«МОГИКАННЫҢ СОҢЫ»
1905 жылғы Қарқаралы құзырхатынан кейін басталған Алаш қозғалысының саяси жетекшілері мен қайраткерлері туралы айтылып та, жазылып та келеді. «Алаш ұранды» зиялылар ұлт мүддесі жолында өлшеусіз еңбек етті. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт көсемдері бастаған Алаш ақсұңқарларының мұраларын сол кездің өзінде насихаттап, өлеңдерін жатқа оқып, сол үшін қуғын көрген алашшыл азаматтар да жетерлік. Сондай алашшыл ақын ретінде Тобыл-Торғай өңіріне есімі мәлім айтыскер ақын, жыршы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, молда Жүсіпбек Салықұлын айтса болады.
Жүсіпбек Салықұлы бұрынғы Торғай облысы Торғай уезі Тосын болысында 1906 жылы өмірге келген. Өзінің очерк-монологында: «шыбын жаным шырылдап шындық үшін алысқан сәтім, сүрінген, құлаған, қайтадан тұрған кездерім де аз емес. 1932 жылы ел шұбырған Тас Мешінді, аяулы ұл-қыздарына ор қазып, «халық жаулары» деп байыбына бармай аттырып жіберген 1937 жылдың сойқанды содырын да көрген адаммын», – деп ауыр да азапты өткен жолын еске алады. Өмірдің қилы кезеңі, бұралаң жолы таусылмасы анық. Бірінен кейін бірі кезектесіп, тіпті қабаттасып келгенде адам баласының төзімі мен шыдамы жетуі де қиын. Алайда тағдыр бір басына мың қиындық үйіп берсе де қиындыққа сынбаған, рухы жасымаған, жігері мұқалмаған, қайраты қайтпаған.
Ж. Салықұлы Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін жатқа оқыған. Ахметтей кемеңгер тұлға мен Бәдрисафа анамызды алғаш он төрт жасында көрген. Бұл туралы журналист, ақын Байтұрсын Ілиясқа айтқан естелігінде: «Ахаңды мен 14 жасымда көрдім. Біздің ауылға, Құмкөлге келді. Нәуен молдаға сәлем берді. Орынбордан келе жатқан екен. Қастарында ноғай Әбдірахман бар. Нәуеннің Ахаңнан үлкендігі бар екен. «Ә, қарағым, келін кімнің қызы еді?» – демей ме… Сондай ғой Ахаңның табан астында бір ауыз өлеңмен жауап беретіні:
Әкесін сұрасаңыз Ивановна,
Ризамын Құдайдың маған қиғанына.
Кәпірден бір адамды дінге енгізсем,
Сыймай ма он молданың иманына, – дейтіні», – деп күресінге толы өткен өміріндегі ең аяулы сәттерді еске алады.
1937 жылы Жүсіпбек Салықұлы «халық жауы» атанады. Бар айыбы – журналист Т. Болаттың жазуынша, «1937 жылы отыздағы жігіт Жүсіпбек ұлы жерлесі Ахмет Байтұрсынұлының шығарғандарын жиын тойда айтқаны үшін қылмысқа тартылады». 1939 жылы түрмеден босатылып, ел-жұртымен қайта қауышқан кезде артынша Екінші дүниежүзілік соғыс

басталады. Сол кезде торғайлық жастар Шұбаркөл әскери дайындық лагеріне тап болады. Кейіннен «арнайы жасалған лагерь» екендігі анықталған лагерьден жан жолдасы Мырзағали екеуі қашып шығып, Торғай өңіріндегі Айнакөл деген жерде жер қазып, сонда мекендейді. Алайда көп ұзамай, ұсталып, майданға қайта жіберіледі. Жолдасы Мырзағали соғыста мерт болып, өзі жараланып елге оралады. Бұл оқиға туралы арнайы әуенді мақамы бар «Айнакөлге сапар» атты дастан жазған.
Жүсіпбек Салықұлының соғыстан кейінгі өмірі балдай тәтті өтті деп айта алмаймыз. Кей кісілердің арандатуымен Семей түрмесін де көріп келді. Ұзақ жыл туған елден алыстап Бестау жақта тіршілік етті. Аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, ұлт өнерін дамытуға үлес қосты. «Айнакөлге сапар» дастанын жұрт қалың ұйқыға батқан кезде ғана жырлап, іштегі шерін солай шығарды. «Ұзын арқан, кең тұсау болып» іштегі бар ойын толық айтып кете алмады. Өмірінің соңғы жылдарында молда болып, дін жолында қызмет етті.
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қайраткерлердің есімдері ақталар сәтті ұзақ күтті. Ақыры сол күн 1988 жылы туған болатын. Ахмет Байтұрсынұлының суретін көрген кезде қуанышы өлең түрінде өрілген болатын.
«Ассалаумағәләйкум, ардақты ата,
Сөзімді ғайыптама болса қата.
Елеулі елің үшін еңбек етіп,
Ел-жұрттың ықыласымен берген бата.
Бас иіп, ізетпенен сәлем бердім,
Мүбәрак жүзіңізді енді көрдім.
Сом алтын тотықпайды деген рас,
Кіршіксіз туған елге қайта келдің…
Көргенде жүзіңізді ел қуанды,
Өсімдік дір сілкініп, жер қуанды.
Ай мен Күн, Жұлдыздарға шұғыла шашып,
Аймалап жүзіңізді жел қуанды.
Қайырлы, құтты болсын қадамыңыз,
Сізге жоқ халық болып алаңымыз.
Қарсы алдық атыңызда музей болар,
Мәңгілік гүлдендіру талабымыз.
Ахаңның барлық елге аты мәлім,
Табиғат бере салған сондай дарын.
Біткенше ақырғы дем ардақты ата,
Ел үшін пайдаланды бойда нәрін.
Ғалымға бас иеді әлем халқы,
Елімнің құрметтеуі – ата салты.
Әріпті түрге бөліп жеңілдетіп,
Әліппе өзі жазған Ахаң әрпі.
Ахаңның әрбір сөзі елге сабақ,
Оқыған түсінгендер күліп қабақ.
Ахаңның мұраларын жалғастырып,
Жас қыран, жаңа талап, өссін самғап».
Торғай өңіріндегі ақындық мектептің Нұрхан Ахметбекұлы, Мәлікзада Нұрханұлы, Ахметхан Әбіқайұлы сынды көрнекті өкілдерімен аға-бауыр болып араласқан, дәмдес, сапарлас болған алашшыл ақын Жүсіпбек Салықұлының А.Байтұрсынұлы туралы айтқан естеліктері мен жазған өлеңдері хақында жазып өттік. Назарбек Бектемісұлының «Ахмет ұшқан алтын ұя», Серікбай Оспанұлының «Ахмет өскен ақындық орта» еңбектерінде Жүсіпбек Салықұлының есімі жалпылама түрде айтылып өтеді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы: «Ілияс Жүсіпбекті могиканның соңы деседі. Жоқ, соңы болмасыншы», – деген екен. Біз де осы Б.Ілиястың сөзіне қосыламыз.
Данияр ИХСАН
«Qyr balasy» ҚҚ ғылыми
қызметкері