпке аунатып кете баратын әрі сол шөпке аунаған шөпжелкелер көп уақыт өтпей өздері іздеп келетін. Күйлеген құнажындай сүйкеніп, көзін сүзіп, дегбірді алатынын қайтесің?! Ондайларға бірде көл, бірде шөл. Тәбеті шапса, тағы бір дәм татады, шаппаса, ол да жоқ. Бір құдықтан бірер мәрте шөл қандырған соң-ақ жерініп, кербұғыдай кекірейіп қалатын. Ал лайланбаған тұнық, мінілмеген асау көрсе біт­ті, бейбас көңіл бой бермей жұлқынады, аласұрып алқынады. Атқанын құлатып, алысқанын сұлатып барып жаны жай табады. Соның бірінде «мұным қалай болды-ау?» демеген, керісінше, жау түсірген батырдай масат­танып, түнгі қызықты қатар-құрбысына еселеп айтып мақтан қылатын. Шегарадан бері өткелі де сыбағасынан құр қалған жоқ, бүйірінен мытып жібергенге «қағынған шешек» деп, қылмың ете қалар келіншектер аз кездеспеді. Тек құранды қолға алып, құдайдың сөзін сөйлегелі жүріс-тұрысына түбегейлі қарауыл қойған. Көңілі бұзылып тұрса да, бұрымдылардан көз қашырып, сөз тізгіндеп дегбірсізденетін. Дағуат тілеген жамағатқа да дүниедегі ауыр күнәнің бірі – зина екенін көп тәптіштейтін, оны айтқан сайын өзінде бас көтеріп келе жатқан нәпсінің арынын басып қоюшы еді. Бірақ махаббат іздеп аласұрған есерлік те еркелігін қоймады. Қайта-қайта басын қылтитып бар екенін білдіріп, шайтани ойлар имани пейілін келемеждей беруші еді. Бір мәуліт­те қарсы бетке жайғасқан жесір әйелдің ойнақшыған көзіне қараймын деп, оқып отырған құранынан жаңылғаны бар. Ол бәлекет де бірдемені сезгендей кесесін алып беріп, алдын жиыстырып, қызмет көрсеткенсіп, бәйек қақты. Талай еркекті тұзаққа түсірген әккі неме ертеңіне «дем салдырамын» деп екінті мен ақшамның арасындағы апақ-сапақта алып-ұшып жеткен. «Суды қамшымен бір салса, із қалмас» деп алып ұруға бір-екі рет оқталды да тоқталды. Бірінші жаратқаннан қорықты, екінші біреу кіріп келетіндей елегізіген. Со күні кешкілік құр тулақты умаждаған ит­тей кемпірін әурелеп қара терге түсіп еді. Бұл жолы нәпсі құрғыр сонау бір бозбала шағындағыдай сыңарезулеп кеткен. Өзі де тізгін тартқаннан көрі, қамшылағанды қолай көріп тұрды ма, кім білсін?! Болар іс болған соң күнәһар кеудесін әзер көтеріп, ақ есекке бұт артқан. Диірмен мен ауыл арасында қараңғы түнде ұзақ жүрді. Жол бойы өзін-өзі түтіп жеді. Тымпиып үйге кірді, тымырайып ұйықтады. Ертеңіне ғұсыл құйынып, қайта-қайта тәубә намазын оқыды. Жайлаудан бір бұқаны алдырып, кем-кетікке садақа қылып үлестірді. «Мұның не?» деген ешкім жоқ, өзі де сыр ашпады. Сонан кейін ғана аздап жеңілдегендей болған. «Құдекең кең ғой, ана жаққа барғанда есептесе жатармыз» деп іштей өзін жұбатқан. Осымен тоқтармын деген, алайда арада ай өтпей ақ есектің басын диірменге қайта бұрды. Апта аралатып тағы соқты, сонан кейін келесісі, келесіден кейін келесі… Бірте-бірте бұл барыс-келіс әдетке айналды, ақ есек те үйден шыққан бет­те тауға қарай тепеңдеп тартып тұратын. Ол да дәндеп алған, диірменнен артылған кебекке барған бет­те бас қояды, ал бұл келіннің «дәміне»… Қара аспанды төндіріп, түтіп жейтін кінәмшіл ой бастапқыда біраз қиғылық салып ар-ожданын қажаған, кейіннен ол да ізім-ғайым жоғалды. Ол жоғалған соң ұят та қашқан. Ет өліп, ақыл көнген. Келін де қымсынуды ұмыт­ты. «Келсең, кел» деп керіліп, көзімен арбап шақырып тұратынды шығарды. Жүзі шырайланып, бітімі толысып, сұлуланып кеткендей көрінетін. Бірте-бірте оның да бетінің қытығы кете берді, бет­тің қытығы кеткен сайын белі жуандай берген. Ақыры бір күндері ақ есек кебекке күпті болып, келін балаға жүкті болды.
…Шақшадай басы шарадай сәлдеге сыймай аласұрып еді со күндері.

* * *
Кемпірінің о бастан діні қат­ты болатын. Аталары ел сұраған текті әулет­тен емес пе, «көріңде өкіргір, өспегір-өнбегір» деп жаман қатындарша бажылдап қарғап-сіленбеді. «Бұ дүниеде кеше алмаспын, іргеңді аулақ сал», – деп сазарған. Содан жібіген жоқ. Сыртқа білдірмесе де іші алай-дүлей болып, ұят­тың отына өртеніп тұрғанын аңғарды. Ал балалары естіген күні ат ойнат­ты. Екеуі апақ-сапақта еліріп жеткен, үлкені араққа тойып алыпты, келе сала кеудеден тепті. Шалқалап құлағанын біледі, ажыратпақ болған кенжесінің даусын естіген. Онан кейінгісі бұлдыр сағым. Сарылдаған суға малынып, дүрілдеген диірмен астында жатқаны еміс-еміс есінде. Бір көзін ашқанда, Көшкінбайдың көк жигулиінде теңселіп барады екен. Кезінде бұл жігітке жақсылығы өткен. Совхоз директорына айтып жүріп, ауылдағы жанармай қоймасының меңгерушілігін алып берген. Сонысын ұмытпапты, күллі жұрт: «Бетің құрсын, қарабет», – деп жатқанда, теріс айналмаған осы ғана. Ағайыны болмаса да қазір бұдан жақыны жоқ. Көк мәшинесін шаңға көміп, екі айда бір соғады, қой-ешкісін бұлдап сатып, қант-шайын жеткізіп береді. Құр келмейді ауылдың бар жаңалығын бөктере келеді. Бір келісінде өзбектің Әндіжан, Наманган шәрінде білім алған жас жігіт­тің имамдыққа тағайындалғанын айтып келді. Сүлесоқ тыңдаса да, жан дүниесінде бір жарылыс болған. Үй іші қаракөлеңке болып, Көшкінбай сезбеген шығар, әйтпесе іштегі от ду етіп бетке шапқан. Бұ дүниеге келгеніне азан шақырып ат қойып, кеткеніне иман үйіруге жарайтын біреудің табылғанына қуанғанын әлде қапаланғанын байқатпай: «Е, жөн», – деген ерін ұшымен. Сол күннен бастап алыстан қара көрініп, шаң шықса, елегізіп жолын тосуды тоқтат­ты. Осы қазір әлдекім жетіп келіп, мәулітке ала жөнелетіндей дегбірсізденетін еді ара-тұра, оны да қойды.
– Сенімен бірге береке кет­ті, – деген тағы бір келгенде Көшкінбай.
– Берекені ала кеткен жоқ шығармын?! – деп сөз аяғын сұраққа тіреп тоқтады. Көмбеш нанды қаймаққа малып, күйсеп отырған Көшкінбайға да керегі осы еді. Диірменнің тоқтағанын, аралар қырылып, балшелектің балы сарқылғанын, екі ұлдың бірі көше таптап сенделіп, екіншісі әлдебір байдың жалшысы болып, малын бағып кеткенін, арақ ішетінін, қатыны төркініне жиі кететінін сампылдап айтып шықты. Өзін жақтап, балаларын дат­тап отырғанын сөз ләмінен аңғарды. Оларды табалаған рай байқап, солай боларын білгенмін дегендей гәп сезді. Бүйтпесе, Көшкінбай – Көшкінбай бола ма?! Бұл жолы да өзіне керекті сөзді айтып-ақ отыр, ешқандай көлгірсімей көңіліндегіні ақтарып отыр. Шатаққа ұрынғанда ақ-қарасын ажыратып жатпай әу бастан өз жағына шыққан, әлі табанын тайдырмапты сабаз. «Нағыз дос осындай болмақ керек емес пе?! Кінәлі екенімді біліп отырса да, жауға бергісі жоқ», – деді ішінен. Қомпылдап сөйлеп, қорбаңдап жүретін Көшкінбайға іштей разы болғанмен естіген жаңалығы жанына жаға қоймады. Көк жигулиді көзбен ұзатып салып тұрып ауыр күрсінді.
– «Сенімен бірге береке кет­ті», – дейсің-ау, сен бала. Бәлкім, сол берекені кетірген мен шығармын?! – деп күбірледі.
…Түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмады.

* * *
Ертеңіне қамшы тиген жыландай күні бойы бүктетіліп жат­ты. Түнде түс көрген. Өңі секілді қызық түс, әлде ойы ма екен?! Көк-ала көк шаң қылып Көшкінбайдың көк мәшинесі келіп тоқтады. Іші толы адам. Алдында қасқайып кемпірі отыр. Артқы орындықта бала-шағасы түгел, тіпті Қызылордаға ұзатылған үлкен қызы да жүр. Бәрі жамырап түсіп, жарқылдап күліп жүр. Дым болмағандай, о, тоба!.. Үлкен қыз жүгіріп келіп елден бұрын құшағына қойып кет­ті. «Алматыға іссапармен бара жатырмын, ауылға соқтым, сенің шаңырағыңнан да ат­тап кете алмадым», – дейді жыламсырап. «Бала күннен бауырмал еді, байғұс. Бәрін ертіп келген осы болды ғой» деп топшылады. Екі ұл именшіктей басып келіп, қолын алды. Істеген істеріне ұялатын секілді, қипақтап тұр. Абыр-сабыр басылған сәт­те кемпірін іздеді. Көліктен түспепті әлі. Қасына тақай беріп еді: «Әй, шал», – деді әмірлі үнмен. – Мен жолға жиналып отырмын, мал-жан саған аманат», – деген дауысын онан сайын зорайта. «Неге? Қайда?» – деп сұрай бергені сол еді, есікті тарс жапты. Әлдебір дыбыстан оянып кеткен. «Қайда, қайда?» – деген мең-зең күйде айқайлап. Өз дауысы өзіне үрейлі естілді. Басын жастықтан көтерген күйі өң мен түстің арасында бірқауым уақыт отырып қалды. Есін жиған шақта жан-жағын бағдарлаған. Бірдеңе дүрс-дүрс етеді. Кеудесін тоқпақтаған жүрегі ме, әлде алшаңдай басқан адамның жүрісі ме, ажырата алмады. Анадай жерде пысылдап ұйықтап қызы жатыр, арқа тұсы ашылып қалыпты. Есік көзіне тұтылған перде бишінің борбайындай мың бұралып тербеледі. Атып тұрып терезеден үңілген. Қою қараңғылықтан ештеңені байқай алмады. Шекпенін жамылып, далаға бет­теді. Есіктің ілгегі ілінбепті, жартылай ашық тұр. Пердені түртпектеп тұрған түнгі жел осы саңылаудан ұрланып кірген екен. Бұрышқа қойылған аспалы шам болар-болмас сығыраяды. Ала салып сыртқа шықты. Ит­тер құбыла бет­тен қайтып келеді екен. Адам ба, аң ба, әлде мал ма екен? Әйтеуір біреуді улап-шулап шығарып салғаны анық. Иесін көре салып, қайта күшке мінді. «Енді келсең, әуселеңді көрсетеміз, антұрған» дегенді әупілдеген үндерінен таныды.
– Атаңа нәлет! – деп тістенді. – Сол ғой, сол, – деп кіжінді. Асығыс үйге кірді. Дүңкілдете басып, түпкі бөлмеге өт­ті. Төрде дөңкиіп әйелі жатыр. Теріс қарап бүркеніп алыпты. «Атаңа нәлет­ті» бұл жолы ішінен айт­ты да шығып кет­ті. Біразға дейін көзі ілінбеді. Әр нәрсе есіне түскен. Әлгінде көрген түсін неге жорырын білмеді. Ол туралы ойланайын десе, ашық қалған есіктің жайы жанын кеміріп, көңілге алаң кіргізген. Аспалы шам да қараған сайын келекетіп тұрғандай құбылады.
(Жалғасы 19-бетте)
(Соңы. Басы 14-15-беттерде)

«Түнімен көз ілмедім. Кімнің келіп, кімнің кеткенін сен емес, мен білемін» дейтіндей қуланады. «Бұл үйге ұрланып жел ғана кіріп жүрген жоқ, есіктің пердесі ғана желбіреп тұрған жоқ» дегенді айтқысы келе ме, қалай?!
– Сары сайтан, – деп тістенді. Жүгіріп барып шамның шынысын көтере салды да үрлеп кеп қалды. Жалп етіп жарық сөнді, үй ішін қою қараңғылық жапты.
…Жастығын бауырына қысып булығып жылады.
* * *
Көп ұзамай кемпірі қайт­ты. Айналдырған екі айда дендеген дерт алып жыққан. Көшкінбай бір келгенінде: «Алматыға әкет­ті, бауырында ісік бар», – деп еді, екіншісінде хабар алып келді. Көптің табалаған көзінен, сумаңдаған сөзінен именсе де жаназаға қатысып, жұрт қатарлы топырақ салды. Жетісі мен қырқында да бет­тің арын белге түйіп, бата ішінде болды. «Келдің» деген, «кет­тің» деген ешкім болмаса да сүлдерін сүйретіп басынан аяғына дейін жүрді. Көшкінбайдың көлігіне мінгелі жатқанда үлкен ұлмен көзі түйісіп қалып еді. Әлдене дегісі келгендей сыңай байқатып, бері қарай жүріп барып іркілді. «Не демек болды екен?» деп жол бойы ойланды. Кескіні көз алдынан көлбеңдеп кетпей қойған. Бұрын жұнт­тай боп жылтырап жүретін, қазір иығы қушиып, аш бөрідей азып кетіпті. Қыздың артынан ілесе туған ұл емес пе, еркелеу өскен. Шал-кемпірге тән болды, мектепке барғанша әжесінің қойнында жат­ты. Біреу тиіссе, «атама айтам», – деп айбат шегетін, «бұл үй – менің үйім, кетіңдер бәрің», – деп бұрқылдайтын. Оның бұл қылығына әсіресе атасы риза болушы еді, басқалар да күлетін де қоятын. Сол мінез өзгермеді. Шал мен кемпір қайтпас сапарға кеткен соң аздап жақындағандай болды, десе де арадағы салқындық жылымады. Өзгелері «папа-мамалап» жатқанда ол «көке-жеңге» деуден танбады. Мектеп бітіріп, бірер жыл көше тоздырып тентіреп жүрді. Қарақойынның ішінен диірмен салып, балшелек қойғалы сонда барған. Моңғолиядан көшіп келіп, совхоздың қойшысы болған Тұрдақын деген керейдің қызымен көңіл қосып, отау құрды. Екеуі бірінен-бірі өткен малсақ, бастапқыда мал мен балдың дәмін алып, шырғасын шығармай өсіріп-өндірген еді. Бұл Қарасарайға көшкенде, жүзден аса қой-ешкі, бір үйір жылқы, отыз қаралы сиыр қалған. Солар қайда? Елге жалшы болып жүргені қалай? Шешесінің жаназасына да қорасынан бір қара шығара алмапты. Сатып сойған, құнажынның еті олқылау түсті. Айтпақшы керейден алған келіні мен одан туған немерелерін көрмегені қалай? Келді ме, келмеді ме, әлде танымай қалды ма? «Әй, келмеген-ау, келсе, балалар келіп амандасар еді ғой», – деген күбірлеп. Даусы қат­тырық шығып кет­ті ғой деймін, ойқы-шойқы жолда көлігін ортекеше ырғытып келе жатқан Көшкінбай естіп қойды.
– Не? Не дедің?
– Келінді айтам…
– Қай келін? Бір келінді қатын қып алған жоқсың ба? – деп шиқылдап күлді. Ежелден «сен» деп сөйлейтін, жездесіндей қалжыңдасатын.
– Әй, сандалма! Тоқтардың әйелін айтам, көрінбеді ғой сол бала.
– Өй, ол кетіп қалғалы қәшшан, – деп даусын созды.
– Кеткені қалай? Түбегейлі ажырасып кеткен бе?
– Иә, екіншісін алды ғой. Білмейсің бе? Қазан-ошақ жақта ыздиып жүрген анабір жуан қара келіншекті көрген шығарсың. Сол – су жаңа келінің. Әй, осы қатынқұмарлық сендердің тұқымда бар. Балаң да өзің секілді қатын шыдатпай жүр, – деп Көшкінбай өз сөзіне өзі разы болып кеңкілдеп күлді.
–Тә, жоғал әрі, – деді зілсіз ғана. «Е, ол да кеткен екен ғой. Шынымен берекеміз кеткен екен-ау, кетірген екенмін-ау» – деген ішінен тынып.
…Тереңнен тартып ауыр күрсінді.
* * *
Атар таңмен таласа шыққан азан дауысы алысқа кеткен. Түнімен шабалана үріп шаршаған ит­тер қайта бас көтерді. Бұл жолы үрген жоқ, жатқан орындарынан тұрмастан қыңсылай ұлып берді. Жамыраған «жамағатының» сықпытынан тіксініп қалды. «Бүйтіп ұлымаушы еді ғой, бұ жазғандар. Не қара басты» деген ой сәлделі басын селкілдетіп жіберді. Құбыла бетке қайтадан көз тікті. Ештеңе көре алмады. Көзі жасаурап, тынысы тарылды. Азанның соңғы қайырмасын әзер айт­ты. Ілбіп басып үйіне бет­теді. Кебісін есік көзіне қалдырып, жез құманды пештің желкесіне ептеп қойды. Бұрышта бүркеніп жатқан қызы әлі ұйықтамаған секілді, тықырды естіп басын көтеріп алған.
– Ата, апам келді ме?
– А, не дейсің?
– Апам қашан келеді?
– Келеді, әкем. Келеді. Келгісі келгенде келеді де, – деді басқа айтар сөз таппағандай сасқалақтап. Шам жағып, түпкі бөлмеге асығыс өт­ті. Теңселе басып терезе алдына барған. Дала алакөбеңдене бастапты. Газ құбырын тартушылардың шатыры көрінбейді. Ізім-ғайым жоқ.
– Ой, сұмдық-ай! – деді. Күнде осы уақта ырду-дырду болып жатушы еді, сығырайған шамдары да түні бойы өшпейтін. Жер тап­пағандай құбыла бетке жайғасып алғанына қынжылған әу баста. «Намазымды нақұрыстарға қарап оқитын болдым ғой» деп талай рет сырт­тарынан сыбаған. Енді, міне, жоқтап тұр. Оларды емес-ау, оны… Әлгі қумойынның жылмыңдаған көзінен, жымиған күлкісінен, ұры ит секілді жымысқы жүрісінен шошып еді. Келіп-кетіп, мұның барып-келіп жүргенін де сезген. Бірақ өзі сезгенді жан баласына сездірмеді. Соңғы жылдары төсекте қайрат көрсете алмағаны рас. Бірер мәрте аяғына жетпей атынан ауып түскені бар. Соған өзін кінәлі сезінген. Некелі жардың күнәлі жүрісін тежеп, «тәйт» деп тыйым салмады. «Жастық желік те, бұзаулы құнажын бұйдасын үзе қоймас» деп іштен тынған. Енді, міне…
– Шынымен , – деді қалтырай тіл қатып.
– Шынымен де кеткені ме?..
Қолына діріл жүгіріп, жүрегі атша шапты. Терезе алдына қат­тап жинап қоятын жайнамазына көзі түсті. Сарғыш түсті матаның бетінде бірдеңе ағараңдайды. Алып қарап еді, бір жапырақ қағаз екен. Шам жарығына тақалып күбірлеп оқыды.
…Қалбалақтап жүріп жайнамазын әзер жайды.
* * *
Жапан түздегі қыстауда жалғыз қалған қаршадай қыз жылай-жылай ауылға жаяу тартқан. Ағайын-туған молданы ақшамның әлетінде жайнамаздың үстінде жатқан жерінен тауып алды.
…Әйелі жазған бір жапырақ қоштасу қағазы уысынан шығыпты.

Есболат АЙДАБОСЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір