Сергелдең соңы (әңгіме)
05.02.2023
3385
0

Жеңіл машина желдей жүйткіп, Сарытоғайдың шатқалын артқа тастап, Көкпектің жазығында зырлап келе жат­ты. Қарап отырғанша ермек болсын деп, радиоқабылдағыштың құлағын бұрап едім, басы бірікпей іріп кеткен әуен әуелеп қоя берді. Айғайлап жатыр ма, аттандап жатыр ма танып, түстеп болмастай қым-қуыт әусер үн көңілімдегі көрікті ойдың тұнығын шайқады. Лезде жан дүнием құлазып, жүдеп сала берді. Жаңағы шуды ән деп танып, тыңдау былай тұрсын, екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді екен. Тіпті мынаны қазақ әні деудің өзі ұят.
– Әй, әсем әуенге іріткі түсті ғой, – деп осыған дейін үнсіз отырған серіктесім кейістік білдірді, – Тірлігіміздің түрі – мынау. Ертеңгі шайды ішіп отырып, кешкі нанның бағасы қаншаға қымбаттар екен деп, пұшайман боламыз. Әніміздің сиқы – міне. Шіркін, біздің жастық шағымызда айтылған әндер-ай десеңші…
Серіктесім сөз аяғын күрсініспен аяқтады да, үнсіз қалды. Мынаны ән деп тыңдап жарытпасымызды білген соң, мен радиоқабылдағыштың құлағын бұрап, өшіре қойдым.
– Дұрыс айтасыз, отағасы, – дедім оның сөзін қостай түсіп, – Жаңағы шуды бүгінгі қазақ әні деу ұят.
– Бұл ән емес, – деді серіктесім күйзеле тіл қатып, – Бұл – құры айқай. «Құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екен» де­ген Абай неткен дана еді. Қызығы сол, құры айқай бұл күндері ән болып тұр.
– Тегі басқасын былай қойғанда, – деймін алыстан орағыта сөйлеп, – күні кеше ғана өмірден өткен Шәмші мен Нұрғисадай дүлдүлі бар қазақ әнінің осынша жұтағанына, осынша азғындап кеткеніне таңым бар. Жаңағы әндерді тыңдағанда, өзгеге қайдам, мен өзім Шәмші мен Нұрғисаның аруағынан ұяламын…
Ән туралы ой екеуміздің ортақ дерті­мізге айналып, біз бір-бірімізге тіптен жақындаса түстік. Жүре оттаған малдай, әрненің басын бір шалып, ендігі сөз жол жайы, машина хикаясына ауысып еді.
– Осы машинаны алуыма да, оның сатылмай қалғанына да себепші әйелім еді. Әй, пенде дегенді қойсаңызшы. Сөйткен әйелімді де адамнан ары, иттен бері етіп, қорлағанымды қайтерсің, – деп сөзді әріден қозғап, сәл тізгін іріктім.
– Әйелімді дейсің бе? – деп Барбосын аға қайталап сұрады.
– Иә, – дедім мен.
– Демек, реніш болғаны ғой.
– Е, несін айтасыз, бәрі де болған. Бәріне де кінәлі өзіммін. Бірақ Алла сәтін салғанда шаңырақ шайқалып, босаға қисайып барып, қайта қалпына түсті. Мен соған қуаныштымын.
– Бұл бір арты батпақ, алды бақытқа тірелген қызық әңгіме болды ғой өзі. Айтсаң қайтеді…
Мен серіктесімнің өтінішін жерге тастай алмадым. Әңгіме басталып та кеткен.
– Мен әнзәлі ғұмыр бойы техника жағалап, тиселі дәнімді төрт дөңгелектің жолынан теріп жеп келе жатқан жанмын. Әу баста тракторшы болдым. Мақтанғаным емес, өз ісімді кәп-кәдімгідей істеп, көңілден шығып жүрдім. Соның арқасында коммунист қатарына қабылдандым. Дәрежем артты. Қазір ғой, бәрі бос сөз, қысыр әңгіме. Өз кезін­де коммунист болған қызыл жағалы адам­ның маңынан жүріп, алдынан өтудің өзі қиын болатын. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген тәрізді не нәрсе болса да, коммунист болған адам кепіл бола кететін. Біз сияқтының оның айтқан сөзінен жалғыз коммунистің айтқан жалқы сөзі өктем еді. Коммунистің ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болып, түкірігі жерге түспей тұрған әумесер шақ еді ғой ол. Әне, отағасы, заман солай болған.
Коммунист болуын болдым, әйтсе де депутат болам деп ойлаған жоқ едім.
Мезгіл көктемнің басы еді. Қайшы деп аталатын құшағын кеңге жайған жалпақ даланың төсінде жер жыртып, арадағы қол қалт еткен бос мезгілді пайдаланып, трактордың ақауы сезілген жерді түртпектеп, жөндеп жатыр едім. Қасымда партия ұйымның хатшысы Үкей деген бар болатын. Көктемгі егіндікті аралай келген беті екен. Менің тоқтап тұр­ғанымды көріп, ананы үйтпедің, мына­ны бүйтпедің деп, езуі көпіріп, мылжыңдап тұрған. Сағат түскі он екі, он бірлер шамасы болса керек.
Бір мезетте қайдан сап ете түскенін біл­меймін, алдыңғы әйнектері күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етіп су жаңа «Волга» машинасының сырғып келіп, тоқтай қалғаны. Парторг байғұс қапелімде шоқ басқандай ыршып түсіп, тапырақтады да қалды. Арсалаңдап алдынан шығып, қол қусырып, құрақ ұшты. Иесін көрген иттей қылмыңдап, қасапшының пышағындай жалаң қақты. Трактордың астында жатқан жерімнен ыңғайланып қарасам, келген аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы екен. Дөкей келді деген осы. Мен де ыңғайсызданып, жайсыздау күй кештім. Өз-өзінен көкірегім қысылып, қолым қалтырады. Өзімше есендескен болдым.
Бірінші хатшы сол шіренген күйі сыздай тіл қатты.
– Бұл кім?
Манадан бері құлағымның түбінде Іле­нің сары масасындай ызыңдаған аласа бойлы, семізше келген, төртпақ, жапалақ сары жігіт сөздің өтірік- шынын араластырып, сыдырта жөнелді.
– Бұл, – деді дауысын кенеп қойып, – біздің бөлімшедегі ең озат, ең үлгілі механизаторлардың бірі. Шынын айтқанда, осының алдына түсер тракторшы жоқ. Өз міндеттемесін орындау үшін жан аямай еңбек етеді. Өзгелер құсап уақытпен санасу дегенді әсте білмейді. Бұған күнің де бір, түнің бір. Істей береді, істей берді. Өзі – нағыз коммунист.
Осынша жасқа дейін аузы дуалы бас­шы алдында мақтау сөз естіп тұрғаным осы болар. Екі бетім албырап, екі ұдай күйге түстім.
– Ым, – деді бірінші басшы ыңыранып қойып, – бұлар коммунизмнің іргетасын қалап жатыр. Біз, – деді бірінші хатшы үні еркінси шығып, – Осындай адамдарды марапаттап, әсте қадыр тұтуымыз керек. Себебі, біз осылардың арқасында ғана коммунизм деп аталатын ұлы өріс, байтақ қонысқа жете аламыз.
– Иә, – деп іліп әкетті партия хатшы­сы, – Иә, бізге дәл осындайлар керек. Бізді коммунизм еліне апаратын осылар.
Коммунизмге апаратындар әлдеқандай бір ерекше бітімді, ғаламат адамдар деп жорамалдаушы едім. Енді сол ұлы өріске елді бастап апаратындардың бірі мен екені есіме түскенде, әрі қайран қал­­дым, әрі көңілім қоңылтақсыды. Аяқ астынан күлкім келді. Алайда сабыр сақтадым.
– Жігітім, – деді бірінші хатшы ме­кірене сөйлеп, – Жатуың жетті білем. Енді орныңнан тұр, бері, менің қасыма кел.
Мен дереу орнымнан тұрып, үстімді қағып, қасына бардым.
– Қанша балаң бар? – деді хатшы.
– Әзірше екі балам бар. Әйелім екіқабат, – дедім.
– Коммуниссің ғой.
– Иә, коммуниспін.
– Өте жақсы. Сол коммунистік дәрежеге осы көк трактордың арқасында қолың жетті ғой?
– Иә, нақ солай.
– Аз қалды, – деді хатшы ойлана сөй­леп, – Бұйырса, арман болған коммунизмге де жетеміз. Сен де, мен де аздап есейіңкіреп қаламыз. Ол – сөзсіз. Демек, коммунизмнің айбынды қарттары біз боламыз. Ал ана екі қолқанатың коммунизм университетінің студенті болып, ең кішкенең коммунизмнің бақытты балабақшасында тәрбиеленетін болады. Әйелім дейсің бе, әйелің сол бақытты балабақшаның аспазы болып істейді.
– Айтқаныңыз келсін, аузыңызға май, – дедім мен.
Бастықтың сөзін Үкей де қолдай кетті.
– Ой, бұл кісілер не айтса да біліп айтады ғой. Басекеңдердің айтқаны келеді әлі…
– Онда бәрі де ортақ, – деді басшы дәп өзі сол жақты көзімен көріп келген адамдай көсіле сөйлеп, – Бәрі ортақ. Сенікі деген, менікі деген мүлде болмайды. Ұзын үстел, – деді қолын көлбей созып, – үсті толған алуан түрлі дәм. Не керектінің бәрі бар. Шетіне отыр да жей бер.
– Рақмет, – дедім күле сөйлеп, – сіз­дер аман болсаңыздар сол күнге де жетерміз.
– Үкей, – деді хатшы енді парторгке тікелей тіл қатып, – Ертең сенбі, арғы күні демалыс. Сен мына жігітті дүйсенбі күні ертеңгісін маған әкел. Бұл жігіттің маңдайы жарқырап, тасы өрге домалап тұр екен. Қазақстан Республикасының Жоғары кеңесіне депутат болып сайланады.
–Мақұл, – деп Үкей қалбаң қақты, – мақұл.
– Рақмет, – дедім мен үнім дірілдеп.Бірінші хатшы өз шешімін айтқан соң көп кідірмеді. Ақ «Волга» қайқаң етіп, келген ізімен кері қайтты. Артынан Үкей ілесті.
Түс көргендей болып, аңырып мен қалдым. Көз алдыма коммунизм ауылы, үсті алуан түрлі дәмге толы ұзын дастар­қан, студент болған екі ұлым және балабақ­ша елестеді. Әйелім кіл ақ жібекке малынып, киініп алған екен деймін. Алуан түрлі гүл көмкерген балабақша ауласында қалың бүлдіршіндердің арасында отырған сияқты. Қиялдағы қызық жалғаса түсті. «Опыр-ай, – деймін іштей толқып, көк трактордың астынан әлдебір жерін шұқылап, жұмысымды онан әрмен жалғастырған қалпы, – коммунизм дегенде бір ғажап нәрсе екен ғой. Бір көше басынан аяғына дейін созылған алуан түрлі дәмге толы. Ұзын үстел үсті сол қисапсыз қалың дәмді әрең көтергендей болып, белі майысады. Не керектінің бәрі бар, ал да жей бер, жей бер. Келесі көшедегі үстел үстіне қойылған жемістен көз тұнады. Және қайдан әкелгенін кім білсін, ғұмырыңда көзіңе ілікпеген жемістер. Жеу былай тұрсын, қарап тұ­рып, аш құрсағың алданғандай. Одан арғы көшеге бірнеше қатар алтын науашықтар тартылыпты. Бірінде қызғылт түсті, ашаң сусын ақса, екіншісінде одан да мөлдір, одан да тұнық ақшыл түсті сусын баяу лықсиды. Науашықтың әр кертпегіне гауһар шүмектер орнатылған. Бұрап қалсаң бітті, әлгі сусын алтын тостағандарға құйылып, сау ете түседі. Мей­мілдетіп толтырып ал да, сыңғыта бер, сыңғыта бер. Одан арғы көшеге ұзындығы бір шақырым жерге күміс кермеге неше қилы киімдер ілініпті. Кіл қытайдың жібек құрт матасы мен үндінің үлбіреген нәзік жібегінен тігілген жұп-жұқа өңді, көбелек қанат киімдерден көз тұнады. Сәл беріректе жазаңдау жерге аяқ киімдер қойылыпты.
– Келіңіз, – дейді бір үлбіреген жап-жас қыз алдымнан шығып, – келіңіз. Бұл кім дейтін шығарсыз. Еш нәрсеге таңданбаңыз. Біз өзіңіз арман еткен ком­мунизмнің қыздары боламыз. Аяқ киімнің қандай түрін алғыңыз келеді, ала беріңіз. Әуелі аяқ киміңізді шешкеніңіз жөн болар.
Жүрегім су ете түсті. Шошынатын да жөнім бар еді. Аяқ киімнің басы қақырап, табаны ашылып кетуге шақ қалған. Ал шолақ байпағымның өкшесі күлдіреп тозып, башпайлардың тұсы әлдеқашан жыртылып, жұлым-жұлымы шыққан. Оның үстіне шуаш иісі де әбден сіңіп, қолқаны қабатын. Ал мына коммунизм аруы аяғыңды шеш деп тұр.
– Қарындас, – деп міңгірлеймін, – қарындас келесі жолы келсем болар ма екен. Бүгін зауқым болмай тұрғаны.
– Жоқ, олай демеңіз, – деп қасарысады коммунизм аруы, – олай дей көрмеңіз. Аяғыңызды дәл қазір шешкеніңіз жөн деймін.
– Жә, енді дегенмен, – деп тағы кібір­тіктеймін, – ертең де болатын еді ғой.
– Ертең болмайды. Бәлкім, аяғыңыз кір болар. Одан сескенбеңіз. Біз қазақтардың аяғын жақсы білеміз…Керек болса, жуып та беруге әзірміз. Себебі, коммунизм деп аталатын өңірге бірінші келген қазақ сіз ғой. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын. Қызметіне дайынбыз қазақтардың.
– Енді не десем екен? – деп тағы тартынамын. – Жалпы жақсы ғой бәрі де.
– Иә, жақсы, – дейді қыз, – сіз білер ме екенсіз мына бір жайтты?
– Ол не нәрсе?
– О дүниеде бейіштің есігін қазақтар ашатынын естіп пе едіңіз?
– Естіген емеспін.
– Ендеше, тыңдаңыз, о дүниеде бейіш­тің есігін, дәлірек айтқанда бір қақпағын қазақтар ашады.
– Қашан?
– Әр жұма дерлік. Жұма сайын о дүниелік мұсылмандар сол арадағы мешітте жұма намазын оқиды.
– Ол жақта да намаз оқи ма?
– Оқиды. Сол шақта бас имам қалың жұртқа қарап, «араларыңда қазақ бар ма?» деп үш рет айғай салады екен. Әрине, қазақ болмаушы ма еді, қазекеңдер жетеді. Қазақтар біз бармыз деп шу ете түседі. Ендеше, біреуің қақпаны ашыңдар дейді екен мешіт басшысы.
Жаңағы айтқанымыздай, ол жақта қазақтар деген жыртылып, айырылады. Бірақ осы өмірдегідей бір-бірімен араздаспайды екен. Мұқым тату көрінеді. Үлкенін, ағасын сыйлаған ел ғой. Кезек талассыз үлкен ұлдың еншісінде сыңайлы.
– Үлкенінен өзгесі қақпаны ашып көріп пе тегі?
– Әй, оларға қақпа ашу кезегі әлі ти­меген шығар. Бірақ сол кезектің жақындап қалғаны сөзсіз. Сол секілді сіз де үлкен үйдің баласысыз ғой. Келіңіз, аяғыңызды жуып алыңыз.
– Ұлдың үлкені екенім рас, – деп мен байғұс тағы шегіншектеймін, – айт­қанмен де, тегі қалай болар екен.
– Ештеңе де болмайды. Анау жерде алтын араластырған таза су бар. Соған аяғыңызды малып алсаңыз болды, әп- сәтте тап-таза болып шыға келеді. Бұдан кейін өле-өлгенше аяғыңызға шаң қонбайды.
– Шіркін, десейші, – деп тағы тол­қимын, – коммунизм дегенің – тіптен ғажап екен ғой.
– Әлбетте ғажап, – дейді қыз, – ғажабы сол емес пе, о дүниеде бейіштің қақпағын қазақтардың ашатыны секілді, бұл жалғанда да жер бетіндегі барша ха­лықтың ішінен коммунизм еліне ал­ғаш­қы болып, қазақтар келіп отыр. Басқан қадамдарыңа құт қонсын, айбынды Алаш елі!
– Рақмет.
Содан ары ойым бұлдырап, көз алдым ымыр-шымыр болып кетті. Коммунизм қыздары әу дегенде біреу еді, енді қаптап кеткендей. Бірі келіп, басымнан сипап, құлағымның бұлығын тазалап жатса, енді бірі – әйелімнің атын сұрап, соның салақтығын, күйеуіне күйсіздігін айтып, жаны ашығансиды. Осындай тәтті қиялдың қанатына тербелген қалпы көк трактордың астында әлдебір тетігін шұқылап жатып, ұйықтап та кетіппін.
– Ей, тұр, тұрсаңшы, – деген қатқыл дауыстан оянып кеттім. Қарасам, Үкей екен. Бірдемеге ашуланып, күйбіңдеп сөйлеп жүр.
– Естеннің көк иті көтек арбаның астынан шықпаушы еді. Сенің мына жатысың соған қатты ұқсап…
Мен ләм деп аузымды ашпадым. Бірдеме деудің реті де жоқ еді.
Жұмыс аяқталды. Үкей мені машинасына салып, төтесінен ауылға тартты.
– Жолың болды, – деді ол маған жәу­теңдей сөйлеп, – жол болды деген осы. Бұл да болса міне, менің арқам. Жақ­сылық деген осы, сен соны түсін, бауы­рым. Депутат болған соң, ұмытып кетіп жүрме.
– Жоқ, – деп мен азар да безер боламын, – мен жалпы ондай жігіт емеспін. Сіздің бұл жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаймын. Бұл менің коммунистік сөзім.
Коммунистік сөзім деген әсер етті ме, Үкей кілт өзгеріп сала берді. Біржола сенген сияқты.
Межелі уақыт та келіп жетіп, хатшы айтқан дүйсенбі емес, келесі дүйсенбі күні ертеңгі ондар шамасында бірінші хатшының кеңсесінен бір-ақ шықтым. Көп сөз не керек, хатшы өз айтқанын орындап тынды. Әуелі өзі менімен оңашалап, жеке сөйлесіп алды да, одан соң көптің талқысына салды. Бәрі де мақұл деп, жөн десіп жатыр. Неше түрлі газетке суретім басылып, мен туралы жазылған етектей-етектей мақалалар да жарыққа шықты. Радиодан сөйлеп, теледидардан да өз міндеттемелерімді айтып шықтым. Талай жерде талай мәрте кездесулер де болып өтті. Бір тәуірі жиналыста не айтам, радиода не сөйлеймін деп басымды қатырып жатпаймын. Мен айтуға тиісті сөздердің бәрі күні ілгері жазылып, тасқа басылып, дайын тұрады. Мен сол дайын дүниені оқушы ғанамын. Одан тыс қиялай тартқан қиын сұрақтар болса, оның біразы мардымсыз жауап алып, көбі аяқ асты қалып жататын. Және ол жа­ғына үңіліп, жіті бақылаған да ешкім болмайтын.
Не деріңіз бар, менің өмірімнің жарқын сәттері күтпеген тұстан осылай басталды. Шаруа жағы да шамалы, үй іші де жұпыны еді. Ұрын келген ен дәулет, мол қазынаның астында қалғандай едім. Депутатқа деген тосын көмек қоры бар екен. Соның арқасында айналасы екі-үш айдың шінде бүкіл тіршілігім өзгеріп сала берді. Қайдан келгені және қанша ақша екені де белгісіз алуан түрлі түкті кілем барлық бөлмемізді тегіс аралап, орап алды. Бес бөлмелі үйдің іші қайта түлеп, жаңғыра түсті. Арнайы телефон тартылып, жазу үстелі қойылды. Бұрындары қос қасық су майға шыжылдап қуырылып жататын көк жуа енді көзден бұлбұл ұшты. Қара қазанда ауық-ауық ет қайнап, қақпақтары майға тершіді. Әншейінде байқамайды екенмін, тілеулес жан, бүйрек бұрар ағайын мұндай көп болар ма. Бірінен соң бірі келіп, құтты болсын айтып, қиыла қарап, асықтай үйіріледі. Бәрінен де әйелім Жадыраны айтсаңшы. Қара торы өңі бөгде қуаныштан бал-бұл жанып, жайраң қақты. Бұрын да сыпайы еді, енді тіпті сызыла түсіпті. Жазылып жастық, иіліп төсек болып, аяғының ұшымен жер басты. Өзі құралпы әйелдермен сөйлескенде де сәл тәкаппарсып, салқын күймен сыздай қалыпты. Мұның бәрі – депутаттықтың алғашқы айларында болған жай еді.
Көк трактор жайына қалып, Республика жоғарғы кеңесі депутатының ат үстіндегі күндері өтіп жатты. Қайда барсаң да қаумалаған қошеметші топ үзіліп, үздігіп тұрған тілеулес жаннан көз тұнады. Жаюлы дастарқан, алуан түрлі шарап, іш те же жағын айтып жеткізе алмайсың. Күні кешелері мынау кім ей дегендей, мұрнын шүйіре кейкиіп қарайтын ауыл басшылары түгіл, алыстан салқын сыз беріп, шіреп тұратын аудан басшыларының өзі мені көргенде, қоғадай жапырылып, қол қусырып, қыздай сызылды. Небір дөкеймен табақтас, әріп­тес болдым. Небір сылаңдаған қыздар, жүзіктің көзінен өткендей сұлу келіншектер қиыла қызмет етті. Солармен неғұр­лым жақындасқан сайын ауыл да, оның адамдары да қарабайыр тартып, алыстап бара жатты.
Заман өстіп өте берер ме еді, қайтер еді, кім білсін? Жағдай сол оқиғадан кейін күрт өзгеріп сала берді.
Аудан орталығындағы атқару ұйымының мекемесінде менің қызмет бөлмем болды. Әр аптаның үшінші күнін сонда өткіземін. Кәдімгі бастық сияқтымын. Келушілерді қабылдаймын, олардың толып жатқан сұрақтарына жауап беремін. Істі өзімше қарап, шешім қабылдаймын. Көбінесе арызбен айналысамын. Қолымнан келсе, сол арыз иелерінің жағдайын дұрыс шешуді көздеуші едім. Талай адамның алғыс, ризашылығына да ие болдым.
Бірде жұмыс уақыты аяқталар сәтте, жасы әлі отызға еркін жете қоймаған, аяқтары оқтаудай жұп-жұмыр, ақ тушадай бұлаңытқан жас қыз кіріп келіп еді. Көзі қап-қара, мойылдай болып мөлдіреп тұр. Ақ құба жүзіне онша ұзын да емес, онша қысқа да емес, ұш жағы күлтеленіп, бұйралана қайырған толқынды қара шашы тіптен жарасып тұрған тәрізді. Үстіне де осыған лайықтап, төгілдіріп ақ жібек көйлек киіпті. Тұл бойынан есіл жастық пен әлдеқандай тәкаппарлықтың лебі аңқып тұрғандай еді. Ол сыпайы сызылып, ибамен сәлемдескен соң аз бөгелді де, бір жапырақ қағазды ұсынды. Арыз екен. Көз жүгіртіп, сыдыртып оқып шыққаннан кейінгі ұққаным мынау еді: өзі – дәрігер екен. Оқу бітіріпті. Орталық емханада төрт-бес жыл істесе де, жөнді пәтер ала алмапты. Соның салдарынан тұрмыс та құра алмапты. Қанша құлшынса да жаңа пәтерге қолы бір жетпей келеді екен.
– Халима, түсінікті, – дедім арызды үстел үстіне қойып жатып, – Сәті түссе жаңа пәтер де алып қаларсың.
– Рақмет, – деді қыз қуақы жымиып, – сіз секілді жағдайды түсінетін ағайлар тұрғанда неге жаңа пәтер алмаймыз, әрине, аламыз.
– Иә, аласың.
– Енді, ағасы, пәтер алу онша кешіге қоймас.
– Қарастырып көрейін. Ыңғайы келіп жатса, дереу алып беруге ат салысармын.
– Таныстық деген жақсы ғой, – деді қыз еркінси сөйлеп, – Тиісті орындарға әншейін жай маман екен, қолжетімді үй керек десеңіз сөзіңіз жұғымды бола қоймас. Одан да, – деді қыз ойнақылана қарап, сықылықтай күліп. – Бұл менің әкпемнің жалғыз қызы еді деңізші. Сол да жетіп жатыр…
– Әкпемнің қызы дейін бе? – дедім мен де күлгенсіп.
– Иә, сөйте салыңыз. Несі бар, мен сіздің әкпеңіздің қызы болуға, тіпті бас­қа­лай жанашырыңыз болуға қуана-қуана келісер едім.
– Жарайды, онда тұрған не бар дейсің. Айтсам айтайын…
– Сөйтіңіз, – деді қыз қуана қол ша­палақтап. – Сөйтсеңіз, ісіміз тез оңға басады.
Әңгіме осылай басталды да, одан әрі өрби түсті. Қыз менің телефон нөмірімді, жалпы адресімді тегіс жазып алды. Алғашқы таныстықтан соң да үзбей қара көрсетіп, хабарласып жүрді. Келе-келе әуелі алдағы уақытта не істейтінімді, жұмыс жоспарымды, қайда баратынымды да біліп, сұрағыштайтын әдет тапты. Не еке­нін қайдам, әйтеуір осы қызды көрдім бітті, емешегім елжіреп, үзілуге шақ қалам. Не десе де мақұл деп, шыбындаған жылқының күйін кешемін.
Жаңылмасам екі рет менімен бірге Алматыға барып та қайтты. Қашан көрсең ет жүрегі езіліп, құрақ ұшып, құшақ жайып тұрғаны. Ал мықты болсаң шыдап көр… Көңіл кете бастаған. Бір кездескенде жігіттік ниет білдіріп едім, онша кет әрі емес екен. Ноқтаға өзі бас сұққан малдай тез көне кетті. Анау кездегі жай таныстық енді қыз құшағынан бір-ақ шығып еді. Аудан орталығына баруым жиілей түсті… Арада екі-үш ай өткенде, Халима үш бөлмелі жап-жаңа пәтерге ие болды. Ата-ана, ет-жақын туыстарын шақырып, той жасады. Тойдың қақ ортасында алшаңдай басып, мен жүрдім.
Пәтер тек Халиманың ғана емес, екеуміздің мекенімізге айналғандай еді… Жасыратын несі бар, көп уақытым осында өтіп жатты. Халима менің жай ғана көңіл­десім емес, түптеп келгенде, менің некеге отырмаған әйеліме айналғанын өзім де сезбей қалыппын…
Бірде ертеңгі шайдың алдында күтпеген тұстан шаң шықты. Халима балконға шығып, кешіге берді. Қайнаған шай суып, ішілетін ас кешеуілдей берген. Бұ­ған не болды екен деп баспалап қарасам, Халима теріс қарап жылап тұр екен.
– Халимаш, не болды? – деп тұра ұмтылдым. Халимада үн жоқ, солқ-солқ етеді.
– Жыламашы, – деп жалынып жатырмын, – жыламашы, жаным. Көз жасыңды көрсетпеші маған. Айтшы, саған не болды?
– Не болды дейсің бе? – деп әйел бұрылып, барлай қарады, – Не болушы еді. Бәрі де болды. Ең бастысы мен сенің әйе­лің болдым. Бірақ қандай әйеліңмін.
– Халима, – деймін күмілжіп, – қойшы енді. Рас, әйтеуір бірдемелер болды.
– Кіммен қарайсаң, сонымен ағар деген. Енді мен үшін екі түрлі жол қалды, – деді ол зілдене сөйлеп, – Не саған тұр­мысқа шығуым керек. Не осы үшінші этаждан құлап өлуім керек.
– Ол жағы шешілген, – дедім бойымды пәледен аулақ салып, – Мен сендікпін, жаным. Ол жағынан еш уайым етпе.

– Уайым ете қоймаспын, – деді ол бір түрлі мелшие қарап, – Айтқансың талай рет жар етем деп. Енді сол сөзіңнің үдесінен шық. Ауылға бар да ана әйеліңнің саудасын бітіріп, тындым қып кел…
– Мақұл, – дедім мен іле тіл қатып, – Бәрі де тек сен ойлағандай болады.
Осы айтқан сөзімнің ретінде оны құшақтап, аймалап сүйе бастадым.
Жаманат хабар қашан жерде жатушы еді. Менің дәрігер қызбен көңілдес болғаным ауданнан тарап, ауылды да айналып шыққандай еді. Нүкең аудан орталығынан дәрігер қыз алатын болыпты. Ауылдағы әйелін тастайды екен. Көңілі өзгеге ауыпты деген сөз біз тірлік кешкен өңірде желдей жүйткіп, тегіс шарлап шыққандай болған. Менің екі оттың ортасында қалғаным анық еді.
Сол күні ауылдан арнайы іздеп келген әйелім мені Халиманың үйінен тапты. Ол үйде жоқ еді.
– Рас па, – дейді есікті ашып үйге кірген бойда, босағада маған телміре қарап, – Шын солай болып жатыр ма?
– Нені сұрап тұрсың, – деймін мен бетім бүлк етпей, – Айтып тұрғаның не өзі?
– Сен осы үйде тұратын дәрігер қызбен некелесетін болыпсың ғой?
– Кім айтты?
– Елдің бәрі айтып жүр.
– Өтірік.
– Онда бұл үйде неғып жүрсің?
– Неғып жүргені несі, жай, қызмет бабымен жүрмін…
Әйелім не дерін білмей мүдіріп қалды.
– Өле қалмаспыз, – деді содан соң өңін бұзып, – Маған жаның ашымаса мейлі, ол жағын өзің біл. Бірақ ана үш ұлға жаның ашысын. Солардың көзінің жасы, мұрнының сорасы сені түптің түбінде оңдыртпайды. Мені жесір, үш баланы тірі жетім етіп, бақытты боламын деп ойлай көрме.
Әйелім осыны айтты да, өксіп жылаған күйі үйден шығып кетті. Сілейіп тұдым да қалдым.
Халимамен іліктес күндер баяу жылжып өте берді. Өстіп жүргенде дүниенің төбесі төңкеріліп, заманның зауал шағы жетті. Кеңес атты қызыл империяның шаңырағы шайқалды да, тұқымы тұздай құрыды. Кеңестің тұқымы күнге еріткен мұздай құрыған соң, біздің не тамтығымыз қалсын. Өз-өзімізден торғайдай тозып, шілдің қиындай шашырап, берекеміз кетті. Депутаттық мансап шорт тиылды. Айналып келгенде бәрі де құрыды. Сол құрыған тірлікпен бірге менің де Халимамен арадағы қимастығым су аяғы құрдымға кеткендей еді. Бұл әйел деген – тумысында тұрлау­сыз, ауа райындай құбылмалы халық қой. Жайшылықта алдынан келсең, Нүкетайлап мойныңа асылып, алысқа ұзай қалсаң, артыңнан қол бұлғап, қарап тұратын жаңа қосағым көз алдымда сабындай бұзылып, іріп бара жатты. Бір түрлі тоң теріс, бұйығы хал танытты. Көп сөйлемейді. Сөйлей қалса да, бұрынғыдай жадырап күліп, жайнаңдап қойнын ашпайды. Уақытпен бірге өзгеріп, оңып бара жатқаны анық еді. Әуелі кей кездері пәтердің кілтін тастамай, өзі жалғыз кетіп, есік күзеткен күндерім де өтті. Не дейсің, ұрса алмайсың. Ұруға тіпті құқың жоқ. Жай ғана жайдақ сес көрсеткенсіп, құр іштен тынамын да қоямын. Некелеспеген әйелің болған соң, ашу шақырған да, дауыс көтерген де қисынсыз көрінеді екен.
Жаңылмасам қазан айының алғашқы күндерінің бірі болар. Түс әлетінде үйге келсем, төрде, дәл мен отыратын орындықта, шәнтиіп біреу отыр. Өзі – әскери адам екен. Менен гөрі жастау, қияқтай қара мұртты, қызыл шырайлы, иықты келген жас офицер. А дегеннен жаныма жайсыз әсер етті. Бір сұмдықты сезгендей іштей тынып, тіксініп қалдым. Жүрегім зырқ ете түсті. Кірерін кіріп алып, не төрге озарымды, не шығып кетерімді білмей, өз-өзімнен кіріптар күй кештім. Ал, бұлардың менде тегі шаруасы жоқ сияқты. Жас офицер орыс тілінде әлдене деп еді, қарсы бөлмеде ас әзірлеп жатқан Халима мәз болып, сыңғырлаған күміс күлкісімен жауап қатты. Күліп бола бере өзі де бірдеме деп еді, енді кеп екі иығы селкілдеп жас офицер күлсін. Бұдан арыға шыдап тұра алмадым.
– Халима, кеңседе бір жұмысым бар еді, – дедім өзімше сылтау айтқансып, – Соған барудың мезеті келіп тұрғанын қарашы.
Халима қарсы бөлмеден шыға келді де:
– Бар, – деді жақтырмай тіл қатып, – Бара бер. Мен білсем, бұл үйде сен аялдайтын түк те қалмаған тәрізді. Жолың болсын.
Мен сүмірейіп үйден шыққанда, артымнан есік тарс етіп, қатты жабылып, кілт­теліп те жатты. Енді бұл есікті көрсем, желкемнің шұқырын көрейін деген оймен ентелей басып, көшеге шықтым. Қайда бара жатқаным және не істейтінім де белгісіз еді. Көрінген көшеде жапырақ теріп жайылған малдай, албаты лағып кеттім.
Үш күннен соң «қайдасың ауыл» деп жолға шықтым. Кештетіп өзім өскен момақан пішінді, аядай ауылға да жеттім. Көшенің шеті көрінгенде әудем жерден, алыстан түсіп қалдым. Содан үйге тура бармай, ауылды орағытып, сырттай шеңберлей жүріп, үйге бет алдым. Біздің үй ауылдың тау жақ желке тұсында еді.
Күн батып бара жатты. Қолымда түйіншек. Түйіншекте ұлдарым мен әйеліме соңғы тиыныма сатып алған аздаған сыйлығым бар. Емпеңдеп жүріп келемін. «Ойпырмай, әйелімнің бетіне қалай қараймын. Бұл қылығымды қалай түсінер, – деп ойым онға бөлінеді, – Түсінсе жақсы, от басының түпкілікті иесі болып қалдым. Ал, түсінбесе қайттім». Осындай алуан түрлі ойлармен сыртқы қақпаны ашып, ішке бет алғам. Алдымнан арсылдап үріп, Ақтөс шықты. Мені таныды. Жым болды. Еркелеп аяғыма оратылды. Менің көңілім босады… Ақтөсті басынан сипадым. Үйге таянған сайын ұрлық істейтін жандай буын-буыным босап, бойымнан әл кетті. Қинала кеп, қипақтай келіп, ақыры есіктің тұтқасына да қолым ілікті-ау. Үйге кірдім. Маған көзі түскен бойда әйелім біреу төбеден соғып өткендей, терезе алдында сілейіп тұрды да қалды. Екі ұлым болса, бірінен соң бірі келіп, құшағыма құлай кетті. Екеуін алма кезек сүйіп, әкелген базарлығымды беріп, мауқын бастым.
– Мен ешкіммен үйленген жоқпын, – дедім әйеліме қарап міңгірлеп, – Елдің айтқан сөзінің бәрі өтірік. Сенбесең, міне, – деп тиісті құжаттарымды ұсындым. Әйелім құжаттарды алған бойда демі қалтырай ауыр күрсініп, сәл кідірді. Сәл кідірді де, артынша құжатты кеудесіне басты. Мен уһ деп рахаттана дем алдым. Алдымнан жаңа дүниенің есігі ашылып, кел деп, ымдап шақырғандай еді…
Мен өз жанұяммен осылай табыстым. Әңгіме бітті. Мен де, менің серіктесім де аз-кем үнсіз қалдық. Жеңіл машина бұл кезде қала шебіне таяп қалып еді… 

 

 

Дәнеш Ахметұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір